Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

ҚАЗАҚ ƏДЕБИЕТІНДЕГІ ПОЭМА ЖАНРЫ ЖƏНЕ ШƏКƏРІМНІҢ «ЕҢЛІК – КЕБЕК» ДАСТАНЫ

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2009

Автор: Нурланова А.Н.

Сан салалы сарабдал ғасырларды, сара жолы мен соқпағы аралас жымысқы жылдарды жұтып жатқан тарихпен тете жасасып келе жатқан көне әдебиетіміздің бір тармағы – поэма жанры.

Поэмаға ғалым Ө. Күмісбаев былай деп анықтама береді: «Поэма (грек. роіета — туынды, шығарма деген мағынада)— оқиғаны өлеңмен баяндап айтатын, кейде жыр-толғау түрінде келетін көлемді шығарма. Сюжетті оқиға желісін ширақ өрістетіп, кейіпкерлердің іс-әрекетін бейнелеуге негізделеді, ал сюжетсіз поэмада лирикалық сарын басым болады, көлемі жағынан шағындау келеді» [1, 274].

Кемелденген қазақ әдебиеті өзінің қайнар бастауын ауыз әдебиетінен алады десек, поэма жанрының тегін де халық әдебиетінен іздейміз. Бай ауыз әдебиетіміздегі батырлық, ғашықтық, тарихи жырлар - қазақ поэмасының алғашқы бастаулары. Поэманың алғашқы нұсқалары деп ауыз әдебиетіндегі уақиғалы жырларды айтуға болады. Олардың баяндау тәсілі, кейіпкерлер бейнесін суреттеу өзгешелігі де ауыз әдебиеті дәстүрлерімен тығыз байланысты.

Поэма жанрының сан ғасырларға созылған ұзақ тарихы бар. Бұдан кейін аталған жанр көбіне шығыс әдебиеті дәстүрінде келетін, шығыстық сюжетке негізделген қисса - дастандар түрінде өзінің жалғасын тапты.

Кейде ежелгі және орта ғасырдың эпикалық поэзиясына жататын «Илиаданы», «Одиссеяны», «Энеиданы», «Нибелунг туралы жырды» поэмаға жатқызады. Алайда олардың халықтық эпостық нұсқалар екенін ескеру қажет. Сондай-ақ қазақтың халықтық эпосының үлгілері — батырлық жырлары, ғашықтық жырлар («Қобылаңды», «Ер сайын», «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш— Баян сұлу») өзіндік ерекшелігі бар әдеби қүбылыс екені айқын. Лиро-эпикалық жанрдың бұл түрі әдебиеттің даму процесінде талай сатыдан өтіп, өзгеріп, өрістеп келе жатыр. Қазақ әдебиетінде XIX ғасырдың аяқ кезінен бастап кең тараған, көбінесе шығыс әдебиетінің сюжеттеріне негізделген дастандар да поэма жанрының бір түріне жатады.

Еуропа әдебиетінде, сондай-ақ орыс әдебиетінде поэманың дамуы романтизм дәуірімен байланысты болды. Поэмадағы субъективті лирикалық сарынның, жарқын жаңа кейіпкерлер бейнесінің қалыптасуы осы романтизмге орай шықты. Мұны Байрон, Шелли, Мицкевич, Пушкин, Лермонтов поэмаларынан айқын аңғарамыз. Романтикалық поэмадағы қаһарманның тағдыры ерекшелеу болып, бір жағынан автордың рухани өмірімен өзектесе келеді. Романтикалық поэманың осындай өзгешелігі кейін сәл өзгеріске үшырап, реалистік лиро-эпикалық поэзияға ауысты. Поэмадағы сюжет қысқа, ықшам болып, кейде лирикалық қаһарманның көңіл-күйімен астасып жатады. Қазақ әдебиетінде поэма әбден қалыптасып, жан-жақты дамыған жанр.

Абайдың Шығыс тақырыбынан алып жырлаған белгілі поэмалары, Шәкәрім Құдайбердіұлының «Еңлік – Кебек», «Қалқаман – Мамыр», «Ләйлі — Мәжнүн», «Қалқаман — Мамыр», Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау», Ілияс Жансүгіровтің «Күйші», Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» атты поэмалары қазақ поэзиясының көшбасында түрған сүбелі туындылар.

