Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУДАҒЫ ƏДІС ПЕН ТƏСІЛ

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2008

Автор: Еруланова Д.Е.

Қазір егеменді елімізде басқа тілді дәрісханаларда қазақ тілін оқытуды жетілдіруге, оны үйретудің тиімді жолдары мен бағыттарын іздестіруге, тілімізді мемлекеттік дәрежеде көтеруге айрықша назар аударылып отыр.

Мемлекеттік тілді басқа ұлт өкілдеріне оқытып үйрету аса күрделі әрі ішкі иірімдері мол, төзімділікті де, ыжда-ғаттылықты да қажет ететін үрдіс. Қазір практикаға қазақ тілін оқытудың әртүрлі әдістері енгізілуде.

Методикалық әдебиеттерде әдіс пен тәсілді шатастыру немесе екеуін бірінің орнына бірін қолдану байқалады. Тәсіл туралы дидактиктердің арасында бірдей пікір жоқ. Біреулері оны әдістің бір бөлшегі десе, біреулері әдіс деп түсін-діреді. Тәсіл - әдісті іске асыратын жол, дидактикалық мақсатты шешудегі әдістің компоненті. Айталық, мұғалім бір нәрсе туралы ұзақ түсіндірсе, ол - әдіс, ал қысқа ғана айтса – тәсіл, оқулықпен жұмыс сабақтың негізгі бөлігін қамтыса, ол - әдіс, ал белгілі бір анықтама ережелерімен жұмыс-тәсіл, т.б. Яғни әдіс-тәсілдердің жиынтығы, жүйесі. Бұл тәсіл бірнеше әдісте, не бір ғана әдісте кездесуі мүмкін. Мысалы, кестені толтыру мұғалімнің айтуымен орындалса, ол-әдіс, егер оқу-шылар кестені үлгіге қарап толтырса, ол да әдіс, егер оқушылар оны өздері ізденіп толтырса, ол-зерттеу әдісі. Яғни, бір ғана кестені толтыру тәсілі бірнеше әдіске негіз болып отыр. Бұл әдістердің барлығы да әртүрлі амалдар арқылы іске асырылып жатады. Ондай амалдар сан алуан. Оларды: заттық, практикалық интеллектуалдық және эмоционалдық деп бөлуге болады. Заттық амалдарға оқыту үрдісіндегі қолданылатын көрнекіліктер, техникалық құралдар, т.б. жатады. Практикалық амалдарға: лабораториялық жұмыстар, жаттығулар орындау, т.б жатады.

Интеллектуалдық амалға-қиял, инту-иция, ал эмоционалдыға-оқушы мен мұға-лімнің көңіл-күйі, қуанышы, реніші жатады. Яғни сөз, көрнекілік, практика оқыту амалдарына жатады. Ал, оқулық-оқытудың амалы, құралы. Егер оқушы оқулықпен жаттығулар орындаса, онда ол репродуктивті әдіске жатады. Егер оқу-лықты оқушы өз бетімен шығармашылық (творчестволық) жұмысқа пайдаланса, онда ол әдіс болып табылады. Әр әдіс әртүрлі формада берілуі мүмкін. Ғылыми-методикалық еңбектерде айтылып жүрген: анализ-синтез, салыстыру, индукция-дедукция, оқулықпен жұмыс, жаттығу әдісі, баяндау, әңгімелесу, т.б. әдістер емес-аталған төрт түрлі әдістің берілу жолы, тәсілі, амалы. Мысалы, жаңа материалды түсіндіру үшін: көрнекілікті пайдалану мүмкін, оны басқа фактілермен салыс-тыруы, жалпыдан жалқыға, жалқыдан жалпыға қарай ойын дәлелдеуі мүмкін, т.б. Сонымен жаңа материалды оқушыға меңгертудегі төрт түрлі кезеңге әртүрлі әдістер (оны жеткізу үшін әртүрлі тәсілдер) қолданылады. Мұнда, оқушылар жаңа материалды түсіну, қабылдау үшін түсіндіру әдісі қолданылды. Түсіндіру әдісінде-көрнекіліктер, кесте, сызба, әртүрлі салыстыру, анализ-синтез, т.б. болуы мүмкін. Оқушылардың санасына жетуі үшін де осы тәсілдер пайдаланылады. Бұл жағдайда әңгімелесу, оқушының түсінгенін тексеру формалары басым болуы мүмкін. Мұғалімнің түсіндіруі (жаңа материалды) белгілі бір уақытқа негізделуі тиіс. Өйткені методикалық еңбектерде оқушының жаңа материалды саналы түрде түсінуі оларды жасына, курсына байланысты. Мысалы, 1-курс оқушылары жаңа материалды 4-5 минут негізінде алаңсыз тыңдайды, түсінеді; 2-3 курс оқушылары 5-7 минут тыныш тыңдайды. Мұны да мұғалімнің ескергені дұрыс. Бір айтқанды қайта-қайта айту оқушыларды жалықтырады, шаршатады, ары қарай сабақ тыңдауға бөгет жасайды, қызығушылығы төмендейді. Сондықтан сабақтың құрылымында уақыт мөлшері де есепке алынады.

