Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

ЖЕРГІЛІКТІ АҚЫН-ЖАЗУШЫЛАР ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫН ОҚЫТУДЫҢ ТƏРБИЕЛІК МƏНІ

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №1 - 2009

Автор: Самарханова Н.Н.

Тәрбие дегеніміз – халықтың ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған озық тәжірибесі мен ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру, баланың қорша-ған ортадағы қарым-қатынасын, дүние-танымын, өмірге деген көзқарасын және соған сай мінез-құлқын қалыптастыру. Тәрбиенің негізгі мақсаты – дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, бойында басқа да ізгі қасиеттер қалыптасқан игі адамды тәрбиелеу. Жас ұрпақты ақыл-ой әре-кетімен қатар іскерлікке машықтан-дыру, еңбек етуге бейімдеу, оқушылардың өзіне деген сенімін арттыру – тәрбиенің негізгі мазмұны. Осы мақсаттарды іске асыруда оқушыларды өзін-өзі басқаруға үйрету, ұжымдасып еңбек етуге, ізденуге баулуда ұстаз еңбегінің маңызы өте зор.

Қазақ әдебиетінің ірі өкілі Жүсіпбек Аймауытов ұстаз қызметін «Ұстаз – шәкірттерге сабақ берумен, білім үйре-тумен шектелген маман иесі емес, ол шәкірттерінің алдағы өмірін көз алдына келтіріп, өз басынан кешірген тәжірибесіне таянып, келешекте жазатайым аяғын ша-лыс басып, өмірден соққы жеп, өкінбеске күні бұрын сақтандыратын қорғаушысы, қамқоршысы» деп бағалаған. Сондықтан әрбір ұстаз өз Отанын шексіз сүйетін, білімді, іскер, адамгершілігі мол, пара-сатты, мәдениетті жан-жақты жетілген ұрпақ дайындауға міндетті. Жастарды тәрбиелі, сапалы, саналы етіп даярлап шығару заман талабы, оқытушы ұстаздар-дардың міндеті, өйткені олар – біздің болашағымыз.

Қазіргі оқыту жүйесінде мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынас жаңа қағидаларға негізделеді. Білімді өз бетінше іздену арқылы алуға қолайлы жағдай жасау – сол қағидалардың бірі. Білімді өздігінен іздене игере алу – жан-жақты білімділіктің өте зор құралы. Сондықтан, бұл әдістің оқытудағы маңыздылығы да шексіз.

Баланы кішкентайынан кітап оқуға дағдыландыру, жетілдіру аса маңызды. Ол баланың тіл байлығын өсірумен бірге логикалық ойлау қабілетін жоғарылатады, оларға өмірдің құнын ұғындырады, ұлылар ұлағатын қабылдатады. Өздігінен ізденіп кітап оқу арқылы оқушы жас шағында уақыттың қадіріне жету, уақытты қастерлеу, біртіндеп ілгерілеу сынды асыл қасиет қалыптастырады. Ал бос уақытын мәнсіз өткізген баланың тұтас өмірі де құнсыз нәрселер үшін сарп болары хақ. Олай болса, әдебиет пәні мұғалімі оқушылардың көркем шығарманы өзді-гінен ізденіп оқуы үшін жағдай жасап, дұрыс бағыттама беріп отыруы қажет.

Әдебиет сабақтарында оқушылар ақын-жазушылардың шығармашылығына байланысты мәліметтер алады. Бірақ, жас ұрпақтың дарыны мен талантын ашу, шығармашылық ойлау қабілетін жетілдіру үшін бұл жеткіліксіз. Сондықтан, қазіргі өсіп келе жатқан адамның қабілет, қасиеттеріне ықпал ететін тәлім-тәрбиелік қуаты зор аймақтық білім беру бағдар-ламасы өмір қажеттілігінен туындағанын байқауға болады. Бұл аймақтық бағдарлама - жас ұрпаққа туған өлкесіндегі әдебиет мүмкіндіктері арқылы рухани құнды-лықтарды таныстыру мен меңгертуге бағытталған.

Жергілікті әдебиет оқушыларды оқытуға, тәрбиелеу мен дамытуға мүмкін-діктері шексіз, өйткені, олар жеке адамның танымына, эмоциясы мен жігеріне, іс-әрекетіне, мінез-құлқына әсер етеді. Жастардың туған өлке әдебиетіне бала кезінен жақын болғаны және туған өлке әдебиетін зерттеп талдау, өзіндік ерекше-ліктерін көре білуі қазіргі тәрбие ісін ойдағыдай жүргізуге көмектеседі.

