Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

ОҚУШЫЛАРДЫҢ АҚЫЛ-ОЙЫН ДАМЫТУДЫҢ ЭТНОПЕДАГОГИКАЛЫҚ ШАРТТАРЫ

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №1 - 2009

Авторы: Балуангали С.Ж., Саданова Ж.К.

Қазіргі білім беру саласындағы даму тенденциясының қарқындылығына орай кейбір маңызды болып келетін мәселелер өз шешімін таппай отыр. Сондай өзекті мәселелердің бірі – оқушылардың ақыл-ойын дамытудың этнопедагогикалық шарттары. Кейбір зерттеуші ғалымдар осы мәселе төңірегінде сыңаржақ пікірлер айтып жүр. Бір қарағанда зерттеуді қажет етпейтін, бүгінгі таңда ешқандай маңыз-ыдылығы жоқ сияқты болып көрінетін бұл мәселені, шындығына келгенде, ертеңгі күнге қалтырмай, дәл бүгін егжей-тегжейлі зертеу керек деп ойлаймыз. Осы орайда Қазақстан Республикасының «Білім беру туралы Заңында» былай деп жазылған: «қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін оқып-үйрену үшін жағдайлар жасау керек». Яғни, еліміз бей-жай қарап жатқан жоқ, ертеңіміз үшін алаңдап, уайымдауда. Ал осы туындап отырған мәселені тек мұғалімдер ғана оңтайлы шеше алады. Заңда айтылып отырған халық педагогикасына қатысты мәселені ғылыми негізде пайдалану және даму жолдарын іздестіру көкейтесті мәсе-лелердің бірі.

Қазіргі кезеңде республиканың білім беру жүйесінің ең басты мәселесі – қазақ мектебі түлегінің білім сапасының деңгейін халықаралық дәрежеге жуықтату. Ақыл-ой тәрбиесінсіз дүниеге адамгершілікті көзқарас, саналы тәртіп пен орынды мінез-құлық, еңбек нәтижесі, экономикалық білімдер, дағдылар, тіршілік ету ортасы, табиғат және қоғам құбылыстарына талғампаздық, дене күш-қуатын арттыру жолдарын білу, қоғам өмірінің құқықтық негіздерін игеру мәселелерін шешу мүмкін емес.

Жас ұрпақ ата-бабамыздан қалған мәдени мұра халық ауыз әдебиетінің өн бойындағы мәнділігі мен маңызды-лығынан, ойшылдығы мен қиялшыл-дығынан, тапқырлығы мен шешендігінен, әсемдігі мен алғырлығынан, тәлім-тәрбиесі мен үлгі-өнегесінен нәр алары анық.

Қазақстанда халық ауыз әдебиет үлгілерін бүгінгі тәрбие мен білім беру барысында жүзеге асыруға бағытталған біршама тәжірибе жинақталған. Бұлардың ішінде, әсіресе, халқымыздың тәлім-тәрбиелік ой-пікірлерінің зерттелу, жинақ-талу, жариялану жолы Қ. Жарықбаевтың, С. Қалиевтың, З. Әбілованың еңбектерінде айқын көрініс тапқан. Халық ауыз әдебиет үлгілері туралы зерттеулер көп болғанымен, оқу-тәрбие үрдісінде баланың ақыл-ойын дамытуға оның мүмкіндігінің зор екендігі жайында аз мағлұмат берілген.

Халық педагогикасымен айналысу-шылар қоғам дамуының алғашқы сатыла-рында-ақ тәрбиеге өзіндік көзқарас болған-дығын, мақсатқа сай тәрбиелеудің жолдары ойластырылғандығын мәлімдейді. Қазақ этнопедагогикасының қайнар-бұлағы біздің заманымызға дейінгі дәуірден бастау алады. Ұлттық мәдениеттің тегі сол ұлттың ұлт болып қалыптаспай тұрған кезінен бастап-ақ жеке ұлыстардың ұрпағын тәрбиелеуден туындағаны белгілі. Халық педагогикасында оқыту мен білім берудің принциптері қазіргі ғылыми педагогика тұжырымдарымен ұштасып жатыр. Халық білім мен өмірдің тығыз байланысты болуын талап етті. Халық педагогикасы оқытудың көрнекі болуын ойдан шығарған жоқ. «Көзбен көрген, құлақпен естіген ақиқат емес, тек қана мұқият зерттелген ақиқат».

