Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

СТИЛЬ ЖƏНЕ АҚЫНДЫҚ ШЕБЕРЛІК

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2009

Автор: Сейпутанова А.К.

Стиль - әдеби дамудың деңгейі мен бағыт-бағдарын тануда, көркем шығармашылықты бағалауда ерекше орны бар ұғым. Стиль термині әр түрлі ғылым саласында (әдебиеттану, өнер, тіл білімі, мәдениеттану, эстетика) қолданылады. Эстетикалық категория ретінде стиль, Ю. Боревтің пікірінше, «шығармашылық процестің, көркемдік ойлау процесінің, көркемдік қарым-қатынастың, туындының факторы» [1, 181-182] болып табылады. Көркем әдебиеттегі стиль туралы сөз қозғағанда, оның қаламгер қолтаңбасын дараландырып тұратын поэтикалық сипатына үңіле қарамас бұрын, ол туралы айтылып аксиомаға айналған пікір-тұжырымдарға назар аударғанда, Гегель еңбегін айналып өтуге болмайды. Өзінің әйгілі «Эстетикасында» Гегель мәнер, стиль, және даралық (манера, стиль, оригинальность) ұғымдарын бір-бірімен тығыз байланыста қарап, белгілі бір қорытындыға келеді. Сондай-ақ көркем туындыдағы стильдің көрінбеуін өзіндік бейнелеу тәсілін қолдануға қабілеттің жетпеуі, болмаса заңды талапқа бағынғаннан гөрі, өзінің қыңырлығына салынып, стильді нашар мәнермен алмастырғысы келетіндігінен болады деп түсіндіреді [2, 304]. Гегель мәнер, стиль, даралық, мәселелерін сөз еткенде, ойларын қорытындылай келіп, стильге ерекше мән береді.

Қазіргі таңда, Р. Нұрғали атап көрсеткендей, «байыбына бармай шатасып жүрген мәселенің бірі – стиль мәселесі» [3, 202].

Стильді әдебиеттану ғылымы тұрғысынан эстетикалық категория ретінде қарастырғанда, оны шығарманың тұтас құрылымымен, бүкіл болмысымен қарастыру бірден бір дұрыс жол. «Стиль - суреткер талантының даралық қуатын көрсететін сапалық белгі» [3, 202] екенін ескерсек, стиль мәселесін сөз еткенде көркем туынды тұтастай назарға алынбақ.

Стиль туралы мәселені қарас-тырғанда, тақырып пен мазмұнды, көркем бейнелер жүйесін, композицияны назарға алу кең орын алғанын айта кету керек. Яғни стильді поэтикалық тұрғыдан зерттеуді қуаттаған ғалымдар еңбегі баршылық. Олардың қатарында: В. Виноградов, М. Бахтин, А. Чичерин, А. Соколов, Г. Поспелов, Л. Тимофеев, В. Ковалев т.б. еңбектерін атауға болады. Бұлардан басқа да стиль мәселесіне арналған еңбектер баршылық. Сондай-ақ, М.Я. Поляков та стиль мәселесін әдебиеттану тұрғысынан зерттеп, оның жанрға жалпы көркемдік жүйеге қатысын сөз қылады. Поляковтың ұстанымы «стиль дегеніміз – ізделіп отырған шама, ал, мәтін - шындық» [4, 88] дегенге саяды. Яғни көркем мәтіннің бүкіл табиғаты, оның ерекшелігін тану стильмен байланысты.

«Шығарманың көркемдік бейнелеу түрі стиль қасиетіне ие болады. Шығарма мазмұны өз-өзінен стиль болмайды және стильге кірмейді де», - дейді Г.Н. Поспелов [5, 70]. Теориялық тұжырымдар мен пікірлерге назар салсақ, стильді ең әуелі экспрессивті мағына үлесіне тиетін және белгілі бір сапаға ие болған форма жүйесі ретінде түсіндіреді. Сол арқылы суреткердің даралығы көрінеді деп біледі. Көптеген тұжырымдарда стильдің ішіне композицияны да кіргізетінін айтып өткенбіз. «Поэтикалық тіл» анықталған композицияның бөлімі ретінде қабылданады. Нәтижесінде стиль жалпы категория ретінде өзіне композицияны да, стилистиканы да қосады. Сондықтан әрбір поэтикалық лексиканың ерекшелігі «эстетикалық нысанның барлық компози-циялық сипатының ескерілуімен құры-лады» [6, 374]. В.В. Виноградовтың бұл пайымы әдебиеттегі стильді қалай анықтау керек деген сұраққа бір жауап.