Ол үшін:

а) жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларының озық үлгілерін педаго-гика ғылымы мен мектеп, колледж практикасына нысаналы түрде пайдалану;

ә) жергілікті ақын-жазушылардың мұрасын жалпы білім беретін мектеп, колледждердегі оқылатын әдебиет пәнінің мазмұнына енгізу;

б) оқу-тәрбие процесінің практика-сында жеткіншек ұрпақты туған өлке ақын-жазушыларының шығармалары арқылы тәрбиелеу үшін тарихи қалыптасқан тәрбиенің түрлері мен әдістерін пайдалану қажет.

Әр заманның өзінің көкейкесті мәсе-лелері болады. Халық өмірімен тығыз байланысты, халық үшін еңбек еткен ақын немесе жазушы сол түйінді жайларды көтеріп, оқушысына белгілі бір ой, шешім ұсынып отырады. Заман тудырған мәселелерді таңдап, талғап ала білу, оның қөркем шешімін таба білу, сөз жоқ ақын, жазушыдан тек шеберлікті ғана емес, өз ортасының алдыңғы қатарлы адамы бола білуді талап етеді.

Бағалай білсек, халықтың маңдайына біткен абзал азаматтары, ардагерлері, арыстары аз емес. Сондай азаматтарды айтқан кезде жергілікті әдебиетімізге өзіндік өрнек салып жүрген жерлес ақын-жазушыларымыз еске түседі. Осы асыл-дардың есімін құрметтеп, қымбат мұрасын сақтау, қадір-қасиетін өзіміз тану, өзгеге таныту, оларды ардақтау, қастерлеу – біздің баршамыздың елдік, әрқай-сысымыздың перзенттік парызымыз.

Сүйер ұлың болса сен сүй,

Сүйінерге жарар ол,- деп ұлы Абай айтқандай, халықтың рухын асқақтататын, елді біріктіруге, ұлтты тұтастыруға қызмет ететін жергілікті ақын-жазушыларымыз-дың шығармаларының келешек ұрпаққа берер тағылымы мол.

«Жергілікті әдебиет» - бұл Оралхан Бөкейдің, Қасым Қайсеновтың, Ұлықбек Есдәулетовтың, Серік Ғабдуллиннің және тағы да басқа көптеген ақын-жазушылардың арттағы ұрпаққа қалдырар мұрасы, бұл Шығыс Қазақстанның өткені мен қазіргісі, бұл біз үшін естелік. Осы мұраны ары қарай, болашақ ұрпақтарға, артымыздан ерген балаларымызға жеткізу – біздің парызымыз. Бұл - оқушылары-мызды ата-баба мұрасына, дәстүрлі туған өлке шығармаларындағы игі қасиеттерге ұқыпты болуға, оларды қастерлеуге тәрбие-лейді. Сондықтан, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар елін, жерін ерекше құрметтеп өсер ұрпақтарымыздың көп болатындығының кепілі.

Жоғарыда жақсы білімділіктің кепілі – білімді өздігінен ізденіп алу деген едік. Жергілікті ақын-жазушылардың шығар-машылығын меңгертуді дәл осы әдіспен жүргізген өте тиімді. Себебі, бұл жұмыс мақсатты түрде жүреді де оқушының қызығушылығын туғызады. Ал, қандай да бір жұмыстың нәтижелі болуы баланың бойындағы құмарлығына, қызығушылы-ғына тікелей байланысты. Сөзіміз дәлелді болу үшін, біздің білім ошағымыздағы әдебиет пәні сабақтарында қандай іс-шаралар атқарылып жатқандығына тоқталайық.

Мен қызмет ететін білім мекемесінде дәріс алушылардың басым көпшілігі жасөспірімдер, топтарда әртүрлі тәрбиедегі, әртүрлі деңгейдегі, қабілет-тіліктері де әртүрлі оқушылар отыр. Оқытушы ретінде олардың пәнге деген қызығушылығын арттыра отырып, жан-жақты тәрбиелеу – міндетіміз. Сондықтан, әдебиет сабақтары бір сарынды болып, балаларды жалықтырмас үшін әр түрлі әдіс-тәсілдерді пайдаланып, түрлендіруге тырысамыз. Мұндағы басты міндет - дәріс алатын оқушылардың «мұғалім сабақ сұрайды» деп қорықпай, әдебиет сабағына оқу еңбегі үшін келу керектігін ұйымдастыра білу. Әдеттегі дәстүрлі әдебиет сабақтарында оқушылар оқыған шығармасын қайта мазмұндап айтып беруге үйренген. Мұның да өзіндік пайдасы бар екендігі даусыз. Дегенмен, оқығанын қайта айтып беру шәкіртті ойға жетелемейді. Бұл күнделікті қайталана берсе жалықтырады. Сондықтан, оқушыны оқи білуге үйрету, яғни оқығанын талдай білуге, түйіп, түсініп оқуға баулыған дұрыс. Осы мақсатты жетекке ала отырып жасалған жұмыстар біршама жетістіктерге жеткізеді.

