Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

КҮРДЕЛІ ЕТІСТІКТІ МЕҢГЕРТУ ЖОЛДАРЫ

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2007

Автор: Ракишева К.Д.

Профессор А. Ысқақов «күрделі етістіктің лексикалық мағынасына бірінші компонент (есім) негіз болса, екінші компонент (көмекші етістік) сол есім сөзді етістікке айналдыратын дәнекер есебінде қызмет етеді, бірақ көмекші етістік қызметі жағынан жұрнаққа ұқсас болғанымен формасы мен мағынасы жағынан ешуақытта да онымен (жұрнақпен) тең түсе алмайды. Сөйтіп, күрделі етістіктің бұл формасы (үлгісі) сыртқы тұрпаты (құрамы) жағынан да, ішкі мазмұны (семантикасы) жағынан да құранды болып келеді.

Сол себептен бұл үлгі бойынша жасалатын етістіктер күрделі құранды етістік деп аталады»- деп көрсетеді (Қазіргі қазақ тілі. - А., 1991, 138 бет).

Күрделі етістік теориялық жағынан ғана күрделі емес, оны меңгертудің өзіндік қиыншылықтары бар. Осымен байланысты күрделі етістік құрамындағы сыңарларының орнын, олардың білдіретін лексикалық, грамматикалық мағыналарын, бір –бірімен байланысу ерекшеліктерін, контекстегі тұтас мағынасын түсіндірудің қажеттігі туындайды. Етістіктің бұл түрін тілде дұрыс қолдана білуге үйрету оқушының қазақша сөйлеу тілін дамытуға кең мүмкіндік береді. Сондықтан оларды күрделі етістік деп қарастырып, оның ішіне аналитикалық форманттарды да, құранды етістіктерді де, жатқызып ортақ элементтері арқылы меңгерту тиімді.

Ортақ элементтеріне :

- бірнеше сөздің тіркесіп келіп, мағына тұтастығын жасауы;

- құрамындағы бірінші сыңарының негізгі мағына атқаратындығы (күрделі етістіктің екінші сыңарының да дербес лексикалық мағына беретіндігін ескермегенде) жатады.

Оқушылар бірнеше етістіктің немесе есім сөз бен етістіктің тіркесіп келіп, біртұтас мағына беретіндігін ұғыну барысында оның құрамындағы алғашқы сыңарының барлық жағдайда негізгі мағынасының басым болатынын түсінуі қажет. Күрделі етістікті жете түсінуде көмекші етістіктердің жеке тұрғандағы мағынасы мен контекстегі мағыналарын ажырата білудің маңызы ерекше. Бұл тұрғыда көмекші етістіктердің мәнді және мәнсіз деп аталатын түрлерін бір-бірінен ажырата түсіндірудің және жоғарыда айтып кеткендей атқарып тұратын қызметіне қарай мағынасын түсіндіру қажет. Қазақ тілінде көмекші етістік мәнді, мәнсіз болып екіге бөлінеді. Мәнсіз көмекші етістіктер: е (екен, еді), ет, де, жазда. Бұлар негізгі мағынаны білдіріп тұрған бірінші сыңар етістікке немесе есім сөзге әр түрлі грамматикалық мағына үстейді. Мәселен, е (екен, еді) өзі тіркескен сөзге өткен шақтық мағына береді. Мысалы. Күн батып, қараңғы түскен екен. Бұл келген Абай еді. Ет көмекші етістігі есімдер мен еліктеу сөздерге тіркесіп, оған қимыл мағынасын үстейді. Мысалы. Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей (Абай).

Де- сөйлеушінің бөгде адам сөзін, не ойын екінші біреуге айтқанда қолданылады. Мысалы. Динаны тоғыз жасында «домбырашы қыз» деп атады.

Жазда іс-әрекеттің басталысымен-ақ үзіліп қалғанын, не аяқталмай, орындалмай қалғанын білдіреді. Мысалы. Жүгіріп бара жатып, құлай жаздады.

Бұл етістік орыс тіліндегі «чуть не» тіркесіне сәйкес келеді.

Мәнді көмекші етістіктерге отыр, жатыр, тұр, жүр, ал, кел, кет, қой, бар, жібер, жөнел, сал, түс, баста, қал, шық, қара, өт, біт, бол жатады. Бұлар қазақ тілінде отыз шақты ғана. Оқыту барысында осылардың ішінен жи» қолданылатынын іріктеп алып, олардың тіркестегі мағыналарын түсіндіру қажет. Ал олардың негізгі етістікке үстейтін мағыналарын төмендегідей мақмұндауға болады.

