Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ӨЗІН-ӨЗІ ТАНУЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №3 - 2007

Автор: Базарова Т.М.

Еліміздің болашағы ұрпақ тәрбиесінде, оқу процесінде өркениетті қоғам мен құқылы мемлекеттің, нарықты экономика кезеңінің қалыптасуы өскелең ұрпақтың рухани байлығы мен мәдениеттілігін, еркін ойлау қабілеті мен шығармашылық, кәсіби біліктігі мен білімділігін керек ететіні белгілі.

Әрбір балаға жеке тұлға ретінде қарап, оның өзіне тән санасы, еркі, өзіндік әрекет жасай алатын ортасы бар екенін ескере отырып, оқушының білімге, ғылымға деген ынтасын арттыру, олардың ақыл-ой қабілетін, диалектикалық дүниетанымын, өмірлік мақсат-мүддесін айқындауға, жеке басының қасиеттерін дамытып оны қоғам талабына сай іске асыруға көмектесу мектеп өміріндегі үздіксіз оқу-тәрбие процесінің ғана жемісі болып табылады.

Оқыту процесі жүйесіндегі бастауыш мектеп оқушысының өзін-өзі тануды дамытып, білімді меңгертуге негіздеу болып табылады. Мектептегі арнайы ұйымдастырылған оқыту процесінде өзін-өзі тану іс-әрекеті құрылып және ол күрделі психологиялық білім бола отырып, оқыту процесінің өзімен қоса өрістейді.

Мектепке алғаш келген балалардың ой-өрісінде, сана-сезімінде кездесетін жеке ерекшеліктер олардың психологиялық даму жағдайларына байланысты. Өйткені барлық қабілет-қасиеттердің негізі мектепке дейінгі кезеңде қаланып, кейінгі жаста тереңдей түсетіні психология, педагогика, психофизиология ғылымдарында теориялық және тәжірибелік тұрғыдан дәлелденген. Атап айтсақ, А.Н. Леонтьев, Л.С. Выготский, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, К.Д. Ушинский, В.А. Сухомлинский, М. Мұқанов, С. Балаубаев, Қ. Жарықбаев, А. Темірбеков, А.А. Любинская, Л.И. Божович, С. Рахметова, Ә. Сыдықов, Н. Айғабылов тағы басқа ғалымдардың барлығы да өз еңбектерінде оқушының психикалық дамуын ойдағыдай басқару үшін, оның бойындағы бар мүмкіндіктерін, ересек адамдармен және өз құрдастарымен қарым-қатынастарын жан-жақты зерттеу қажеттігін айтады. Ол үшін педагогиканың, психологияның және психофизиологияның жалпы заңдарын кіріктіре, үйлестіре қолдануға тура келеді.

Себебі оқытудың психологиялық негіздерін білу әр оқушының өзін-өзі тану деңгейін дұрыс саралауға да көмектеседі. Ал, оқушыны тұлға ретінде жан-жақты зерттеп білу – оның даму бағытын айқындаудың басты шарты. Сондықтан да қазіргі педагогикалық психологияның оқушының саналы әрекетіне мән бере бастауының бір себебі осында. Біз өзімізді түсінуді үйренгіміз келеді. Тұлғалық қасиетіміз қалай қалыптасады? Адамдардың бізге ықпалы қандай? Біз күнделікті өмірдің түйткілінен арылу үшін өзімізді қалай танып, білуіміз керек? Өзімізді танығаннан кейін ғана, өзгелерді түсініп, өмірді танитын боламыз, тек сонда ғана алға қойған мақсатымызға жетеміз.

Өзін-өзі танудың алғашқы қадамы: өзін-өзі тану, өзінің істеген ісінің салдарын білу, оны саналы түсіну. Біз өзімізді тануды ойымызды, ісімізді, өзгелердің бізге қарым-қатынасын саналы түсінуден бастаймыз. Өзін-өзі тану арқылы жеке тұлғаның бойында рухани-адамгершілік қасиеттердің қалыптасып, дамуын қамтамасыз етуімен, адамзаттың табиғатпен үйлесімділікке дамуын сезіндірумен айқындалады. Өзін-өзі тану бастауыш буында оқитын жеке тұлғаның рухани-адамгершілігін дамытуда, оның бойында жалпы адамзаттық құндылықтарды қалыптастыруда ең маңызды орын алады, адамгершілікке тәрбиелеудің негізі, қарым-қатынас жасау мен дүниетанудың құралы, баланың зердесі мен шығармашылығын дамытудың арнасы. Ол арқылы оқушы қоршаған ортаны таниды, ұлттық мәдениетті, дүниетанымды сезіне бастайды, өзіндік пікірі қалыптасады, өзін-өзі танудың қарапайым қадамдарын жасай алады.