Баланы ізденушілікке баулу, оған зерттеу дағдысы мен білігін игерту - әдебиет мұғалімінің негізгі міндеті. Егер оқушының жеке тұлға ретінде қалып-тасуын қамтамасыз ету қажет болса, онда баланың қабілетін түрлі әрекетті көрсету үшін зерттеуге дайындау қажет. Зерттеу – дарынды балаларды оқыту негізі. Онсыз баланың потенциалды қабілетін ашу, дамыту мүмкін емес. Ендеше, оқушыны ізденушілікке баули отырып, ғылым мен техниканың жетістігіне сәйкес арман-дарына жетуге, өз жолдарын дәл табуға, ғылымға жетелеу арқылы өздерінің қабілеттерін ашуларына көмектесетін әдіс-тің бірі – жобалау технологиясы.

Мемлекеттік бағдарламаның мазмұ-ны бойынша жоспарланған тақырыптарды оқушылардың өздері ізденіп, меңгеруге талпынғандары әжептәуір жетістіктерге жеткізді. Бұл жұмыс тиімді болу үшін жобалау технологиясының әдіс-тәсілдерін қолданғанымыз дұрыс болды. Себебі, жобаны қорғауға дайындалған оқушы өз бетінше ізденіп, қыруар шаруа атқарады. «Өзім дегенде өгіз қара күшім бар», «Өзі пісірген астың күйігі де тәтті» деп тегін айтпаған. Белгілі бір ақын-жазушының шығармашылығын жобалау технологиясы бойынша зерттеп, қорғаған оқушылардың жеткен жетістіктеріне тек мұғалім ғана риза болып қоймай, осы істен оқушы-лардың өздері де пайдалы тәжірибе алады. Бұлардың барлығы біздің әдебиет сабақ-тарында күнделікті атқарылып жатқан істер. Дегенмен, қазіргі заман жағдайларын ескеретін болсақ балалардың көпшілігі болашаққа қажет болар-ау деген нәрсе-лерге жіті мән беріп, ойланады. Сол себепті, оқушылар нақты іс-әрекетке бағытталған шараларға қызығады. Осы кезеңде жастарды қазіргі заманның өзекті мәселелері толғандыратыны белгілі. Сон-дықтан, күнделікті сабақтарда алған тәжірибе-білімдерін басшылыққа ала отырып, оқушыларды өңіріміздің белгілі ақын-жазушыларының шығармашылығын зерттеу жұмыстарына тарттық. Басында салғырттау тыңдалып, салқын қабылданған ұсыныс, атқарылар істің мақсаты айқындалған соң қызығушылық туғызды. Алдымен оқушыларға бірнеше тақырыптар ұсынылып, таңдау берілді, яғни оқушы тақырып таңдаған кезде белгілі бір оймен, мақсатпен ұмтылыс жасады. Сондағы байқағанымыз, тақырып таңдаған шәкірт-тер ақынның немесе жазушының өз жер-лесі болғанын қалап әрі оның елге танымалдығына көңіл аударған екен. Бұл бастамамыздың игілікті шараға айналуына жыл сайын сәуір айында өзіміздің Қазақстан-Американдық еркін университе-тінің шаңырағында өткізу дәстүрге айналған М.И. Чистяков оқулары себеп болды.

Шығыс Қазақстанның өткені мен бүгінгісіне арналған бұл шараға байла-нысты оқушылар төмендегідей зерттеу жұмыстарын жүргізді:

1) «Оралхан Бөкей – табиғат жыршысы»,

2) «Нұрғұмар Мұратбаевтың өнегелі өмірі»,

3) «Серік Ғабдуллиннің өмірі және шығармашылығы»,

4) «Қасым Қайсенов шығармала-рындағы халықтар достығы».

