Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

КЕРЕЙ ЭТНОНИМІНІҢ ТАРИХИ-ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ СИПАТЫ

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2008

Автор: Сеитова Ш.Б.

Орта жүз руларының бірі - керей атауының шығуы туралы әр түрлі пікірлер бар. Бірнешеуі қатар жарыса қолданылып жүрген балама атауы бар ру-тайпа, ұлыс пен халықтарды жиі кездестіруге болады. Әр түрлі еңбектердегі керей атауының берілу сипатын топтастырғанда он шақты аталым екендігі көрінді. Мысалы: кэ-ле (Бичурин), кіле (Нығмет Мыңжан), хээрэит (Ш. Уалиханов), кереит, керей, херейт (Г.Е. Грумм-Гржимайло), кирей (өзен Н.А. Аристов), керлин (өзен Ә. Нұрма-ғанбетұлы), хэрэйт (В.В. Бартольд), кари (Березин), хэрэт (Рашид-ад-дин) (1.12-22.). Осындағы кэ-лэ қытай жазбаларынан алынған сөз, ал қытай әліпбиінде сөз ортасында «р» әрпі қолданылмайтын-дықтан, түрік атауы «тукую», арғын атауы «алун», Темуршин «Темучин», орыс елі «олосы», «люся» т.б. формасында берілген. (2.43.). Хээрэит, хэрэйт, херейт, хэрэт атау сөздеріне келетін болсақ, байырғы қазақ сөздері ғ, г, х, һ дыбыстарынан басталмайтыны мәлім. Қазақ тілі жаңа тілдер тобына жататын болғандықтан түпкі (алғашқы) созылыңқылар болмайтыны белгілі. М. Томанов көне түркі тілін қыпшақ тілімен салыстырғанда х-қ, г, ғ; қ-х, к-г, х; һ-х, ғ сәйкестіктері кездеседі және соңғылардың кейбірі жасалу орнына қарай ұқсастыру нәтижесі деп қарауға болатынын айтады (3.39.) Түркі тілдерінің ұйғыр-оғыз тобындағы шор, тува, хакас т.б. тілідерінде қысқа және созылыңқы э(е), ээ(ее) дыбыстары бар. (4.331.) Сол сияқты монғол тілінде де «э» дыбысы бар: тэгш (тегіс), тэнгэр (тәңір), эр (ер), эрх (ерік), бутэт (бүгін) т.б. Б. Базылханның айтуынша: «Моңғолша-қазақша сөздікке» енген 40000 сөздің 1500 түбірден тараған 24000 сөзі, яғни 60 пайызы екі халыққа ортақ желілес туынды сөздер екендігі анықталған (5. 67.) Монғол тіліндегі «э» дыбысының қазақ тіліндегі үндестік заңына сәйкес «е», «і», «и» болып айтылуы заңды. Керлин сөзіндегі «л» дыбысы тарихи тұрақсыз дыбыстар тобына жататындықтан, «л» дыбысы сөз ортасында, сөз соңында түсіп қалады, мысалы: апкел – алып кел, боса – болса т.б. (3.62.) Бұл аталған атаулардың барлығы да осы керей тақырыбында сөз қозғалған шежіре кітаптардан, ғылыми мақалалар мен осы салада қалам тартылған ғылыми еңбектерден алынған деректер. Атаулардың пайда болу себеп-салдарларын этнолингвистикалық, этникалық, тарихи тұрғыдан қарастыра отырып, уәждерін айқындауға бағып көрелік.

Керей - гидроним. Ақмола облысы, Қорғалжын ауданындағы көл және соған құятын өзен аты. По данным монгольского историка Санан Сесена монголы во времена Чингисхана делились на три группы: 1. Еке монгол (великие монголы), 2. Су монголы или татары (мангыт, унгут, чурыт), 3. Кереи. Аристов утверждает, керей как народ упоминается в китайской истории в 9 веке. Из местностей с именем Керей известен приток р. Урда на северном склоне Саянских гор (6.79.).