Өзін-өзі тану әңгімелесуге, шындықты бірлесе іздестіруге, білімді бірге игеруге, өздік шығармашылықты, ішкі белсенділікті оятуға бағытталған. Жеке тұлғаның бойында жақсы көру, бейбітшілік, әдептілік, шыншылдық, аяушылық, адалдық, имандылық, сыйластық, достық, сүйіспеншілік, кішіпейілділік, жанашырлық, жақсылық жасау, әділеттілік, елжандылық, ізеттілік, сенім, махаббат, қайырымдылық, қамқорлық жасау сияқты құндылықтарды қалыптастыру көзделген. Өзін-өзі тану психологиялық, педагогикалық, философиялық ғылым негіздеріне сүйене отырып, мына міндеттердің орындалуын көздейді:

- жеке тұлғаның «Менің» (өзімшілдігін емес) ояту;

- қоршаған ортасына деген қызығушылығын ояту;

- негізгі рухани-адамгершілік категорияларына көңіл аударту;

- балалардың бойында әлем және адамзат туралы түсінік қалыптастыру;

- өзінің адамгершілік мінез-құлықтарына баға беру мүмкіндіктерін қалыптастыру;

- танымдық белсенділігін арттыру.

Оқушылар өзара қарым-қатынас барысында:

- адамдардың іс-әрекетінің, ұлттық салт-дәстүрлердің жақсы жақтарын аңғара алады, шындықты айтуға, жағымды ойлауға үйренеді;

- өзара сыйластықты түсінуге қабілетті, айналасындағыларды ұнатып, жақсы көре біледі, жақсылық жасауға дайын, жақындарын қуантуға асығады;

- сабырлы, салмақты болуға, тәрбиелі болуға, ойланып сөйлеуге үйренеді;

- әдептілікке, ұқыптылыққа үйреніп, көмектесе біледі, қамқорлық жасай алады, үлкендерді құрметтей біледі;

- өзгені ренжітпеуге тырысады, кешірімшіл болуға, барлық тіршілік иесіне сыйластықпен қарауға, аяушылық сезімін білдіріп отыруға үйретеді.

Ұсынылған материалдарды талдау барысында терең ойлану қажеттілігі туындайды. Осы кезде:

- қоршаған орта туралы түсінігі кеңейеді, жақсы мен жаманды айыра біледі, әділ болуға ұмтылады;

- айналасымен жақсы қарым-қатынас орнатуға, өзін-өзі жақсы көруге, құрметтеуге, шыдамдылыққа үйренеді;

- өзіндік пікірі бар, отбасына қамқоршыл, міндетін орындауды біледі, ел тыныштығы жөнінде ойлай алады;

- өзіне-өзі бақылау жасай біледі, өз ісін бағалай біледі, үлкендермен санаса алады;

- қамқорлық жасай біледі, жауапкершілікті сезіне біледі.

Оқу барысында:

- сауатты оқи білетін болады;

- түсінігін анық жеткізе алады;

- талдауға белсене қатысады;

- өзіндік пікірін еркін жеткізуге үйренеді;

- топта жұмыс істей біледі.

Оқушының қабілетін ашып, сезімін ояту мақсатында жүргізілетін шығармашылық әрекетте:

- қоршаған ортаға қызығушылығы артады;

- салт-дәстүрлерді құрметтеуді түсіне бастайды;

- өзіндік белсенділігін таныта бастайды;

- ойын қағаз бетіне түсіруге, түрлі суреттер арқылы білдіруге дағдыланады;

- ата-анасын, жолдастарын, мұғалімдерін құрметтеуге үйрене бастайды.

Өзіндік тану – күрделі психологиялық құрылым, бірнеше қасиет ерекшеліктерін қамтиды. В.С. Мерлиннің есептеуі бойынша, біріншіден, өзінің бір беткейлігі, екіншіден, саналы түрде өзінің «мені», үшіншіден, өзінің психикалық қасиеттері мен ерекшеліктерін тану, төртіншіден, әлеуметтік-адамгершілік өзіндік бағалауын анықтау. Осы элементтердің барлығы өзара функционалды және генетикалық жағынан байланысты, бірақ олар бір мезгілде қалыптаспайды. Баланың санасы заттарды денесімен сезу арқылы ғана пайда болады. Үш жастан бастап өзін анықтай бастайды. Өзінің психикалық қасиеттерін тану мен бағалау әсіресе жеткіншек, жасөспірім шақта маңызды.

