Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

ҚАЗАҚ ТІЛІ САБАҒЫНДА ТІЛ ҰСТАРТУ

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2008

Автор: Смаилова А.С.

«Білім беруді дамытудың 2005 – 2010 ж. арналған Мемлекеттік бағдарлама» атты үкімет құжатында білім беру саясатының негізгі міндеттерінің бірі «халықтың барлық жіктері үшін сапалы білімге қол жеткізуді қамтамасыз ету» екендігі айтылған. Қазақ тіліндегі тіл ұстарту жұмыстарының негізгі мақсаты – дұрыс, сауатты жазуға, оқушының ауызша және жазбаша ойын, грамматикасын және стилистикасы жағынан дұрыс сөйлем құрап, жүйелі сөйлеуге үйрету. Мұғалім оқушының ауызша және жазбаша тілін дұрыс дамытуда грамматикалық ереже-лерді жақсы білуге, тыныс белгілерін дұрыс қоюға үйретіп, көркем әдебиетті көп оқуға бағыт беріп, оның үлгісін көрсетіп отыруы тиіс. Әр мұғалім тіл ұстарту жұмыстарын шығармашылықпен жүргізіп, дұрыс ұйымдастыра білсе, ол оқушының күнделікті өмірдегі құбылысты жан – жақты түсіне білуіне, білген нәрселерін ауызекі сөздерінде қолдана білуіне жағдай жасайды.

Ж. Мусин оқушының тіл ұстарту жұмысына көп мән береді. Автор: «Грамматиканың категориясын оқып - үйрену мен тіл дамыту жұмысын бір- бірлеп бөліп тастауға әкеліп соғады. Ендеше тіл сабағын оқытуда теория мен практиканың байланысын берік ұстауды көздеген оқытушы ғана әрбір грам-матикалық категорияны өткенде, әр сабақ-та тіпті сабақтың әр кезінде тіл дамыту жұмысына ерекше мән беріп, оны асқан ұқыптылықпен жүргізе алады. Кейбір оқытушылар бірыңғай жағдайларда істің теориялық жағымен ғана шұғылданады да, жұмыстың екінші, аса бір қасиетті саласы – тіл дамыту жұмысына онша мән бермейді», - дейді.

Ж. Мусин тіл дамыту жұмысында әр алуан жанрлардан оқушылардың жасы, білім мөлшеріне сәйкес мәтіндер алу қажет екенін айтады.

Тілді оқыту елдің экономикалық, саяси және мәдени өмірін үйренумен тығыз байланыста болуды қажет етеді. Бұл ретте тіл ұстарту жұмыстарының пайдасы өте зор. Тіл арқылы ойлап білуге, сауатты жазуға, білгенін жүйелі мазмұндап айтуға дағдыландырылады.

Тіл дамыту жұмыстары ауызша – жазбаша жаттығулар, мәтінмен жұмыс, мазмұндама, шығарма, диктант, мақала жазу, мінездеме беру, суретпен жұмыс, сұраққа жауап жаздыру, жоспар жасату, кітап оқу сияқты жұмыс түрлері арқылы іске асырылады. Тіл ұстарту жұмысының бір түрі – мазмұндама жазуға үйрету. Әрине, орыс мектебінің оқушылары қазақша жатық түрде мазмұндама жазып кете алмайды, сондықтан оларды әдейі оқыған мәтін бойынша берілген сұрақтарға жауап жаздырту арқылы үйреткен жөн. Сұрақтарға жазбаша жауап жазғызуды оқушылардың сөздік қорын молайтудың бір тәсілі болып саналады. Мұны жүзеге асыру үшін сөздері таныс, түсінікті мәтінді таңдап алады. Мұғалім мәтін бойынша өз бетімен жауап бере алатындай сұрақтар құрастыруы керек.

Мәтінді оқытқан кезде оның мазмұнын оқушылардың толық түсінуін қадағалаумен бірге, өз сөздерімен айтып берулерін талап ете отырып, мәтінде кездескен жаңа сөздерді сөздіктеріне жаздырып, ол сөздерді естерінде ұзақ сақтауы үшін, жаттығу жұмыстарын жүргізу керек. Сұрақтар, не жоспар тақтаға жазылып қойылады.