Қазақстан Жастар Одағы Мемле-кеттік сыйлығының иегері, көркем сөздің хас шебері О. Бөкей кенді Алтайдың ту-масы, өз жерлесіміз. Жазушыға көрсетіліп жатқан құрметтің де аз емес екендігін білеміз. Бірақ, әңгіме мұнда емес. Мені толғандырғаны жазушының ауылынан келген студент-оқушының (аса көп көзге ілінбейтін) жерлесіне деген ерекше ықы-ласы, риясыз таза көңілі. Оқушының тақы-рыпты зерттеуі барысындағы ерекшелік, бұл іске оның ата-аналары, туысқандары, жерлестерінің қатысуы. Жазушыға деген ықылас, ілтипаттан басқа туған жерге деген үлкен махаббат, мақтаныш барлық істерден көрініп тұрды. О.Бөкей өз өлкесіне шексіз ғашық адам болып есімізде қалатын болса, оның ізін басып келе жатқан бауыр-қарындастары да туған жерлеріне деген сүйіспеншіліктерін адал көрсете білді. Зерттеу жұмысымен алғаш айналысып отырған оқушы да өз ісіне көңілі толып, айналасына деген көзқарасының өзгер-гендігін мойындады. Осыдан кейін жаңағы оқушының сабақ үлгерімі де едәуір ілгері басып, ұмтылыс пайда болды.

«Нұрғұмар Мұратбаевтың өнегелі өмірі» (немесе атам жайлы сыр) деп аталатын зерттеу жұмысының тақырыбын оқушы өзі ұсынды. Өзінің атасы жайлы жазғысы келген оқушыға бас кезінде сенімсіздеу қарадым, тіпті тақырыбын ауыстыру керек шығар дегенді де ойладым. Бірақ, соншалықты ынталылықты байқаған соң, ойымнан қайтып, оқушының жұмысына бағыт-бағдар беріп отырдым. Ал, зерттеу жұмысын ортаға салып, талдаған кезде, өзіне қойылған «Сіздің бұл тақырыпты неге таңдағаныңызды түсіне алмадық. Біз сонда сіздің атаңыздан үлгі алуымыз керек пе?» деген сұраққа: «Менің өз атамды үлгі тұтатынымды сіздерге айтпақ болған себебім, жақсылықты, тәрбиені басқа жақтан іздеудің қажеті жоқ, оны ең бірінші өздеріңнің айналаңыздан, отбасыңыздан іздеңіздер дегім келгені. Адам ең алдымен өзінің маңайын-дағыларын танып, білгені дұрыс деп ойлаймын. Сендер де өз жақындарыңды тануға тырысқандарың дұрыс шығар» деп жауап берді. Бұл жауапты естігеннен кейін оқушының бағыты, мақсаты дұрыс екендігіне көзім жетті. Зерттеу жүргізген оқушы да бізге басқа қырынан танылды.

Жерлес ақын Серік Ғабдуллиннің өмірі және шығармашылығын зерттеген оқушымыз бұрын да талай жетістіктерге жетіп жүргенін білетінбіз. Дегенмен, осы жұмысында, елге танымал адаммен көзбе-көз кездесіп, сұхбаттасқаны оқушының өмірге деген көзқарасына өзгерістер енгізді. Ақынмен тілдесіп, ақыл-кеңес алған оның мінез-құлығында оңды әдеттер пайда болғандай. Өзі зерттеген ақынның туған жер (екеуіне де ортақ) мүддесі үшін өмір сүретіндігі және шаруашылық мәселелерін шешуде қолынан келгенін жасап, үнемі өз жерлестеріне көмекке келетіні белгілі болды. Жерлес ақынның «Ұланым» өлеңін бар пейілімен жігерленіп оқыған оқушының болашақта елін, жерін сүйетін нағыз патриот болатындығы айқын болды. Ақын өлеңдерінің қазіргі жастарға беретін тәрбиелік мәнін өзінше ұғынып, ойын ортаға салған оқушы, ақын шығармаларымен әлі танысып үлгермеген оқырмандарға ой салғаны анық.

«Қаржы» мамандығына оқып жүрген оқушы өзінің таңдаған тақырыбы туралы еш нәрсе білмейтіндігін айтып, біраз тартыншақтап қалды. Қазақстанның Халық Қаһарманы, Халықаралық Фадеев атын-дағы сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы, Ұлы Отан соғысының ержүрек батыры, әйгілі партизан, көзі тірісінде аты аңызға айналған халқымыздың қайталанбас біртуар даңқты перзенті Қасым Қайсенов Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Асубұлақ ауылында дүниеге келген тағы бір жерлесіміз. Өзге жұртқа «Вася» атанған партизан-жазушы жайындағы зерттеуін «Қасым Қайсенов шығармаларындағы халықтар достығы» деп алған оқушы басында жүрексінгенімен «Қасым әлеміне» өзінің қалай кіріп кеткенін сезбей де қалған сияқты. Адамдар достығы туралы жазған кітаптарымен жас ұрпаққа қанша тәрбие, үлгі-өнеге берілгендігі жұмыстың негізгі мазмұны болды. Қазіргі көп ұлтты Қазақстанның әр үйінің төрінде тұратын-дай шығармалар жазған Қасым Қайсенов жерлесіміз шынында мақтан тұтарлықтай адам екендігін басқалардың жүрегіне жеткізе білген оқушының сөзін бөлуге ешкімнің батылы бармады. «Өңіріміздің танымал тұлғасын тек мақтаныш етіп қана қоймай, өзімізге үлгі тұтайық»,-деген зерттеушінің сөзі көптің көңілінен шықты. Істеген ісінен үлкен әсер алған оқушының өзі де сол ұлылардың салған сара жолымен жүрері хақ екендігі даусыз.