«Стиль әдіске де, дүниетанымға да, суреткердің жеке басы мен жазу машығына да, өз дәуірі жөніндегі ұғымы мен өз шығармашылығының ұлттық сипатына да бірдей қатысты. Стиль - әлгі айтқан пікірлердің кемел тұтастығы» деген пікірді А. Григорян [7, 85] айтады. Б. Храпченко «Стильді көркем бейнелер арқылы игерілген өмірлік шындықты жеткізудің амалы, оқушыны әрлендіру мен иландырудың жолы деп түсінген жөн. Әдісті мазмұнмен теңестіруге болмайтыны сияқты көркем бейне арқылы игерілген өмірлік шындықты жеткізудің идеялық, эмоциялық ықпал етудің амалы ретінде қарастырылатын стильді де шығарманың түрімен шатастыруға болмайды» [8, 97] деген тұжырымға келеді. Стильге қатысты ой-тұжырымдардың қай-қайсысы да айналып келгенде, сөздің бейнелі әрі көркем түрде қолданысына келіп тіреледі. Көркем әдебиеттің басты негізі – сөз болса, сөз қолданысының әрбір суреткердің даралығын байқатар қыры стиль ауқымына қатысты. «Біз композициялық стиль туралы, кейіпкерлерді бейнелеу туралы, тілдік стиль туралы айта аламыз. Бірақ идея стилі, шығармашылық әдіс стилі, тақырыптық стиль деген сөз тіркестерін қолдана алмаймыз. Оқырман идеялық-эмоциялық құрылымның стильмен бірлігін еріксіз сезінеді және Пушкиннің стилін, «Соғыс және бейбітшіліктің» стилін автордың өзіндік ерекшелігі ретінде айтуға мүмкіндік бар. Бірақ күнделікті тәжірибеде шығармашылық әдіс стилін анықтауға талпынуды кездестірген емеспіз, керісінше, шығармашылық әдістің жазушы стилінің сипатын анықтайтынына көз жеткіземіз», - деп жазады М. Поляков [4, 100].

Әдеби туындының стилін талдағанда айтылған тұжырымдарды басшылыққа алу қажет-ақ. Дегенмен, ең әуелі, біз поэзиядағы стиль мәселесін сөз еткенде, қандай мәселелерді нақты нысанаға аламыз деген заңды сұрақ туындайды. В. Хализев тұжырымдарына назар аударар болсақ, әдебиеттің дамуын стиль аспектісінде қарастыру дәстүрлі түрде қалыптасқанын тілге тиек етеді. Сондай-ақ оны әдеби процеспен тығыз байланыста қараған жөн дейді [9, 371-372].

Ұлттық әдебиеттану тарихына көз жүгіртсек, стильге қатысты бірсыпыра пікір-тұжырымдарға кез боламыз. Стиль туралы алғашқы түсініктемелердің қатарында А. Байтұрсынов еңбегін атауға болады. Ғалым стиль мен стилистиканың өзара қатынасын дәл аңғарып, «сөз шығарушылар, әуелі сөз ұнасымына керек жалпы шарттарды орнына келтіріп, өзінің өзгеше әдісі болса, соның үстіне ғана қосады» деп көрсетеді [10, 343]. Стиль турасындағы еңбектердің ішінде ерекше атайтынымыз – Қажым Жұмалиевтің «Стиль – өнер ерекшелігі» атты зерттеу еңбегі [11]. Ғалым аталмыш еңбегінде стильдің терминдік түсініктемесінен бастап, оның бүкіл тарихына тоқталады. Әдебиеттегі стиль дегеніміз - әр жазушының өзіне тән ерекшеліктерін ұғыну екенін айта отырып, «Стиль ұғымына жазушының тілі, сөйлем құрылысы, мәнері, шығармаларының композициясы, оқиға дамыту әдістері, тақырып таңдаулары, жанрлық ерекшеліктері, тағы басқа компоненттер кіреді. Ең алдымен, орталық мәселе – идеялық мазмұн» [11, 13], – деген тұжырым жасайды. Теоретик ғалым жазушы стилінің бір күнде, не бір жылда ғана қалыптаса алмайтынын ескертеді. Стиль туралы З. Қабдолов Қ. Жұмалиевтің пікірін әрі қарай тарата отырып, «идеялық-көркемдік негіздің тек сол жазушыға ғана тән ерекшелігін аңғарамыз. Мұндай ерекшелікті жазушы творчествосының мазмұны мен пішініне қатысты басқа жайлардан да іздеп таба беруге болады. Міне, стиль – әр суреткерге тән осындай творчестволық ерекшелік» [12, 336] – дейді. Академик сондай-ақ жазушының шығармашылық ерекшелігін тілден, тақырып пен идеядан, көркем бейне жасау тәсілінен аңғаруға болатынын айта отырып, «суреткерлік ерекшелік оның шығармасындағы белгілі бір бірлікке әкеледі», - деп, осы бірліктерді атап көрсетеді. Олар: идеялық бірлік, тақырып ерекшелігі, мінез бірлігі [12, 334-335]. Қ. Мәшһүр-Жүсіпов өз монографиясында [13] поэзиядағы стиль мәселесін көркемдік әдіс пен бейнелілік айналасында қарастырып, жүйелі тұжырымдар жасайды.

Қазақ әдебиеттануындағы стиль мәселесіне байланысты еңбектер қатарында «Стиль сыры», «Қазақ көркем шығармаларының жанры мен стилі», «Қазақ әдебиеті: стиль мәселелері» жинақтарын, М. Дүйсеновтің, Қ. Өмірәлиевтің, Ф. Оразаевтың, М. Хамзиннің [14] еңбектерін айтуға болады.