1. Отыр, жатыр, тұр, жүр көмекші етістіктері күрделі етістік құрамында осы шақтық мағына береді. Қалып етістіктерін күрделі етістік құрамында негізгі етістіктерге тіркестіру қиындығы оқу процесінде жиі кездесетін құбылыс. Бұл етістіктер негізгі етістіктерге тіркесіп қимылдың созылыңқылық дәрежесін көрсетеді. Мәселен, тұр, отыр, көмекші етістіктері қысқа мерзімде болып жатқан қимылды білдіреді. Мысалы. Кітап оқып отыр, өлең оқып тұр.

Отыр етістігі көбіне өзінің лексикалық мағынасын жоғалтпаса, тұр кейде өзінің лексикалық мағынасынан мүлдем айырылып қалады. Бұл көбіне табиғат құбылыстарына байланысты болып келеді. Мысалы. Күн жауып тұр. Жел соғып тұр. Жүр ұзағырақ мерзім ішінде үзіліспен болып тұратын, не болып жатқан қимылды білдіреді. Мысалы, оқып жүр, келіп жүр.

Жатыр - ең көп қолданылатын, алдыңғы үшеуінің де орнына жүре беретін етістік.

Сонымен жүр, жатыр ұзаққа созылған қимылды білдірсе, отыр, тұр сөйлеушінің хабарлап тұрған кезінде жасалып жатқан қимылды білдіреді. Оқушы ұзақ уақытқа созылған қимылды тұр, отыр етістіктерімен тіркесуге болмайтынын меңгеру керек.

2. Баста көмекші етістігі негізгі етістікке тіркесіп қимылдың басталу мағынасын білдіреді. Оқыту барысында оның алдындағы негізгі етістіктің – а көсемшелі тұлғада тұруын қажет ететіндігі түсіндіріледі. Мысалы. Үйдің кірпіші қалана бастады.

3. Бар негізгі етістікке тіркесіп іс-әрекеттің бірте-бірте өсуін немесе бәсендеуін және бағытын білдіреді. Мысалы. Құстар қиқулап ұшып барады.

4. Кет, бол, шық, біт, қой- қимылдың аяқталғанын білдіреді. Мысалы. Арал теңізінің деңгейі 13 метрге дейін төмендеп кетті.

5. Ал етістігі –а, -е, -й формалы негізгі етістікке тіркесіп іс-әрекеттің орындалу, орындалмау мүмкіндігін білдіреді.

Мысалы. Пингвин ұша алмағанмен, суда жақсы жүзе алады. Көмекші етістіктердің жоғарыдағы әр түрлі мағыналары меңгерілген соң, олардың алдындағы негізгі етістікпен байланысу тәсілі үйретілу керек. Күрделі етістік құрамындағы сыңарын байланыстыратын қосымша –ып, -іп, -п, -а, -е, -й. Өнімді қолданылатыны: -ып, -іп, -п. Жиі қолданылатын көмекші етістіктердің алдында көсемше формаларының қолданылу ерекшеліктеріне мына кестені қолдануға болады.

Күрделі етістікті меңгертуде оның құранды түрін игерудің орны ерекше. Құранды етістіктің бірінші сыңары зат есім, еліктеуіш, сөз, сирек те болса сын есім, сан есім, есімдік, үстеу, модаль сөз болып келетіндігі жөнінде ғылыми еңбектерде айтылған. Осының ішінде жиі кездесетін зат есім мен еліктеуіш сөздердің тіркесуі арқылы жасалған түрін оқыту оқушылардың сөйлеу тілін дамытуға себін тигізеді. Екінші сыңарының негізінен ет, бол көмекші етістіктері болып келетіні оқушы саналы меңгеруі тиіс. Осы ретте іс-қимыл ұғымын білдіруге бейім зат есімдер мен ет, бол көмекші етістіктерінің тіркесіп келуі үйретіледі. Мысалы ол сөздер: еңбек, әңгіме, сәлем, бұйрық, уәде, арман, адам кәсібінің аталуына байланысты сөздер / мұғалім, дәрігер, жұмысшы, студент т.б. / мысалы.

Еңбек етсең, емерсің

Көп ойлансаң, дана боласың.

Көп ойнасаң, бала боларсың...

Ал еліктеуіш сөздердің ет сөзімен тіркесіп, қимылға айналатынын да оқушы жете түсінуі керек.

Осыған орай мына көрнекіліктерді пайдалануға болады:

Дыбыстық еліктеуіш пен ет көмекші етістігінің тіркесуі арқылы тездік, кенеттілік, шапшаңдылық мағынасын беретіндері біршама: сарт етті, шарт етті, тарс етті, бұрқ етті, зірк етті, шыр етті т.б.