Керей этноним. Марғұз Керей-лердің әйгілі ханы Оң ханның ұлы атасы Марғұз, Бұйрық хан болып шықты (7.32.)

Керей - ойконим. Керей елінің ғұмыр кешкен ата жұрты – Орхон, Оңғын, Керулен, Селеңге, Арғұн өзендерінің құйқалы алқабы делінеді. Орхон-Енесай жазбаларын зерттеушілердің бірі Қар-жаубай Сартқожаұлының «Ана тілі» апта-лығына ұсынған қолжазбасында Керлін өзені және ол өз басын алатын Кентай тауына қатысты пікір келтірілген. Онда көне түрік жазуларында бұл қос жер аты «Кейре» түрінде көрініс бергендігін айта-ды. Ал Керлін алқабы ежелден керейлердің түп-тегі тоғыз байырқулар қоныстанып келе жатқан төл мекен. Олар бірде «тоғыз байырқу», бірде «тоғыз оғұз», бірде «тоғыз керейлік» деп атала жүріп, ғасырлар өте келе «кейрелер», одан соң «керейлер» боп өзгерген секілді дейді (8.59.)

Керей антропоним. «По учреждении же всего того определил он (Чингиз хан) детей своих к владениям: 1—го Цуци или Чучи, - в Великую и Малую Бухарию; 2-го, Цадая - в Индию; 3-го, Керея – на ханство Курал, то есть к аральцам; 4-го, Тюни - в город Туркестан» (9.27.).

Керей – ойконим. Н. Аристовтың көрсетуінше, Қырым уезінде Кирей, Киреит (Заметки 128-129 б.), А. Харузин еңбегінде Прекороп уезінде – Кирей, В. Мошков мақаласында Бендер уезінде Кириет атты елді мекендер еске алынғанын тілге тиек етеді Қ. Байсарина (1.20.).

«Керей» сөзінің елді мекен (-су (ойконим), өзен гидроним), адам есімі (антропоним), ру атауы (этноним) болып, әрі Ресей, Монголия, Шығыс Европа елдеріне таралуы, Керейдің «керей» деп аталуы жер-суға, елді-мекенге байланысты да болуы мүмкін деген ойға әкеліп тірейді.

Керей этнонимінің этимологиясы туралы арнайы мақала жазған венгр ғалымы Ю. Неметтің пікірі ерекше көңіл аударарлық. Ол «Керейт, керей, гирай» деген мақаласында, бұл этноним Алтайдан Венгрияға дейін таралғанын айтады. Ол керей термині венгрдің «кер» және түркіше «кер» («высокий», «поднимающийся») де-ген сездерінен алынған, кер сөзі әуелі көне түркі тілінде «высокий», «поднимающийся» деген мағынада болған, қазір бұл сөз венгр тілінде осы мағынада қолданылады және мадьярлардың (венгрлердің) ішінде «кер» деген тайпа бар дейді (10.100.). Керей этнонимінің этимоло-гиясын ашуға акад. Ю. Неметтің бұл пікірі негіз болып табылады. Кер түбірі бір кезде түркі тілдерінде «тау», «қыр», «жота», «тау басы», «биігі» ретінде қолданылғанына мына деректер дәлел бола алады.