Шығарма жазуға үйрету - әрі жауапты, әрі көп ізденуді, көп еңбек етуді керек ететін жұмыстардың бірі. Шығарма – оқушының біреу я бірдеме жайында өз ойынан жазған еңбегі. Оқушыға шығарма жаза білуді үйретудегі мақсат - өз ойын, өз пікірін орамды, әдеби тілмен дәл әрі нақты жеткізе алатын сауатты адам тәрбиелеу; оқушыны творчестволық күрделі ой еңбегіне баулу; оның түрлі тәсілдері мен амалдарын меңгерте отырып жазу жұ-мысына жаттықтыру.

Шығарма жазу жөнінде оқушыларға мынандай дағдыларды қалыптастыру керек:

1) Тақырыпты түсіну;

2) Тақырыптың мақсаты мен мазмұнын білу;

3) Тақырыпқа жоспар жасау;

4) Тақырып бойынша жасаған жоспарына сай өзінің ойын жаза білу;

5) Баяндайтын ойын дәлелдеп жаза білу;

6) Ойды дұрыс құрап, дұрыс қиыстыру;

7) Эпиграф таңдау;

8) Шығарманың құрылысын дұрыс құра білу.

Тіл ұстартуға байланысты жүр-гізілетін жазба жұмыстарына екі баға қойылады:

1) мазмұнына, стиліне, сөздерді дұрыс қолдануына; 2) орфографиялық және пунктуациялық сауаттылығына.

Тіл ұстартуға арналып жүргізілген жазба жұмыстарының мазмұнын, стилін, сөз саптауын бағалағанда, әдебиет пәнінің мазмұндамаға, шығармаға қойылатын ба-ғалау нормасы басшылыққа алынады. Сауаттылығы диктанттың баға нормасы негізінде бағаланады.

Орыс мектептерінде тіл ұстарту жұмысын жүйелі жүргізу үшін, ең алдымен оқушылардың сөздік қорының молдығына көңіл бөлген жөн.

Неғұрлым сөздік қоры көп болса, тіл ұстарту жұмысы жедел жүреді.

Сөздік жұмысын жүргізу арқылы тіл ұстарту.

Оқушының сөздік қорын байытып, тілін ұстартуда шешуші рөл атқаратын жұмыстардың бірі - сөздік жұмысы. Сөздік жұмысы арқылы оқушының тіл байлығын молайтумен қатар, дұрыс жазуға да дағдыландыра аламыз. Сөздің мағынасы затты көрсете отырып, оның атын алдымен қазақша, соңынан орысша айту. Суретін көрсетуге келмейтін сөздің баламасын айту, антоним, омоним, синоним сөздер арқылы сөз мағынасын түсіндіру. Сөйлем ішінде, одан кейін мәтін арқылы сөз мағынасын түсіндіру. Жаңа сөзді естерінде тұрақтандыру үшін әр түрлі жаттығулар жүргізу қажет. Сол сөзді қолданып бір -біріне сұрақ қойғызу, оған жауап бергізу, сұрақ жауаптарын жазғызу, сөйлем құрату.

Тіл ұстарту жұмыстары оқушы-лардың игерген білімдері мен біліктерін қолдануға бағытталады. Бұл сабақта сөз құдыретін танытатын мақалдар мен даналық сөздерді талдатуға, халқымыздың жақсы дәстүрлерін сақтап келген шешендік сөз үлгілерін әрі қарай дамытып, оны жастардың сөйлеу дағдысына сіңіру бағытында жұмыс жүргізуге болады. Мәселен, «Жақсы сөз - жарым ырыс» деген мақалдың мәнін ашқызу. Бір ауыз жақсы сөз адамды жадыратып, көңілін көтеретіндігін, қуат беріп, шабыттандыратынын мәтіндер арқылы дәлелдету. Халықтың салт – дәстүріне байланысты айтылатын табу сөздер мен дөрекі сөздерді жұмсартып жеткізу мақсатындағы эвфемизімдердің тіл мәдениетіндегі орнын түсіндіре келіп, олардың сөз әдебімен байланысын ашқызу, көркем мәтіндерден осындай тілдік құбылыстарды теріп жаздыртқан жөн. Орфографиялық нормадан ауытқуға бол-майтындығын, оны сақтаудың міндет-тілігін түсіндіре отырып қатесіз жазуға дағдыландыру керек. Оқушылардың танымына, қызығушылығы мен қабілетіне сәйкес мынадай тақырыптар ұсынылады: отбасы, сынып, дос – жаран, табиғат, ауыл, қала тұрмысы, тіршілігі, шаруашылығы, өнер, тұрмыс – салт, әдет – ғұрып т.б. Ауыспалы мағыналы сөздерге сай мәтіндермен жұмыс жүргізіп, олардың мағынасын ашуға, табиғат көрінісін сурет-теп жаздыртып, онда ауыспалы мағына-дағы сөздердің көркемдік сипатына назар аудартуға сөз құдыреті, тіл қасиеті туралы мақал – мәтелдер ұсынып талдауға болады.