Қазіргі поэзиядағы стиль мәселесін сөз еткенде Қ. Мәшһүр-Жүсіпов тұжы-рымдарына қосыла отырып, лирикалық қаһарман сипатына, суреткердің сөз қолдану ерекшелігіне ерекше назар аудару қажет-ақ. «Қазақ ақындарының қанша-лықты толысқан суреткер екенін айқындау үшін, стиль де, көркемдік әдіс те жалаң алынбай, үнемі бейнелілік тұрғысынан саралану қажеттігі де дау туғызбайды» – деп ой түйеді ғалым [13, 381].

«Бейнелілік стильмен тікелей байланысты. Тіпті оны стильдің көрсеткіш құралы десек те болады. Ал, кең мағынада поэтика деп алсақ, оның ауқымы стильден әлдеқайда үлкен», - деген Храпченко пікіріне сөзсіз қосылуға болады [8, 57].

Әлбетте, поэзиядағы поэтикалық категориялар мен көркемдік әдіс ақын стилін танытуға көмектескенімен, бүкіл шығарманың өн бойынан көрініп тұрады деп айта алмаймыз. Бұл тұрғыдан алғанда поэзиядағы стиль нақты жүзеге асқан үлгіде көрініп, оның ерекшеліктері ақын өлеңінде сыртқы пішінінен бастап, бүкіл болмысында көзге ұрып тұрады.

Дегенмен, поэзияда әдіс өзгерсе, оның әсері стильге тимей қоймайды. Қай ақынның болмасын стилінің байлығы – көркемдік ізденіс нәтижесінің жемісі. Ақынның суреткер ретінде марқайып, айрықша стиль танытуына, шеберлік шыңына жетуіне өзінен бұрынғы ақындар мектебі, өз ортасы, заманы айрықша әсер етеді. Сондай-ақ, жеке ақынның, тұтастай қазақ лирикасының биігін межелеуде көркемдік әдіс, әдеби ағым, сөз саптаудағы бейнелеуіш құралдар, көркемдік құрылымдар, бір сөзбен айтқанда, стиль шешуші роль атқарады.

Поэзиядағы стильдік ізденістер мен жетістіктер туралы зерттеу еңбектерге назар аударсақ, жалпы, қазақ әдебиеттанушыларының стильді әдіс, ағым тұрғысынан сөз етуі басым екенін көреміз. Мәселен, Т. Әбдірахманованың Қ. Аманжолов ақындығы туралы зерттеуін, Б. Кәрібаеваның 1960-80 жылдардағы стильдік ізденістер туралы тұжырымдарын алайық [15]. Поэтика мәселесінде де стильдің әдебиет пен тілге қатыстығы ежелден даулы нәрсе болып келе жатқандығын қазіргі қазақ лирикасының поэтикасын зерттеушілердің бірі Б. Кәрібаева да баса көрсеткен. Демек, әдебиет теориясының бір саласы болып табылатын поэтика соңғы жылдары поэзиядағы бейнелілік, стиль, эстетика мәселелерін өз алдына объект етіп қарастыруда. Поэтика мен эстетиканы поэзияның көркемдік ерекшелігі, бейнелілігі тұрғысында қарасақ, енді оның идеялық бағытын айқындау құралы ретінде де тануымызға болады.

Стиль туралы теоретик ғалымдардың пікір-тұжырымдарына тоқтала келе, стильдің көркемдік әдістен, лирикалық қаһарман тұлғасын жасаудан және көріктеу, бейнелеу құралдарынан көрінуін Ж. Жақыпбаев, К. Мырзабеков, Ж. Әбдірашев сияқты әдебиетке 1970-80 жылдары келген, өзіндік ізденістерімен ерекшеленген ақындар шығармашылығы негізінде қарастыруға әбден болады. Стиль әр суреткерге тән шығармашылық даралық екенін ескере отырып, біз әуелі аталған ақындар шығармашылығына тән шеберлік мәселесін назарға аламыз.

Көркемдік әдісті шындықты суреттеудің негізі, өмірді образ арқылы көрудің айрықша түрі дейтін тұжырымдарға сүйене отырып, әдістің шеңберінде қарастырылатын компонент-тердің стильге тән екенін жоққа шығаруға болмайды. Көркемдік әдіс қаламгердің дүниетанымына сай өмір шындығын көркемдік ойлау тұрғысынан меңгеруі екенін ескерсек, әдісті шебер меңгермеген ақын айрықша шығарма тудыра алмайды. Стиль – әдістің жан-жақты сипаты және оның кемелденгендігінің көрінісі. Әдіс пен стиль – бірін-бірі танытатын, бір-біріне тығыз байланысты ұғым. Әрбір қаламгерге тән дара стильдің қалыптасуына сол қаламгердің өмір сүрген кезеңі, ортасы ықпал ететіні ақиқат. Қаламгердің шығармашылық ғұмыры даму, жетілу сипатымен көрінеді. Сондықтан стиль мен әдіс те даму үстінде зерттеуді қажет етеді. Стильдің негізгі нысаны – өмір, басты құралы – тіл екенін ескерсек, бұл екеуі де үздіксіз даму процесіндегі құбылыстар. Қаламгерлер стилін зерттегенде «тұтас творчествосын жинақтап бағалаудан бұрын әуелі жеке шығармаларын талдап, олардың стильдік даму жолын көрсету қажет» – дей отырып, академик М. Қаратаев стильдік компоненттер қатарында ұлттық ерекшеліктерді қарастырудың қажеттігін ескертеді [14, 23].