«Кэріш» — көтерілуге болатын тау шыңы (оғызша), аттың жауырыны, арқасы (керіш иағыры оғұлқа қалар, яғни иық-омыртқа буындары түйіскен жер болғандықтан, тез жазыла қоймай-тындығын білдіріп, сақтану керектігін мегзейді) (11.426.), яғни, ат арқасы, жауырыны дегенде шығыңқы, көтеріңкі мағыналарын беріп, тау шыңы, тау басы дегенге саяды. Мұндағы сөз түбірі кер және оған сөз тудыратын «-іш» жұрнағы қосылып жасалғанын аңғару қиын емес. Шор халқында кереш деген тайпа бар екенін В.В. Радлов жазған болатын № (12). Бүл сөздердің де түбірі — кер. Сонымен, «кер» сөзінің мағынасы таудың жоғарғы жағы, таудың шөп өскен баурайы мағыналарында қолданылады. Осы дерекке сүйенсек, қазақ тіліндегі «Кербұлақ»- тау баурайындағы бұлақ, «Керөлең» тау баурайында өсетін шөп ( өлең – шөптің бір түрі) «Кертау» биік тау мағыналарын бермек,- дейді Ә. Нұрмағамбетұлы (13.20-21.) Сонымен керей этнонимінің түбірі кер(е) болса, «-(е)й қосымшасының көне мағынасы қазіргі қазақ тіліндегі -лық, жұрнағына жақын»,- деп көрсетеді А.Абдрахманов (10.103). Сонда кер(е) (тау, жота, қыр) + (е)й (сөз тудыратын жұрнақ) түрінде жасалған керей этнонимі «таулық», «қырлық» («қыр қазағы» сөзімен салыстырыңыз) дегенді білдірген. Ал Тектіғұл Ж.О. –лық/лік мағыналы жұрнағының есім мағыналы туынды тұлғалар жасаумен қатар әрі жинақтық, көптік ұғымдағы зат атауын (ағашлық, қырлық) білдіретінін және мағыналық өрісінің кең болғандығынан хабар беретінін айтады (14.25.). Сол сияқты есімдерден зат есім жасайтын –лық жұрнағы көне түркі жазбалары тілінде заттың мекен-орындық тәнділігін білдірді: қабақлық (қауақ егілген жер), тарығлық (егістік) т.б. (11.62.).

Демек керей – сөзі таулы жердің адамдары, таулық, таулықтар, асқақ, үлкен деген мағынаны да береді. Қайдар Ә.Т. «Түркі халықтарының этникалық тарихына бажайлап қарайтын болсақ, көптеген этностық топтар мен рутайпалардың, ұлыстар мен халықтардың аттары сол этностың өзін қоршаған табиғи ортаға (өзен, су, теңіз, көл, тау, орман, дала, дөң, төбе, шоқы т.б.) - географиялық нысандарға байланысты болып келеді», - дейді (15.54.). Сонымен, бүгінгі керей руының керей - деп аталуы ғасырлар тезінен өтіп келген әрі антропоним, әрі топоним, әрі этноним ретінде атау сөз дәрежесіне жеткен, яғни 10 ғасырлардың өзінде 900 мыңға жеткен үлкен тайпалық атқа ие болған этноним - жиынтық атау.

Шежірелерде керей абақ және ашамайлы болып екіге бөлінген. Зерт-теушілер бұл ру аттарын олардың таңба-ларына қатысты өрбіген атау болуы керек деген пікірге ден қояды. Ашамай - балаға арналып, екі қасының жоғарғы ұшына айқастырылып жасалған ер [16.513. б] Ру таңбасындағы «Х» әрпіне ұқсас белгі ашамай таңба деп аталады. Қалыптасқан дәстүр бойынша сәбиді ашамайлы ерге отырғызудың үлкен мәні, бұзбай атқаратын ережелері бар. Ашамайдың текпешек, қолтырмаш аталатын бөлшектері жас бала-ның ерде жайлы отыруын қамтамасыз еткен. Баланы өзінің бәсіре атына салынған ашамайға отырғызу - оның алғашқы қа-дамы, ержеткені, ата-ана парызы саналған.

