Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ТҰРҒЫДАҒЫ МҰҒАЛІМ ҰҒЫМЫНЫҢ ҚАРАСТЫРЫЛУЫ

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2007

Автор: Катренов Б.К.

Шәкірт пен ұстаздың өзара бірлесіп, ынтымақтасып жасайтын ортақ іс-әрекеті-оқыту. Оқыту – мұғалімнің тәлім-тәрбие берудегі басты әрекеті болса, оқу-шәкірттің дүниені танып-білуге бағытталған өзіндік әрекеті. Қысқаша айтсақ, оқу еңбек әрекетін орындауға қажетті білім, дағды икемділіктер жүйесін игеру процесі.

Сөйтіп, оқу мен оқыту, бір медальдің екі жағындай бір-бірімен тығыз байланысқан күрделі іс-әрекет. Оқу да, оқыту да қалай болса солай жүргізілмейді, олар белгілі мақсат көздеп жоспармен жүйелі түрде ұйымдастырылып, жүзеге асады, олардың өзіне тән әдістері мен сабақ жүргізу формалары, сондай-ақ, әртүрлі нәтижелері болады. Оқу арқылы шәкірт біртіндеп білім, дағды, икемділіктерді, тиісті ғылыми ұғымдарды меңгереді, мұның нәтижесінде оның жан қуаттары, эмоция, ерік-жігер процестері дами түседі.

Оқыту процесінің әр-түрлі қырларын педагогиканың дидактика, сондай-ақ жекелеген пән методикалары қарастырады. Дидактиканың осы мәселеде зерттеуге орай ерекше сүйенетін тірек ғылымы-психолгия. Соңғысының басты саласының бірі–оқыту психологиясы, ол оқу процесінің екінші жағын, яғни шәкірттердің оқу мазмұнын ұғынып, әр түрлі тапсырмаларды қалай орындай алу мүмкіндіктерін зерттейді. Шәкірттің оқуға талпынысы мен ынтасының қалыптасу жолдарын, оның түрлі білім, дағды, икем, әдеттерді қалайша меңгеріп отыратындығын, әр түрлі мазмұндағы материалды ұғыну ерекшелігін т.б. осы іспеттес мәселелерді қарастыру – оқыту психологиясының зерттеу объектісі.

Оқу материалдары адам психологиясына зор талап қоятыны белгілі. Өйткені, шындықтағы құбылыстардың сыр-сипатын, мән-жайын ұғыну - өте күрделі әрекет. Мұның өзі бірнеше кезеңдерден тұратыны қазірде ғылымға белгілі болды. Мәселен, сабақта материалды ұғынудың алғашқы кезеңінде шәкірт нені қалай оқу керектігі жайлы жалпы мағлұмат алады. Бұдан соңғы кезеңде ол мұны тәжірибеде байқап көреді. Үшінші кезеңде ұғынғанын сөзбен тұжырымайды. Төртінші кезеңде оларын ойына ұстап тұрады да, бесінші кезеңде шәкіртте зат пен құбылыс туралы белгілі ұғым қалыптасатын болады. Ақыл-ой амалдарын меңгеру арқылы оқушы шындықтағы заттардың байланыс-қатынастарын меңгереді, бір затты екінші затпен салыстырып, дәлелдей алуға, олардың айырмашылық, ұқсастықтарын айыра білуге үйренеді, мұндағы себеп пен нәтиженің, яғни заттардың себеп-салдарлық заңды байланысын түсінетін болады. Мәселен, жас баланың өзі де «от жақса, түтін шығады» дегенде, оттың жануы – түтіннің шығуына себеп болып тұрғанын аңғарады. Ұғыну дегеніміздің өзі де нәрседе себеппен қатар нәтиже болатындығына шәкірттің көзінің жетуі, соған жете түсінуі. Мұғалім оқушы ойлауындағы талдау тәсілінің қалыптасуына жеткіліксіз көңіл бөлетін болса, ондайда оқушы материалдың бір-бірімен байланысының жеке-жеке жақтарын ғана меңгереді, әр ұғымның мәнін, өзіндік ерекшелігін жете түсінбей қалады. Сондай-ақ, мұғалім сабақ беруде жинақтау тәсілін ойдағыдай пайдалана алмаса, онда берілетін мағлұмат бұрынғы материалмен дұрыс байланыспай қалады, бұл берілген мағлұматтың практикалық мәнінің төмендеуіне әкеліп соғады. Кейбір мұғалімдер оқушыда белсенді ойлау процесін дамытудың орнына олардың ес, жаттау қабілетін өсіруге ғана ереше мән береді. Әрине, бұдан баланың есін дамыту онша мәнді нәрсе емес деген қорытынды шықпайды. Оқушыға ойлаттырып, әр нәрсені бір-бірімен салыстыр-ғызып, талдатып-жинақтатып, дәлелдеткізіп үйретсе ғана олардың танымы мазмұнды болады.

