Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

Нарық экономикасы кезеңінде, ауылдық жерлерде дене тәрбиесі және спорт жұмыстарын ұйымдастырудың негізгі бағыттары

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №1 - 2008

Авторы: Русанов В.П., Уанбаев Е.К.

Қазіргі нарық экономикасы кезеңінде, көптеген қайта құрулардан кейін орындалып жатқан ауылдық жерлердегі дене мәдениеті және спорт жұмыстары, Кеңес уақыты кезеңіндегі деңгейге әлі келе қойған жоқ. Аудан әкімшілігі құрамындағы дене мәдениеті және спорт бөлімі қызметкерлері, аудандағы білім бөліміне қарасты бастапқы әскери дайындық және дене тәрбиесіне жауапты әдіскер, өз мүмкіншіліктері бойынша жұмыс істеп жатқандарымен, ол жұмыстарды ұйымдастыру бағыттарын әлі анық бағдарлаған жоқ.

Шығыс Қазақстан облысының аудандарында сауалнама жүргізу, керек құжаттарды талдау, спорт базалары, дене тәрбиесі және спорт жұмыстарының ұйымдастырылуын зерттеу, кәсіби мамандармен ақылдасу сияқты ғылыми зерттеу жұмыстары арқылы біз ауылдық жерлердегі дене тәрбиесі, сауықтыру дене тәрбиесі, спорт және көпшілік спорт жұмыстарының негізгі бағыттарын белгіледік. Ол бағыттар:

1. Мектеп оқушыларының дене тәрбиесі және спорт жұмыстары.

2. Жұмыс істейтін жастар және үлкен жастағы адамдар арасындағы спорттық және сауықтыру жаттықтырулары, жарыстар.

3. Көпшілік спорт жұмыстары.

4. Жоғары жетістіктер спорты.

5. Кадрлар мәселесі.

6. Материалдық спорттық базалар мәселесі.

Осы белгіленген ауылдық жерлердегі дене тәрбиесі, сауықтыру дене тәрбиесі, спорт және көпшілік спорт жұмыстарының негізгі бағыттарын қалай дамытуға болады, қалай тиімді жұмыс істеуге болады, сол мәселелерге жеке-жеке тоқталайық.

1. Мектеп оқушыларының дене тәрбиесі және спорт жұмыстары.

Қазіргі нарық экономикасы кезеңінде Қазақстан мемлекетінің ауылдық жерлердегі мектептері, олардағы жағдай бірталай өзгерістерге ұшырады. Ол өзерістер: 1. Ауыл мектептерінде оқушылар саны азайды. Ол көптеген адамдардың нарық экономикасына байланысты аудандық, қалалық жерлерге көшіп кетуіне, жанұядағы бұрынғы кезге қарағанда балалар саны азайғанына байланысты деп түсіндіруге болады. 2. Аз кешенді мектептер саны көбейді. 3. Компьютерлендіру заманы туды, мектептердің негізгі қаржылары электрондық жабдықтау жағына ауысты. 4. Ауылдық жерлерде компьютер, тарелкалы теледидар көбейді, балалар аз қимылдайтын, аз ойнайтын болды. Ол ауылдық жердегі оқушылар арасында қимыл тапшылығын (гиподинамия) туғыза бастады. 5. Мектеп бітірген оқушыларды қорытынды тестілеу кіргізілгелі, үлкен сыныптарда дене тәрбиесі сабақтары тестке дайындалуға арналып кетті.

Осы көрсетілген ауыл мектебіндегі жағдайлар дене тәрбиесі және спорт жұмыстарының нашарлауына әкелді. Мектептер компьютерлік жабдықтауға ауысқаны себепті спорттық құрал жабдықтау өте аз мөлшерде алынды. Кеңес кезеңіндегідей орталық қамтамасыз ету өзгертілді, Қытайдан келіп жатқан спорттық құрал - жабдықтар сапасыз ұзақ пайдалануға жарамсыз болып қалды.

