Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

ЖОҒАРҒЫ ОҚУ ОРНЫ СТУДЕНТТЕРІНІҢ КРЕДИТТІК ЖҮЙЕМЕН ОҚУҒА ДАЙЫНДЫҒЫ МƏСЕЛЕСІНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ АСПЕКТІСІ

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №1 - 2009

Автор: Саданова Ж.К.

Қазақстан Республикасының 2005-2010 жж. арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын өңдеудің негізінде елбасының 2004 жылдың 19 наурызындағы Жолдауы жатыр. Елбасы біздің еліміз бәсекеге қабілетті елдер қатарына қосылуы керек деген салмақты ой айтып, қоғамымыздың кез-келген мүшесі барлық салалар бойынша дамуды қарқын-датуға ат салысуы қажет екендігін баса айтты.

Қазақстан осы мақсатты жүзеге асыру үшін білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын құрды. Ол бағдарламада келесі мақсаттар қойылды:

- сапалы білім алу мүмкіндігін қамтамасыз ету;

- қоғамды ары қарай демокра-тияландыру негізінде ұлттық білім беру жүйесінің қызмет етуінің нормативті базасын жүзеге асыру;

- қазақстандық патриотизмге, толе-ранттыққа, жоғары мәдениетке және адамның еркіндігі мен құқығын сыйлауға тәрбиелеу;

- мемлекеттік тілді пәрменді дамыту;

- отандық дәстүр, дүниежүзілік тәжірибе және бірқалыпты даму негізінде білім беру мазмұны мен құрылымын жаңарту;

- орта жалпы білім беруде 12-жылдыққа көшу;

- кадрларды дайындау және кәсіби білім беру жүйесін ББКХС (білім беруді классификациялаудың халықаралық стан-дарты) көрсеткіштеріне сай қайта құру;

- кадрларды дайындаудың біртұтас үш деңгейлі моделін құру;

- экономиканың барлық салалары үшін жоғары квалификациялы және бәсекеге қабілетті кадрларды дайындау сапасын жоғарылату;

- білім беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесін құру;

- ортақ білім беруді ақпараттандыру ортасын қалыптастыру;

- білім беру үрдісін оқу-әдістемелік және ғылыми қамтамасыз етуді жүзеге асыру;

- білім беру жүйесінің материалдық-техникалық базасын нығайту;

- білім беруді, ғылым мен өндірісті интеграциялау;

- білім беру сапасын жоғарылату үшін экономика секторларының ресурс-тарын тарту механизмін құру;

- білім беру менеджерлерін дайындау, педагогикалық қызметтегі адам-дардың әлеуметтік статусын көтеру;

- көпдеңгейлі үздіксіз білім беру жүйесіндегі мемлекеттік, қоғамдық және даралық қызығушылықтардың балансын қамтамасыз ету.

Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасының мақсаты – көпдеңгейлі білім беру жүйесін модернизациялау, яғни, басқарудың әлдеқайда тиімдірек жүйесін құру. Осы мақсатты жүзеге асырудың бірден бір жолы – мектептердің 12 жылдық орта білім беруге, ал жоғары оқу орындарының кредиттік жүйеге көшуі деп білеміз. Әрине, мектептер әлі күнге дейін осы тиімді жолды жүзеге асыруға толығымен дайын болмағандықтан, бұл жүйені мектеп тәжірибесіне енгізу жылдан жылға шегеріліп, бірқатар мектептерде ғана қолданыс тауып келеді десек те болады. Ал ЖОО жаппай кредиттік жүйемен жұмыс істеуге көшті.

Қазақстан-Американдық еркін университетінде 2005-2006 оқу жылынан бастап кредиттік технология негізінде бакалаврлар мен магистрларды дайындау жүзеге асырыла бастады. Себебі, дәл осындай білім беру бағдарламаларын меңгеру мазмұны мен сапасын бағалау жүйесі студенттердің оқуын ұйымдастыру үрдісін жетілдіруді қамтамасыз етеді. Ауыз толтырып айтып отырған кредиттік жүйе туралы біреулер хабардар болса, енді біреулерге ол жаңалық болуы да мүмкін. Сондықтан төменде ЖОО қолданыс тапқан оқытудың кредиттік жүйесі туралы біраз мағлұмат бере кету орынды болар еді.

Оқытудың кредиттік жүйесі – бұл білімді кредит түрінде есепке алу және оқу үрдісін түртіп белгілеу шектеуі негізінде өзін-өзі білімдендіру және білімді шығар-машылықпен меңгеру деңгейін көтеруге бағытталған білім беру жүйесі.