Мұғалім мен оқушы арасындағы тәрбие ісі-ой шұңқыры, қыры мен сыры мол, неше түрлі тәсіл, әдістерді қажет ететін аса күрделі процесс. Бұл жерде, осы айтылғанның бір жағына, яғни тәрбие әдістерінің бірі - тәрбиеленушілерге талап қоя білу, оның нәтижесін қадағалап отыру мәселесі қарастырылуда. Адамға дұрыс талап қойылмаса, тапсырылған іс уақытында қадағаланбаса, біртіндеп берексіздік пайда болады. Сондықтан, балаға кішкентай кезден бастап шамасы келерін талаптар қойып, міндеттер жүктеп, олардың орындалуын бақылап отырмаса, жас өскінді жауапкершілікке, өз борышын дұрыс түсіне білуге машықтандыру қиын. Талап қою, міндет жүктеу – бала мектепке барғаннан кейін ерекше мәнге ие болады. Мұнсыз оқудың, оны миға тоқудың өзі мүмкін емес. Мәселен, жеті жасар бала мұғалімнің үйге берген тапсырмаларын орындап тұруға біртіндеп машықтануы қажет, ұстаздың талап-тілектерін орындау оқушы үшін – заң. Оқушыға міндет алу, тәрбиешінің талабын мүлтіксіз орындап шығу – үлкен жауапты әрі жанды жандыратын іс. Бұл жәйт оқушының психикасына зор салмақ салып, бала психологиясын күрт өзгертуге себепші болады. Өйткені, мектепке дейінгі тәрбиеде шын мәніндегі талап қоюшылық, міндет алушылық болмайды, белгілі міндет жүктеу, белгілі талап, ережелерді орындатқызу – мектеп режимінің бұлжымас заңы. Балаға талап қоюдың түрлі жолдарын оқушының жеке-дара, жас, жыныс, және ұлттық ерекшеліктеріне қарап, әр кез нақтылы жағдайға орай үнемі түрлендіріп отыру қажет.

Мәселен, оқушыға қойылатын талаптың қарапайым түрі – оған өз міндеті туралы жайлап ескерту болса, ал мұның жоғары түрі –кесімді түрде бұйыру. Адамға талап қоя білу – үлкен өнер. Оқушыларға жөндеп талап қоя алмайтын, қойса да оны орындауды аяғына дейін қадағаламайтын, тіпті оған қалай болса солай қарайтын мұғалімдер кездеседі. Осындай мұғалімнің сынып ұжымын ынтымақтыққа, бірауыздылыққа тәрбиелей алу қиын. Оқушыға дұрыс талап қоя білумен қатар оның іс-әрекетін оқтын-оқтын қадағалап отыру қажет. Бақылау жүргізу оқушының іске жауапкершілігін арттырады, өзіне деген сенімін күшейтеді, іс-әрекетінің қоғамдық маңызын аңғара білуге, сөз бен істің арасындағы алшақтықты біртіндеп жойып отыруға мүмкіншілік береді. Оқушыларға талап қоюмен олардың іс-әрекетіне бақылау жүргізуде мына төмендегілерді ескеріп отырған абзал. Біріншіден, әр уақытта орындалуы күмәнсіз нәрселерге ғана нақты талап қойылуы қажет. Оқушыға ауыр талап қою, сондай-ақ, оның шамасы келетін-келмейтін ескермеу жақсы нәтиже бермейді.