Халық педагогикасында тәрбие, оның бөліктері туралы ұғымдардың анық-тамаларының да ғылыми педагогиканың анықтамаларымен сәйкес келетіндігі байқа-лады. Халық педагогикасы бойынша ақыл-ой тәрбиесі деп шәкірттердің ойлау қабілеттерін, сана-сезімін оқу және еңбек процесінде дамытуды айтады. Ғылыми педагогикалық анықтамасы бойынша ақыл-ой тәрбиесі деп оқушылардың ақыл-ой күштерін, ойлауын дамытудағы және ақыл-ой еңбек мәдениетін дамытудағы тәрбиешілердің мақсатты іс-әрекетін түсіндіруді айтамыз. Бірақ оқушы өмірінің іс-әрекеті тек тәрбиешілердің мақсатты ықпалымен шектелмейді. Оған қосымша оқушыны қоршаған ортаның ықпалдары мен әсерлерін еске алу қажет. Бұл кеңірек, ақыл-ойдың дамуы ұғымымен айқын-далады. Ақыл-ой тәрбиесі тұлғаның жан-жақты дамуының негізі. Ақыл-ой тәрбиесі еңбек өнімділігін арттыруға, еңбектің шығармашылығына зор ықпал жасайды. Ең бастысы, ол ғылым мен техниканың, мәдениеттің жедел дамуының қайнар бұлағы екендігін үнемі есте ұстағанымыз жөн. Ақыл-ой тәрбиесі – адам зиялылығының негізі. Ақыл-ой тәрбиесіне екі ұғым кіреді: зер салып ойлау және ақыл-ой күштері. Белгілі психологтар мен педагогтардың еңбектерінде ойлаудың түрлері, олардың мәні, мазмұны жеткілікті зерттелген мәселелердің бірі. Сондықтан біз жеке-жеке ойлаудың түрлеріне тоқталамыз.

Оқушылардың ақыл-ойын дамы-тудың басты құралы – оқыту үрдісі. Оқыту барысында оқушылар оқу материалының мазмұнын игеріп, зиялылық біліктерді қалыптастыруға көмектесетін ойлау операцияларын меңгереді. Оның барлығы танымдық іс-әрекеттерін дұрыс ұйым-дастыру арқылы жүреді.

Қазіргі оқытудың жаңа техноло-гиялары туралы жазылған еңбектерді саралай келіп, оқушылардың ақыл-ойын дамытуға бағытталған оқыту әдістемелерін анықтадық. Теориялық тұрғыдан қарағанда «дамыта оқыту» және «сыни тұрғыдан ойлауды дамыту» тұжырымдамалары оқушылардың ақыл-ойын арттыруды жүзеге асырады. Бұл тұжырымдамалардың мәні оқытуды шамалай отырып қиындықтың жоғары деңгейінде құруды дәріптейді. Бұл үшін оқушының білім қоры жинақталған теориялық білімдерден, ғылымдағы жетекші қағидалардан тұруы қажет. Осының негізінде қажырлы ақыл-ой еңбегіне қатыса отырып, оқушы жеке деректер мен құбылыстар сырына ене алады. Сондықтан да дамыта оқыту мен сыни тұрғыдан ойлауды дамыту әдістемелерінің негізі оқытудың мазмұнын іріктеу мен әдістерін таңдап алудан басқа, оқушы алатындай оқу қиындықтарының сипаты мен дәрежесін дәл анықтауды ұсынады. Мұғалімнің креативті шығар-машылық еңбегі оқушылардың жалпы ақыл-ойының дамуын қамтамасыз етіп, белсенді ақыл-ой еңбегіне қол жеткізеді. Осы тұжырымдамалар негізінде құрылған сабақтарда іскерліктерді қалыптастыруға көмектесетін тапсырмалардың түрлері де ақыл-ой тәрбиесінің құралы ретінде пайдаланылады.