Дәстүрге айналған бұл аймақтық оқудың тағы бір күні мәнерлеп оқу сайысына арналады да, нақыштап өлең оқу шеберлерінің үлкен қызығушылығын туғызады. Мәнерлеп оқу – балалардың ой жүйесін, тілін, мінез-құлқын, адамгерші-лігін қалыптастыратын ауқымы мол, қадір-қасиеті биік жұмыс, оқыту мен тәрбиелеу ісінің құрамдас бөлігі. Тіл тағдыры – ел тағдырына айналып отырған қазіргі жағдайда мұндай сайыстар оқушы бойында биік эстетикалық талғамды дамытады, өнер туындысындағы, табиғаттағы, адамдар қарым-қатынасындағы жарасымдылық пен әсемдікті тани да ұға білуге, дұрыс бағалауға, олардан жан ләззатын тауып әсерленуге, терең пайымдауға үйретеді. Адам рухының бүгесі мен шігесін, оның тұңғиық сырларын, табиғи және тылсым күйлерін жан жүректі тебірентерлік күйде бейнелеп беру үлкен шеберлікті қажет етеді. Оқушылар алдын ала таңдаған жерлес ақындардың өлең-жырларын нақышына келтіре оқығанда ғажайып әсерде боласың. Өңірімізге танымал ақындар: Ұлықбек Есдәулеттің, Серік Ғабдуллиннің, Ғалым Байбатыровтың және тағы да басқа көптеген ақындардың шығармалары оқушылардың сүйікті өлеңдеріне айналып та үлгерген. Әсіресе «Туған жер» тақырыбына арналған өлеңдер көптеп оқылады. Кенді Алтай өңіріндегі жасыл желекке оранған табиғат, еркелей аққан өзендер, басын мұз шалған асқар-асқар таулар өлең боп өріліп, туған жерге деген сүйіспеншілігіңді одан әрі тереңдете түседі.

«Талаптыға нұр жауар»деген халқы-мыз, өзінше талаптанып еңбек еткен әрбір шәкіртімізге жол-жоба, бағыт беру ұшқыр қиялдарын қомдап биікке самғай беруіне тілектес болып қалу әрбір ұстаздың борышы.

Олай болса, оқушыларымыздың, ең бірінші – елді, жерді сүюді, бағалауды өз жерлестерімізден, өңіріміздің белгілі адамдарынан үйренуді ұғынғандары абзал. Туған жерді тану, оны бағалау – қазіргі жастар тәрбиесіндегі өзекті мәселе болса, осы аталғандар – соны іске асырудың бірден бір жолы деп ойлаймыз.

Бүгінгі күні жастар арасында кітап оқу сиреп кетті. Құндылықтар өзгерген заманда оқушыларымыз тым болмаса, өз жерлестеріміздің шығармалары арқылы туған жерді танып жатса, сол арқылы оны бағалай білсе және еліміздің әр азаматы өздерін сүйсе, сол елі үшін еңбек етсе. Ал шәкірттерімізді сол дұрыс, түзу жолға салар бірден-бір құрал жерлестеріміздің шығармалары. Сондықтан, өңіріміздің белгілі адамдарының еңбектерін оқып бағалау - өзекті мәселе. Ал, жерлес ақын-жазушыларымыздың, ендігі уақытта, оқушылардың жан дүниесіне әсер етіп, сезімін қозғайтын, ақылына ақыл қосып байытатын мазмұны терең шығарма-ларының көп болуын тілейік.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Қазақ тілі мен әдебиеті. Ғылыми- педагогикалық, әдістемелік журнал. №11 2008; №1 2009.

2. Мәдениет жаршысы. Өскемен. №5 2008.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №1 - 2009


 © 2024 - Вестник КАСУ