Оқушы тәрбиесінде кісінің қол жеткен табыстарын уақытында көре біліп, оны ретімен мадақтап отырудың да маңызы зор. Мұның ең қарапайым түрі – мақұлдау. Егер оқушының іс-әрекеті әркез мақұлданып отырса, ол еңбек етуге онан сайын ынталана түседі.

Сонымен қатар, мұғалім оқушының теріс істері мен қылықтарын дер кезінде көре біліп, ретті жерінде оған түрлі жазалау шараларын да қолданып отырғаны дұрыс. Жазалаудағы негізгі мақсат- теріс жолға түскен баланы қайтадан жақсы қасиеттерге бой ұрындыру. Мұның мәні де осында. Жазалауды да мадақтау сияқты аса ептілік, ерекше байсалдықпен пайдалану қажет. Тіпті төменгі сынып оқушыларының да өздерінің тәртіпсіз істерінен ұялатын, жапа шегіп, қапаланатын кездері болады. Адамның кінәсі үшін әділ жазалау кісіні қатты ойландыратын, бұл оның мінез-құлқын түзете бастауға себепші болады.

Тәрбие тәсілдері мен тетіктерінің осы айтылғаннан басқа да сан алуан түрлері болатыны - әркез мұғалім мен оқушы есінде болуы тиіс.

Оқушының білім меңгеруі, мұғалімнің сабақ оқытуы, екеуі де –«инемен құдық қазғандай» қиын нәрсе. Мәселен, мұғалім оқушыға бұрыннан таныс нәрсені ығыр қылып айта берсе, осы жағдай онда ақыл-ой керенаулығын ,кейде тіпті оқудан жиренушілікті туғызуы мүмкін. Сондықтан мұғалім әркез оқушының рухани тілектерін, таным белсенділігін шөліркетпей, оны ұдайы қанағаттандырып, оның табиғатты, өмірді, адамдар еңбегін білуге қүштарлығын түртпектеп дамытуы қажет.

Мұғалім - киелі мамандық. Адам тәрбиелеу, оған ғылыми негіздерінен мәлімет беру, баланы өмір сүруге үйрету- өте қиын шаруа. Бұған Елбасының білім және ғылым қызметкерлерінің екінші съезінде «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер - бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан да мұғалімге жүктелетін міндет өте ауыр» деген сөзі дәлел. Оқушыларды Отан сүюге, адамдыққа, адами тазалыққа, ізгілікке баулу - ұстаздың басты парызы. Ол үшін мұғалім қазіргі заманға лайық өзінің білім беру ісінде рухани, шығармашылық ізденіспен жұмыс істеп, өмірге еніп жатқан жаңа технологияны меңгерген, білігі мен білімі жоғары болуы міндет. Сонда «мектеп те, мұғалім де – бала үшін» қызмет етпек, Н.Ә. Назарбаев: «Мұғалімдер қоғамның ең білімді, ең отаншыл бөлігі болып табылады. Сіздер біздің балаларымызды өсіріп, олардың ақыл-ойын жетілдірудесіздер. Олар үшін кейде ата-аналарына қарағанда сіздердің беделдеріңіз үлкен. Жас ұрпақтың болашақ азаматтық бағдары, олардың патриотизмі, туған жерге деген махаббаты көп ретте сіздерге байланысты.»десе, атақты педагог – ғалым В.А. Сухомлинский «мұғалімдік мамандық – бұл адам тану, адамның күрделі және қызықты, шым- шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер – ол даналықты жүрекпен ұға білу болып табылады»деп, ұстаздық қабілетке ерекше баға берген.