Осы себептерді ескере отырып ауылдық жерлерде дене тәрбиесі және спорт жұмыстарына көп мән берілуі қажет. Ауыл мектептерінде дене тәрбиесі сабақтары бір жетілік циклде дұрыс, сабақ кестесіне күн аралатып қойылуы керек. Ауылдық жерлерде дене тәрбиесі сабақтары, күн тәртібі ішіндегі сауықтыру шаралары (сабаққа дейінгі гимнастика, ұзақ үзіліс кезіндегі дене жаттығулары мен қозғалмалы ойындар, теориялық сабақтар кезіндегі сергектік сәттері, ұзартылған күн топтарындағы «спорт сағаттары»), спорт түрлерінен жаттықтырулар, жарыстар, саяхат, жорықтар, президенттік сынама, президенттік көпсайыс жұмыстары, спорттық мерекелер әрбір мектепте өткізілуі, жүргізілуі керек. Мектеп басшылары, орынбасарлары, сынып жетекшілері, дене тәрбиесі, бастапқы әскери дайындық мұғалімдері, ата-аналар, ауыл әкімі, шаруашылық басшылары балалардың денсаулығы, оған дене жаттығуларының маңызы туралы терең түсініп, олардың келешектері үшін жұмыс істеп, оларға қамқор бола білулері керек.

Ауыл мектептерінде сыныптан тыс жүргізілетін жұмыстар төмендегідей түрлерге бөлінеді:

1. Спорт түрлерінен өткізілетін жаттықтырулар (үйірмелер). Дене тәрбиесі мұғалімдері арнайы орта және жоғарғы оқу орындарында оқыған кездерінде жаттыққан, теориясы мен әдістемесін оқыған, разрядтары бар спорт түрлерінен, мектепке жұмысқа орналасқан кездерінен бастап үйірме жұмыстарын ұйымдастырады, жаттықтырулар жүргізеді.

2. Мектептегі жаттықтырулар ұйымдастырылған спорт түрлерінен өтетін жарыстар. Спорт түрлерінен өткізілетін жарыстарға оқушылардың тұрақты айналысып жүрген спорт түрлерінің жарыстары жатады. Ол жарыстар: мектепішілік біріншілік, басқа мектептің оқушыларымен жолдастық кездесулер, аудандық, қалалық, облыстық, республикалық жарыстар т.б. жарыстар.

3. Президенттік сынама сынақтарына дайындық және сынама нормаларын тапсыру шаралары. Президенттік сынама жұмысына жеке жоспар құрылып, комиссия құрамы бекітілуі керек.

4. Жазғы және қысқы Президенттік көпсайыс. Президенттік көпсайыс спорт түрінің жарыстарына дайындық және оған қатысуға барлық оқушылар ат салысуы керек. Жас ерекшелік топтарына байланысты мектепішілік жарыстарды ұтқан оқушылар ары қарай аудандық, қалалық, облыстық жарыстарға қатысады, спорттық разрядтар нормаларын орындайды.

5. Спорт түрлерінен өткізілетін жарыстар. Оқушылар арасында кең тараған жалпы мектепішілік спорт түрлері жарыстары.

6. Туристік жорықтар, саяхаттар. Спорттық жорықтар, саяхаттар жергілікті жердегі тарихи орындарға, табиғаты жақсы жерлерге, тауларға, өзен, көлдерге бару, танысу, көру мақсатында бір, екі, үш одан да көп күндерге созылып өткізілуі мүмкін. Жорық кездерінде оқушылар ұзақ қашықтыққа жүк көтеріп жүру, әртүрлі кедергілерден өту, күрке (палатка) құру, от жағу, тамақ пісіру ж.т.б. жорық дағдыларын меңгереді.

7. Денсаулық топтары. Оқушылар мен мұғалімдерге арналған, денсаулықтарын нығайту, дене қуаты дайындығы деңгейлерін жоғарылату мақсатында жүргізілетін жаттықтырулар.

8. Спорт мерекелері. Оқу жылының ортасында, аяғында спортты насихаттау, дене тәрбиесі және жұмыстарын қорытындылау, спортшыларды марапаттау, көңіл көтеру мақсатында жүргізілетін спорт кеші.

2. Жұмыс істейтін жастар, ересек, орта және үлкен жастағы адамдар арасындағы спорттық және сауықтыру жаттықтырулары.

Ауылдық жерлердегі адамдар арасындағы спорттық және сауықтыру жаттықтыруларын, жарыстарын дұрыс, сапалы орындау үшін біз ауыл адамдарын мына төмендегі көрсетілген жас топтарына бөлуді ұсынамыз:

1. Жастар. Ауылдық жерлердегі жұмыс істейтін жастар құрамына: мектеп, колледж, институт, университет бітіріп, білім алған, Қазақстан қарулы күштері қатарында қызмет етіп келген, қазіргі кезеңде ауылдарда жұмыс істеп жүрген 16-29 жас аралығындағы қыздар мен жігіттер жатады.