Сонымен аталған әдістердің барлығы да оқушыға білім беру үрдісінде белгілі бір қызмет атқарады. Осылардың ішінде сабақта ең жиі қолданылатын түсіндіру, білім беру әдісін, берілген білімді бекіту әдісін және оқушыларда алған білім бой-ынша дағды мен іскерлікті қалыптастыру әдісін атауға болады. Енді осы әдістерге қысқаша тоқталайық.

Материалды ауызша түсіндіру әдісі – колледже кең тараған әдістің бірі. Ол оқушылардың рецептивтік әрекетіне негізделеді. Материал дайын күйінде, не мұғалімнің айтуы немес оқулықтан оқып тыңдау арқылы беріледі. Жаңа материалды түсіндіру әдісінде фактіні дәлелдеу, салыстыру, қорытынды жасау, оқушы-ларды ойландыру, қатыстыру мақсаты көзделеді. Кей материалды түсінікті жеткізу үшін мысалдар, ғылыми дәлелдер қажет болдады. Мысалы, қазақ тіліндегі көмектес септігін беретін тұлғалар о баста дербес шылау сөз болған. Көне түркі тілінде қазіргі көмектес септігінің мағы-налары үш түрлі тұлғада; -ын, бірде –лы арқылы берілген. Тілдің тарихи даму үрдісінде –ын қолданудан шығып қалып, -лы бұрынғы грамматикалық мәнінен айрылған, лексикаланған. Қазіргі кезде –лы тұлғалы қос сөздер мен шылауына кейде жалғауына синоним есебінде қолданылады. Осындай түрдегі кейбір фактілерді ғылыми негізге сүйеніп түсіндіруге болады. Мұн-дай жұмыстар оқушылардың ғылымға деген ынтасын арттырады, қызы-ғушылығын туғызады.

Қайталау, түсіндіру әдісінде салыс-тыру, көрнекілік, бақылау, анализ-синтез, индукция-дедукция, т.б. тәсілдер қолданылады. Мысалы, сөзжасам қосым-шаларының өзіне тән белгілерін түсіндіру үшін оларды форма тудыратын қосым-шалармен салыстыруға болады. Мағын-алық айырмашылығын көрсету үшін кесте немесе көрнекі құралға бірнеше сөздер жазып, қайсысының жаңа мағына, қайсы-сының сөз формасын тудырып тұрғанын оқушыларды қатыстыра отырып дәлел-деуге болады. Бірнеше туынды сөздегі сөз-жасам мағыналарын тауып, оны туғызып тұрған қосымшаларды жинақтап беруге болады. Бір сөзге бірнеше қосымшаның жалғануы арқылы түбірлес сөздер жасап, қазақ тілінің сөзжасам мүмкіншілігін бақылау тәсілі арқылы білуге болады.

Туынды сөздерге сөзжасамдық, мор-фемдік талдаулар жасау арқылы анализ-синтез тәсілін қолдануға болады.