Ақыл-ой дамуы белгілі бір ойлау операцияларын меңгеруді қажет етеді. Негізгі ойлау операцияларына ғылымда белгілі талдау, жинақтау, салыстыру, жіктеу (топқа жіктеу) т.б. жатады. Талдау дегеніміз бүтінді бөліктерге ойша жіктеу немесе бүтіннің жеке қасиеттерін ойша бөлу болып табылады. Жинақтау – заттың бөліктерін ойша үйлестіре біріктіру немесе құбылыстардың жеке жақтарын, олардың белгілері мен қасиеттерін біріктіру. Талдау мен жинақтау біріне-бірі қарама-қайшы ойлау операциялары болғанымен, олар бір-бірімен үздіксіз байланыста болады. Белгілі бір сабақтастықта нақты белгілі немесе бірқатар белгілер бойынша олардың ұқсастықтарын немесе айырма-шылық-тарын анықтау салыстыру деп аталады. Салыстыру - жинақтаудың қажетті алғы шарты. Араларындағы ұқсастық немесе айырмашылыққа тәуелді заттар немесе құбылыстарды топтарға ажыратуды жіктеу деп атайды.

Негізгі ойлау операцияларын тұтас педагогикалық процесте меңгеру және нәтижелі қолдана білу мұғалімнің шеберлігін, біліктілігін, білімдарлығын көрсетеді.

Оқушылардың зиялылық іскерлікті меңгеруінің оқу және тәрбие жұмысындағы алатын орны бөлек. Мысалы, оқу еңбегі нәтижелі жүру үшін оқу іс-әрекеті іскеріліктерінің тобын оқушылардың мең-геруі өте қажет. Жалпы оқу іс-әрекеті іскеріліктерінің қатарына оқу, тыңдау, өз ойын ауызша баяндау, жазу, кітаппен жұмыс жатады. Іскерлік әр түрлі пәндер және сыныптар бойынша сабақтарда қолданылады. Іскерлік деп аталған білім негізінде шәкірттердің практикалық әрекетінің іске асырылуын атайды. Мысалы, сауатты жазу үшін грамма-тикалық ережелерді білу, жазу, және сөйлеу техникасын меңгеру. Ал сауатты оқи білу – сөздердің, дыбыстардың, дауыс ырғағының дұрыс айтылуы, мәнерлеп оқу. Жалпы оқу іскерліктерін оқушыларға үйрету, олардың білім саласында теориялық сауаттылығының деңгейін көтеру болып табылады. Ал бұл мәселе мұғалімнің әдіскерлігіне, ғылыми педа-гогикалық сауаттылығына байланысты.

Ақыл-ой тәрбиесінің тағы да бір маңызды міндеті оқушылардың ғылыми дүниетанымын қалыптастыру болып табылады. Мұның негізінде әлемді тану, түсіну, табиғат пен қоғам дамуының заңдарын ұғыну. Яғни, оқушылар барлық пәндерді оқу үрдісінде негізгі дүниетанымдық жұмыстарды бекітеді, баянды етуге талаптанады.

Оқу-тәрбие үрдісінде халық педагогикасының жетістіктерін қажетті деңгейде қолдануға мүмкіндік бар. Соның ішінде бастауыш сыныптарда оқушылардың ақыл-ойын дамытуға тікелей әсер ететін жұмбақ, жаңылтпаш, ертегі, мақал-мәтел, шешендік сөздер, жұмбақ-айтыс т.с.с. этнопедагогикалық құрал-дардың алатын орны ерекше.

Жұмбақ жанры ана тілінің нәрлі, бейнелі сөздеріне қызықтырып, баланы халық поэзиясы әлеміне баурайды, оған эстетикалық ләззат береді. Баланың ақыл ой қабілетін дамытып, ой-өрісін, танымдарын кеңейтеді. Жұмбақтар заттардың, нәрселердің, құбылыстардың қыр-сырларын талдауға, салыстыруға айырмашылықтары мен ұқсастықтарын табуға үйретеді.