Мұғалім –дәрігер мамандығы сияқты ертеден келе жатқан мамандықтың бірі. Ол ұрпақтар арасын байланыстырушы. Орыс халқының ұлы педагогі К.Д. Ушинский былай дейді: «Жас жеткіншекті тәрбиелеуде оқулық арқылы да, моральдік көтермелеу арқылы да, жазалау арқылы да әсер ете алмайтын күшті мұғалімнің жеке жақсы оқу бағдарламасы, тәрбие әдісі болсын, ол тәрбиеші болмаса, жай сөз болып қала береді. Тәрбиені ешқашан айтқанды көзсіз орындаушы бола алмайды, ол өз жүрегінің жылуын беруші, жанымен сезінуші болғанда ғана тәрбиеші бола алады».

Ал, ұлы педагог және қоғам қайраткері Ы. Алтынсарин «Мектепте мұғалім – басты тұлға, онымен ешкім теңесе алмайды», - дейді. Ы. Алтынсарин өз еңбектерінде адам және оны биік адамгершілік тұрғыда тәрбиелеудің жолдары туралы айтады. Сол тұрғысында ұстаздық қабілеті дамыған тәрбиешіге үлкен сенім артқан. Қабілетті шыңдауда Ы. Алтынсарин мұғалім оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін теру арқылы жетеді. Баламен қатынас жасауда төзімді болу керек және әр пәнді түсінікті, ұғымды жеткізе білу де шеберліктің шыңына бастайды.

Абай Құнанбаев мұғалім бір орында тұрып қалмай үнемі іздену, оқу, өсу үстінде болу керектігін, біле білгенін басқаға үйрету қажеттілігін ескертеді. Ең бастысы мұғалім адамгершілігі мол, үлкен жүректі, әділетті болуы шарт. Өз дегеніне жету үшін мұғалімнің мінезі кең, ерік-жігері мол, ішкі жан дүниесі сұлу, баланы сүйе білетін, рухани жағынан таза болмағы ләзім. Абай адам мінезі рухани жан дүниесі мен ерік-жігері арқылы анықталады дегенді айтқан.

П. Подласыйдың айтуынша, педагогке тәрбиелей және басшылық ете білу, тыңдата және тыңдата білу, дүниетанымның кең болуы, сөйлеу мәдениеті, адам мен қарым-қатынас жасай білу, оған сенім арту, алға ұмтылуға үйрету, байқампаз болу қандай жағдайда болсын шешім қабылдай білу қажетті қасиет.

Педагогтік мамандық білімділікті қажет етеді. Мұғалім - белгілі бір пәнді жетік меңгерген мамандық иесі. Болашақ мұғалімнің біліктілігі оқу орнындағы алған білімі арқылы қалыптасады.

П. Подласый педагогикалық қабілеттілікке ұйымдастырушылық, дидактикалық, коммуникативтік, зерттеушілік, ғылыми-танымдық, т.б. жатқызады. Бұл мұғалімнің бойында болуға тиісті ізгі қасиеттер.

Білім саласында мұғалім қалай көрінеді? деген сұраққа педагогикалық әдебиеттерде тура жауап жоқ. Қазіргі күні тәрбиенің қажеттілігі, қоғам талабы жайлы жете зерттелмегендіктен оны зерттеу – бүгінгі күннің кезек күттірмес мәселесі. Өйткені, мұғалім және оның еңбегі, тәрбие жұмысы кейінгі орында тұрады. Міне, осы олқылықтардың орнын толтырмаса болмайды.

Педагог болу үшін оған әуел бастан бейімделініп туу керек дейді ертедегі педагогтар. Осы дұрыс па? Бұл пікірдің дұрыс емес жағы сол, ешкім іштен педагог болып тумайды. Дегенмен осы пікірді біржолата жоққа шығаруға болмайды. Өйткені бұл пікір педагог болу үшін қабілеттіліктің болу қажет екені жөнінде айтылған. Қабілеттілік іштен пайда болмайды, бірақ ол нерв қызметі типтерінің негізінде қалыптасып, біртіндеп өріс алады. Көпшіліктің пікірінше педагог мамандығына икемділіктің болуына нерв системасының шыдамды келіп, қозу мен тежелу процестерінің өзара орнының алмасуының жылдам келуі негізгі роль атқарады. Солай деу, негізінен дұрыс болғанымен, әр түрлі темпераменттерге жататын кісілердің бәрі де, егер осы мамандыққа ықыласты болып келсе, өзінің қабілеттілігін кеңінен дамыта алады.

