Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

Қабілеттілікті зерттеу мәселесі

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №1 - 2008

Автор: Оракбаева М.К.

Қазіргі кезде қабілетті балалар мәселесін зерттеуге қатысты фило-софиялық, психологиялық, педаго-гикалық мәліметтер және ғылыми зерттеулер жылдан жылға көбеюде. Алайда, қабілет мәселесі әлі де ғалымдардың күнделікті тақырыптарынан түспейтін, зерттеулерді-ізденісті қажет ететін өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Бұл мәселенің түп тамыры ғасырлар тереңінде жатқаны да белгілі.

Адамның психикалық ерекшеліктері жөніндегі идеялар, оның ішінде қабі-леттілік туралы ойлар сонау ертедегі грек философтардың еңбектерінде, қайта өрлеу дәуірі ғалымдарының және алдыңғы қатарлы әр елдің озық ойлы педагогтардың еңбектерінен бастау алады.

Философияда “қабілеттілік” тұлғаның белгілі бір әрекеттерді орындауға жағдай жасайтын жеке ерекшеліктері дей келе, олар қоғамдық-тарихи әрекеттердің нәтижесінде қалыптасып, әрі қарай дамып отыратынын көрсетеді.

Адамның психикалық ерекшелігі «қабілеттілік» туралы ойлар, сонау антик заманында өмір сүрген грек философтарының еңбектерінде, қайта өрлеу дәуірі ғалымдарының еңбектерінде көптеп кездеседі. Қабілеттілік пен дарындылық тек өнер адамдарда ғана байқалып, жекелеген адамдардың табиғи қабілеттіліктің болуы құдіреті күшті құдайдың жарылқағаны деп есептеген.

Адамдардың қабілетінің табиғаты осы күнге дейін ғалымдар арасында қызған ой-пікір таласын тудыруда. Ғылыми зерттеулер әр адамның қабілетін оның миының көлемі және салмағымен байланысты деп түсіндірді. Кейінірек зерттеулерде ең ауыр ми ақыл-ойы кеміс адамның миы болып шыққаннан кейін, бұл болжамды теріске шығарды. Өмір бақылаулары мен арнайы зерттеулер қабілеттің табиғи берілетінін қалтықсыз дәлелдеп отыр. Көптеген ғалымдар Платонның пікіріне сүйенді. Яғни, қабілеттіліктің пайда болуы тұқым-қуалаушылықтан болады. Ал оқыту және тәрбиелеу олардың ары қарай даму үрдісін жылдамдатады. Оған дәлел ретінде, ұлы танымал адамдарды мысал етті (Моцарт, Рафаель т.б.).

Платонның айтуынша, адамдар өздерінің қабілеттіліктеріне қарай әртүрлі болады, біреулері басқару үшін, біреулері бағыну үшін дүниеге келеді деген. Дегенмен, бұл ойларды теріске шығаруға әрекет жасағандар да болды.

Қабілеттілік туралы ой–пікірлерді дамытудың маңызды кезеңі бұл испан дәрігері Хуан Уарте есімімен байланысты. Ватиканның қарсылығына қарамастан «Исследование способностей к наукам» (1575 ж.) кітабы жарық көріп, барлық Европалық тілдерге аударылды. Оның зерттеулерінің негізгі мақсаты адамдардың жеке басындағы қабілеттілікті анықтай отырып, болашақта кәсіби маман таңдауда ескеру болып табылады.

Ағылшын философы Фрэнсис Бэкон табиғи дарындылықты мойындап, қабілеттілікті дамытуда тәрбиенің маңызды рөл атқаратынын айтқан. Ал Томас Гоббс қабілеттіліктердің түрлерін бөліп көрсетіп, қабілеттіліктерге қатынасында табиғат адамдарда тең жаратты деген.

19 ғасырдың екінші жартысында қабілеттілікті зерттеудің жаңа кезеңі басталды, психологиялық тестілеу, онымен бірге ғылымның жаңа бағыты ретінде даралық ерекшеліктердің психологиясы (дифференциалды психология) пайда болды.

Қабілет мәселесі арнайы психо-логиялық зерттеудің пәні ретінде - ағылшын ғалымы Ф. Гальтон ұсынған адамдағы ерекшеліктердің эксперименттік және статистикалық зерттеулерінің негізінен болып табылады. Ф. Гальтон адамдардың жеке дара ерекшелігі мәселесін зерттеп, 1869 жылдан бастап ғылыми зерттеулер жүргізе бастады. Сонымен бірге ұлы да қабілетті адамдардың өмірлерін бақылай келе кез келген деңгейдегі қабілеттілікте тұқым-қуалаушылық негізгі шарт деген қорытындыға келді.