2. Ересек жастағы адамдар. Ересек жастағы адамдардың жастарын екі кезеңге бөлдік. 1-ші кезең 30-39 жас аралығындағы адамдар, 2 -ші кезең 40-49 жас аралығындағы адамдар.

3. Орта жастағы адамдар. Бұл жастағы адамдарды ер адамдар және әйел адамдар деп екі топқа бөлдік. Ер адамдардың жастары 50 – 62, әйел адамдардың жастары 50-59 жас аралығы.

4. Үлкен жастағы адамдар. Бұл адамдар зейнеткер жасындағы адамдар. Ер адамдар 63 жастан жоғары, әйел адамдар 58 жастан жоғары.

Осы төрт топқа бөлінген адамдар өз ауылдарында барлық мүмкіндіктері бойынша спорттық және сауықтыру жаттықтыруларына қатысулары қажет болады. Ол үшін ауылдың спорт нұсқаушысы, мектептің дене тәрбиесі мұғалімдері, спорт түрінің жаттық-тырушылары үгіт, насихат, түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек. Адам дене жаттығуларының ағзасына пайдалы әсерін білмей, ұқпай өз бетімен тұрақты, жүйелі жаттықтырулар жасап кетеді деу қиын. Сондықтан ауыл адамдарын жинап дәрістер, әңгімелер, диспуттар, пікір-таластар, спортшылармен кездесулер, спорт жаттығуларынан көрсетілімдер өткізілуінің өте үлкен пайдасы бар.

Жұмыс істейтін жастар, ересек, орта және үлкен жастағы адамдар арасында (бұл топтарға мектеп мұғалімдері де кіргізіледі, ауыл интеллигенциясы спорт жұмыстарында алдыңғы қатарлардан табыла білуі қажет) ауыл жағдайында, төмендегідей спорт, көпшілік спорт және сауықтыру дене тәрбиесі жұмыстарын жүргізуге болады.

1. Жастар арасында спорт түрлерінен жаттықтыру сабақтары, жарыстар. Бұл спорт түрлеріне жекесайыс түрлері: күрес түрлері, бокс, семсерлесу (фехтование); жеңіл және ауыр атлетика, гимнастика т.б. спорт түрлері кіреді. Жаттықтырулар спорт залдарында, спорт алаңдарында ең кемінде жетісіне үш рет, бір жарым- екі сағаттан өткізіледі.

2. Қазақтың ұлттық спорт түрлерінен жүргізілетін жаттық-тырулар. Осы ұлттық спорт түрлерін жіктестірсек, топтастырсақ, мынандай топтарға бөлуге болады:

А) Бәйге, ат жарысы. Бәйгенің өзі аламан бәйге, құнан бәйге, жорға бәйге, қысқа қашықтықтарға (5,10,15 км) ат жарыстыру бәйгесі болып бөліне береді. Ауылдық жерлерде ат спорты соның ішінде атқа шабу, атты баптау жағына көп мән беру қажет. Бұл жерде негізгі орынды жылқы, жылқыны баптауға ерекше мән берген дұрыс болады. Тарихқа көз жүгіртсек хандық, одан бері Қазақ хандығының Ресейге қосылған кезінен бастап, ат баптаған атбегілердің ат баптаулары өте құпия түрде орындалған. Олар өздерінің ат баптау әдістемесін көп айтып жалпақ жұртқа таныта бермеген. Ол құпиялық ел, жер, ру намысына байланысты болса керек. Қазір Қазақстан жерінде халық арасында ат, тұлпарлар ұстау, жарысқа қосу жақсы өрістеуде.

Б) Ат үсті ұлттық спорт түрлері. Көкпар, аударыспақ, теңге алу, қыз қуу, жамбы ату. Бұл ат үсті ұлттық спорт түрлері жігіттің, қыздың аттың үстінде мықты отыруына, ат үстінде әртүрлі қимыл әрекеттерді дұрыс орындауына, қол, иық, арқа, кеуде, аяқ бұлшық еттерінің күштеріне, оның жетілуіне, ат үстіндегі жылдамдық, төзімділік, икемділік, ептілік, күш сияқты дене қуаты қасиеттерінің үйлесімді даму деңгейіне көп байланысты.

В) Ақыл-ой жетілдіретін спорт түрлері. Тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат.

Г) Жекпе-жек спорт түрлері. Қазақша күрес.