Көркемдік әдістер – романтизм мен реализм табиғаты жағынан екі түрлі болса да, бірін-бірі толықтырып, бір-біріне нәр беретінін әдебиеттанушылар атап көрсетеді. Романтизмнің өміршең сипаттары реализмнің туып, дамуына негіз болса, реализмнің кейбір белгілері классицизм мен романтизмде дамығанын О. В. Лармин еңбегінде атап көрсетеді [16, 116]. Көркемдік әдістер бір-бірімен байланыста болып, бір-бірін әрлендіретіні туралы тұжырымның шындыққа жанасатынына 1970-80 жылдардағы ұлттық поэзиямызда өзіндік үнімен танылған жоғарыда аталған ақындар шығар-машылығын мысал етуге болады.

1970-жылдары қазақ поэзиясына өзіндік үн, ерекшелігімен келген ақындардың қатарында Жарасқан Әбдірашев есімі ерекше аталары хақ. Ж. Әбдірашев шығармашылығы туралы әдебиет зерттеушілері мен сыншылары тарапынан пікірлер айтылып келеді. Әдебиетші ғалым, профессор Б. Майтанов: «Қазақ поэзиясына ХХ ғасырдың 70-жылдарына қарай еркіндей басып, еркелей келген дарынды жас Жарасқан Әбдірашев болатын» дей келе, ақын поэзиясының көркемдігі мен тілі, шеберлігі туралы ой қозғайды [17, 135]. Ақынның соңғы мұрасы – «Құлпытас немесе екі дүние: фәниден бақиға дейін...» атты жыр кітабы. Ұлттық поэзиямызға үлкен жаңалық болып қосылған бұл жинақтағы эпитафиялық өлеңдер Жарасқан қаламына тән рух асқақтығын барынша айқын танытты. Қайсарлық пен табандылық, тәкаппарлық пен ірілік, асқақ пафос, шешендік толғаныс – осының бәрі бірігіп келіп ақынның романтикасын нақтылай түсті. Романтикаға тән «ерекше жағдайда ерекше характер жасау» принципі Ж. Әбдірашевтің «Құлпытас» жыр жинағынан барынша көзге түседі. Жыр өзегіне алынған өмір шындығы негізінде ақындық қиял әрлендірген ерекше болмыс туындайды. Бұлай болуының себебі – өткенге, ел үшін құрбан болған арыстарға ерекше құрмет.

Қақ төрінен орын алар тарихтың

Есімдерін ерендер мен алыптың

Жазбау керек қағазға да, басқаға,

Жазбау керек тіпті қара тасқа да,

Жазу керек жүрегіне халықтың! [18, 12].

Романтикалық әдіс лирикалық сарынның тереңдеуіне үлкен әсер еткені белгілі. Романтизмге тән басты ерекшелік – жан-дүниедегі қозғалысты таныту болса, Мағжан лирикасында дәстүр жалғасуы ретінде жан-жақты сипатымен ашылып, қанат жайған романтикалық дәстүр желі тарта келе ХХ ғасырдың 40-жылдардағы Қасым Аманжолов, 60-жылдардағы Төлеген Айбергенов поэзиясына тән болса, 70-жылдарда поэзия әлеміне қадам басқан Ж. Әбдірашев лирикасы да дәлел бола алады. Нақтылай айтарымыз – Жарасқан романтизміне жоғарыда айтылғандардың ішінде субъективті-философиялық сипат тән. Кей тұстарда элегиялық сарын да бой көрсетіп қалады. Дегенмен ақын романтикасы реализммен астасып жатады. Ақынның әр жылдары жарыққа шыққан жыр жинақтарына назар салғанда, үздіксіз ізденісті, көтеріңкі пафоспен өрілген шешендік үлгідегі поэтикалық сөз тіркестерін молынан ұшыратамыз. Мағжанға тән терең сыршылдық, адамның ішкі болмысына үңіліп, оны бейнелеп, айшықтап көрсету тәсілі Ж. Әбдірашев лирикасында жаңаша қырымен түрленеді.