20 ғасырда неміс психолгі У. Штерн жеке дара ерекшеліктерді зерттеп, жеке даралық психологияның негізін қалады. Сонымен бірге ол адамның ақыл ойын анықтауға арналған «қабілеттілік коэффициентін» ұсынды, әрі ақыл-ой қабілеттілігіне мынандай анықтама берді: «Ақыл-ой қабілеттілігі - өз ойын саналы түрде жаңа талаптарға қарай бағыттайтын, жаңа міндеттер мен өмір жағдайына бейімдейтін жалпы ақыл –ой қабілеттілігі».

Қабілет және дарындылық теориясының негіздерінің қалыптасуына белсене атсалысқан кеңес психологтары Б.М. Теплов, Б.Г. Ананьев, Л.С. Выготский, Н. Лейтес, Л.И. Кузьмина еңбектеріндегі психологиялық тұжы-рымдары дарындылыққа интегралдық жеке тәрбие ретінде жүйелі көзқарас тууына негіз болды, адам қабілеттілігінің құрылымдық бөліктерін анықтауға мүм-кіндік берді.

Қабілет мәселесіне терең талдау жасаған Б.М. Тепловтың пікірінше, қабілетті дамытпау, көрсете білмеу, біртіндеп айырылу дегенді көрсетеді. Оның дәлелдеуінше, белгілі бір күрделі іс әрекетті жүзеге асыруда қабілеттіліктің бір ғана түрі жеткіліксіз, сондықтан бірнеше түрлерінің жиынтығы қажет болады.

Бір адамның бойында бірнеше әртүрлі қабілет болуы мүмкін, бірақ олардың бірі басқаларға қарағанда мәндірек болады. Екінші жағынан бірнеше әртүрлі адамдарда бір ғана қабілет байқалуы мүмкін, бірақ даму деңгейлері бойынша өзара өзгешеленеді.

Б.М. Тепловтың ғылыми зерттеулерін одан ары қарастырған В.Д. Небылицин қабілеттерде және дарын-дылықта ең алдымен жеке даралық айырмашылықтарға назар аудару керек деді.

Адам қабілетінің әртүрлі болуын ұлы физиолог И.П. Павлов сигнал жүйелерінің өзіндік ерекшеліктерімен түсіндіреді. Мұны бала қандай да бір іс әрекетпен айналысқанда көріп байқауға болады. Сигнал жүйелерінің арақатынасының ерекшеліктеріне орай И.П. Павлов адамының жоғары жүйке жүйесінің үш түрін келтіреді. Олар көркем, ойлағыштық және орта түр болып бөлінеді. Бірінші түріне жататындар әсершіл, қызу қанды, ашық, ақжарқын, болып келсе, екінішілері көргені мен естігенін әуелі ой елегінен өткізіп, талдағанды, саралағанды жақсы көреді, ал үшіншілері аса талантты, дарынды жандарды қамтиды. Адамның қай түріне жататындығына қарай оның қабілетін де анықтауға болады. Қандайда болмасын бір нәрсеге қабілеті болмайтын адам болмайды. Ол біреуде күшті, біреуде шамалы болып келуі мүмкін.

Б.Г. Ананьев еңбектерінде қабілет және дарындылық жеке адамның мінезімен, темпераментімен, өмірлік бағыт-тылығымен және жеке даралық психикалық дамуымен байланысты жеке адамның жалпы құрЫлымының қандай да бір бөлігі ретінде қарастырылды.

Белгілі психолог С.Л. Рубинштейн қабілеттіліктің шығу тегі психикалық үрдістерден пайда болады деген-ді. Ол қабілеттің құрамының, құрлымының анықтамасын жасайды: қандай да бір іс-әрекетті орындауға адамды жарамды ететін әрбір қабілеттің құрамына, үнемі әрекеттің бірқатар операциялары немесе тәсілдері енеді, кейін солар арқылы іс әрекет жүзеге асады.

Н.С. Лейтес дарынды балаларды зерттей келе, олар еңбекке тартым-дылығымен өзгешеленетін және «еңбектен қанағаттануды» сезінетін нағыз кішкентай еңбекқорлар болып табылады, деп көрсетеді. Бұл тұжырым маңызды ереже жасауға итермелейді. Еңбекке бейімділік дарындылықтың көрінуі ретінде болады.