Осы ұлттық спорт түрлерінен жаттықтырулар, жарыстар, әртүрлі көрсетілімдер ауылдық жерде ұйым-дастырылып өткізіліп тұруы қажет. Оның жүргізілу түрлері, әдістері, амалдары спорт нұсқаушыларының, әдіскерлердің біліміне, кәсіби шеберлігіне байланысты.

3. Спорт ойындарымен айналысатын топтар: волейбол, баскет-бол, футбол т.с.с. Спорт ойындарымен айналысатын топтарға жаттықтыруларды дене тәрбиесі мұғалімі немесе мұғалімдер арасынан разряды бар адамдар жүргізеді.

4. Жүгіруді жақсы көрушілер тобы. Бұл топ жаттықтыру уақытында ауыл мектебінің спорт залында немесе спорт орталығында жиналып, мектеп стадио-нында, спорт алаңында немесе мектеп маңындағы орман, тау, жазық жерлердің соқпақтарымен жүгіреді. Жүгіру әдістемесін, жүктеме мөлшерін мектептің дене тәрбиесі мұғалімдері белгілеп береді.

5. Жалпы дене қуатын дамыту топтары. Бұл топ дене қыздыру жаттығуларынан кейін мектеп немесе спорт орталығындағы спорт залдарда, жазда спорт алаңдарында стандартты емес снарядтарда, штанга, гир, гантельдермен жаттығады. Дене жаттығулары кешенін мектептің дене тәрбиесі мұғалімі құрастырады.

6. Әйелдерге арналған: аэробика, шейпинг, у-шу, әртүрлі гимнастикалық топтар. Жаттықтыруларды дене тәрбиесі мұғалімі немесе осы спорт түрлерінде тәжірибесі бар басқа пәннің мұғалімдері жүргізеді.

7. Мұғалімдер арасындағы, ауылдар арасындағы, мемлекеттік қызметкерлер арасындағы аудан, қала, облыстық жарыстарға команда дайындау, қатысу.

8. Өз беттерімен жаттықтырулар жасау. Сауалнама зерттеу жұмыстары анықтағандай көптеген ауыл адамдары жеке өз беттерімен жүгіру, шаңғы тебу, жалпы дамыту жаттығулары, снарядтармен жаттығулар, велосипед тебу т.б. көптеген дене жаттығулары түрлерімен айналысады. Ауылдың дене тәрбиесі және спорт белсенділері осы адамдарға арнап әдістемелік сабақтар өткізіп, жаттықтыруларын бағыттап дұрыс арнаға салып отырса дұрыс болады.

3. Көпшілік спорт жұмыстары.

Көпшілік спорт жұмыстарына көп адамдар қатысатын, көпшілік түрінде орындалатын, нәтижесі көп адам саны қатысуымен бағаланатын спорттық жаттықтырулар, дене жаттығулары және жарыс түрлері жатады. Олардың ауыл жағдайларында орындауға болатын түрлеріне сипаттама берейік:

1. Президенттік сынама жұмысы. Ауылдық жерлерде, ауыл жағдайында жүргізілуге болатын, міндетті түрде жүргізілуі керек президенттік сынама жұмысы. Президенттік сынама жұмысы ауылдық жерлерде өте жылдам шешімін табатын мәселе болуы қажет. Президенттік сынама сынақтарын тапсыру бүкіл ауыл адамдарын қатыстыра, салтанатты, әсем безендіріле, мемлекеттік ту көтеріліп, әнұран ойналып, жауапты адамдар, басшылар, ауыл ақсақалдары сөз сөйлеп, тиянақты дайындалынып, өткізілуі керек. Президенттік сынама сынақтарын тапсыруға 12 жастағы оқушылардан бастап, тоқсандағы қарияларға дейін қатыстырылуы керек. Қазақстан мемлекеті Үкіметінің 1996 жылғы 24 маусымдағы № 774 қаулысы бойынша Президенттік сынама сынақтарын 12 жастағы 5 - сынып оқушыларынан бастап 23 жасқа дейінгі жастар тапсырса, 23-89 жастағы адамдар 1,5 милді (2400 метр) уақытқа жүгіріп өтуі керек. Қанша уақытқа жүгіретіндіктері арнайы кестеде көрсетілген. Ал 90 жас, одан жоғары жастағы адамдар осы қашықтықты уақыт есептемей жүгіріп немесе жүріп өтуіне болады.