Ал педагогтық қабілеттілік деп нені айтады? Бұл ұғымның мағынасы педагог өз жұмысына икем келіп, шебер болуын білдіреді. Педагогтың негізгі мақсаты жас буындарға білім беру болса да, білімі терең адамдардың бәрі педагог мамандығына бірдей қабілетті келмейді. Себебі педагогтық жұмысқа қабілеттілік біліммен ғана бағаланбай, оқу-тәрбие жұмысын қандай әдіс қолданып өткізуімен бағаланады. Күнделікті жағдайда, айталық, бір кісі өзгелерге өзінің ойын түсіндірерде, осыны қандай жолмен, қай әдісті қолданамын деп қиналмайды, ал педагог мамандығының ерекшелігі сол, мұны ол оқу материалдарының мазмұны жөнінде ойланып қана қоймай, осыны қандай жолмен, нендей әдіспен оқушыларға жеткізем деген ойда болады. Сондықтан оқу мазмұнын шәкірттерге түгел жеткізе алу – педагогтық қабілеттіліктің негізгі бір түрі болып саналады. Сондай-ақ тәрбие жұмысын жүргізе алуға қабілеттіліктің өзіндік ерекшеліктері де кездеседі. Қабілеттіліктің осы түрінің неше түрлі сипаты болса да, осыған баланың ішкі жан дүниесін жете біліп, тәрбиені соған қарай өзінің сөзін, жұмысын ықшамдап, бейімдей алуы жатады.

Педагог мамандығына лайықты қабілеттіліктің бұл екі түрін бірінен-бірін бөліп алып қарауға болмайды. Себебі сабағын жақсы білетін мұғалімнің сөзі тәрбие жұмысында балаларға өтімді. Сондықтан қабілеттіліктің бұл жеке түрлері өзара тығыз байланысты.

Педагогтық қабілетті көпшілік кейде мұғалімнің интуициясымен байланы-стырады. Тәрбие жұмысындағы интуицияның негізгі мәні – педагогтың әр ісін нендей нәтижеге апаратынын алдын ала біле алуы. Мысалы тәжірибесі мол педагог оқушыға қандай шара қолданғанда, соның өзі нендей нәтижеге апарып соғатынын алдын ала бірден білетін болады. Қабілеттіліктің бұл түрінде ешқандай жасырын сыр жоқ. Өйткені, бұл қасиет оқушылардың жан дүниесін жақсы білгендіктен және осыны педагог өз тәжірибесінде талай рет басынан кешіргендіктен осылай болып отыр. Сонымен қатар, педагогтың ұйымдастыру жұмысына икем келуі оның мамандығына лайықты қабілеттіліктің бірі болып саналады.

Мұғалім таланты, шеберлігі, бейімділігі

Жалпы нағыз мұғалімнің ерекше педагогикалық таланты болу керек пе? Мұғалім болу үшін қайсібір айырықша қасиеттер керек бола ма? Ал егерде бала әдеттегі мұғалімге тап болса не болмақ? Бізде екі жарым миллионнан астам мұғалім бар ғой, солардың бәрі тумысынан тұнып тұрған дарын иесі болғаны ма? Сонда солардың бәрінде де педагогикалық талант бар ма?- деген сұрақтар туады. Нағыз талантты мұғалімдер онша көп емес.

Жалпы алғанда барлық салалардағы сияқты, педагогикалық істе де талант сирек кездесетін нәрсе. Әрбір мұғалімнің талантты болмауына да болады. Алайда, ол өз ісінің шебері бола алады және болуға тиіс.