Жаңылтпаштар баланы сөз мағынасын бұрмаламай, абайлап, анық сөйлеуге үйретеді. Айналадағы көріністермен, құбылыстармен таныс-тыратын қызықты жанр. Оқушылардың тілін ұстартудағы тәрбиенің бір түрі- жаңылтпаш айтқызу. Жаңылтпаш айтуда көзделетін мақсат, біріншіден, жинал-ғандарды күлдіріп, көңіл көтеру болса, екіншіден, әр сөзді тез, шебер, дәл айтуға, тіл ұстартуға үйрету болып табыладыы. Қазақтың салты бойынша, ойын- сауыққа келген жастардың бәрі ән салып, күй шертіп, өлең айтуға тиіс. Ал өнерден құралақан жастарға берілетін жаза ретінде ойынды басқарушы адам жаңылтпаш айтқызған. Жаңылтпаш – тіл ширату тәсілі. Халық баланың тілін ширату үшін оған сөз үйретіп, дүниетанымын дамыту мақсатында жаңылтпаштар ойлап шығарған. Балалардың тілі шығып, сөздік қоры молая бастаған кезде, кейбір дыбыстарды айта алмай немесе қинала айтады. Тілін мүкістендірмей, мүдірмей сөйлеу үшін, қиналып айтатын дыбыстары бар сөздерді бала неғұрлым жиі-жиі дыбыстап айтып, жаңылмай жаттықса, сөйлегенде де мүдірмей өз ойын толық жеткізетін болады. Жаңылтпаштарды жаттап, жаттыға айту арқылы баланың ана тілін ардақтау, сөз қадірін білу сезімі қалыптасып, ой – қиялы дамиды, тәрбиеленеді.

Қазақ халқы жаңылтпаштарды бала психологиясы мен тілінде болатын мүкістерге сәйкес шығарған. Тілі шыға бастаған жас бала мен тілі шыққан балалардың тілінде көбінесе «р» дыбысы мен «и» дыбысын, «ш» дыбысын «с» дыбысымен шатастыру байқалады, сондықтан жаңылтпаштар көбінесе осы дыбыстар кездесетіндей етіп ұйқас-тырылады.

Халық педагогикасының бұл саласын қазақ ақындары дамыта түсті. Олардың бір ерекшеліктері, ол жаңылтпаштар, көбінесе тіл ширатып, дүниені танытып, білім беріп, тәрбиелейді.

Ертегілер баланың қиялын шарық-татып, балалық шақтың болашағын елестетіп, келешекке сеніммен қарауға тәрбиелейді. Қазақ ертегілері әрқилы. Оларды: хайуанаттар туралы ертегілер, қиял-ғажайып ертегілер, тұрмыс-салтқа байланысты ертегілер, батырлық ертегілер, күлдіргі ертегілер деп бірнеше топқа бөлуге болады. Хайуанаттар туралы ертегілер көне заманда елдің және аңдардың, малдың киесі бар деген сенім қалыптасқан кезде пайда болған. Ол дами келе, тыңдаушыны қуантатын, көңілден-діретін ертегілермен толысты. Ертегілердің ішінде баланың қиялын шарықтатып, балалық шақтың болашағын елестетіп, келешекке сеніммен қарауға тәрбиелейтін ең әсерлі ертегілер – қиял – ғажайып ертегілері. Ертеде «Ұшқыш кілем» ойлап шығарған халық енді «Зымаранның» өмірде бар екенін тілге тиек етіп, жұлдыздар мен планеталарды еркін аралайтын алыптар туралы ертегілер шығарды. Мұндай ертегілердің көпшілігі ғылым болжамдарына сәйкестендіріліп шығарылады. Сондықтан оларды ғылыми – фантастикалық ертегілер деп атайды. Тұрмыс – салтқа байланысты ертегілер халықтың тарихи талаптарына байланысты туған. Онда бай баласы мен жарлы баласының таптық айырмашылықтары сөз болады, ақылды кедей мен сараң бай, қанағатсыз саудагер, ақымақ хан мен данышпан шаруаның іс-әрекеттері, мінез – құлықтары суреттелінеді. Батырлық ертегілерде елін қорғап, халқын қадірлеген ерлердің таңғажайып іс-әрекеттері баяндалады (Ер Төстік, Керқұла атты Кендебай т.б.), олардың еңбектері мен ерліктері, адамгершілік іс-әрекеттері кейінгі ұрпаққа үлгі өнеге етіп айтылады. Көбінесе, қиял-ғажайып ертегілер мен батырлық ертегілер бір-бірімен сабақтас, өзектес келеді. Сондықтан, көп батырлық ертегілерді, әрі қиял-ғажайып ертегілер деуге болады. Аңыз ертегілер негізінен, Алдар Көсер мен Жиренше шешеннің Қожанасырдың есімдерімен байланысты. Ондағы кейіпкерлер сараң бай, зұлым хан, қаніпезер уәзір, еріксіз қыз, еңіреп туған ер-азамат болып келеді. Онда зұлымдықты тапқырлық жеңіп отырады.