2. Президенттік көпсайыс спорты. Президенттік көпсайыс спорт түрі ретінде 1997 жылы спорт және туризм министрлігі бұйрығымен бекітілген спорт түрі. Спорт түрі болатыны себепті Президенттік көпсайыс жарыстарына қатысып разрядтар, спорт шебері атағын орындауға болады. Президенттік көпсайыстың жазғы және қысқы түрлері жаттықтыруларына көп адамдарды тартып, жарыстарға қатыс-тырып, разрядтар орындатуға болады. Ауыл адамдары осы спорт түрінің қызығына кіріп алса ауыл спортын көтеру кезіне бұл спорт түрі таптырмайтын амал болар еді.

3. Спорттық саяхаттар, жорықтар. Ауыл адамдарының өзі роман-тиктер ғой. Осы ауыл маңындағы тарихи, әсем тау, өзен, көл жерлерге саяхаттап барып, ойнап күліп неше түрлі қимыл қозғалыстар жасап , таза ауа жұтып, түскі тамағын таза ауа аясында ішіп, қайтып келсе. Адам баласы осыған үйренсе, шіркін, сонан соң үйде тоқтамас еді. Біз қазір теледидар, видеофильм, компьютер деп диванда жатып жаман үйренгеміз. Балаларымызды саяхаттарға, үш-төрт күн барып қона жатып келетін жорықтарға үйретсек қандай тамаша болар еді.

4. Ас беру, сүндет той, наурыз той, айтулы мерекелер. Осындай қазақ ауылдарында халық көп жиналатын мейрамдардың бәрін спорттық көпшілік шараларына айналдыру керек. Ас беру немесе мерекелер кезінде қазақтың ұлттық спорт түрлерімен қатар классикалық спорт түрлерінен жарыстар өткізілуінің маңызы зор. Ауыл жастарының классикалық спорт түрлеріне, әлем халықтары қатысып отырған Олимпадалық спорт түрлеріне деген көзқарастарын жақсарту, қызы-ғушылықтарын тудыру үшін тұрақты насихаттар жүргізуіміз керек. Осы көпшілік шаралар кезінде, халық көп жиналған кездерде дене тәрбиесі жаттығуларының, спорттың маңызы, адам ағзасына жағымды әсері туралы дәрістер, әңгімелер өткізіліп тұрса өте жақсы болар еді. Өйткені адам баласы әр нәрсенің қажеттілігін, керектігін түсінбей оған ұмтылмайды. Дене жаттығуларының керектігін, жаңбыр жауғандағы қолша-тырдың керектігіндей екенін түсіндіре білуіміз қажет. Денсаулықты нығайтуда, жасымызды ұзартудағы ең тиімді жол – дене жаттығуларымен жүйелі, тұрақты айналысу екенін ыңғайы келген жерде, әр ауыл адамының саналарына құю керек.

5. Атақты, халық арасында беделді, халыққа еңбегі сіңген адамдардың атындағы немесе өмірден өтіп кеткен адамдарды еске алу турнирлері. Бұл турнирлер халық арасына көп тараған спорт түрінен немесе сол адамның өзі айналысқан спорт түрінен болуы мүмкін. Жарыс сол адамды еске алу, қадірлеу, спорт түрін насихаттау, мықты спортшыларды анықтау мақсатында өткізіледі. Жарыстың тәрбиелік мәні де өте зор. Жарыстар күнтізбе жылдық жарыстар жоспары бойынша өткізіледі.

4. Жоғары жетістіктер спорты.

Жоғары жетістіктер спортын аудан-дарда жақсы дамыту, деңгейін жоғарылату үшін мынандай тиімді жолдар ұсынамыз:

1. Бағдарлау және іріктеу жұмыстары. Ауылдық жерлердегі дарын-ды талантты балаларды табу, оларды анықтау үшін біз мақсатты түрде жұмыстар істеуіміз керек. Әрбір мектептің дене тәрбиесі мұғалімдері өз сыныптарындағы балаларды білуі, оның қай спорт түріне икемі бар екенін анықтауы қажет. Қабілетті, дарынды оқушыларды мектептегі, спорт мектебіндегі немесе филиалындағы спорт түрлерінен жүргізіліп жатқан спорт секциясына бағыттауы керек. Ауылдық жерлерде ондай спорт түрлерінен спорттық жаттықтырулар жүргізіліп жатпаса, дарынды балалар аудандық, облыстық, республикалық спорт интернаттарға жіберілуі қажет. Біз спорт мамандары ауылдық жерлердегі балалардың біреуін қалдырмай анықтап спортқа қабілетті, дарынды балаларды елеусіз қалдырмауымыз керек. Сондай көзқарасты бізден патриоттығымыз, елдік намысымыз талап етеді.

