Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

«ӨСКЕМЕН» УРБАНОНИМІНЕ ТІЛДІК ШОЛУ

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2007

Автор: Бияров Б.Н.

Жалқы есімдер таңбалық және бағыт-бағдар беру қызметі арқылы адамзат қоғамында ерекше орын алады. Оның ішінде ойконим (елді мекен атауы) қай елдің болмасын мәдениетін, сондай-ақ тіл мәдениетін әйгілейтін айна тәрізді десе де болады. Біз ойконим ішінен шығатын урбаноним (қала және ондағы нысаналардың атауы) мәселелеріне тоқталмақпыз.

Тым арғы тарихқа бармағанның өзінде, бертіндегі Құрбанғали Халидтің «Тауарих хамсасында» Өскемен қаласы тұрған жерді қазақтар Дом деп атағаны туралы мәлімет бар [1]. Жуықта жерлес жазушымыз Кеңес Юсуптың облыстық «Дидар» газетінде облыс орталығының маңындағы жер-су аттарының қазақша аталуы туралы естелік-мақаласы жарық көрді. Жазушының атасының айтуынша, Өскемен қаласы тұрған жер ертеректе Дөм, кейде Тасқұйған аталған екен [2]. Ал «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырының бір нұсқасында: Ертіс бойлап Қарадөң жерге жеттік, Бейне Теңіз дейтұғұн көлге жеттік – деген жолдар кездеседі [3]. Осындағы Қарадөң – қазіргі Өскемен қаласының маңындағы таулы-тасты жерлер емес пе екен деген ой туады. Ал Бейне Теңіз деген әдемі атаудың Зайсан көлінің қазақша аты екені көпшілікке белгілі.

Енді дом//дөм//дөң сөз нұсқаларына келсек, мынадай пікірлерді ұшыратамыз:

1. Кеңес Юсуп атасының айтқанына сүйеніп, бұл арада құстар көп болғандықтан, оларды ұстауға арналған тұзақтың «дөм» деген аты жерге берілгенін ескерте кетеді.

2. Қ. Халид жазбасындағы Дом сөзін кейбір ғалымдар алғаш орыс үйлері салынған соң, орыс тіліндегі дом «үй» сөзінен қалыптасқан дейді [3].

3. Келесі бір зерттеушілер дом//дөм//дөң сөздерінің негізінде скиф, сармат, сақ сияқты арий тайпаларының тіліндегі дон «өзен», «су» географиялық термині жатыр дейді [3].

Біздің ойымызша, құсқа құратын тұзақтың жер-су атына айналып кетуі екіталай нәрсе. Мұнда Ертіс пен Үлбі өзендерінің құйылысы («Стрелка» аталып жүрген тұс) аңдарды қуып келіп ұстауға ыңғайлы табиғи тұзақ болып тұрғаны атауға уәж болуы мүмкін. Ал дөм сөзі қай диалектіде «тұзақ» мәнін беретінін анықтау қажет.

Түбін қуып келгенде, осы атаулардың қай-қайсысы да, Усть-Каменогорск – Усть-Камень – Өскемен атын ауыстыруға құқұлы. Алайда макротопонимдерді, ірі елді мекен атауларын ауыстырудың өзіндік қиындығы бар. Ол атау, ең алдымен, саяси, экономикалық жақтарынан тиімді, эстетикалық талапқа сай келіп, Қазақстандағы басқа қала атауларымен типтес болғаны жөн. Атап айтқанда, Қазақстанда жиі кездесетін қала, қорған, орда, кент сияқты ойконимдік терминдердің бірімен берілгені орынды болмақ.

Осындай талаптар тұрғысынан келгенде, Дом, Дөм, Дөң атаулары қаланың атына лайық бола алмайды. Тасқұйған түріндегі көне атау «тасты құйылыс, яғни Ертіс пен Үлбінің құйылысы» деген мағынада тұрғанымен, қаланың мәнін ашпайды. Біз осы Тасқұйғанды сәл өзгертіп, қаланың аты Тасқорған болса деген ұсыныс айтамыз. Тасқорған [Тасқорған] – қаланың мынадай белгілерін білдіреді:

1. Камень «тас» сөзі сақталады. Өйткені қала маңы тасты таулармен қоршалып тұр.