Жиырмасыншы ғасыр басында қазақ қауымының рухани дүниесі, қоғамдық көзқарасы, әдебиетіне өркениет жаңғырығын әкелген зиялы тұлғалардың бірі Шәкәрім қазақ поэмасының дамуына қарымды үлес қосты.

ХІХ ғасырда Абай және оның шәкірттері қазақ поэмасын соны сапаға көтеріп, жаңа, нағыз жазба әдебиетке тән поэмалар тудырды. Абай поэмаларына келетін болсақ, ойымызды М. Әуезовтің мына бір пікірімен жалғаймыз: «... Абай поэма жанрына анықтап зер салған жоқ. Тек кейін тәрбиесінен шыққан шәкірт ақындарына ғана әр алуан тақырыптар беріп, анық поэма дерлік күрделі сюжеті бар шығармаларды соларға жазғызды» [2].

Дегенмен, Абайдың «Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі» сияқты поэмалары және ұлы ұстаздың ұлағатты бағдары Көкбай Жанатайұлының «Сабалақ», Ақылбай Абайұлының «Дағыстан», «Зұлыс», Мағауия Абайұлының «Медғат – Қасым», «Еңлік –Кебек», Әсет Найманбайұлының «Салиха – Сәмен», «Ағаш ат», Әріп Тәңірбергенұлының «Зияда – Шамырат», «Қисса–и Баһрам», «Қанды жап» поэмалардың тууына жол салып берді. Бұл ретте Шәкәрім поэмаларын ерекше атап өту орынды.

Қазақ поэмасының жаңа белеске шығып, көркемдік биігіне көтерілуіне Абай және Абайдың ақын шәкірттері көп үлес қосты. Абайдың жолын қуған, өз тұсында көркем шығармалар тудырғандар Абайдың немере інісі Шәкәрім Кұдайбердіұлы, Абайдың өз балалары Ақылбай, Мағауия, Әубәкір, сондай-ақ Әсет Найманбайұлы, Көкбай Жанатай, Әріп Тәңірбергенұлы мен Нарманбет Орманбетұлы сияқты ақындар.

Романтизм үлгісінде туған Ақылбай мен Мағауия поэмалары өзге елдің тұрмысында арналғанмен, қоғам шын-дығын, әлеуметтік теңсіздікті романти-калық сарында суреттемей, өмірді реалис-тік тұрғыдан көрсетуге тырысады. Поэма-лардағы окиғалар, кейіпкерлердің бастан кешірген істері оқушысына нанымды түрде беріледі. Басты қаһармандары — азаттық жолындағы бостандық сүйгіш күрескерлер. Олардан — ертегілік керемет қиял кейіпкерлері емес, өз арамызда жүрген қарапайым адамдар. Бұл поэмалардағы өршіл романтика мен сыншыл реализмді қуаттандырып, жігерлендіре түседі.

Ақылбай әкесінің ұсынысымен «Дағыстан», Зұлұс», «Жаррах батыр» поэмаларын жазған. Оның ішінде «Зұлұстың» алғашқы бөлімі ғана сақталған, содан үзінді 1924 ж. «Сана» журналының 2, 3-сандарында басылды, ал «Жаррах батыр» поэмасы бізге жетпеген.

«Дағыстаннан» үзінді алғаш рет 1918 ж. «Абай» журналының 5-санында жарияланған. Поэманын такырыбы — әділет пен жауыздық күресі, «махаббат ғадауатпен майдандасқан» тартыс. Махаббат пен әділет, адамгершілік пен мейірімділік қатар сипатталады. Махаббаттың мәні адамның бас бостандығында, ал ескі әдет-ғұрып, жауыздық үстемдік етіп тұрғанда махаббат бостандығына, адамның бас еркіне жол жоқ, ондай бостандықтың жолы — күрес дейді ақын.