ЖОО оқытудың кредиттік жүйесін енгізудің мақсаттары мен міндеттері төмендегідей:

- барлық отандық білім беру жүйесін оқытудың дүниежүзілік жүйесіне бірік-тіруді жеделдету;

- білім беру стандарттарын жоспар-лау икемділігін талаптармен ыңғайлап біріктіру;

- оқу пәнін таңдаудың академиялық еркіндігі;

- әдістемелік құжаттардың бірыңғай жүйесін құру және оны үнемі жетілдіру;

- баллдық және әріптік бағалауға көшу;

- академиялық профессор, профес-сордың ассистенті сияқты профессорлық-оқытушы құрамының жалпы дүниежүзі бойынша мойындалған қызметтерін енгізу, сонымен қатар арнайы академиялық қызмет – тіркеуші кеңсесін (офис регистратора) құру;

- кафедраның оқу жүктемесін жоспарлау үшін жаңа негіздер құру;

- оқу үрдісін ұйымдастырудың принциптерін өзгерту;

- студенттер ұжымын, топтарын қалыптастырудың механизмін жетілдіру;

- оқу үрдісін ақпараттандыру деңгейін көтеру;

- базалық оқу курсы бойынша студенттерді электронды немесе баспа түріндегі оқулықтармен және оқу материалдарымен қамтамасыз ету.

Еліміздің барлық жоғары оқу орындарының оқытудың кредиттік жүйе-сіне көшуінің басты себептері бар. Жаңа жүйенің негізгі сипаттары төмендегідей:

1) басқа мемлекеттердің білім беру ресурстарын қолдануға мүмкіндіктің бо-луы;

2) оқуды басқа елдің оқу орын-дарында жалғастыруға және аяқтауға мүмкіндіктің болуы;

3) оқу жүктемесінің көлемі кредит-пен өлшенуі;

4) жазғы семестрдің болуы;

5) студенттердің өзіндік жұмыс-тарының рөлі мен тиімділігінің күшеюі;

6) таңдау еркіндігі (студент оқыту-шыны, өзінің оқу траекториясын таңдауға құқылы);

7) жеке оқу жоспарының икемділігі;

8) жинақтаушы функцияның ыңғай-лылығы, ЖОО-да, одан кейінгі кәсіби білім алуда жиналған кредиттер санының есебінің өсуі.

Оқытудың кредиттік жүйе бойынша ұйымдастырылуы кезінде студенттердің білімдерін бағалау шкаласы өзгерген. Студенттердің білімдері әріптік бағамен және оның сандық эквивалентімен бағаланады да, ол пайыздық көрсеткішпен анықталады.

Сонымен қатар кредиттік технология бойынша оқытуды ұйымдастыру кезінде көптеген жаңа ұғымдар мен терминдер кездеседі. Соның бірі – тіркеуші кеңсесі (офис регистратора). Тіркеуші кеңсесі – оқушының оқу үлгерімі жетістіктерінің бүкіл тарихын тіркеп отыратын қызмет. Ол қабылдау комиссиясы базасы негізінде құрылады. Оған деканат жұмысының біраз функциялары тапсырылады. Тіркеуші кеңсесінің негізгі функцияларына мыналар жатады:

- академиялық күнтізбені (календарь) құрып, оның уақытында орындалуын бақылау;

- қабылдау комиссиясының жұмысын ұйымдастыру;

- оқу пәндеріне тіркеп жазу;

- академиялық топтар қалыптастыру;

- алғашқы білімдерін тексеру тіліктерін ұйымдастырып өткізу;

- қорытынды бақылауды (аралық аттестацияны) ұйымдастыру және өткізу;

- қорытынды мемлекеттік аттес-тацияны ұйымдастыру мен өткізуді қадағалау;

- студентердің жеке бас іс қағаздарын сақтау;

- транскрипт толтыру және оған алынған бағаларды енгізіп отыру;

- инаугурацияларды ұйымдастыру және өткізу.

Оқытудың кредиттік жүйесі бойынша осындай функцияларды атқара отырып, тіркеуші кеңсесі төмендегідей құжаттар пакетін безендіреді:

- академиялық күнтізбе (календарь);

- қабылдауға арналған құжаттар (қабылдауға арналған өтініш, әңгімелесу (собеседование) парағы, құжаттарды тапсырғанын растайтын құжат);

- оқу пәндеріне тіркеу (жеке оқу жоспарын қалыптастыру);

- ведомосттер;

- курстық жұмысты қорғау ведомості;

- қорытынды бақылау ведомості;

- курстық жобаны қорғау, емтиханды тапсыру туралы жеке ведомості;

- қорытынды мемлекеттік аттестация бойынша құжаттар;

- транскрипт.