Оқушылардың ақыл-ойын дамытып, ой- санасын өрістетуде ауыз әдебиетінің айтыс жанры, оның ішінде әсіресе жұмбақ айтысы ерекше рөл атқарған. Қазақ халқының әдет- ғұрпынан, салт- санасынан туған ойын- сауық кештерінде өлең- жырмен айтысу, өнер сайысына түсу, сөйтіп, жиналған жұртты күлдіру, жастарды тапқырлыққа тәрбиелеу дәстүрі ертеден орын алған. Жұмбақ айтысу балалардың логикалық ой-өрісінің дамуына әсер еткен, оларды тапқырлыққа тәрбие-леген. Академик-жазушы М. Әуезов: «Жұмбақ-халық шығармаларының ішіндегі ең ескі түрінің бірі. Жұмбақ- өткір, ұшқыр ой түйінін топшылаған, поэтикалық қасиеті күшті, тәрбиенің тамаша құралы. Ол бүгінгі біздің дәуірімізде де өзінің керектілік қасиетін жойған жоқ» деген болатын. Жұмбақ адам баласы санасының даму сатысында әр алуан өмір құбылыс-тарын түсініп- білу үшін ойды жетектеу, талпындыру, әсіресе жастардың ой- өрісін, қиялын кеңейту мақсатынан туған.

Бастауыш сынып оқушыларына этнопедагогиканың зерттеу пәні халықтық педагогиканы, дәлірек айтқанда ерте-гілерді, мақал-мәтелдерді, жұмбақтар мен жаңылпаштарды оқытудың маңызы зор. Оқулықтарда жұмбақ, мақал– мәтелдер, жаңылпаштардың көпшілігі тараулар соңында беріледі. Сонымен қатар бастауыш мектепке арналған жұмбақ, мақал – мәтелдер жинағы жоқ болған-дықтан авторлар оқушылардың тілін ұштаудағы бұл материалдарың орасан зор маңызын еске алып, оқулықтарға бірсыпыра жұмбақ, мақал – мәтелдер, жаңылтпаштар енгізген. Дегенмен, шебер мұғалім оқулықтағы бар материалмен ғана шектеліп қалмауы керек. Мұғалім қандайда болмасын бір мәтінмен жұмыс жасау барысында жұмбақтар мен мақал – мәтелдердің ішінен өтіп отырған материалының мазмұнына сай келетіндерін іріктеп пайдаланады. Немесе олардың кейбіреулерін үйге оқуға немесе жаттауға тапсырады.

Шешендік сөздер – ел құралып, халық қалыптаса бастағаннан бері халықтың өнеге тұтып, өмір тәжірибесіне пайдаланып келе жатқан, билер мен хандардың, ақындар мен шешендердің, ел ағасы болған данышпандардың, жаста-йынан жалындап өскен өткір ойшылдардың аузынан шыққан дуалы, өнегелі, қисынды, қасиетті сөздері. Халқымыз салт-дәстүрін сақтап, ата-бабаларымыздың өсиеттеріне ден қоя бастағаннан бері мұғалімдер оқу-тәрбие үрдісінде де сол ғұламалардың, билердің шешендік сөздерін тиімді қолданып жүр.