Іріктеу дегеніміз спорт түрлеріне жаттықтыруға келген оқушыларды жаттықтырушының кәсіптік шеберлігін пайдаланып, дұрыс іріктеп алуы. Ол бапкерден тиянақтылықты, ыждахат-тылықты, өз жұмысына, бала тағдырына жауапкершілікті талап етеді. Әр бапкер келешек бала тағдырына, Қазақстандық үлкен спортқа жауапкершілікпен қарауы, өз спорт түріне балаларды дұрыс іріктеп алуы қажет.

2. Аудандарда көптеп спорт мектептерін ашу, ашылған спорт мектептерінде спорт түрлерін, соның ішінде классикалық спорт түрлерін көбейту, аудандық спорт мектептерінен ауылдарда көптеп филиалдар ашу жұмыстары. Бұл өте жауапты жұмыс, өйткені оқушылар спорт түрлерімен айналысқысы келеді, ал ауылдарда сол спорт түрінің секциясы жұмыс істемейді. Бізге жоғарғы оқу орнындарына ауылдардан жалпы дене қуаты жақсы жетілген балалар оқуға түсіп жатады. Бірақ олардың разрядтары жоқ, ауылдық жерлерде спорт секциясы жоқ болғандықтан спорт түрлерімен айналыспаған балалар. Оларды қаланың спорт мектептерінің бапкерлері жасың асып кетті, кеш қалдың деп жаттықтыруларға алмай қояды. Бұл үлкен проблема. Біз ауылдық жерлерде балалар жаттығатын секциялар ашып бермей олардың обалына қалып отырмыз. Осының кеселінен қаншама келешек Үшкем-піровтер, Тұрлыхановтар, Артаевтардың таланттары ашылмай белгісіз болып қалып жатыр.

3. Классикалық спорт түрлеріне терең мән беру жұмыстары. Әлемдік аренада, мемлекеттер арасында тең дәрежеде болуымыз үшін біз ауылдық жерлерде қазақ арасында классикалық, бүкіл әлем халықтары айналысатын спорт түрлерінен көптеп үйірмелер (секциялар) ашуымыз керек. Бұл жұмысқа мемлекеттік тұрғыдан үлкен мән берілмесе, мемлекеттік қарарлар қабылданбаса болмайды.

4. Спорт мектеп интернаттарын ашу. Республикалық, әлемдік деңгейде ауылдардан жоғары дәрежелі жеңімпаздар шығарғымыз келсе, міндетті түрде әрбір ауданда спорт интернаттары ашылуы керек. Сол интернаттарда ауданның қабілетті, дарынды балалары іріктеліп алынып, кәсіби шебер жаттық-тырушыларда жаттығады. Олардың мықтылары облыстық, облыстың мықты-лары республикалық спорт интернат-тарында жаттығуы керек. Сонда ғана Қазақстан мемлекетінің жоғары жетістікті спорты жақсы дамиды.

5. Жарыстарды көбейту (ауданішілік, көрші аудандар арасында, облыстық жарыстар). Әрбір бапкер, спорт маманы білетіндей спортшы өсуі, спорттық шеберліктерін сынауы, жоғары жетістіктерге көтеріле беруі үшін жарыстар көп өткізілуі керек. Ол үшін әлі дайын емес балаларды облыс орталығына ала жөнелу мақсат емес, алдымен аудан ішінде көп жарыстар ұйымдастырып, сол жарыстарға қатыстыру керек. Ауданда жеңген балаларды көрші аудандар арасындағы турнир, ашық аудан біріншіліктеріне апарып сынақтардан өткізіп сонан кейін ғана облыстық үлкен жарыстарға апарса дұрыс болады. Ол үшін мүмкіншілік болғанша спорт түрлерінен ауданішілік жарыстарды көп өткізу керек. Мерекелерге арналған (Республика күні, тәуелсіздік күні, конституция күні), қоғам қайраткерін, спорт ардагерін еске түсіруге арналған, мықты бизнесменнің құрметіне арналған, әртүрлі тойларға арналған (сүндет той, үйлену тойы, бір жоғары жетістікке жеткен той т.б.), ұлттық мерекелерге арналған (наурыз, құрбан айт, ораза айт т.б) жарыстарды көбейтіп, көп жарыстар өткізе берсе артық болмайды.

5. Кадрлар мәселесі.