Жаңа технология жағдайында оқытушылардың, кураторлардың функция-ларын тьютерлер мен эдвайзерлер атқа-ратын болады.

Тьютерлердің міндеттері:

- толыққанды білім алуға көмек көрсету;

- үлгерімін жүйелі бақылауды жүзеге асыру;

- орындаған тапсырмалар бойынша қажетті кері байланысты қамтамасыз ету;

- топтық және жеке консультациялар өткізу;

- оқуға деген қызығушылығын қолдау.

Эдвайзердің міндеттері:

- білім беру бағдарламасын меңгеру мен оқытудың жеке өз траекториясын анықтауда көмек көрсету;

- студенттердің қажеттіліктерін, қызығушылықтары мен бейімділіктерін айқындау;

- қандай да бір пәнді таңдау кезінде консультация өткізу;

- жеке оқу жоспарын құру кезінде студентке көмектесу;

- студенттердің үлгерімдері мен академиялық статустарына байланысты сұрақтарды қарастыру кезінде эксперттік комиссия жұмысына қатысу;

- білім беру үрдісін ұйымдастыру ережелерімен таныстыру;

- типтік оқу жоспарымен және элективті пәндер каталогымен таныстыру;

- кредиттер санымен және оларды меңгеру тәсілдері туралы түсіндіру.

Оқытудың кредиттік жүйесі бойынша ұйымдастырылған сабақтардың формалары мен әдістері, тәсілдері дәстүрлі оқытудан өзгеше болып келеді. Осы технологиямен жұмыс істейтін көптеген АҚШ университеттерінде лекция және семинарлар нақты бөлінбейді. Сабақтың формасын таңдау – тек оқытушының құқығы мен міндеті. Оны академиялық еркіндік деп те атауға болады. Ал кафедраларда қандайда бір тақырыпты өту кезінде сабақты қандай формада өткізуге болады, соған байланысты нұсқаулар мен дәстүрлер болуы мүмкін. Кредиттік жүйе негізінде оқытудың белсенді формаларын қолдануды ұйғарады. Себебі тек сондай сабақтарда оқытушы мен студенттер тығыз байланыс, яғни қарым-қатынас жасай алады.

Қазақстанда бакалавриаттың білім бағдарламасы енгізілген. Ол 4 жыл жоғары оқу орнында оқуды көздейді. Бакалавр-иаттың бағдарламасы жалпылай екі бөлім-нен тұрады: пәндер бойынша кредиттік сағаттар (міндетті және таңдау бойынша пәндерді қоса) және мамандық бойынша кредиттік сағаттар (міндетті және таңдау бойынша пәндерді қоса). Таңдау курстарын білім алу сферасына қарай университет өзі белгілейді. Яғни, студент сол немесе басқа курсты таңдауға мүмкіндік алады, ал университет кредиттік сағат санын өз бетінше белгілейді.

Оқытудың барлық кезеңінде қам-тылған жаппай барлық курстар студенттің транскриптіне енгізіледі. Студент бакалавриатты университеттің талабындай 128 кредитпен емес, 140-150 кредит жинақтап аяқтауына да болды. «Жинақтау» деген сөздің астары пәнді жетістікпен бітіріп, сол пәнге қатысты оқытушының барлық талаптарын орындау мен емтихан тапсырып, қажетті өту бағасын алуды меңзейді. Сонымен қатар студент университет белгілеген қандайда бір белгілі ортақ балды ұстауы керек. Егер студенттің білім деңгейінің көрсеткіші төмендей бастаса, университет оны қосымша семестрге қалтырады немесе бірден ЖОО-дан шығарып жіберуге құқылы.

Кредиттік сағат көптеген университеттерде 50 минутқа теңес-тірілген. Егер курс 4 кредиттен тұратын болса, онда оқытушы студенттермен аптасына 4 рет, бүкіл семестр бойы 200 минут кезедеседі екен.

Кредиттік технология негізінде оқу үрдісін ұйымдастыру кезінде студенттердің өзіндік жұмыстарының рөлі мен тиімділігін күшейту, мобильді кері байланыс жүйесін (студент↔оқытушы) құру принциптері ескеріледі.