Түсіндіру әдісі логикалық жағынан бірізді, жүйелі болып келеді. Мысалы, ережені түсіндіру, оны мысалдармен дәлелдеу, оқушылардың өздеріне факті бойыншы сұрақ қою, жауаптың дұрыс-бұрыстығына көңіл аудару, т.б. Түсіндіру, хабарлау, баяндау, әңгімелеу сияқты әдістердің бәрі де мұғалімнің сөзі арқылы беріліп отырады. Сондықтан мұғалімнің сөзі түсінікті, жүйелі, анық, айқын, мәнерлі болуы міндетті. Өзі сөйлеп тұрып, оқушылардың сабаққа қатысын жіті қадағалап, зеріге бастаса, сабақтың тәсілін өзгертіп отыруы керек. Сабақ түсіндіру үрдісінде мұғалім сұрақ-жауап тәсілін жиі қолданып отырады. Осыған орай мұғалім оқушыларға сұрақты дұрыс қоюы үшін педагогикалық сұрақтардың түрлерін білуі керек. Ондай сұрақтар- материалды түсін-діруге көмектесетін сұрақтар, материалды бекітетін сұрақтар, оқушылардың білімін тексеретін сұрақтар болып келеді.

Материалды түсінуге көмектесетін сұрақтардың өзін аналитикалық, синте-тикалық деп бөлуге болады. Аналитикалық сұрақтар – риторикалық мәндегі сұрақтар, альтернативті сұрақтар, жетекші сұрақтар болып жіктеледі. Риторикалық сұрақ-тардың мақсаты-оқушылардың назарын, ықыласын материалға аудару. Мұғалімнің сұрағы мен жауабының арасында аздаған кідіріс болады. Бұл көбіне әдебиет сабағында қолданылады.

Мысалы, есімше формаларын өткен-де Махамбеттен:

Қоғалы көлдер, құм сулар

Кімдерге қоныс болмаған?

Саздауға біткен құба тал

Кімдерге сайғақ болмаған?

Басына жібек байланған

Арулар кімнен қалмаған? – сияқты шешендік өлең жолдарын келтіруге болады. Альтернативті сұрақтар оқушы-ларға ашық, айқын қойылады. Ол екі мүмкіншіліктің қайсысының дұрыс екенін оқушыларға дәлелдетуді, ойлантуды талап етеді.

Мысалы: Әкем ауылда тұрады. Әкеме жаздым деген сөйлемдердегі әке, әкеме сөздерінің бастауыш, не толықтауыш екенін дәлелдеу. Немесе: Өзенге бардым; өзенге-толықтауыш па, пысықтауыш па? Жетекші сұрақтар оқушының өз ойын дұ-рыс, толық жеткізуіне мүмкіндік жасайды.

Сабақ-білім берудің негізгі жолы. Осыған орай оның типі мен түрлері сан алуан. Сабақты типке бөлуде ең маңызды мәселе сабақтың дидактикалық мақсаты болуы тиіс. Осыған орай сабақтың үш типін: жаңа түсіндіру сабағы, білім мен іскерлікті, дағдыны қалыптастыру сабағы және қайталау, қорыту сабағын атауға болады. Сабақтың әр типінің өзіне тән ғана құрылым болады. Сабақ – күрделі диалектикалық жүйе. Сабақта үнемі қозғалыс: білмеуден білуге, аз білімін толықтыруға талпыныс, соның нәтижесінде шешімін табуға бағытталған қайшылықтар болып жатады.

Жаттығу – оқу анасы. Оқушылардың білімдерін бекітіп, дағдысы мен іскер-ліктерін қалыптастыруда жаттығудың ма-ңызы өте зор. Сабақтың дидактикалық мақсатына қарай жаттығудың түрі де (дайындық жаттығуы, байқау-сынау жат-тығуы, машықтану жаттығулары, шығар-машылы (творчестволық) жаттығулар, т.б.), өткізу формасы да (ауызша, жазбаша) әртүрлі.

Деңгейлеп-саралар оқыту әдісі 1998-1999 жылдардан бастап оқу үрдісінде жаңаландыруға үлкен үлесін қосып отыр.

Деңгейлеп-саралап оқыту әдісінде жұмыс міндетті түрде үш деңгей I, II, III талаптарынан тұрады. Оның басты мақсаты-топ оқушыларын «қабілетті- қабілетсіз жіктерге бөлмеу.