Тіл ұстарту жұмысына арналған мәтіндер тақырыбы мен мазмұны жағынан әр түрлі. Бұл мәтіндер оқушылардың Отанды сүю, өлкетану, табиғатты қорғау, сыйластыққа тәрбиелеу міндетін көздейді. ҚР Ұлттық Академиясындағы филология ғылымының кандидаты Гүлсім Әзімжа-нованың мәтінге берген анықтамасын келтіремін: «Мәтін - өзінің негізгі қызметі белгілі бір перспективаны білдіру деп есептейтін тілдің бірлігі». Бұл пікірді филология ғылымының кандидаты, доцент Г. Қасымова өзінің «Қазақ тілін оқытудың әдістемесі» атты еңбегінде өзінен жоғары тұрған тіл бірлігін жасау үшін бағыт-талғанын, нәтижесінде нақты ой айқын айтылатын, ой мәтін түрінде келетінін түсіндіреді. Мәтінмен жұмыс оқушының ойлау дағдысын талдауға, жинақтауға алып келеді. Мәтін оқушының пікірін тудырады, оқушы өз пікірін бағалайды, түсінеді, ізденеді, қызығады, яғни оқушы пікіріне қажеттілік туады. Мәтін арқылы тіл дамытуда оқушы мәтінді түсініп оқу үшін оқушының сөздік қоры жетілікті болуы шарт. Мәтінді түсініп оқымаса, оқушы оны мәнерлеп те, тездетіп те оқи алмайды.

«Бәйтерек өмір ағашы» мәтінінде: «Ел президенті Н. Назарбаевтың жарлы-ғымен «Астана жас қала» аты арнайы экономикалық аймақ жобасын жүзеге асыру қолға алынды. Жобаның жоспары бойынша Есіл өзенінің сол жақ бетіндегі 1052 г жер игерілуі тиіс. Таяудағы 5 жыл қалада 1,6 миллиард АҚШ долларлық инвестиция түрлі мекеме, тұрғын үй салуға жұмсалатыны алдын ала белгілі болып отыр. Өткен жылы 300 миллион доллардан астам қаржы игерілді. Соның нақты көрінісі – алып «Бәйтерек» мұнарасы.

«Бәйтерек» – Есілдің сол жағында бой көтерген алғашқы сәулет туындысы. Еңсесі биік. Көркем. Әсіресе, түнгі Астанада құлпырып кетеді. «Бәйтеректі» мәңгілік өмір мұнарасы деп те атайды. Халық ертегісі «Ер Төстіктің» оқиға желісімен өрілген. Мәңгілік өмірді жер – жаһанға жария етіп тұрған Бәйтерек – қаламыздың символы. Егемен еліміздің бойтұмары, ел мақтанышы. Ескерткіштің биіктігі – 97 метр. Ұшар басындағы «алтын жұмыртқа» - төңірек көрінісін шолу шарының диаметрі 22 метр.

«Бәйтерек» әлемдегі ең соңғы үлгідегі сәулет туындысы» делінген.

Мәтінді іштей оқу. Мәтінді абзацтар бойынша дауыстап оқу.

Қандай ойлар айтылған?

Астана, Тәуелсіздік туралы өз ойларыңды, пікірлеріңді жазыңдар.