А.Г. Спиркин мынадай анықтама береді: «өзін-өзі тану – бұл адамның өз іс-әрекетін, ойларын, сезімін, адамгершілік бейнесін және қызығушылығын түсінуі мен бағалауы. Өзін-өзі тану тануды, түсінуді өз пәні ретінде қарастырады, демек, өзіне қарсы қояды. Сондай-ақ, тану өзін-өзі тануда бір сәт ретінде сақталады, ол өзінің жетістікке жету мәнінде көрінеді. Егер тану адамның басқаны білу, қоршаған ортада бағдарланудың шартты субъектісі болса, онда өзін-өзі тану адамның өз тұлғасында бағдарлануы, адамның өз-өзін білуі. Өзін-өзі тану арқылы адам өзін табиғаттан және басқа адамдардан бөлек тұлғалық шындық ретінде есептейді. А.Г. Спиркин ойынша «өзіндік танудың негізгі мәні өзінің қарапайым болмысы, өзін тану немесе өз «менін» тануы». Өзін-өзі тану жоғары психикалық функциялар дамуының бастамасы болып саналады, ол адамға тек ішкі әлемін ғана көрсетуге емес, сол әлемде өзін көрсете білуіне мүмкіндік береді. Яғни, адам жеке тұтас жүйе ретінде, қандай жағдайда болса да өзімен өзі қала білуі. Бірақ, А.Н. Леонтьев бұл проблеманы «тұлға психологиясында жоғары мәнді мәселе ретінде қарастырады, тұтастай шешімін таппаған, ғылыми-психологиялық анализден алмақ» деп бағалаған.

Қазіргі заман психологиялық әдебиеттерде өзін-өзі тану мәселесін зерттеудің бірнеше тәсілі бар. Соның бірі адамның өзін-өзі құруы немесе «мен тұжырымдамасына» байланысты. «Мен тұжырымдамасы» деген термин нені білдіретінін, психологиялық мәнін түсіндіріп көрмек. Адамның өзіндік санасы дамуы адамның танымдық процестерімен байланысты, яғни адамның қоғамда әр түрлі адамдармен қарым-қатынасына да байланысты. Өзіндік таным феномені өзіндік таным процесінің қалай өтуіне де байланысты.

«Мен тұжырымдамасы» деген түсінік арнайы әдебиеттерге жаңадан енгізілген. Себебі отандық, шетелдік әдебиеттерде біркелкі түсінік қалыптаспаған, ең жақын түсінік «өзін-өзі тану» деген анықтама, мағынасына жақынырақ. Бірақ «мен-тұжырымдамасы» түсінігі нейтральды, бейтараптылықты білдіреді, ол тек өзін-өзі танудың бағалау аспектісін білідіреді. Бұл адамның өзі жайлы, физикалық, интеллектуалды және басқа қасиеттері мен өзіндік бағалау, сондай-ақ ішкі факторларды тұлғаның субъективті қабылдауының динамикалық жүйесі. Ағылшын психология саласындағы белгілі ғалымы, өзіндік тану мәселесіне қатысымен айналысқан Р. Бернс мынадай анықтама береді: «мен-тұжырымдамасы – адамның өзі туралы түсінігі, оны бағалаудың жиынтығы. Мен-тұжырымдамасы тек адамның өзіндік қасиетін ашып қана қоймайды, оның болашақтағы даму мүмкіндігін ойластырады». Мен-тұжырымдамасы адамда әлеуметтік өзара әрекет арқылы пайда болады. Ол адамның туғаннан бастап кәрілігіне дейін қалыптасып, өз белгісін қалдырады. Мен-тұжырымдамасы алғашқы кезіндегі ішкі орта ықпалына тәуелді болса, келешекте адам өмірінде ерекше роль атқарады.

Өзінің пайда болған сәтінен бастап Мен-концепциясы үш функционалды-рольдік аспектісінің белсенді бастауынан тұрады:

1. Мен-тұжырымдамасы - ішкі келісімді қамтамасыз ету құралы. Тұлға теориясының бірқатар зерттеулері адам жетістікке жету жолына әркез ішкі келісім негізінде барады. Ішкі үйлесімділік қажеттілігін сезу арқылы адам теңсізді жою үшін түрлі іс-әрекетке барады. Оның нақты факторы ретінде адамның өзі жайлы ойы саналады.

2. Мен-тұжырымдамасы - тәжірибе түсіндіру құралы. Бұл Мен-тұжырымдамасының функциясы адамның жеке тәжірибесін түсіндіреді, яғни адам өз тәжірибесі арқылы өзін, өз іс-әрекетінің тұрақты тенденциясын анықтайды.