«Шеберлік дегеніміз – қол жеткізуге болатын нәрсе, - деп жазды А.С. Макаренко, - атақты шебер – токарь, тамаша шебер –дәрігер болатыны сияқты, педагог та тамаша шебер бола алады және болуға тиісті... Біздің де бәріміз де бірдей адамдар екенімізге мен кәміл сенімдемін. Мен 32 жыл жұмыс істедім, ал азды, көпті ұзақ уақыт бойы жұмыс істеген мұғалім, жалқау болмаса, шебер болып алады. Ал сіздердің, жас мұғалімдердің, әрқайсысы біздің ісімізді тастап кетпесе міндетті түрде шебер бола алады, ал оның шеберлікті қаншалықты меңгеруі, - оның өзінің табандалығына байланысты болмақ».

Әрине, шеберлік жылдар өткеннен кейін барып келеді. Педагогикалық стаждың әрдайым белгілі дәрежеде мұғалімнің кәсіптік шеберлігін сипаттайтыны тегін емес.

Адамның бойында мұғалім мамандығына деген бейімділіктің болуы падагогтық шеберлікті меңгеруге көп әсер етеді.

Бейімділік педагогикалық қызметке, балалармен бірге және балалар үшін еңбектенуге ұмтылу.

Балаларды сүйетін, балалардан, біздің жастарымыздан ұлы еліміздің лайықты азаматтарын тәрбиелеп шығару үшін барлық күшін жұмсағысы келетін адам ғана нағыз мұғалім бола алады. А.С. Макаренконың бүкіл тәрбие жұмысы балаларға деген дәл осындай сүйіспеншілікке толы болды. Алайда, А.С. Макаренко мұғалімнің балаларға деген сүйеспеншілігі үлкен талап қоюшылықпен, тіпті қаталдықпен ұштастырылатын ерекше, «педагогикалық» сүйіспеншілік екенін талай реттеп көрсеткен болатын. Антон Семеновтың тәрбиеленушілері оның сұстылығы мен қаталдығынан өздерінің тағдырына етене мүдделі екенін, олардың болашағына деген адамгершілікке толы орасан қамқорлығын сезіп тұратын да, оған шын берілу және ризашылық сезіміне бөленетін.

Балаларға немқұрайлы қарайтын, оларды елеп-ескермейтін және олардың өміріне селқос қарайтын мұғалім балалар алдында ешқашан беделге ие бола алмақ емес.

Ал кінәмшіл, кекшіл, қисық-қыңыр, өзін балаларға қарсы қоятын мұғалім туралы айтып жатудың қажеті жоқ.

Мұғалім оқушыларды тәрбиелеуге терең әрі мүдделі екеніне, олардың табыстарына оның қуанатынына, олардың сәтсіздіктеріне қамығып ренжитініне, дәл сол себептен де мұғалім балаларға қатал әрі талап қойғыш екеніне көздері жететін болса, оқушылар мұғалімнің қаталдығын, талап қойғыштығын, тіпті сұстылығын да түсініп бағалайтын да болады.

Ал мұндай шынайы мүдделілік балаларды сүйетін, өз пәнін жақсы көретін, ең алдымен өз білімдерін балаларға беру үшін, оларды ғылымды сүйе білуге үйрету үшін, олардың жүрегінде білімге деген ынтаны ояту үшін еңбек ететін мұғалімнің бойында ғана болады.

Міне, балаларға деген сүйіспеншілік, балалардың мұғалім мамандығына деген сүйіспеншілігі, мұғалімге жүктеген бүкіл жауапкершілікті және оларға деген қамқорлықты түсіну совет педагогының бүкіл жұмысына сән беріп, айқындап отыруға тиіс.

Балаларға деген талап қойғыш, әділ сүйіспеншілік, олардың өміріне ынта-ықылас қою мұғалім мамандығын таңдап алуды алдын ала айқындап беретін сапалар екенін тәжірибе көрсетіп отыр. Балаларға деген осындай сүйіспеншілік және олармен жұмыс істеуге ынта-ықылас болмайынша нағыз мұғалім болуға болмайды, сондай-ақ педагогикалық шеберлікті шыңдап меңгеруге болмайды.