Сабақта қандай оқушы болмасын, жақсы оқитындығына қарамастан жұмысты I деңгейден орыдайды. I деңгей тапсыр-маларын орындау Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жалпыға бірдей орта кәсіптік білім беру стандарты бойынша арнайы пәндер бойынша дайындық деңгейінде қойылатын талаптардың түсінігі болуға тиісті.

I деңгейді орындаған оқушы «3» деген бағамен бағаланады.

Әрбір оқушы I деңгейді орындауға міндетті және одан жоғары деңгейдегі тапсырмаларды орындауғы құқылы.

Деңгейлеп-саралап оқыту әдісінің екінші жағы - оқушыларды дүниежүзілік білім жүйесінде қолданылатын рейтинг-ұпай жинау әдісіне баулу.

Деңгейлік тапсырмалар рейтинг ұпай-балл жинау әдісімен бағалануы, оқушылардың деңгейлік тапсырмаларды тапсырғаннан кейін де сол тапсырмаларда жіберген қателіктеріне талдау жасап, қателіктері мен кемшіліктерін анықтай білуге мүмкіндік береді. Келесі тапсырмаларда оқушы неғұрлым көбірек ұпай жинау үшін ізденіп, қатардағы жолдастарынан, оқытушыдан, қосымша материалдардан білім жинайды.

Педагогикалық тұрғыдан алып қарасақ, оқушы бойындағы шығарма-шылық іс-әрекетінің /сұрақ, ребус, кроссворд, буклет, т.с.с./ белгілі бір-түріне қызығушылығының қалыптасуына, оның шығармашылық қабілетінің дамуына ықпал тигізеді.

Ал, қызығушылық-дүниедегі заттар мен құбылыстарды белсенділікпен танып білуге бағытталған адамның жеке ерекшеліктерінің бір көрінісі. Қызығу-шылық кезінде оқушы бір нәрсеге қызы-ғып, соған зейін аударады, бір адамның қызығушылығы жан-жақты, ауқымды болып келсе, екінші адамда керісінше өте таяз, тар болады. Қызығушылық тұрақты қасиетке айналғанда ғана оқушы іс-әрекетінен нәтиже шығара алады.

Деңгейлеп-саралап оқытудың тағы бір басты қажеттілігі, оқушыны өз бетімен ізденуге үйрету, олардың шығармашылық бейімділіктері мен икемділіктерін дамыту. Жеке тұлғаның қалыптасып, ой-өрісінің дамуы, белсенділігінің, білім алу қажет-тілігі, оны өмірде іс-тәжірибеде қолдана білуі, шығармашылық міндеттерді ойда-ғыдай шешудің негізгі құралының бірі-оқушылардың өзіндік жұмысы болып табылады.

Деңгейлеп-саралап оқытудың және бір бағыты-тәрбиелік.

«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі тиіс. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», деп Әбу Насыр әл-Фараби шегелеп айтқан болатын.

Қорыта айтқанда оқыту үрдісінің нәтижелі болуы оқытушының сабақ беру шеберлігіне, сабағын қызғылықты жүргізіп, зейін қойдыра білуіне, оқушылардың өзді-гінен білім алуға үйренуіне байланысты.

Сондықтан оқытушы үшін сабақтың жүргізілу жүйесін жетілдіріп, оқу-тәрбие жұмыстарын жүйелеп, сапасы мен тиім-ділігін арттырып, жаңа дұрыс өзгерістер әкелуге, енгізуге барлық күш-жігерін жұмсауға тиіс.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. М.Д. Сақтағанова. «Арнайы пәндер бойынша тиімді әдістерді пайдалану жолдары және олардың нәтижелері» // Қазақстан кәсіпкері № 8 (27) 2005 ж.16-18 б.

2. А.Ж. Өтен. «Әдіс пен тәсіл туралы бірер сөз» //Қазақстан кәсіпкері № 4 2007 ж.24-25 б.

3. С.А. Жандильдина. «Ертеңге қадам бүгіннен басталады» // Қазақстан кәсіпкері № 10 (29) 2005 ж. 25-26 б.

4. С. Тәңірбергенова. // Қазақстан кәсіпкері № 12 (31) 2005 ж. 36-37 б.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2008


 © 2024 - Вестник КАСУ