3. Мен-тұжырымдамасы – күтілетін болжам жиынтығы тәрізді. Адамға әлде бір жағдайдың өту барысына болжау жасау қасиет берілген. Адам өз маңызына қарай өзгелердің өзіне деген қатынасын болжайды. Олар: ешкімге қажетсіз, ұнамауы мүмкін, соған байланысты әрекетке бару немесе өз қылығымен айналасындағыларға түсіндіру.

Мен-тұжырымдамасын күту, болжау, әр түрлі іс-әрекетке қатысты бағалау жүйесі ретінде қарастыра отырып, көптеген зерттеушілер бұл функцияны орталық деп санайды. Көптеген психологиялық теорияларды мен-концепциясы ең негізгі түсінік болып саналады. Содан бергі уақытта әлі бір әмбебап анықтама берілген жоқ, не терминологияда бірлік жоқ. Кейбір авторлардың мен-тұжырымдамасын жалпы белгілеуге қолданатын терминдерді кейбірі тек оның жеке элементтерін белгілеу үшін ғана қолданады.

Р. Бернс Мен-тұжырымдамасын өзіне бағытталған қондырғылардың үйлестігі деп анықтама берген. Оның негізгі үш элементі:

1.1 Негізді және негіссіз наным-сенім (когнитивті).

2.2 Сол наным-сенімге деген эмоционалдық қатынас (эмоционалды болжау). Адам әрекетіне қатысты көрінетін реакция (іс-әрекеттік, құрамдас).

1.1 Мен-бейнесі – индивидтің өзі жайлы түсінігі.

2.2 Өзіндік бағалау – осы анықтаманың аффектілі бағасы, ол кейде қарқынды болуы мүмкін. Өйткені мен-бейнесі кейде күшті эмоциялы күйді туғызады.

3.3 Потенциалды әрекеттік реакция – кейбір нақты жағдайлар мен бейнесі арқылы бағаланады.

Мен-бейнесінің үш негізгі құрамын қарастырайық.

1. Мен-тұжырымдамасы немесе Мен-бейнесінің когнитивтік құрамы.

Тұлғаның кей жағдайда өзі туралы түсінігі ереже бойынша сенімдірек болуы мүмкін, ол объективтік білім мен субъективтік пікірге негізделуіне байланысты емес. Кей кезде адамның қабылдау пәні - өз денесі, өз қабілеті, оның әлеуметтік қатынасы және тағы басқа ерекше құбылыстар болады. Мен-бейнесін қалыптастыруға жетелейтін өзіндік қабылдаудың нақты амалдары әр алуан болады. Адам өз өзін сипаттауда сын есімдерге жүгінеді, олар: «сенімді», «ашық», «әлді», «әдемі», тағы басқа, бұл сөздер абстрактілі мінездеме болып саналады, олардың нақты жағдайларға қатысы жоқ, яғни адам өзін, әрекетін, қылығын суреттейтін сөздер бұл оның өзіндік қабылдауында қалыпты. Бұл сипаттаулар: атрибутивті, рольдік, статусты, психологиялық, тағы басқа жалғастырыла беріледі. Осының бәрі өзін сипаттау сатысы элементтерін құрайды, олар өмір тәжірибесіне, еліктеу, өзге әсер ету кезіне байланысты өзгеріп отырады. Бұл орайдағы өзіндік сипаттау – бұл өзіне мінездеме беру әдісі, әр тұлғаның қайталанбас ерекше қасиеттерін көрсету. Бірақ адам өзін толық сипаттай ала ма? деген сұрақ туындайды. Сондықтан адамның өзі жайлы білімі ерікті, қарама-қайшылықты болуы мүмкін емес. Бұл Мен-концепциясының екінші құрамдас бөлігін көрсетеді.

2. Мен-тұжырымдамасының эмоционалды бағалануы немесе өзіндік бағалау.

Адам тұлға ретінде өз-өзін бағалайтын болмыс. Өзіндік бағалау – адамның өзіне сындарлы көзқараспен қарап, өз мүмкіндігін өмір талабына сәйкес бағдарлай білуі, өз мақсатын нақтылау, ойын түйіндеу қабілеттілігі. Өзін бағалау адамның өзіне деген сенімін арттырып, рухани үйлесімділігін дамытады. Өзін бағалау адамның айналасындағылармен қарым-қатынасын, өзіне сын көзбен қарауын және талап қоя білуін, жетістікке және сәтсіздікке қалай қарайтынын көрсетеді. Сонымен қатар, өзін бағалау адамның іс-әрекетінің тиімділігіне және оның тұлға ретінде дамуына әсер етеді. Өзін бағалау ең алдымен, адамға басқалардың беретін бағасына қарай қалыптасады. Адам өзін айналасындағылар қалай бағалайтынына қарай өзін-өзі бағалауға бейім келеді.