Абақ керей он екі арыс Абақ керей атанған. 1. Абақ – зат есім, аудың түбіндегі дорба. Осы абақтан қамау мағынасындағы абақты сөзі шыққан [16.33. б]. Ол сөз қазақ тілінің лексикалық қорында бар сөз. Мысалы: «Өзімді тәрбиелеген әкемді абаққа қамап, шығарып, кіргізіп жүр екем. Бүйткен қызметі құрысын. Осы сағаттан бастап мені қызметтен босатыңыз» [17.202. б]. Ав – ау (Бек ауға, ау құруға шықты) [18.116. б]. 2. Абақ - қасқыр, түлкі секілді аңдарды ұстауға арналған көне құралдың аты. Ол аң сиятындай екі бөліктен тұрады. Аң ішкі бөлікте жатқан етке ұмтылып кірген кезде, жоғары қарай көтеріліп тұрған сырғыма есік сарт етіп төмен түсіп жабылып қалады. (Қ. Салғараұлы). Сондай-ақ ғалымдар арасында «ашамай» таңбаны керейлердің баяғыдан несториан дінін ұстанған кезінен қалған бір белгі деп – «крест» таңбасынан, ал «абақ» сөзін түрк-моңғол тілдеріндегі «қандас туыстар одағы» деген мағынаны білдіретін, - «обақ», «обох» сөздерінен тарқататын топшылаулар да бар. [8.63. б] Абақ керей таңбасы аңшы құралынан гөрі қос қақпаның бейнесіне өте ұқсас келмей ме, «қақпа» таңба қазақтың өзге ру тайпаларында кездеспейді. Авақы-абақы – көз тиюден сақтаушы, бау-бақшаға қойылатын қарақшы [18.166. б], яғни «абақы» қорған деген мағына береді. Ал ашамай таңбаны көбі крест таңба, ол бір кезде керейлердің «несториан» дініне бағынғандығының бір белгісі делінеді, бірақ бұл тұжырым негізсіз. С. Аманжолов: «Поскольку данная тамга кереев не сходна ни с одной тамгой казахских родов и племен, можно считать кереев само-стоятельным племенем. У кереев, по другим вариантам, основная тамга — крест +; полагают: это признак того, что они исповедывали христианскую религию. Тогда спрашивается, почему этого нет у найманов, которые в одно и то же время были христианами. По-моему, крест-тамга у кереев не основная, а дополнительная. Но этот же крест имеется у телеу, сргелы, ботбай, куралас, самбет, сары-уйсун (Большая орда) и у торткаринцев (Малая орда), о христианстве которых нет сведений» [19, 20 ст.] Ру-тайпалардың айырымдық белгілері – таңбаның астарлы мағыналарын жалпы адамзатқа ортақ дүниетанымдық түсініктердің заңдылық-тары арқылы салыстыра, байланыстыра қарау арқылы кодын ашу алдағы уақыттардың үрдісі. Ру-тайпа, олардың табына қатысты таңбалар белгілі бір логикалық ұғымдардың құпия түрде көрінетіндігінде және оның киелі болып келетіндігінде де.

Сонымен қатар, керей тайпасының, оның табының, танымал адамдар атта-рынан қалыптасқан тұрақты тіркестер баршылық. Атап айтқанда.

Керей тайпасына қатысты тұрақты тіркестер

Жалпы абақ керейден тарайтын ұрпақтарды он екі ата деп атайды. Шәкерім Құдайбердіұлының «Шежіресінің» дерегі бойынша олар: Жантікей, Жәдік, Жастабан, Шұбарайғыр, ШІеруші, Ителі, Итемген, Молқы, Меркіт, Сарбас, Қарақас, Кеңсадақ. [20.86 б.]. Ал ашамайлы-керейдің ұрпақ-тары төрт тайпаға бөлінеді. Марат Мұқа-новтың дерегі бойынша олар: Сибан, одан ерімсары, қортық, күнгене, жоқматар, жы-лыбай, қосай рулары: Балта, одан жадық, байғожа, қарасары рула-ры: Кө-шебе, одан жоламан, таузар, әлімбет рула-ры: Тары-шы, одан ақсары, құрсары, тоқымбет, мата-қай, самай, еменәлі, нұралы, нұрымбет, ақымбет рулары тарайды [21. 50 б.].