Біз осы кадрлар, жоғарғы кәсіптік шебер мамандар мәселесін ШҚО-ның тұрғындарымен сауалнама жүргізгенде сауалнама сұрақтарына кіргізген болатынбыз. Сол сауалнаманың № 16 сұрағындағы «Сіздің ойыңызша, ауылдық жердегі дене тәрбиесі мен спорт жұмысын дамыту үшін қандай мемлекеттік шаралар қажет?» - деген сұраққа жауап берген ауыл адамдары біріншіден «жеткілікті қаржы бөлу» керек десе, екіншіден «кәсіби мамандар шақыру» керек деп жауап берді. Содан кейін барып қана аудандық дене тәрбиесі және спорт комитетін, ерікті спорт қоғамдарын құру, ауыл әкімінің басқармасы құрамына спорт нұсқаушысын бекіту, ауылдағы мектеп спорт залдарында спорттық секциялар, денсаулық топтарын ұйымдастыру мәселелері орын алды. Осы жерде бұрынғы Кеңес заманынан келе жатқан бір пікір, көзқарас тілдің ұшына оралады. Ол «кадрлар, кәсіби мамандар бәрін шешеді» - деген сөз. Ауылдық жерлердегі спорт жұмыстарының дамымай жатқан үлкен бір себебі кәсіптік шебер, өз ісіне жетік мамандардың жетіспеушілігі, аздығы. Мектеп дене тәрбиесі саласы, спорт мектептеріндегі спорт бапкерлері, соның ішінде жоғары дәрежелі, спорт түрлерінен спорт шеберлері аудандық жерлерде өте аз. Олар керек, оларсыз біз ауылдардағы дарынды, қабілетті балаларды тауып, Қазақстан намысын қорғайтын жоғарғы дәрежелі спортшылар шығара алмаймыз. Аудандарға қазіргі нарық заманының қиындығына байланысты сырттан кәсіби шебер мамандар жіберу емес, өз мамандарын даярлап қайта жіберетін жолдарды қарастыру керек болады.

Жоғарыда көрсетілген барлық мәселелерді ой елегінен өткізе отырып, аудандарды кәсіби шебер, өз істерін жетік білетін мамандармен қамтамасыз етуге болатын төмендегідей жолдарды ұсынамыз:

1. ЖОО-дарымен қарым-қатынас. Әрбір ауданның аудандық білім беру бөлімі, дене мәдениеті және спорт бөлімі, облыс орталығындағы «дене мәдениеті және спорт» мамандарын дайындайтын жоғарғы оқу орнымен тығыз байланыста болуы керек. ЖОО-ның басшыларымен оқып жатқан өз ауданының студенттері, олардың педагогикалық, спорттық практикасы, бітірген соң ауданға қайту жағдайы туралы әңгімелер қозғалады. Ауданның мықты спортшыларының ЖОО-на түсу мүмкіншіліктері, ауданда дәрістер, оқыту семинарларын жүргізу, білім жоғарылату курстарін өткізу ж.т.б. мәселелер туралы қарым қатынастар жүргізілсе аудан жұмыстарының жандануына себеп болады.

2. Кадрларды сол ауылдарда мектеп қабырғасынан бастап дайындау. Әр ауданның, аудан ішіндегі ауылдың өз мықты спортшылары, өз кәсіптік шебер мамандары, бапкерлері, аузына ел қарайтын серкелері бар. Сол адамдармен ақылдасып, кеңесіп аудандар шамалары келгенше өз мамандарын мектеп қабырғасынан бастап өздері дайындауға тырысқандары жөн болады. Ауыл жағдайында «біреу сырттан келіп жұмыс істеп береді» - деген үмітті қою керек.

3. Ауданның грантымен, ақшасымен оқыту. Қазіргі статистика бойынша әр ауданда шамамен жылына 5-6 мықты спортшы мектептегі орта білімін алып, оқуын бітіреді. Олардың екі-үшеуі мемлекеттің грантын жеңіп алып оқуға түседі. Оқуға түсе алмай қалған жастар көбінесе аудан қарауынан шығып өз беттерімен, өз ақылдарымен өмір жолын аралап кетеді. Олардың келешек тағдырлары аудан басшыларының қарауынсыз қалады. Ал олар келешек мықты мамандар емес пе? Бүгінгі бірінші разрядты оқушы, төрт жыл жоғарғы оқу орнында оқыса, жоғарғы білімді маман, спорт шебері. Неге біз сондай мықты маманнан айырыламыз? Неге аудан үшін, аудан келешегі үшін сол маманға қамқор болмаймыз? Ол үшін аудан есебінен ақша бөлініп, ЖОО-мен келісім жасалып, сол спортшыны аудан өз есебінен оқытуы керек. Аудан қаржысына оқытқандықтан, олар ЖОО –нын бітірген соң сол ауданға барып төрт жыл жұмыс істейді. Төрт жылдың ішінде ол жоғары дәрежелі маман көптеген өзі секілді спортшылар дайындайды.