В.А. Крутецкий, өзінің көрсеткен классификациясында: икемділік, тез байқағыштық, еске сақтау, терең ойлау қабілеті бар, оның келешекте мамандық таңдауына көп көмектесетінін айтқан. Сонымен бірге В.А. Крутецкий өзінің математикалық қабілеттіліктің құрлымын зерттеген еңбегінде, егер қабілеттіліктер деген ұғымды жеке психикалық қасиеттер деп түсінсек, онда дарындылық дегенді адамның ерекше қабілеттіліктерінің жиынтығының бірлігі деуге болады деп тұжырымдайды.

Қабілет адамның әрекеттің бір түрімен айналысуға мүмкіндік беретін бейімділікте байқалады. Бейімділік пен қабілеттілік бір бірімен тығыз байла-ныстағы туыс ұғымдар. Өйткені адамның бір нәрсеге қабілеттілігі оның бір нәрсеге бейімділігіне орай қалыптасады.

Бейімділік адамның белгілі бір әрекетпен айналысуға деген құлшынысы оянып келе жатқан қабілеттің алғашқы белгісі.

С.А. Изюмова мнемикалық қабілет-терді және оның табиғи алғы шарттарын комплексті зерттеу және оның оқу әрекетіндегі нәтижелілігімен салыстыру мәселесін көрсетті.

Э.А. Голубеваның зерттеулері көрсеткеніндей таным функцияларының жеке даралық типтік ерекшеліктерінде өте айқын көрінетін дихотомия – вербалды және вербалды емес болып табылады. Бұл танымдық қабілеттердің ең негізгі психологиялық сипаттамасының негізгі мәні физиологиялық деңгейде түсін-діріледі: олардың қалыптасуының «релевантты» табиғи негізі болып жоғары жүйке әрекеттерінің арнайы адамға тән типі болып табылады.

М.А. Матова, З.Г. Гуровская зерттеулері көрсеткендей, 9-10 жасар балалардағы таным қабілеттерінің сипаттамасы да вербальды емес функцияның басым күштілігімен, қабылдау, ес және ойлаудың образдылығы мен эмоционалдылығымен, сөйлеудің локализациясының оң жарты шарлар типіне тән етуге қарағанда көру латерализациясының күштілігімен байла-нысты.

Е.П. Гусеваның зерттеулері көрсеткендей, оқушылармен жүргізілген зерттеулер білімді меңгеру деңгейінде және үйренудің нәтижесінде көрінетін жалпы қабілеттің компоненті ретінде естің мәні туралы айтады. Мәліметті мағыналы көшірумен байланысты мнемикалық қабілеттер барлық мектеп пәндерін меңгеруде көрінеді.

Танымдық қабілетті зерттеуде балалардың дамуындағы жас ерек-шеліктерге көп көңіл бөлінді. Н.С. Лейтес, жеке балалар жас ерекшеліктеріне тән қабілеттердің дамуының алғы шарттары – жеке даралық қабілеттердің дамып өсуінің негізі, - деп жан – жақты негізделген тезис жасайды. Бұл ереже Е.П. Гусеваның зерттеуіндегі 6 және 14-16 жасар балалардың жас және жеке даралық ерекшеліктерін салыстыруға байланысты жүргізілген экспериментпен дәлелдене түсті.

Барлық қабілеттің түрлерінің дамуын қамтамасыз ететін ең негізгі фактор – іс әрекет, олай болса балалардың негізгі іс - әрекеті ойын әрекетін белсендіре отырып, шығармашылық қабілетті дамытуға болатындығы дәлелдене түседі. Онымен байланысты дарындылық факторы ретінде еңбек қабілеттілігі жатады.

Жалпы және еңбек психологиясындағы білімдарлық - қабілеттілікті анықтаудың бірден бір параметрі Н.А. Мечинскаяның пайымдауынша, білімді игеруге деген қабілеттілік білімдарлықтың негізі болып есептеледі.

Қабілетті анықтаудың біршама сенімді, дұрыс жолы – бұл іс - әрекет барысында оның нәтижелік динамикасын көрсету. Кез–келген іс- әрекеттің орындалу нәтижесі өз алдына қандайда бір жеке қабілетті анықтаумен емес, әрбір адамдағы өзіне тән қабілеттердің үйлесімділігімен анықталады.