Керей тайпасының кестеде және шежірелерде көрсетілген ру, оның барлық табына қатысты тұрақты тіркестер іздестіру барысында кездеспеді, дегенмен, жәдік, жәнтекей, молқы, көшебе, матақай т.б. табына байланысты тұрақты тіркестер жинақталды.

- керей атауына байланысты қалыптасқан тұрақты тіркестер: беделді әрі ірі ру – керейлерде тектілердің болуы әсте орынды - Асыл болсаң, керей бол; Керей елі – төзімшіл келер, Қыз айттырса - өзімшіл келер - керей елі шыдамды, төзімді, қажет жағдайда менмендігі де бір басына жетерлік; Керей қайда барасың?- Біреудің бір жаққа немесе теріс бағыт алып бара жатқанын айтарға келгенде тілге оралатын қанатты сөз және т.б. тұрақты тіркестер.

- жәдік, жантікей, молқы табына қатысты тұрақты тіркестер: белді атаның балалары жасаған зорлық-зомбы-лықтың зардабын, көп жағдайда, нашар, аз ата балалары тартары тарихта болып тұра-тын жағдайлар - Жәдік, Жәнтекей кісі өл-тірсе, Қарақас, Молқы құн төлейді; басқа малдай емес әдетте топты сиырдан көп бөліне бермейтін бұқаны іздеген Жәнтікей баласының өзі бір үйлі болғанда, басқасын өзіңіз есептей беріңіз - Жәнтекейдің бұқа қарағаны бір үйлі болыпты; тұрақты тіркестің қазіргі беріп тұрған ауыспалы мағынасы: әр заманның, әр жердің өзіне лайықты топ жарып шығар тентегі болады- Көктемде бұқа мас, Көктоғайда Молқы мас; шындық сөйлей ме, әлде билік сөйлей ме? деген мағынадағы - Барқы біле ме, сөздің нарқы біле ме? (Барқы – Абақ керей ішіндегі Жәнтекейдің бір тарамы) және т.б. тұрақты тіркестер.

- жастабан табына қатысты тұрақты тіркестер: Қыздың көрмейтін жері жоқ, Жастабанның жүрмейтін жері жоқ; Матақ- жүрген жерің шатақ- /керей-жастабан-матақ/ матақ (матақай) табының кейбірі жүрген жерінде дау-дамай туғызып, дау өршітіп, шатақтасып жүретіндіктерінен осы сөз қалған.

- көшебе табына қатысты тұрақты тіркес: Көшебелі көп керей көше алмайды сыбансыз- керей елі сан жағынан аз болмаса да, көші-қон кезінде сыбанмен де ақылдасып отырса керек; жөн сөзге тоқ-тамай, тәжірибесі мол адамның айтқанына көнбей, соның кесірінен жамандыққа ұрыну, жоқшылыққа ұшырау дегенді білдіретін - Ожықтың озған жылы, Саңыраудың сандалған жылы; және т.б. тұрақты тіркестер.

Керей ру атауының мән-мазмұны тереңде болғандықтан да оны тарихи әрі лингвистикалық тұрғыда қарастырмаса, оның «керейлік» болмысы анықталды деп айтуға келе қоймас. Жалпы этнонимдерге қатысты атаулардың, тұрақты тіркестердің төркінін, шығу тегін, мән-мағынасын, қолданыс аясын айқындау қазақ халқының болмысының ішкі нәрін толықтыратын арнаның бір бұлағы іспеттес. Толас таппас тіл қазынасының ішкі қуатының өрістеуіне өзіндік үлес қосып келе жатқан тілдік мағыналық бірліктердің белгілі бір аймақта өзін тұтынушы халықтың өткен өмір кешулерінен шертер сыры да аз емес.

Жеті атадан арғы тегін қуалап үлкен тайпалық, одақтарға дейінгі аралықтағы орын алған әңгіме- аңыздарды әр ауыл ақ-сақалдарының таратып отыру салты бізде мықтап орныққан тағылымды дәстүріміз.