Жарасқан Әбдірашев поэзиясының бір саласын құрайтыны – ақынның эпиграммалары. Түп тамыры антикалық әдебиеттен басталатын бұл жанр, ақынның өзі сипаттағандай «ежелден мәдениетті европа поэзиясына жеңіл қалжыңның желбегейін сыпырып тастап, сатираның жалаң қылышын жанына байлаған жалаңтөс батырлығын байқата келген. Оның бұл мінезін барынша дамытып, халық алдындағы абыройын аяққа бастырмай, керісінше, «есіктегі басын төрге шығарғандар» француз әдебиетінде Ф. Вольтер, Ж. – Ж. Руссо, Э. Лебрен, орыс әдебиетінде В. Тредиаковский, А. Кантемир, М. Ломоносовтар» [18, 130]. Аталмыш жанрда шеберліктерін сынап көрген көптеген ұлылардың есімдерін, олардың ішінде А.С. Пушкинді атауға болады. Ұлттық әдебиетіміздің тарихына назар салсақ, эпиграмманың элементтері ілгеріде-ақ бой көрсеткенін байқаймыз. Бұл салада Абайдың «Көжекбайға», «Шәріпке», «Жақсылыққа», «Қара қатынға», «Дүтбайға» сияқты өлеңдерін атауға болады. Бұл жанрға аздап болса да қалам тартқандар С. Торайғыров, С. Дөнентаев, М. Жұмабаевтар болды. М. Жұмабаев эпиграммалары белгілі дәрежеде кәсіби тұрғыда жазылған туындылар. Сондай-ақ С. Сейфуллин, І. Жансүгіров қаламдарынан да эпиграммалар туды. С. Ерубаев, Қ. Аманжолов эпиграммалары осы жанрдағы биік деңгейдегі туындылар болды. Қазақ әдебиетіндегі эпиграмма жанры туралы айтқанда Ж. Әбдірашев есімі алдымен аталады. Себеп – бұл жанрдың ұлттық әдебиетімізде жанр ретінде тамыр жаюына ақынның үлесі зор.

Ж. Әбдірашев эпиграммалары «Әзілің жарасса...» деген атпен 1989 жылы басылып шықты. Кейіннен 2001 жылы шыққан «Құлпытас» жинағына енді. Жинақтың құрылымдық сипатының өзі жүйелі түрде түзілген. Әдеби қауымдағы алдыңғы буын, кейінгі буын өкілдерінің мінезі мен болмысын, әрқайсысының ерекшелігін қалтқысыз аңғарып, қапысыз бейнелеген ақын эпиграммалары жанрдың барлық талаптарына жауап берумен бірге, тілдік құнары, көркемдігі, өткірлігі жағынан 1970-80 жылдар поэзиясындағы үлкен жетістікті, ұлттық поэзиямыздың зор мүмкіндіктерін танытады. Әрине бұл жанрдағы туындыларынан ұлттық сипат та айқын көрінеді. Ең әуелі ақын өзі сөз арнайтын адамның жас ерекшеліктерін ескереді. Осыған орай эпиграммаларын «Әкелерге – наз», «Ағаларға – уәж», «Он жас – о да құрдас», «Бес жас – бел құрдас», «Құлын-тайдай тебіскен» деп топтайды. Бұл эпиграммалар, ақын өзі айтқандай, «автордың әдебиетшілермен көп жыл қоян-қолтық араласуының, олардың қаламгерлік те, қарапайым пенделік те мінез-құлықтарын қаламдас һәм замандас көзімен байқап-бақылауының, оны, «аялда, тоқта, қас-қағым» деп Гете айтқандай, қалт жібермей қағазға түсіруге талпыныс жасауының жемісі» [18, 132].

Ақын эпиграммаларында қалам-дастар болмысы мен мінезі кейде уытты әзіл, кейде ащылау сықақ арқылы өрнектеледі. Мысалы, Сырбай Мәуленовке жазылған эпиграммасы:

Зауқы жоқ мүлде сусынға

Өзінің өзі уысында

Жырының бірақ қызуы

Баяғы гра-ду-сында [18, 138], –

деген орынды әзіл түрінде келсе, Хамит Ерғалиев туралы

Жалған айтып ендеше

жалпылдама делбеше,

Естімеген ешкімнен

«сөз» естігің келмесе [18, 137], –

дейді. Эпиграммаға керегі – сөзді ойната білу, тапқырлық, қысқа да болса нұсқалық болса, осы шарттар толығымен Жарасқанда сәтімен үйлескен. Әр қаламгердің мінезін, қасиетін дөп басып, дәл тану эпиграмма жазушыдан үлкен шеберлікті қажет етеді. «Бірде тауып, бірде қауып» айту да абырой әпермейді. Сондықтан үнемі шеберлік шеңберінен шықпай нысанға алынған кейіпкерді жете тану үшін де қырағылық пен сезімталдық керек. Жарасқан эпиграммаларының «теп-тегіс, жұмыр» болып келуі ақынның тіл мен ойға жүйріктігін дәлелдей түсетін мысал.

Асқақ романтика мен сыршыл сезім Ж. Әбдірашевпен заманы бір ақын К. Мырзабековтың өлеңдері мен баладаларына тән сипат. Оның қаламынан туған «Ақ көйлек», «Көшу» сияқты сюжетті өлеңдерде ақындық үн ұлттық бояумен астасып, өзгеше өрнек тапқан. Сыншылар назарына көп іліккен «Ақ көйлек» өлеңі астарлы, ишаралы өлең. Өлеңнің атының өзі астарлы бір ойға мегзейді. Ақынның қылаусыз сезімі, тап-таза көңілі, жүрек бұлқынысы өлең құрылымын тұтасымен жанды суретке айналдырып, ерекше бір әсер қалдырады.