Қабілет – бір немесе бірнеше іс - әрекеттерді нәтижелі орындауға қатысы бар жеке даралық психологиялық ерекшелік және өзінде бар дағды, ептілік және білімдерге сәйкестенбестен–ақ бұл білім мен дағдыларды жеңіл әрі тез меңгерумен түсіндіруге болады деп жазады. Қабілет бұл дамудың нәтижесі, ал нышан - қабілет дамуының негізінде туа пайда болған анатомиялық–физио-логиялық ерекшелік. Қабілетті реалды зерттеуші оны туа және жүре пайда болған «қоспалық» деген түсінік жұмыс істейді және ол үшін де, потенциалды мүмкін-шіліктері бар

Жеке адамның психологиялық қасиеті ретінде адамның қабілеттер сапасы, көлемі бойынша, олардың үйлесімділігінің өзіндік ерекшелігі, даму дәрежесі бойынша бөлінеді. Әрбір адам негізінде жеке даралық сипат болады: конституциялы ерекшеліктері, мидың нейродинамикалық қасиеті, ми жарты шарлардың функционалды ассиметриялық өзге-шеліктері және т.б.

Американдық ғалым Блум әйгілі адамдарға зерттеу тәжірибесін жүргізіп, оның нәтиже көрсеткішінен, осы адамдардың қабілеттерінің толық даму-ының тәрбиелік және білімділік әдістерінің моделін ұсынды. Блумның айтуынша, қабілеттің ерте дамыған түрлері, егер белсенділік және арнайы оқыту әдістері болмаса, ол ары қарай дамымағандықтан, күйреуге ұшырайды.

Шетел психологиясында жалпы және арнаулы қабілеттіліктердің бөлінуі факторлық талдаудың көмегімен алынған әртүрлі факторларға негізделді. Бұл зерттеулерді Ч. Спирмен, Дж. Гилфорд, Л. Терстоун, Э.П. Торренс, Р.Б. Кэттел т.б. жүргізіп, эксперимент нәтижесінен алынған мәліметтермен дәлелдеді.

Ал қазақ топырағында жеке тұлғаның қабілетін дамыту мәселелерін 19 ғасырда өмір сүрген қазақ ағартушылары А. Құнанбаев, Ы. Алтынсарин, Ш. Уалиханов шығармалаларынан көруге болады. Абай атамыз адамды қоршаған орта – табиғаттың бір бөлігі дей келе, табиғаттың адам баласына берген керемет сыйы - туылғаннан бастап білуге, түсінуге деген ұмтылысы деп есептейді. Адамның ойы мен санасы еңбек іс әрекеті нәтижесінде қалыптасып, дамиды деп тұжырымдайды.

Ш. Уалиханов жеке тұлға тәрбиесінде білім мен тәрбие шешуші рөл атқарады, адам қабілетінің дамуына бейімділігінің, ынтасының маңыздылығы зор екенін айтады.

20 ғ. алғашқы ширегіндегі қазақ ғұламалары мен қоғам қайраткерлері А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, М. Дулатовтардың педаго-гикалық мұраларында білім беру үрдісінде балалардың қызығушылығы мен қабілеттілігін қалыптастыру мәселесін ескеру керектігі баса айтылған. Ж. Аймауытұлы «Психология және мамандық таңдау» еңбегінде белгілі ғалымдардың зерттеулеріне сүйеніп, мамандықты адекватты таңдай білуге арналған кеңестерін ұсынды. Оның пікірінше, адамға табиғат сыйлаған қасиеттермен санаспаса болмайды деп, іштен туа біткен қабілетке үлкен мән береді. 19 ғасырда ол Бостон қаласында кәсіби бағдар беру ұйымы құрылғанын, мұның жұмысына мектеп басшылары, мұғалімдерімен қатар, зерттеу жұмыстарының нәтижелеріне мүдделі әр түрлі қоғам өкілдері қатысып отырғанын, алынған мағұлматтарды бір бірімен салыстырып, математикалық өңдеуден өткізген соң, зерттеуші әр баланың жеке қасиеттері қай кәсіпке сай екенін айқындағанына тоқталады. Демек, бұл жағдай әр шәкірттің, оның ата-анасының да мамандық таңдау мәсе-лесіндегі жағдайын жеңілдетіп, болашақта өз қабілетіне лайық қандай мамандықты таңдап алуға болатынын анықтауға көмектеседі деген.

Ж. Аймауытұлы әр адам белгілі бір кәсіптің түрін таңдап алатынын, мұнда ол өзінің тұрмысынан бірілетін ерек-шеліктерін, іс-әрекеттің қандай түріне бейім екенін аңғара алуы керек дейді. Сонда ғана ол өзіне қажетті мамандықты дұрыс таңдай алады.

Мағжан Жұмабаев өзінің «Педа-гогика» еңбегінде адамның жалпы рухани дамуы туралы айта келіп, жеке тұлға мәселесін ақыл-ой қабілеттілікпен тығыз байланыста қарастырады.