Сан ғасырлар бойы ауыз әде-биетіндегі ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келген халықтық тәрбиенің өнеге-үлгілері осы уақытқа дейін өзінің педагогикалық мүмкіндіктерінің мәні зор екендігін дәлелдеп келеді.

Халық ауыз әдебиеті үлгілері бала-ларға мейлінше жақын, барынша түсінікті дүние болғандықтан, ол арқылы балалар қоршаған ортаны барлай алады, табиғаттың сиқырлы сырларын сезіне біледі, халықтың әдемілік, әдептілік жайлы ұғымдарын бойына сіңіреді, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып туралы түсінік алады. Мұның өзі баланың жеке тұлға ретінде дамуына қажетті көркемдік, ізгілік қасиеттерді бойына жинауда халықтың рухани мұрасының құндылығын қуаттайды. Ауыз әдебиетінің қай жанрын алсақ та, оның педагогикалық тұрғыдан тәрбиелік-білімдік мүмкіндіктерінің саналуандығы көрінеді.

Ана тілі сабағында халық ауыз әдебиет үлгілері арқылы оқушылардың ақыл-ойын дамыту мүмкіндігі зор екенін біз осы зерттеу жұмысымызда дәлелдедік.

Халық ауыз әдебиет үлгілерін сабақта өтілетін тақырыпқа сай іріктеп алып, оқушыларға ұсыну керек. Халық ауыз әдебиет үлгілерін беруде оқушы-лардың жас ерекшеліктерін ескерген дұрыс. Шамадан тыс мөлшерде сабақта халық ауыз әдебиет үлгілерін ұсынған да дұрыс емес. Өйткені ол оқушыларды жалықтырып жіберуі мүмкін.

Қазақ халық ауыз әдебиеті үлгілеріндегі бесік жыры, тұсау кесу жыры, төрт түлік жырлары, арнау-тілек өлеңдері, ойын өлеңдері, өтірік өлеңдер, жаңыл-тпаштар, жұмбақтар, мақал-мәтелдер, ертегілер, аңыздар, батырлық ертегілер мен батырлар жырынан үзінділер оқыту төменгі сынып оқушыларының ақыл-ойын дамытуға зор ықпал етеді.

Мектептің бастауыш сатысында оқушыларды тәрбиелеу мәселесі ең негізгі талаптардың біріне саналады. Қазақ халық ауыз әдебиеті үлгілерінің барлығы дерлік балаға өмір танытарлық қызмет атқарары сөзсіз. Айнала қоршаған ортаның қыр-сырын, сын-сипатын танытып, таным әрекеттерін, яғни қиялын, ойлауын, еске сақтауын, тілін дамытады. Баланы тәрбиелеу ісіне қажетті барлық мүмкіндіктер ауыз әдебиеті үлгілерінен табылып, халықтық шығармаларды оқып-танысу барысында адамгершілік асыл қасиеттердің адамды адам мұратына жеткізетініне, ал жаман қылық, жат әрекеттердің зияны тиіп, жаманшылыққа ұшырататынына көз жеткізеді. Бұл оқушылардың ақыл-ойын дамыту мәселесін шешудің бір жолы деп білеміз.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Қазақстан Республикасының Білім туралы заңы // Егемен Қазақстан, 1999, 11 маусым.

2. Сабыров Т. Балаларға ақыл-ой тәрбиесін берудің кейбір мәселелері. – Алматы: Рауан, 1989.

3. Жәнібекова С. Оқушылардың ойлау белсенділігін дамыту.// Бастауыш мектеп. 1999, - №7. - 13-15 б.

4. Әбілова З. Ә. Этнопедагогика. – Алматы, 1997. – 232 б

5. Жарықбаев Қ., Қалиев С. Қазақ тәлім-тәрбиесі. – Алматы, 1995.– 352 б.

6. Табылдиев Ә. Қазақ этнопедагогикасы. – Алматы, 2003.

7. Ізғұттынова Р. Қазақ халық ауыз әдебиеті – тәрбие бастауы // Бастауыш мектеп, - 2003, - №7, -3-6 б.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №1 - 2009


 © 2024 - Вестник КАСУ