Қаладан көкем әкелген маған ақ көйлек,

Жұп-жұқа сәтен, өзіме ғана шақ көйлек.

Ойлайтын едім, дәл мұндай мата жоқ қой деп,

Киер ем күнде. ауылда, әттең, көп той жоқ [19, 79]

деген жолдармен басталатын өлең әрі қарай ақынның сол ақ көйлекке деген ерекше сүйіспеншілігімен өріліп, алаңсыз, қылаусыз балалықтың белгісіндей болған көйлекті киген сәттегі лирикалық кейіпкер сезімі, балалық пен бозбалалық дәурен арасындағы толқу, ақ көйлекті қара құйынның ұшырып әкеткен сәтіндегі күйініш пен өкініш тамаша үйлесім тапқан.

Ақ көйлек, ақынның өз сөзімен айтқанда, – «жамауы жоқ, жасауы жоқ, көңіліндей аппақ қылаусыз» балалығының белгісі. Балалықтың сәтте ғайып болуы – өмір заңы. Ақ көйлекті ұшырып әкеткен қара құйын – балалық атты дәуренді ғайып қылар қатал күш тәрізді. Өлең

Жеткізбей маған көңілімдей аппақ көйлегім,

Бозбала болдым. Балалық көңілім мертігіп [19, 79]

деген жолдармен түйінделеді. Көріп отырғанымыздай, ақ көйлек жалаң ғана киер киім ретінде жырланып тұрған жоқ. Ақ көйлек – алаңсыз балалық дәуреннің ишарасы. Кеңшілік қаламына тән асқақ үн ишарамен, тұспалмен астасып, өмір шындығы романтикаға, содан символға ұласқан.

Ж. Әбдірашев, К. Мырзабеков өлеңдерінен романтикалық, символдық сипаты анық көрінеді. Кеңшіліктің «Аңыз» атты өлеңінде еркіндікке құштар, биіктікке құмар өршіл рух жырланады. Аты айтып тұрғандай, өлең мазмұны аңыздық сипатта. Ақын тілінде «Еркін құс» түрінде жыр өзегіне алынып отырған азат рух, оның замана қыспағында шырылдауы түйсікпен барлап түсінер нәрсе. Көркемдік тәсілдің шебер өрілуі нәтижесінде мазмұны терең, поэтикалық айшығы салмақты өлең дүниеге келген. Еркіндікті, азаттықты аңсаған көңіл жалпы адамзат атаулыға тән ізгілік сол еркін құспен бірге қапасқа түскеніне күйзеледі. Ақын тұспалы осыны мегзеп тұр. Сонымен бірге, айтылар ойдың ишарамен, тұспалмен жеткізіліп, азат рухты еркін құспен ауыстырылуы символизмге тән сипат екенін ескерте кету керек. Әрине, символизм ағым ретінде ақын шығармашылығына терең сіңіспегенімен, бірсыпыра сыршыл өлеңдерінде өзіндік ерекшелікпен көрініп қалып отырады.

Ж. Әбдірашев лирикасына тән ерекшелік асқақ пафос, өр екпін, шешендік толғамдар болса, К. Мырзабеков лирикасы сыршылдығымен, сезімтал сергектігімен ерекшеленеді. Ал аталған екі ақынмен үндес келетін тағы бір қаламгер – Ж. Жақыпбаев лирикасының тілдік, көркемдік сипаты бөлекше. Ж. Жақыпбаев - өз поэзиясында ұлттық нақыш пен шығыстық сарынды шебер үндестіре білген ақын. Ж. Жақыпбаев өлеңдерінде ата-баба қонысы болған қазақ даласының келбеті мен тынысы, ондағы тіршілік бейнесі өзіндік өрнекпен бедерленеді. Ақын дала суретін жанды қозғалыста, сол дала аясындағы тіршілік ауқымында жырлайды. Халықтың өткен тарихына көз жіберу арқылы бүгіннен ой түю - Ж. Жақыпбаев өлеңдеріне тән сипаттардың бірі:

Өткенге өкінемін оны ұққалы,

Бір жерге тоғыспаған толық бәрі.

Ұраны, тұрағы бар өз алдына,

Рулар - көшпелі елдің полктары, - деп басталатын "Рулар" өлеңінде қазақ руларының, тартыс, қайшылықтарын тілге тиек ету арқылы, ұлттық болмыс пен мінездің бір қырын аңғартып өтеді.