Сұрақ қою арқылы жаттанды нәр-сенің жауабын алу, сұрақ арқылы ойланту, сұрақ арқылы талдату, түсінігін айтқызу, сұрақ арқылы қолданысын білу, сұрақ арқылы бағалау деңгейіне көтеруде бізге бірден – бір көмек болатын – мәтін.

Мәтінмен жұмыс істеу барысында оқушылардың білік дағдыларын қалып-тастыру мақсатына орай жұмыс түрлері де түрлендіріліп отырады. Берілген тапсыр-малар оқушылардың сабақта, сабақтан тыс кезде жұмыс істеуіне, тіл дамыту, тіл ұстарту, жазба жұмыстарын (мазмұндама, шығарма жазу, әңгіме құрастыру, т.б.), жазу дағдыларын қалыптастыруға мүм-кіндік береді. Жеке оқушыға жұмыс ре-тінде үлестірме жеке тапсырмалар кестесі түрінде де пайдалануға болады.

1) Өлең құрастыру. Оқушыға ұсынылады:

Неткен сұлу, неткен көркем,

Осы менің туған өлкем.

Оқушы жалғастырады:

Сарыарқадай ұлан байтақ

Өз өлкемді сүйіп өтем.

2) Мақал – мәтелдерді толықтыру.

Берілген мақал –мәтелдердің бірінші, не екінші сыңарлары сіздерше қалай өрлеуі мүмкін?

Өнерлі өрге жүзер, ... .

... , білімді мыңды жығар.

Сөз қуғанға бәле жолығады, ... .

... , тояды қарның тіленбей.

Мақал – мәтелдерді толықтырғаннан кейін мәнін түсіндіріп, өз пікірлерін айтады.

3) Мәтін құрастыру. Көзіңді жұмып, көз алдыңа мынадай суретті елестетіп көр. «Кешкі ауыл. Мал өрістен келе жатыр. Ауыл адамдары қарбалас үстінде». Суретші бұл көріністі бейнелеу үшін қажетті бояу іздейді. Ал сен қажетті сөзді тауып алып, әңгіме құрастыр. Мәтін құрастыруға, қажетті тірек сөздер.

Ауыл адамдары қандай?

Аңқылдаған, ақжарқын, қарапайым

Олар не істейді?

Балаларға тәрбие береді, астық өндіреді, балық аулайды, тыным таппайды.

Кешкі қарбалас.

Қайнатқан сүт, қаймақ иісі, от жағуда, табын – табын сиыр, үйір – үйір жылқы, маңыраған қой.

Туған жеріңе деген сезіміңді қалай жеткізуге болады?

Ыстық қой шіркін, туған жер. Отан, Отан бәрінен биік екен, мен оны мәңгілікке сүйіп өтем. Ең жақсы мекен - әркімнің өз мекені. Өз үйім - өлең төсегім.

1) Ауылымның кешкі көрінісі.

2) Ауылымның адамдары.

3) Әркімге өз мекені ыстық.

4) Бір ғана тірек сөз арқылы әңгіме жазу. Мысалы: Отан; бейбітшілік; ана; балалық, т.б.

5) Сурет арқылы әңгіме жазу.

Жеке ерекшеліктеріне, танымына, санасына қарай алынған суреттің желісі негізінде әңгіме жазу. Сурет бойынша әңгі-ме жүргізгенде, оқушы одан көргені, байқа-ғаны бойынша еркін әңгіме құрады, өз жағынан сөз қосады, осы арқылы оның байқағыштығы артады, логикалық ойы дамуда, сөйлеу тілі жетіле түседі.

Сурет бойынша жаңа сөздерді құрас-тыру. Сол сөздерді қолданып мұғалімнің сұрақ қоюымен сөйлем құрату. Одан кейін әңгіме жазғызу.

6) Әзіл аралас сұрақтар беріледі.

Қар жана ма? Қалауын тапса қар жанар.

Бір қазанға сыймайтын қандай бас-тар? Екі қошқардың басы бір қазанға сый-майды.

Тастың жеңілі бола ма? Керек тастың ауырлығы жоқ.

Тауық түс көре ме? Тауықтың түсіне тары кірер.

Ер неше рет өледі, қорқақ неше рет өледі? Ер бір рет өледі, қорқақ мың рет өледі.

7) Сөзжұмбақ шешу.