Поэманын бас тұлғалары ескі әдет-ғұрып, салт-сананы бұзып, еркіндікке бой ұрған, махаббаты үшін құрбандықка бас байлаған, тау халықтарының өр мінезді ер ұлы мен ер қызы. Поэмада әрі бай, әрі батыр, қаһары мен қанжары қатар жүретін тәкаппар Жүсіптің, бес үлдың ортасында жалғыз өскен, «ақылы, мінезі мен тұлғасы сай» ару кыз Зәйраның, алған бетінен қайтпайтын ер жүрек Жәбірәһилдің бейнелері сомдалып жасалған. Жас ғашықтар сүйіспеншілік жолында жауыздыққа бас имей, зұлымдықпен жал-ғасып, махаббат бостандығы үшін күресте қыршын кетеді. Кәрі Жүсіп айналасын өрт алғандай, тамыры қурап, өмірі бітіп бара жатқан бір түп кәрі томардай жалғыз қалды. Осылайша жауыздық қатты жазаланады. Қарсы келгенді қанмен жуатын Жүсіп балаларының бәрі қазаға ұшырап, ақырында кәрі Жүсіпке әділет үкімі айтылды. Оқиғаны бұлай шешу, басты кейіпкерлердің мінез-құлқын, іс-әрекеттерін асқақтата жырлау, ерекше сезімді баса сипаттау романтикалық әдіске тән кұбылыс.

Мағауия Абайұлы Абай ақылымен, оның берген материалдары негізінде «Еңлік – Кебек», «Медғат – Қасым» атты поэмалар жазған.

«Медғат – Қасым» - Мағауия поэмаларының ішіндегі ең көркемі және көлемдісі. Оның оқиғасы үйреншікті қазақ ортасында емес, алыста – Африка жерінде, Ніл өзені бойында өтеді. Мазмұны құл иеленушілер мен құлдардың арасындағы кек күресінен алынған.

«Медғат – Қасым» поэмасы тақырыбы жағынан да, құрылысы жағынан да өз кезіндегі қазақ әдебиеті үшін тың жаңалық болды. Мағауия әкесі Абай айтпағанды айтып, қазақ әдебиетіне романтикалық поэманың жаңа үлгісін әкеліп қосты.

Абайдың тағы бір ақын шәкірті - Әсет Найманбайұлы. Әсет ақын шығыс әдебиетінің озық шығармаларымен түпнұсқасы арқылы танысып, шығыс мәдениеті мен мәдениетініен мейлінше сусындай отырып, назира – жауап негізінде шығыс аңыз – ертегілерін, классикалық шығармаларын өлеңмен қисса – дастан етіп жырлады, өз тұстастарымен жыр бәйгесіне түсті.

Жазба әдебиет үлгісіндегі «Салиха – Сәмен», «Кешубай» дастандары ақынның өмірге көзқарасының, білім, талғам дәрежесінің өскендігін, жаңа арна, бағытқа бет қойғандығын аңғартады. Ақын дастандарының өзіндік бір ерекшелігі – оның көбінесе басқа ақындар жырламаған тың тақырыптарды таңдауында. Оған «Ағаш ат», «Барат қыз», «Үш жетім қыз», «Француз» қиссаларының сюжеті дәлел. Ақынның сюжет қызықтап кетпей, тым әсірелемей, адамгершілік, адалдық, имандылық қасиеттерді дәріптей жырлауы – гуманистік ой – пікірлерінің жемісі. «Кешубай» поэмасына патша үкіметінің отарлау саясаты өзек болады. Ал «Үш баланың әңгімесі» поэмасында сертке беріктік, уәдеге адалдық ерлікке барабар дәрежеде сипатталады. Ал «Барат қыз» - ғашықтық дастан.

«Ағаш ат» поэмасының оқиғасы да Шығыс елінің әңгімелерінен алынған. Поэмадағы оқиғаның желісі бастан – аяқ ағаш атқа байланысты. Бұл образ орыс ертегісінің сюжетіне жазылған Ершовтың «Конек – горбунок» поэмасына ұқсас. Бірақ ағаш ат адамның қолынан жасалған өнердің табысы ретінде сипатталады. Әсет Найманбайұлының ағаш атында ғылыми – фантастиканың негізі бар. Бұл жөнінде Әсеттің Абайдан алған тәлім – тәрбиесі, Абайдан естіген өнер, ғылым жаңалықтарынан ұққаны байқалады. «Ағаш ат» поэмасын шығыс ертегі - әңгімелерінің әсерімен жазылған, өз уақытына сай қазақ поэзиясында туған ғылыми – фантастикалық поэма деуге болады.