Біздің Қазақстан-Американдық еркін университетінде кредиттік жүйе бойынша оқу үрдісін ұйымдастыру үшін барлық қолайлы жағдайлар жасалуда. Жаңа жүйемен жұмыс істеуге қажетті құжаттар, яғни, негізгі оқу курстары мен таңдау курстары кірістірілген оқу жұмыс жоспарлары, академиялық күнтізбе, оқытушыларға арналған пән бағдар-ламалары, силлабустар, студенттердің өзіндік жұмысын ұйымдастыру ережесі, мұғалімдер мен студенттерге арналған әдістемелік құралдар мен нұсқаулар өңделді. Жаңа технологияның өміршеңдігі оқытушылардың ақпараттандырылу дең-гейінің көрсеткішіне байланысты екендігі белгілі. Университетте жаңа педагогикалық технологияны және оқытудың жаңа әдістерін, студенттердің танымдық әрекеттерін белсендіру құралдарын енгізу, студенттердің жеке және өзіндік дайындықтарын күшейту тиімділігі үшін әдістемелік семинарлар ұйымдас-тырылған. Ол аптасына бір рет жүргізіліп отырады. Осы семинарлар кезінде жаңа педагогикалық технологияны енгізудің рефлективті-коррекциялық функциясы жүзеге асып отырады. Оқытушылар кредиттік технологиямен жұмыс істеу барысында кездескен қиыншылықтарымен бөлісіп, оны жоюдың жолдары талқы-ланып, сараланады. Сондай қиыншы-лықтардың бірі – кредиттік жүйе сипа-тының маңыздысы болып саналатын студенттердің өзіндік жұмысын ұйым-дастыру. Себебі, барлық студенттер өз бетімен білім алуға дайын болмай шығады. Оның да өзіндік себебі бар десек те болады: көптеген мектептер әлі күнге дейін оқушыларға дайын білім берумен шектелген, сондықтан балалар өз бетімен білім алуға дағдыланбаған. Әсіресе ауыл мектептерінен шыққан түлектердің қала мектептерін бітірушілермен салыстырғанда өзіндік білім алу деңгейлері төмендеу болып келеді. Оның шешімі – еліміздің барлық мектептерінің 12 жылдық орта білім беруге көшуі және мұғалімдердің жаңа педагогикалық технологияларды өз сабақтарында тиімді қолданулары деп ойлаймыз. Қазіргі кезде оқушылардың өз бетімен білім алу қабілетін арттыратын бірқатар жаңа технологиялар мен әдіс-темелер бар. Олар:

1) Дамыта отырып оқыту әдістемесі (Л.В. Занков, В.В. Давыдов-Д.Б. Эльконин, В. Репкин);

2) Проблемалық оқыту;

3) Сын тұрғысынан ойлауды дамыту жобасы;

4) Өзін-өзі тәрбиелеу бадарламасы;

5) Өзіңді тану бағдарламасы (С.А. Назарбаева);

6) Қ. Бітібаеваның авторлық әде-биетті оқыту технологиясы;

7) Оза түсіп оқыту технологиясы (С.Н. Лысенкова);

8) Даралап оқыту (И. Унт, А.С. Границкая, А.А. Кирсанов, В.Д. Шад-риков);

9) Оқытудың ұжымдық тәсілі (А.Г. Ривин).

Осы аталған жаңа технологиялар көптеген қала мектептерінде қолданылып жүр. Оның нәтижелерін студенттердің іс-әрекеттерінен анық байқауға болады. Солардың ішінде сын тұрғысынан ойлауды дамыту жобасы мен Қ.Бітібаеваның авторлық әдебиетті оқыту технологиясы, дамыта отырып оқыту әдістемесі ең тиімділерінің қатарынан көрінеді.

Сонымен, ойымызды қорытындылай келе, мектептің дамуы, оның оқу-тәрбие жұмысының кейбір бағыттарының жетілуі, инновациялық үрдіс ретінде жүзеге асады демекпіз. Олай болса, мектеп, мұғалімдер ұжымы жаңа, нәтижелі технологияларды өз тәжірибелерінде қолдана отырып, ең бастысы, оқушылардың өзіндік білім алу дағдыларын арттыруға баса көңіл аударса демекпіз. Себебі, мектептен кейін аяқ басатын ЖОО кредиттік жүйемен жұмыс істейтін болғандықтан, ондағы басты талап студенттердің өз бетімен білім алуға қабілетті болулары. Егер, мектеп ↔ ЖОО байланысын дұрыс, мақсатты ұйымдастыра білсек, қоғамымыздың білім беру саласы бойынша алда тұрған мақсаттары мен міндеттерін тиімді шеше аламыз деп ойлаймыз.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Селевко Г.К. Современные образовательные технологии. Учебное пособие. – М., 1998.

2. Нағымжанова Қ.М. Инновациялы –креативті технологиялар. - Өскемен., 2005.

3. Основы кредитной системы обучения в Казахстане /Под ред. Ж.А. Кулекеева, Г.Н. Гамарника. – Алматы, 2004.

4. Кредитная система обучения в вузе: структура, процедуры и организация. – Алматы, 2004.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №1 - 2009


 © 2024 - Вестник КАСУ