Профессор Ш. Сарыбаев «...егер қимыл жай созылыңқы болмай, тез, шұғыл болса, онда еліктеуіш сөздердің айтылуы да тез, шұғыл болады» деп көрсетеді (Еліктеуіш сөздер. – А., 1982, 20 бет).

Бейнелеуіш еліктеуіш және ет көмекші етістігінің тіркесуі арқылы тездік мағынаны білдіретін құранды етістіктерге мына төмендегі етістіктер жатады: жалп етті, селк етті, жалп етті, бүлк етті, жарқ етті т.б.

Сондай-ақ, еліктеуіш сөздер басқа да көмекші етістік қызметіндегі етістіктермен (беру, қағу) тіркесе алады.

Беру етістігімен тіркесетін еліктеуіш сөздер тез, кенеттен жасалатын қимылдың берілу жолына жатады.

Қағу көмекші етістігімен тіркесетін еліктеуіш сөздер кенеттілік, тездік мағынаны білдіреді.

Құранды етістікке «-е түс», «-е қал» аналитикалық форманттарының тіркесуіне тоқталайық. Құранды етістікке – «е түс», «-е қал» аналитикалық форманттары тіркескенде , әр уақытта дыбыстың, немесе, қимылдың өте тез, жылдам болғандығын аңғартады. Мысалы. Бір қаңғырған снаряд келіп, танкімізді маңдайдан бір нұқып қалды білем, ап-ауыр танкім селк ете түсті (Ғ. Мүсірепов).

Құранды етістікке «-е түс» аналитикалық формантының тіркесуі арқылы жасалатындары біршама. Мысалы: сарт ете түсті, зырқ ете түсті, пыс ете түсті, жылт ете түсті, дүңк ете түсті, шаңқ ете түсті, шыр ете түсті, баж ете түсті, жалп ете түсті т.б.

Енді құранды етістіктердің « -е қал» аналитикалық формантымен тіркесуіне мысалдар.

Көзі ілініп кеткен екен, таныс әуен құлағына шың ете қалды (Б. Нұржекеев).

Құранды етістіктермен «-е қал» аналитикалық форманты тіркесуі арқылы жасалғандары да біршама. Мысалы: гүмп ете қалды, күңкете қалды, дір ете қалды, жарқ ете қалды, зу ете қалды, тырс ете қалды, қор ете қалды, шу ете қалды, тықыр ете қалды т.б.

Осылармен қатар оқушы күрделі етістіктің жиі кездесетін мына түрлерінің аудармасын жатқа білуі керек:

- Алып кіру - ввезти, внести;

- Ауырып қалу - заболеть;

- Барып келу, барып қайту -съездить, сходить;

- Гүлдеп қою - отцвести;

- Жазып алу - записать;

- Жүзіп келу - приплыть;

- Жүзіп кету - уплыть;

- Жылап жіберу - заплакать;

- Күтіп алу - встретить;

- Қайтарып алу- вернуть;

- Қайтарып беру – возвратить;

- Оқып кету – отучиться;

- Сатып алу – купить;

- Сатып жіберу – продать;

- Ұйықтап қалу – уснуть;

- Ұшып келу – прилететь;

- Ұшып кету – улететь;

- Жан аямай еңбек ету - трудиться в поте лица;

- Жаны ашу - болеть душой, жалеть;

- Көз жасын төгу - лить слезы;

- Көз жауын алу - глаза разбегаются;

- Құрбан ету – жертвовать;

- Қол ұшын беру – помогать;

- Қабақ шыту - проявлять недовольствие;

- Қамқорлыққа алу – опекать;

- Күлін көкке ұшыру – уничтожать;

- Күшін жою - утерять силу;

- Мерт болу- гибнуть

- Салқын қабылдау- принимать нерадостно

- Тілін алу-слушаться

- Түбіне жету – доконать;

- Іші пысу – скучать;

- Іргесін қалау - заложить основу;

- Үлес қосу - внести вклад.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. – А., 1991.

2. Сарыбаев Ш. Еліктеуіш сөздер. – А., 1982.

3. Мектепте қазақ тілі мен әдебиетін оқыту мәселелері. – А.,1959.

4. Арғынов Х. Қазақ тілі методикасы. – А., 1974.

5. Мусинов А., Мұхаметкалиева М., Құдайбергенов Е. Қазақ тілі. – А., 1995.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2007


 © 2024 - Вестник КАСУ