Біз керей тайпасының тарихын сөз еткенде жалпы қазақ халқының тарихынан тысқары алып қарамай, қайта соның бір бұтағының қалай өсіп- өрбіп бүгінге жеткенін осы орайда жазылған ғылыми еңбектермен, бүгінге жеткен аңыз-әңгіме-лермен, шежірелік материалдармен үндес-тіре этнолигвотарихи бірлікте қарс-тырғанда ғана рухани мәдениетіміз келелі болары сөзсіз. Керейлер деп аталатын қазақтың арыдан аты мәлім тайпасының тарихы аса күрделі. Әрбір халықтың жүріп өткен жолындағы тоғыспалы төкпелі сан алуан арналарда тілдің лексикалық-грам-матикалық жүйесінің негізі бар тілдік мағыналық бірліктері ғылыми-теориялық мәнімен де, практикалық қажеттілігімен де арнайы зерттеуді талап ететін тақырыпқа айналып отыр.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Байсарина Қ. Керейлер: этникалық та-рихы.— Семей. - 1998 ж. – 51 б.

2. Куанганов Ш.Т. Арий – гунн сквозь века и пространство: свидетельство топонимы. - Астана: Фолиант. - 2001. - 252 с.

3. Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. - Алматы. Мектеп. - 1988. - 264 б.

4. Қайдар Ә., Оразов М. Түркітануға кі-ріспе. – Алматы: «Арыс». - 2004. – 360 б.

5. Базылхан Б. Моңғол-қазақ тілдерінің салыстырмалы тарихы,грамматикасы (қазақша курс). Өлгий. - 1937. 4-7 бет.

7. Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы. - Алматы. - 1988. - 147.

8. Тынышпаев М. История казахского народа. - Алма-Ата.Қазақ университеті. 1993. 224 ст.

8. Мэн Нань. Керей ұлысы мен таңғыт мемлекетінің қарым-қатынасы туралы// Қазақ өркениеті. «Қайнар» университеті. 2005 ж. №1. 32 б.

9. Қазақ шежіресі. - Алматы. Атамұра-Қазақстан.-1994.-160б.

10. Андреев Н.Г. Описание Средней орды киргиз-кайсаков.-Алматы: Ғылым, 1998, 280 ст.

11. Абдрахманов А. Қазақстан этното-понимикасы. - Алматы. – 1979 ж. 100 б.

12. Қашқари М. Түрік сөздігі. - Алматы. Хант. 1 т. - 1997 ж. - 590 б.

13. Радлов В.В. Опыт словаря... т. II, ч. 2, с. 1093.

14. Нұрмағамбетұлы Ә. Жер-судың аты–тарихтың хаты.-Алматы: Балауса. - 1994.- 64 б.

15. Тектіғұл Ж.О. Қазақ тіліндегі түркі негізді есім қосымшалардың тарихи дамуы. Ф.ғ.д. ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторе-фераты - Алматы.2003.-25б.

16. Әбдуәли Қайдар .Қаңлы.-Алматы.Дайк Пресс.-2004.-610б.

17. ҚТТС .-Алматы.-1974. 1 т.- 697 б.

18. Тұлғажанов Б., Алдажаров Н. Қатпа Қорамжанұлы.// Жұлдыз.1993 ж. 202 б.

19. М. Қашқари .Түрік сөздігі.-Алматы. Хант. 1 т.-1997 ж. - 590 б.

20. Аманжолов С. Вопросы диалектологии и истории казахского языка.-Алматы. Санат. - 1997 г.-608 ст.

21. Шәкәрім Құдайбардіұлы. Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі // Жұлдыз. 1991 ж. № 1. 86 б.

22. Салғарин Қ. Қазақ шежіресі.// Жұлдыз. - 1991. № 10.

23. Арғынбаев Х., Мұқанов М., Востров В. Қазақ шежіресі һақында. - Алматы: «Атамұра». - 2000. - 464 б.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2008


 © 2024 - Вестник КАСУ