Өзіндік бағалау тұлғаның өзіне ғана тән жеке құндылығы. Яғни өзіндік бағалау дегеніміз адамның өзін-өзі құрметтеу сезімінің дамуы, жеке құндылығын сезу және «Мен» сферасына қатыстының бәріне деген позитивті көзқарасы. Тұлға қалыптасуындағы өзіндік бағалаудың бірнеше себептерін көрсетуге болады:

- өзге адамдардың бағасы;

- маңызды басқалардың ортасы немесе референттік топ;

- өзгелермен өзектілігін салыстыру;

- өзін және идеалды «Менін» салыстыру;

- өз әрекетінің нәтижесін өлшеу.

Өзіндік бағалау өз әрекетін бағалауда маңызды роль атқарады, онсыз өмірде өзін анықтау мүмкін емес. Нақты бағалау адамға рухани қанағат пен адамгершілік қасиеттеріне қолдау көрсетеді.

3. Әрекеттік құрама Мен-тұжырымдамасы.

Мен-тұжырымдамасының ерекшелігі сол, қондырғылар комплексінде объектісі қондырғыны тасушының өзі. Осы өзіндік бағыттылық арқылы Мен- бейнесі әлді әрі тұрақты болады. Ол негізгі үш құрамдас бөлікке бөлінеді.

1. Реалды мен – адамның актуалды қабілеттерін қабылдауы, актуалды статусы, яғни өз-өзін қабылдауы.

2. Айна шағылысы мен – адамды өзгелердің қабылдап көруі. Адам өз-өзін түзету функциясы. Бұл кері механизм реалды менді адекватты жағдайда ұстауға көмектеседі.

3. Идеалды мен – ол адамның болашақтағы жағдайын елестетуі. Ол адамның атқаратын ролі, әрекет арқылы өзін басқаша елестету. Тұлғаның өзіндік дамуының негізгі шарттарының бірі мені реалды мен және идеалды мен арасында қарам-қайшылықтан туындайды.

Осы айтылған үшеуінен басқа авторлар тағы бір ерекше рольді көрсеткен.

4. Конструктивті мен (Мен болашақта).

Бұл адамның алдына қойған мақсатына нақты жетуді жоспарлауы. Мен-бейнесінің әрбіреуінің аспектісі бар: физикалық эмоционалды, ақыл-ой және әлеуметтік мен. Яғни конструктивті мен адамның өз-өзіне бағытталған қондырғы. Бұл өзіндік танудың маңызды компоненті, өйткені ол адамның өз-өзін реттеу процесіне және тұлғаның өзін іске асыруына қатысы бар. Педагогика коммуникативтік қабілеттілікті анықтайды; жеке адамның индивидуалды-психологиялық ерекшелігі қалай, оның басқа адамдармен бірлесуіне және қарым-қатынас жасауын тиімділікпен қамтамасыз етеді. Қарым-қатынас жасай білуге қабілеттілігі оның танымдық іс-әрекетінің маңыздылығын көрсетеді. Мысалы, біріншіден қоршаған ортамен қақтығысқа түсу ортасы. («Менің істегім келеді!»); екіншіден қарым-қатынасты ұйымдастыра алуы («Мен істей аламын!»); үшіншіден, өлшемі мен шартын білем («Мен білем!»). Бастауыш мектеп оқушысының оқыту процесінде өзін-өзі танудың алатын орны ерекше және маңызды. Өйткені, берілетін білім танымдық іс-әрекет негізінде берілсе, ол баланың есінде жүйелі, ұзақ және сапалы қалыптасады.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Джакупов С.М. Психология познавательной деятельности. – Алма-Ата: Изд.КарГУ, 1992 – 192 с.

2. Тілеуова С. Жеке тұлғаның құндылық бағдар жүйесінің танымдық мәні. - Ізденіс – 1998 - №3 – 155 бет.

3. Ревина И.В. Развитие учебно-познавательных действий у детей 6-10 лет. – М., 1988 – 148 с.

4. Диева Н.Ф. Индивидуальные особенности внимание в младшем возрасте // Экспериментальные исследования внимания. – М., 1970 – 65-76 с.

5. Данилова В.Л. Как стать собой: психотехника индивидуальности. - Москва, 1994-128 с.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №3 - 2007


 © 2024 - Вестник КАСУ