«Салиха - Сәмен» поэмасы Ақылбай, Мағауия поэмаларының үлгісінде жазылған лирикалы – романтикалық поэма.

Салиха мен Сәмен де бас бостандығы үшін, махаббат жолында құрбан болған жандар. Әсет Найманбайұлының «Ер Шеризат» қиссасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Гүлшат – Шеризат» қиссасымен мазмұндас. Екеуі де қиссаның сюжетін араб, парсы нұсқаларынан алған.

Абай төнірегінде жүріп тәлім-тәрбие алған, ақындыққа үйренген Әріп Тәңірбергенұлы «Зияда — Шаһмүрат», «Кисса-и-Баһрам», «Қанды жап» поэмаларын, «Тәуке мен Ұрқия айтысын» жазған.

Поэма жанры ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ поэзиясында енді – енді ғана өркен жайып, қанаттана бастағаны белгілі. Әсіресе, жазба түріндегі поэма үлгісі оқиғамен өрбіген мазмұндық сипат алған, сол мазмұн белгілі бір идеямен көмкеріліп, бас – аяғы жинақталған формалық кейіпке түскен, күнделікті өмірдегі адамдар бейнесіндегі кейіпкерлері бар шын мәніндегі поэма үлгісі санап аларлықтай ғана еді. Ел ішіндегі негізгі төл оқиғаларды баян қылатын дастандар көбіне – көп сырт жаумен күрескен ел батырларының батырлық істері мен жорықтарына арналып, бұрынғы батырлық жырлардың ауқымында дамыды.

Зерттеуші Ә. Нарымбетов: «Сайып айтқанда, поэма өлеңмен жазылған шығарма. Оның басты сыпаттары – сюжет, характер, лиризм, драматизм», - дейді [2, 16]. Бұдан ары ғалым поэмада жаңағы белгілердің бәрінің кездесуі міндетті еместігін айтады. Біздің өз тұсында қосарымыз – Шәкәрім поэмаларынан пайымды сюжет, қайталанбас характер, нәзік лиризм, тартысты драматизм де табылады.

Шәкәрім поэмалары қазақ поэмасының тарихындағы жаңа бір парақты ашты. Ақын поэмаларында аңыздық сипатқа, романтикалық сарынға кетіп қалмай, жазба әдебиеттің жүгін көтерген күрделі мәселелерді көтерді және осы мәселелерді тарихи - әлеуметтік, көркемдік шеңберде алып, адам тұлғасын, оның сезімі мен еркін жоғары қоя отырып, гуманистік жолмен шешуге тырысты.

Шәкәрім шығармаларының білгірі, белгілі ғалым Қ. Мұхаметхановтың пікірінше, «Қалқаман – Мамыр» поэмасы 1888 жылы, «Еңлік – Кебек» дастаны 1891 жылы жазылған. Ал «Нартайлақ – Айсұлу» поэмасын Шәкәрім 1929 жылы, өмірінің соңғы жылдарында жазады [4, 126] .

Ақын поэмаларында тарихи мәліметтерді негізге ала отырып, сол кездегі қоғамдық өмірді, халықтың салт-санасын көрсетеді. Аталмыш шығармаларда заман тынысы, ел өмірінің кең көлемді картинасы бар.

Поэмалардағы уақыт пен іс-әрекеттің болған орны нақты беріледі, адамдар да тарихта болған белгілі тұлғалар.

Шәкәрім дастандарының ел ішінде кең таралуының басты себептері оқиға тартымдылығында, тартымды оқиғаны көркем тілмен көрікті етіп баяндап беруінде ғана емес, жастар еліктер, үлгі қылар бейнелі образдарында жатыр.

Шәкәрімнің тарихи аңызды, өмірлік оқиғаны арқау еткен поэмасы – «Еңлік – Кебек». Ақын бұл жырға деген өзінің көзқарасын кіріспе – таныстыру арқылы анық білдіріп кетеді. Ақынның бағалауында – бұл екі жас та кінәсіз.