2. Өскеменнің алғашқы аттарының бірі Защита «қорған» сөзі тағы бар (Өскеменнің әуел баста әскери бекініс ретінде салынғаны белгілі).

3. Қорған сөзі түркі тілдерінде, сонымен бірге, «елді мекен», «қала» мағынасында қолданылады.

4. Тасқорған Қазақстандағы Талдықорған, Жаңақорған сияқты қала аттарымен бір типке енеді.

Өскемен қаласының Қазақстан Республикасының қиыр шығысында орналасқанын ескеріп, құрамына орда «орталық», «астана», «қала» мағыналарын білдіретін терминді енгізіп, Шығысорда [Шығысорда] деп те атауға болады. Бұл, өз кезегінде, Қызылорда, Елорда, Ақорда сияқты атаулармен бір тип құрайтын еді.

Елдің ауызекі тілінде және жерлес жазушы Д. Әшімхановтың бір әңгімесінде Өскеменді Тасқала [Тасқала] деп атау кездеседі. Алайда Батыс Қазақстан облысында Тасқала атты қала бар болғандықтан, бір Республика ішінде аттас қалалардың болуы шатастыруға әкелетіндіктен, бұл нұсқа өз күшін жояды.

Енді қаланың аты қазіргі қолданыста жүрген Өскемен қалпында қала берсе қайтеді деген заңды сұрақ туады. Ол сөздің Усть-Каменогорск урбанонимінен қазақ тілінің фонетикасына бейімделіп кеткені болмаса, ешқандай лексикалық мағынасы жоқ. Ал мағынасы жоқ сөзді атауға негіз етіп алуға болмайды. Семей атауы да сондай жағдайда.

Келесі кезекте біз қаланың көше, алаң, даңғыл, бульвар, дүкен, асхана, мейрамхана, кафе, мәдениет орындары т.б. нысаналардың атына қысқаша тілдік шолу жасап шығуды мақсат еттік.

Қала көшелерінің аттары әр заман келбетін көрсететін мұражай сияқты. Мұнда Арычная, Кузнечная, Мельничная, Набережная Красных Орлов, Коминтерна, Ленина, Целинная, Космическая т.б. атаулар сақталып қалған. Тарихи атауларды ауыстыра беруге болмайтыны айқын, бірақ белгілі бір идеологияға, саясатқа орай құрылған атаулар біртіндеп өз мәнін жоятыны, қолданыстан қалатыны тағы да шындық. Ондай күні өткен жалқы есімдерді, уақыт талабына байланысты, өзгертпесе болмайды. Атауларды жаңалау, жаңғырту үрдісін Алматы, Астана, Семей қалаларынан көруге болады. Бұл жағынан Өкемен қаласы басқа қалалардан оқшауланып, жеке арал сияқты қалып қоймауға тиіс деп ойлаймыз.

Ескірген көше аттарын Достық (Дружба), Тәуелсіздік (Независимость), Күншығыс (Восток) тәрізді жалпы мағыналы сөздерден жасалған атаулармен алмастыруға болатын болса, кейбіріне нақты кісі есімдерін беруге болады. Мәселен, Лихерева, Михаэлиса, Бажова сынды тарихи тұлғалармен қатар, монғол басқыншылығына қарсы азаттық үшін күрескен Найман Күшілік сұлтан, жоңғар басқыншылығына қарсы күрескен жерлестеріміз Қабанбай, Көкжал Барақ, Дәулетбай батырлардың есімі тұрса, қандай жарасар еді.

Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетіне жерлес ғалым С. Аманжоловтың есімі берілгеннен кейін, сол университеттің бас ғимараты тұрған көшенің 30-й Гвардейской Дивизии деген шұбалаңқы атының орнына С. Аманжоловтың есімі лайық болар еді.

Сол сияқты кезінде Күршімнің сұлу қызы Ақбілек туралы роман жазған, кейін репрессияға ұшыраған жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың, облысты біраз уақыт басқарған, әрі ғалым болған Ілияс Омаровтың, Кеңес Одағының Батыры Ізғұтты Айтықовтың есімдерін көше, даңғыл, алаңдарға беруге әбден болады.