4. Кадрларға жағдай жасау. Ауданның өзінің жоғары дәрежелі, тәжірибелі кадры жоқ. Отанының патриоты, жақсы маман ауданға келіп ауыл спортын көтеруге келісімін берді. Ондай маманға жан-жақты жағдайлар жасалуы керек. Ең бірінші жұмыс істеуіне жағдай жасау, спорт зал, құрал жабдықтар қазіргі заман талабына сай болуы керек. Екінші тұрғын үй мәселесі. Жас маманға жалтақтамай жұмыс істеуі үшін дұрыс тұрғын үй бөлініп берілуі қажет. Ол өзінің ауданға қажет екенін түсінуі керек.

6. Материалдық спорттық базалар мәселесі.

Бұл мәселеге келгенде біз біртіндеушілік қағидасы бойынша спорттық базалар, құрылыстар тұрғызу күрделілігіне байланысты үш кезеңге бөлдік:

1-ші кезең. Ауыл тұрғындарының өз күштерімен қолдарынан келетін қарапайым спорт алаңдарын, қолданбалы тренажер қондырғылары алаңын, әскери жаттығу кедергі жолдарын, спорт залдарда тренажер қондырғыларын салулары, жасаулары. Бұл айтылған қарапайым спорт құрылыстары барлық ауылдарда болу керек.

2-ші кезең. Спорт залдар, стадиондар салу, құрал жабықтармен жабдықтау. Спорт залдары жоқ ауыл мектептерінде мүмкіншілігі болғанша тез арада спорт залдары салынуы қажет. Бұл қазіргі заман талабы.

3–ші кезең. Жақын бірнеше ауылдарға арнап қазіргі заман талабына сай спорттық кешен салу. Бұл келешектің жұмысы, бірақ алдыңғы екі кезеңде айтылған спорт құрылыстары болса, бір-неше спорт залдары бар, суға жүзу бассейні бар спорт кешенін салуға ұмтылуымыз керек. Оған дәлел Ұлан ауданы При-вольное ауылындағы кәсіпкер Варапайдың салған спорт кешені. Қозғалмай жатқан тастың астынан су ақпайды.

Қорытындылай келгенде осы жоғарыдағы айтылған ауылдық жерлердегі, алты бағыттағы жұмыстарды республика, облыс, аудан басшылары қолға алып, дене тәрбиесі және спорт саласының қызметкерлері қозғау салып, бүкіл халық болып жұмылсақ орындалатын шаруалар. «Дене жаттығуларын тұрақты, жүйелі орындаған адам ауыруды құртуға бағытталған ешбір емдеуді қажет етпейді» - деген шығыс ғұламасы Ибн Сина. «Дені саудың жаны сау» - дейді халықтың дана мақалы. Қазақстан мемлекетіндегі адамдардың денсаулығы, кәсіптік және әскери қызметтерге қажет дене қуаты дайындығы және қозғалыс шеберлігі, шыдамдылық, батылдық, батырлық, еңбексүйгіштік қасиеттері дене тәрбиесі және спорт жаттығуларын жүйелі, тұрақты орындаса ғана нығаяды, қалыптасады. Спортшыларымыз Азия, Әлем, Олимпиада жеңімпаздары болғанда ғана басқа мемлекеттерде Қазақ мемлекетінің туы желбіреп, әнұраны ойналады, қазақ халқы, оның жеңісі әлемге паш етіледі. Осы екі, қазіргі тәуелсіз Қазақстанға өте қажет мәселелер тез, жуық арада шешімін тапса, әрбір азамат осыған өз үлесін қосса, біздің мемлекетіміз нығаяды. Өйткені, мемлекеттің мықтылығы сол мемлекетте тұрып жатқан адамдардың денсаулығы мен рухының мықтылығына байланысты. Дені сау, рухы мықты ел ғана Президент Н.Ә. Назарбаевтың жолдауындағы айтқан әлемнің 50 алдыңғы қатарлы мемлекеттері қатарына кіре алады.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №1 - 2008


 © 2024 - Вестник КАСУ