Жақсы шебер мұғалім дегеніміз – баланың психологиясын, балалардың жас ерекшелігін және тіпті әрбір баланы жеке-жеке жақсы білетін ойлы, байқағыш психолог.

Ілтипатты әрі ыждығатты мұғалім мен педагог әрбір оқушыдан өзінің түр- тұрпаты, тілек – талаптары бар жеке адамды көреді. Мұны біліп, түсінбейінше, тәрбиеші – мұғалім баланы бауырына тарта алмайды, ал бүкіл оқу – тәрбие жұмысының пәрменділігі мен нәтижелілігі едәуір кемиді.

Оқушылар өздерінің қалай тұратынын мұғалімнің сұрап біліп жүргенін, олармен есептесетінін, оларға сенетінін қатты бағалайды. Бұл сапалар оқу сабақтарының үстіндегі мұғалімнің оқушылармен қарым-қатынас жасауынан да көрінеді, бірақ бәрінен де бұрын сабақтан тыс кездегі жұмыста араласқанда айқын ашылады.

Мұғалімдік қабілет талаптары

Қазақстан Республикасының үздіксіз білім беру жүйесі саясатының басты мақсаттарының бірі – жан - жақты, жоғары білімді, шығармашылық қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру.

«Білім туралы» заңда (8-бап) білім беру жүйесінің басты міндеті «...ұлттық және жалпы азаматтық құндылықтар, ғылым мен тәжірибе жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау» делінген. Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында оқу бітіруші түлектердің біліміне қойылатын талаптар төмендегідей:

- әлеуметтік –гуманитарлық ғылым саласында негізгі оқу мазмұнын білу, әлеуметтік жағынан қажетті ділгірліктер мен үрдістерді ғылыми тұрғыдан талдай білу, ғылыми әдістерді кәсіптік және әлеуметтік қызметтің әр алуан саласында қолдана білу;

- адамның адамға, қоршаған ортаға қарым-қатынасын реттейтін этикалық және құқықтық нормаларды білу, оларды экологиялық және әлеуметтік іс жобаларын әзірлеуде ескере білу; т.б.

Мұғалімдік қабілеттілікке ие болу үшін педагогтық ережелерді жаттап алу жеткіліксіз. Мұғалімдік жұмысқа қабілеттіліктің дамуында күнделікті өз ісіне қортынды жасауы көп көмектеседі. Ал, оның шыңдай түсуі сол ұстаздық қызметінің басталуынан-ақ көрінеді. Ол жылдар бойында оның үнемі ізденуінің нәтижесінде толысып отырады. Әрине ол шыңдай түсуде талмай еңбектенуі қажет.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Жарықбаев Қ., Озғанбаев Ө. Жантануға кіріспе. – Алматы, 2000.

2. Бап – Баба С. Жантану негіздері. – Алматы: «Дәнекер», 2001.

3. Елеусізова С. Қарым –қатынас психологиясы. - Алматы, 1999.

4. Жарықбаев Қ. Ұстаздық еткен жалықпас. – Алматы, 1987.

5. Керімов Л. Қиын бала және оны тәрбиелеу.- Алматы, 1993.

6. Қойбағаров К. Балаларды адамгершілік қасиетке тәрбиелеу. – Алматы: «Мектеп», 1996.

7. Құдиярова Ғ. Жас өспірімдердің мінез–құлықтарындағы ауытқушылақтар. – Алматы: «Білім», 1996.

8. Мұқанов М. Оқушылардың дара ерекшеліктерімен санасып, қарым – қатынас жасай білу. – Алматы, 1999.

9. Синица И. Педагогтық әдеп және ұстаздық шеберлік. – Алматы: «Мектеп», 1987.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2007


 © 2024 - Вестник КАСУ