Соңғы 30-40 жыл ішінде психологтар мен басқа да ғалымдар арасында қабілеттің дамуында биологиялық фактор мен тіршілік ортасының, әсіресе әлеуметтік ортаның қатынасы мен ықпалы жайында пікір айтыстары болып келгені мәлім. Дегенмен, мұндай пікірталастар белгілі бір тұрақты қорытынды шешімге келе алған жоқ.

Кез келген адамзат бала кезден өмірде үлкен жетістіктерге жетуді армандайды. Кейбіреулерінде ерте кезден бастап белгілі бір іс - әрекетке қабілеттілік байқатады (би билейді, сурет салады, , өлең айтады, белгілі бір музыкалық құралда ойнайды, мүсін са-лады), ал басқа біреулерінде қандай да бір әрекетке бейімділігі байқалмай қалады. Бірақ, бұл қабілеттілікті қалыптастырып, жүйелі дамытып отырмаса, ол қасиет жас өскен сайын бірте – бірте жойыла бас-тайды, жас жеткіншектің болашақ кәсіби өміріне бағыт – бағдар бере алмайды.

Қабілет түсінігінің бүгінгі ғылым қабылдап отырған анықтамалар төмен-дегідей:

1) Қабілет – бір адамды екіншісінен ерекшелендіретін дара психологиялық ерекшелік;

2) Қабілет барша тұлғаға тән болған ортақ сапа емес, кей адамға ғана дарыған қандайда бір не бірнеше іс-әрекетті табысты орындауға жарайтын өзара ептілік;

3) Қабілет - нақты адамда топталған білім, ептілік және дағдылардан оқшау қажет әрекетті игеру желісінде ғана көрінеді.

Сонымен жоғарыдағы анықтамаларға негізделіп, мынандай қорытынды жасауға болады, яғни, қабілеттер – іс - әрекетте көрінетін және оның орындалуының шарты болып табылатын адамның жеке даралық психологиялық ерекшелігі. Қабілетке білімді, ептілікті және дағдыны меңгеру процесінің жылдамдығы, тереңдігі, жеңіл-дігі және мықтылығы жатады, бірақ қабілеттің өзі білім мен ептілікке әкеп соқпайды. Зерттеулер бойынша қабілет - өмірлік қалыптасу, олардың дамуы жеке даралық өмір барысында жүреді, ал орта, тәрбие – оларды белсенді қалыптастырады.

Қазіргі әлеуметтік – экономикалық жағдайда кәсіби жетістікке қабілеттілік, білімділік, шығармашылық арқылы ғана жетуге болады. Сондықтан ата – аналар, мұғалімдер дер кезінде балалардың жеке қабілеттілігін, бейімділігін анықтап және оны дамытса, оның негізінде олардың болашағына бағыт берсе – бүкіл дүние жүзіне өзінің елдігін, саясатын танытатын жан – жақты дамыған дарынды тұлға болып қалыптасуына көп ықпалын тигізері хақ. Осы аталған мәселенің өзектілігі соншалық, жеке тұлғаның қабілеттілігін дер кезінде анықтап, оны қолдап отыру қажеттілігі дәлелдеуді қажет етпейді. Олай болса, қабілет өніп, өркендеуі үшін қолайлы жағдай мен сыртқы ортаның қажетті факторларын талап етеді.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Ананьев Б.Г. О Проблемах современного человекознания. - М.: «Наука», 1977.

2. Дружинин В.Н. Психология общих способностей – Спб.: «Питер Ком», 1999

3. Ждан А.Н. История психологии. От античности до наших дней. - М., 1990.

4. Жарықбаев Қ.Ж. Аймауытұлының психологиялық көзқарастары. - Алматы, «Білім», 2000.

5. Жарықбаев Қ., Қалиев С. Қазақ тәлім-тәрбиесі. – Алматы: «Санат», 1995.

6. Жұмабаев. М. Шығармалары. – Алматы: «Жазушы», 1989.

7. Ильин Е.П. Психология индивидуальных различий. – СПб.: «Питер», 2004.

8. Еникеев М.И. Общая и социальная психология. Учебник для вузов. – М.: «НОРМА», 2002.

9. Лук А.Н. Мышление и творчество. - М.: «Политиздат», 1976.

10. Рубинштейн С.Л. Основы общей психологии. - СПб.: «Питер Ком», 1999.

11. Столяренко Л.Д. Основы психологии: Учеб. пособие. – Ростов н/Д.: «Феникс», 2005.

12. Лейтес Н.С. Возрастная одарённость и индивидуальные различия. – М., 1997.

13. Ярошевский М. Г. История психологии. - М., 1985.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №1 - 2008


 © 2024 - Вестник КАСУ