Ақын назарына жиі ілігетін табиғаттың көркем мезгілі – көктем. Көктем тақырыбына қалам тартқан ақын көп. Әр ақынның өзіндік өлеңдеріндегі көктем келбеті көз алдымызға өзіндік сипатымен келеді. Сол көктем сипатының өзі ұлтымызға ғана тән өрнекпен көмкерілген. Мысалға "Көктемге хат" өлеңіне тоқталайық:

Сеңсеңі жасыл, көрпеші гүлді, беткей шың,

Көп болды көлбеп, көзімен бір сәт кетпейсің.

Көкекке мініп, итала қазды жетекке ап,

Көктемім менің, көмекке маған жеткейсің.

Осы өлең жолдарындағы "сеңсеңі жасыл" шың, "көрпеші гүлді" беткей, "көкекке мініп, итала қазды жетекке алған" көктем - Жұматай ақынның көзімен, түйсігімен ғана бағамдалар сурет.

Сақалын көкке боясын аппақ серкелер,

Отарын көкке жаятын болсын ертең ел, - деген жолдардан мал баққан қазақы тіршілік елесі көрінеді. Көктемді ерікті де таза, табиғи болмыстың бейнесі түрінде таныған ақын сол көктем арқылы халқының өткеніне барлау жасайды. "Шабуыл күтіп, шапқыншы тосқан" бір кездегі дала өмірінің тетігі - "қан тұмсық жебе шаншудай қадалып" жатса да қол бастауын қоймаған. Ақ Жайықтан Алтайға жетер ұлысты қанқұйлы жаудан босатқан ерлер екенін ілтипатпен даралай айтқан ақын:

Көктемім менің, "бүгінгі түрім қалай?" - деп,

Қызыл тәжденсе қылтиып шыққан талай көк,

Қабанбай менен Бөгенбай батыр басына,

Мен қоймай жүрген бір құшақ гүлді қадай кет, - деп тебіренеді.

Осы сияқты бейнелі жолдар астарынан бейне (образ) мен құбылыс байланысын да аңғаруға болады.

Образдылық (бейнелілік) - суреткер қиялымен екшеленген құбылыстардың бірін-бірі сәулелендіруі арқылы туған соны әлем деп білсек, ақын өлеңдеріндегі бейнелілікке қатысты талдауға осы ойды қазық етеміз. Ақын өлеңдерін терең, жан-жақты түсіну оның рухани әлемін тануға жеткізер бірден-бір жол. Ал, ақын өз рухын өз ұлтының өткені мен бүгінінен, тынысы мен тіршілігінен, тауы мен тасынан іздейді.

Құнардан өссе жер түгі,

Құлпырмай қалмас тау көгі.

Шұғынық гүлдің төркіні,

Шөбіңмін сенің сәулелі.

Ақын туған жерді "шүғынық гүл төркіні" деп атап, өзін сол жердің "шөбі" етіп көрсетеді. Адам болмысы мен табиғат көрінісін салыстыра суреттеу, жан-жануарлар іс-әрекетімен пенде тіршілігінен үндестік табу - ақынның қолданар көркемдік тәсілдерінің бірі. Адамның бір мезеттегі көңіл-күйіне табиғат құбылыстарынан ұқсастық іздеу сәтті бейнелеуге ұласқан.

Ғашық жандардың әдеті ғой деп көктемгі,

Сарғалдақ сонда қып-қызыл болып кеткенді.

Туған дала бітімі мен болмысын бейнелеуге ақынның өзіндік сөз өрнектері молынан ұшырасады. Оған ақын өлеңдерінен көптеген мысалдар келтіруге болады.

80-жылдардағы қазақ лирикасына жүйелі талдау жүргізген Т. Шапаев қазақ поэзиясының ұлттық сипатын сөз ете келіп, "Дала - халықтық болмыс, ұлттық рухтың символы болса, ауыл оның тіршілікке, мазмұнға толы және бір жанды, төл көрінісі. Дала-ауыл. Шынына келсек, поэзиямыз үшін бұл тақырып бөліп-жарып, жіктеп-жіліктеуге келе бермейтін тұтас ұғым. Сол дала, сол ауыл бүгінде ұлан-асыр поэзиялық тебіреністер арсеналына айналды", - деген тұжырым айтады [20, 110].

Ж. Жақыпбаев – ұлттық сезімнің шеңберінен еркін шыға тырып, адамзаттық мәселелерді терең толғауға дейін барған қарымды ақын. Осы тұрғыдан келгенде, ақын өлеңдерінің ұлттық сипаты жалпы адамзаттық гумнанистік мұраттармен үндесіп жататынын атап айта кету қажет. «Халық көркемөнерден өзін ғана танып қоймайды, басқаға беру, басқадан алу арқылы өзін де, өзгені де байытып отырады. Мәселе көркемөнердің шынайы ұлттық сипатының жалпы адамзаттық мұраттарды таныта алатынын ұғынуымызға байланысты» [21, 155], - деген зерттеуші И.Я. Телекинаның пікірі біздің ойымызға үндес келеді.