Енді бір нысаналарға сол жердің бір ерекше белгісіне қарап атау қоятын тәсілді пайдалану тиімді. Мысалы, Согринская (угро-фин тілінде согр «батпақ, саз» деген мағына береді), Шешек асуы (көне түркі тілінде шешек «гүл» деген сөз) атаулары осындай жолмен жасалған. Сол сияқты КШТ аталып жүрген шағын ауданның Желдіөзек деген тарихи аты бар екені анықталып отыр. Атауға ол жерде үнемі соғып тұратын желі уәж болған.

Ғылыми тұрғыдан қарағанда географиялық нысаналарға, сондай-ақ ауыл, село, кент, қалаларға кісі есімін беру дұрыс емес деп есептеледі. Кісі аттары (антропонимдер) көше, мектеп, мекемелерге тән болып келеді.

Қаладағы асхана, мейрамхана, азық-түлік дүкендері, кафе т.б. нысаналардың аттарын менсонимдер деп атайды [4]. Оларға көпшілік жиі баратындықтан және өздері де сан жағынан басым болғандықтан, аттары тілдің эстетикалық-этикалық нормаларына сай болуға тиіс. Ең алдымен нысана мен атаудың арасында мағыналық байланыс болуы қажет. Мәселен, аяқ-киім сататын дүкенге Ромашка деп ат қоюға болмайды. Ол ат гүл сататын дүкенге бек жарасады. Ласточка (Қарлығаш) деген атау азық-түлік дүкенінен гөрі, бала-бақшаға лайық болар еді. Кейде, тіпті шағын ғана дүкендердің маңдайшасында Ғарыш-Космос, Астана, Жалын, Сұңқар сияқты ірі қонақ үй, сарайларға тән атаулар жазылып тұрады. Бір жанар-жағар май стансасының аты Отан деген ұлы сөзден жасалғанын байқадық.

Әрине, жеке меншік иесі қандай атау берсе де өзі біледі. Алайда олар жергілікті үкіметке, мелекеттік тіл талабына, қала берді қарапайым этикалық нормаларға бағынуға тиіс қой?.. Көптеген шағын бизнес өкілдері мекемелеріне, дүкендеріне өз жанұясының есімдерін қысқарту арқылы атау жасап жатады. Ал сөз қысқарту арқылы жаңа сөз жасау лингвистикалық білімнен хабардар болуды талап етеді. Ондағы әр атаудың алғашқы әрпі бас әріппен жазылуға тиіс. Мәселен, АйМар сияқты. Димакс (Дима+Макс), Аияужан атаулары дұрыс жазылмаған. Қаланың ономастикалық кеңістігіне ТОДЖ, НАДЖ, АЗАЛИ, ҚАИРА сияқты қысқарған атаулар сән беріп тұрған жоқ.

Латын тіліне көшпей жатып-ақ, латынша (әлде ағылшынша) атаулар қаптап кетті. Олардың қандай мақсатпен қойылғаны белгісіз. Біздің қала туристер көп келетін Латын Америкасының қалалары сияқты емес және туристер келгеннің өзінде біздің дүкендерден тауар сатып алуы екіталай. Бұл арада дүкен иесі өз тұтынушыларын жоғалтуы мүмкін, өйткені шет тілдегі атауды түсінбеген қала тұрғындары, ауылдан келушілер ол дүкенге бас сұқпайтыны анық.

Біз шағын шолуымызда Өскемен қаласындағы 267 нысанаға тілдік тұрғыдан сараптама жүргізген едік, нәтижесі былай болып шықты.

1. Жер-су аттарынан (топонимнен) жасалған менсонимдер – 65 (Астана, Версаль, Сибинка, Иртыш, Мұзтау т.б.). Кәсіпкерлердің көбі өз туған жерлерінің атын қоятын болса, енді біреулері демеушілік көрсетіп отырған жердің атын, немесе халыққа кең тараған макротопонимдерді таңдап алады. Ал Шығыс Қазақстанға, тіпті Қазақстанға ешбір қатысы жоқ Версаль, Атлантида, Венеция, Вавилон қатарлы ойконимдерді экзотикалық мақсатта қоя салған сияқты.