Республикадағы бір өзеннің аты батыр сөзінің синонимі мен бастағы бір мүше атынан құралған. Ол қай өзен? Ертіс

Ғабит Мүсіреповтың бір шығармасы батыр және шеше сөздерінің синоним-дерінен аталады. Ол қай шығарма? Ер ана.

Бір сөзі – көп сөзінің антонимі, екінші сөзі – сөйлемнің ең кішкене бөл-шегі, үшінші сөз – қымбат металл аты. Ол қай мақал? Аз сөз – алтын.

8) «Бір сөзбен атаңдар » ойыны.

Құлақ аспау (тыңдамау), арасынан қыл өтпейді (тату), бетінен оты шығу (ұялу), бас қосу (жиналу), бармағын тістеу (өкіну), қабағынан қар жабу (ренжу), ...

9) Диафильм пайдалану.

Диафильмнің керекті деген кадр-ларын көрсетеді, әр оқушының құрған жоспары талқыланып, ең дұрыс деген нұсқасы тақтаға жазылады. Бірінің әңгі-месін бірі жалғастырады. Мазмұнын ауыз-ша жүйелі айтқызу оқушыны сөйлей білуге дағдыландырумен қатар дұрыс тыңдай білуге де үйретеді. Диафильмді жас ерек-шеліктеріне, танымына, санасына қарай пайдалану тиімді.

10) Қызықты оқиғалар, ұлы адамдар өмірі, ақын – жазушылардың еңбектері, әр түрлі тағдырлар туралы айту. Бетховеннің өмірі, Оралханның еңбегі, Ыбырайдың әңгімелері, Тұрардың ерлігі, әлем ғажа-йыптары т.б. туралы мұқият тыңдайды, өз ойларын білдіреді. Мысалы, Ыбырай әңгімелерін оқытуда «Әке мен бала» әңгімесі оқылады, ең түйінді ойды дәптерге жазып алып, кестеге толтырады.

Мәтінен алынған үзінді

Сенің ойың

   

Мәтіндегі негізгі ойды қандай мақал – мәтелдермен түйіндеуге болады?

Ыбырай әңгімелерінің ерекшелігі неде? сияқты сұрақтар арқылы сұрақ – жауап жүргізуге болады.

Ыбырай кім? «Бес жолды өлең» стратегиясын қолданып, оқушылар өлең құрастырады.

11) Жатқа айта білу – тіл ұстарту жұмыстарының бірі. Тек өлең ғана емес, сонымен мәтіндегі жаңа сөздер, сөйлемдер, осы сөйлемдерге байланысты кейбір сұрақ- жауаптар, мақал - мәтелдер, жұмбақтар, грамматикалық анықтамалар да жатталады. Жатқа айтқан кезде баланың тілі ширайды, сөздік қоры көбейеді, сөздерге екпінді дұрыс түсіруді үйренеді.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Ақбаева К. Дидактикалық материалдар. – А., 1995.

2. Ақбаева К. Оқу орыс тілінде жүретін мектептерде қазақ тілін оқытудың кейбір мәселелері. – А., 1997.

3. Байсақалова Ұ.С. Қазақ тілі – А., 2007.

4. Білімдегі жаңалықтар. Баспасөз журналы. 1, 2,3. 2004.

5. Бектұров А.Ш., Бектурова Ш.К. Казахский язык для всех. – А., 2004.

6. Балақаев М., Сайрамбаев Т. Қазіргі қазақ тілі. – А., 2003.

7. Кәтенбаев Б.Ш. Тіл ұстарту жұмыстары бойынша методикалық нұсқаулар. – А. 1991.

8. Қалықова Ә. Қазақ тілі сабақтарында тіл дамыту – А. 2004.

9. Қалиев Ж.С. Жалпы білім беретін мектептерінің мұғалімдеріне арналған оқу - әдістемелік құрал. –Қ 2005.

10. Қазақ тілі мен әдебиеті. Баспасөз журналы. 8,10. 2007

11. Открытая школа. 10. 2007

12. Исмагулова Б.Х., Абдыжапарова Г.К., Ережепова Э.К. Қазақ тілінен қосымша оқу құралы. – А., 2003



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2008


 © 2024 - Вестник КАСУ