«Ж. Жақыпбаев өлеңдеріндегі ең молынан көрініс тапқан эмоция түрі – романтика. Өйткені Жұматай өмір сүрген кезең - романтикалық көңіл – күйдің өрістеуіне мол септігін тигізетін өтпелі дәуір еді» - деп жазады ақын лирикасын зерттеуші Д. Ислам [22, 112]. Жас зерттеушінің бұл пікірімен келісе отырып, ақын романтикасы өз дәуірінің шығармашылығына жаңа тыныс әкелгеніне жоғарыдағы талдуларымызды дәлел етеміз.

Ж. Әбдірашев, К. Мырзабеков, Ж. Жақыпбаев поэзиясындағы стильдік ізденістерді көркемдік әдіс, жанр, ақындық шеберлік, ақындар өлеңдеріндегі ұлттық сипат төңірегінде қарастыра келе бұл үш ақын шығармашылығына ортақ сипат – 1970 – жылдардағы қазақ поэзиясында адамның ішкі сезім әлемінің бар мүмкіндікпен ашыла бейнеленуі, қалыптасқан реалистік әдісті романтикамен, кейбір символдық элементтермен үндестіре жырлауы демекпіз.

Өлеңнің көркемдік мазмұнын танытатын айшықтау үлгілерінің және құбылту түрлерінің әр ақын тіліндегі қолданыс ерекшелігі, дәстүрлі және тың поэтикалық оралымдар поэзиямыздың мүмкіндігін, жоғары деңгейін көрсететін, стильдік ізденістердегі жетістікті аңғартатын бірден-бір белгі. Осы тұрғыдан келгенде бай әдеби тіліміздегі сөз айшықтарын құбылта, түрленте қолданып, сол арқылы дара стильдерін қалыптастырған бір кезеңнің үш ақыны ұлттық поэзиямызды сапалық биікке көтере білген суреткерлер бола алды.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Борев Ю. Б. Эстетика. – Ростов н/Д., 2004. – 704 с.

2. Гегель В. Ф. Эстетика. – М: Искусство, 1968, в 4-х т. 1 т. – 676 с.

3. Нұрғалиев Р. Арқау. 2 т. – Алматы: Жазушы, 1991. – 576 б.

4. Поляков М. Я. Вопросы поэтики и художественной семантики. – М., 1978. – 446 с.

5. Поспелов Г. Проблемы литературного стиля. – М., 1970. – 330 с.

6. Виноградов В. Стилистика. Теория поэтической речи. Поэтика. – М., 1963. – 255с.

7. Григорян А. Анализ структуры литературного произведения. – Ереван: АН АрмССР, 1984. – 187с.

8. Храпченко М. Б. Творческая индивидуальность писателя и развитие литературы. – М., 1972. – 446с.

9. Хализев В. Теория литературы. – М., 1999, – 398 с.

10. Байтұрсынов А. Ақ жол. – Алматы: Жалын, 1991. – 464 б.

11. Жұмалиев Қ. Стиль – өнер ерекшелігі. – Алматы, 1966. – 384 б.

12. Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы, 2002. – 360 б.

13. Мәшһүр-Жүсіпов Қ. Қазақ лирикасындағы стиль және бейнелілік. – Павлодар: Павлодар университеті баспасы, 1999. – 384 б.

14. Стиль сыры. Ред. басқарған М. Қаратаев. – Алматы: Ғылым, 1974. – 336 б., Қазақ көркем шығармаларының жанры мен стилі (ғылыми мақалалар жинағы). – Алматы: ҚазПИ, 1982. – 93 б., Қазақ әдебиеті: стиль мәселелері. – Алматы: ҚазМУ, 1986. – 113 б., Өмірәлиев Қ. Қазақ поэзиясының жанры мен стилі. – Алматы: Ғылым, 1983. –237 б., Дүйсенов М. Қазақ драматургиясының жанр, стиль мәселесі. – Алматы: Ғылым, 1977. – 176 б., Оразаев Ф. Замана қаһарманы. Зерттеу. – Алматы: Жазушы, 1981. – 248 б., Хамзин М. Қазіргі қазақ романы. – Қарағанды: ҚарМУ, 2001. – 205 б.

15. Әбдірахманова Т. Қасым Аманжоловтың поэтикасы. – Алматы, 1976. – 298 б., Кәрібаева Б. Қара өлең және лирика. – Алматы, 2001. – 173 б.

16. Лармин О. В. Художественный метод и стиль. – М.: МГУ, 1964. – 271 с.

17. Майтанов Б. Сөз сыны. – Алматы, 2002. – 344 б.

18. Әбдіраштың Жарасқаны. Құлпытас. – Алматы: Атамұра, 2001. – 360 б.

19. Мырзабеков К. Менің мұңым – махаббат. – Алматы, 2003. – 192 б.

20. Шапаев Т. Қазақ поэзиясындағы лирикалық тұлға проблемасы. – Алматы, 1994. - 240 б.

21. Телекина И. Я. Проблема изображения характера в русской прозе о Востоке. Ташкент, 1985. – 365 с.

22. Ислам Д. Жұматай Жақыпбаев лирикасы. Филол. ғыл. кандидаты дәрежесін алу үшін әзірленген диссертация. Түркістан, 2001. - 133 б.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2009


 © 2024 - Вестник КАСУ