2. Кісі есімдерінен (антропонимнен) жасалғандары – 92 (Бейбарс, Клеопатра, Темірлан, Спартак, Петрович, Марина т.б.). Жеке меншік иелері, көбінесе, өз есімдері мен туысқандарының есімдерін қоятыны байқалады. Кейде тарихта белгілі адамдардың есімдері (Томирис, Шыңғысхан, Темірлан, Кемал (Ататүрік), Спартак т.б.) кездесіп отырады. Менсонимдердің көбінің әйел атынан жасалғандығын, біз, ол атаулардың әсем болып келуімен және әйел затын құрметтеуден туған деп бағаладық (Анастасия, Гауһар, Айка, Рахия т.б.). Қалада этнонимнен жасалған атаулар жоқтың қасы (Керей, Найман).

3. Жануарлар атына (зоонимдер) байланысты менсонимдер – 22 (Ақ аю, Ирбис, Барыс, Муравейник т.б.). Зоонимдер ежелден тотемдік мақсатта қолданыста жүретіні белгілі. Қаланың ішінде аң, құс аттарынан жасалған атаулар басым болса, үй жануарларының атынан жасалғандары сирек кездеседі.

4. Өсімдіктерге (фитоонимдер) байланысты атаулар – 26 (Эдельвейс, Огонек, Ақ қайың, Ландыш т.б.). Өсімдік атынан жасалған менсонимдер, негізінен, символдық қызмет атқарады. Өкінішке орай, қазақ тіліндегі гүл аттары қаланың ономастикалық кеңістігінен көрініс бере алмай тұр. Бәйтерек деп аталған мейрамхана ұлттық, танымдық болмысымен келушілерді тартып тұратыны анық.

5. Ғарыш атауларынан (астронимдер) жасалғандары – 14 (Белая Луна, Меркурий, Космос, Звездочка т.б.).

6. Кино, ертегі кейіпкерлері атынан жасалғандары – 14 (Мимино, Санта-Барбара, Али Баба т.б.). Кәсіпкерлердің қазақ ертегілерінде, батырлар жырында сомдалған кейіпкерлердің атын біле бермейтіні қынжылтады

7. Басқа әр түрлі жағдайларға байланысты жасалған менсонимдер – 34.

Қорыта келгенде, бәрімізге ортақ бұл мәселерді ойдағыдай шешу үшін, мынадай ұсыныстар айтуға тура келеді.

1. Әр атау қаланың қайталанбас ерекшелігін, мәдени дамуын, тарихын білдіруге тиіс.

2. Атау нысананың ерекше белгісін, қызметін, ондағы тауар түрлерін жарнамалап тұруы керек.

3. Нысана атаулары (бір қаланың ішінде) қайталанбауы қажет (Мысалы, КШТ шағын ауданында екі дүкен Эверест атын иемденіп тұр).

4. Атауларға идеологиялық, саяси міндет жүктелмеуі керек, өйткені идея да, саясат та айнымалы, құбылмалы болып келеді.

5. Қалаішілік нысаналардың аттары келушілердің көңілін аударып, қызығушылығын тудыруға тиіс.

6. Атау қай тілде жасалса да, сол тілдің сөзжасам және синтаксистік заңдылықтарын сақтауы керек. Атау – жай ғана таңба емес, қаламыздың айнасы, біздің біліміміз бен мәдениетіміздің көрсеткіші.

7. Атаулардың қазақ тілінде көбірек қалыптасқаны, қазақ халқының тарихы мен мәдениетінен хабар бергені болашақ үшін игі іс болып табылады. Бұл меншік иелеріне де тиімді, себебі тұтынушылардың басым бөлігі жергілікті тұрғындар екені белгілі.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Халид Құрбанғали. Тауарих хамса. - Алматы, 1992. - 304 б.

2. «Дидар» газеті. Өскемен, 2006. № 17.

3. Жүнісов Н. Өзен-көл аттары. - Алматы, 1989.-185 б.

4. Иманбердиева С. Қала ономастикасының кейбір мәселелері. - Алматы. «Арқас», 2004. – 136 б.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2007


 © 2024 - Вестник КАСУ