«Еңлік – Кебек» поэмасында да қыз бен жігіттің сүйіспеншілік оқиғасы негізгі бағдар ретінде алынады да, шығармадағы іс - әрекетінің қою желісі сол оқиғаның салдарынан туған ру мен рудың арасындағы дау – жанжалға қарай өрбиді.

Демек, Кебек пен Еңліктің жеке күйлері, сезім толқындары Қалқамен мен Мамырдың жан күйлерінен гөрі көбірек ашылады. Дастанның өзгешелігі, біріншіден, Шәкәрімнің жырды атап өткен өзіне тән шежірешілдікпен, «әңгіме алдындағы аз сөзбен» бастауы. Содан кейін барып Шәкәрім хикаяның тарихи кеңістігін ашады. Жалпы, кеңісітк пену ақыт категориялары ақын үшін маңызды. Өлеңіне өзек етер оқиғасын ақын тарихи категорияда қарастырады.

Екіншіден, Шәкәрім дастанды әу бастан конфликтіге құрған. Бұл жердегі сюжеттік желі – Нысан абыздың болжамы. Шәкәрім поэмадағы сюжеттік байланысты осылайша драмалық шиеленіске құрады. Солай болғандықтан да, дастанның алғашқы тарихи бөліміндегі баяу қозғалыс әп сәтте шиеленісіп, көркем шеберлікке ғана тән динамика қосылады.

«Еңлік – Кебек» дастанынан алар келесі сый – сыбағамыз: бұл шығарманың драмалық табиғаты басым, ол құрылымы жағынан да драмаға ұқсас болуында.

Адамды заман билеген, адамдар заман әуеніне желеу еткен, сөйтіп өмірде жолсыздық жасалған тағы бір аянышты оқиғаны «Нартайлақ пен Айсұлу» дастанынан көреміз.

Қорыта айтқанда, Абайдың ақын шәкірттері, солардың ішінде Шәкәрім Құдайбердіұлы поэмалары қазақ әдебиетінің сюжеттік байлығын, шыншылдығын, романтикалық сенімін, көркемдік ерекшелігін арттыруға зор үлес қосты, қазақ поэзиясында поэма жанрын жаңа сапаға көтерді.

Ақын әр шығармасы арқылы, ең алдымен өткен тарихтағы болған істі баян қылады. Тек тарих үшін ғана емес, сол оқиғалардың халықтың көңіліне ұнаған мәні мен маңызын ескереді.

Сөйтіп, халық көңіліндегі жарасымды оқиғаны көркем поэзия тілімен көпшілікке қайта жеткізеді. Бейнелі тілге, көркем образға айналдырады. Оқиға өткен кезеңдегі қазақ даласының қоғамдық жүйесі мен ерекшелігін көрсетті. Өткен заманның жаманшылығынан безініп, жақсылығын үстемелей беруді уағыз қылды. Қоғамның рухани дамуның басты бір көзі осында дегенді аңғартты.

Жалпы трагедиялық халді, шытырман оқиғаларды баяндау үстінде халық бейнесі арқылы қоғамдық психологияны бейнелеу, жеке адам басындағы ахуалды халық табиғатымен байланыстыру – Шәкәрімнің ақындық келбетінің бір сипаты.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Әдебиеттану. Терминдер сөздігі. – Алматы: Ана тілі, 1998. – 384 бет

2. Әуезов М. Әр жылдар ойлары. - Алматы: Ғылым, 1959. - 145 бет

3. Нарымбетов Ә. Қазақ совет поэмасы.- Алматы:Ғылым, 1977. – 240 бет

4. Мұхаметханова Қ. Абай мұрагерлері. – Алматы: Атамұра, 1995. – 208 бет

5. Әбдіғазиев Б. Асыл арна. – Алматы: Қазақ университеті, 1991. – 128 бет

6. Тілеуханова А. Шәкәрім шығармаларындағы шеберлік пен таным бірлігі. – Алматы: Сана, 1995. – 175 бет.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2009


 © 2024 - Вестник КАСУ