Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

ФОЛЬКЛОРОТОПОНИМДЕРДІҢ МОРФОЛОГИЯЛЫҚ-ҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖҮЙЕСІ

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2007

Авторы: Бияров Б.Н., Мергенчинова М.К.

Жер-су аттары – халық тіліндегі айшықты, ұтымды, ұғымды сөздерден сараланып алынған, замана көшіне ілесе ұрпақтан-ұрпаққа, тілден-тілге көшіп келе жатқан тұрақты белгілер. Осынау топонимдердің құрылысы, лексикалық қоры, морфологиялық құрылымы әр тілде алуан түрлі. Тіптен, топонимиялық материалдар мен олардың құрылымдары аймақтық сипаты жағынан да өзіне тән ерекшелікке ие болады. Мәселен, олардың тіркесе қолданылуы мен орналасу тәртібінен біршама өзгешеліктер байқалады. Жалғау-жұрнақтардың бір тобы байырғы тілдік заңдылықтарға тән болса, екінші бір топтары басқа тілдерден ауысқанын көреміз. Алайда, негізінен алғанда, топонимдерге байырғы тіліміздің сөздік құрамы мен грамматикалық құрылысының сөз жасау, өзгерту тәсілінің ізі берік сақталған.

Топонимдердің құрылымдық сипаттарын баяндаған ғылыми еңбектер жер-жерде баршылық. Соның ішінде Қазақстан топонимиясын зерттеушілер топонимдерді құрылымы мен құрамы жағынан үлкен бес топқа бөледі:

1) түбір тұлғалы жалқы есімдер;

2) туынды түбір тұлғалы жалқы есімдер;

3) біріккен тұлғалы жалқы есімдер;

4) қос тұлғалы жалқы есімдер;

5) сөз тіркестерінен немесе сөйлемдерден қалыптасқан жалқы есімдер.

Орталық Қазақстанның жер-су аттарын зерттеушілер топонимдерді құрылымдық типтеріне қарай: дара, біріккен тұлғалы және көп құрамды деп үшке бөледі, не болмаса екі топқа бөліп дара және күрделі тұлғалыларға жіктейді.

Шығыс Қазақстан топонимдерін жинақтап, зерттей келе, оларды былайша саралауға болады.

Дара тұлғалы топонимдер:

1) түбір тұлғалы атаулар: Еңбек, Жұлдыз, Аманат.

2) туынды түбір тұлғалы атаулар: Құйған, Маралды.

Күрделі тұлғалы топонимдер: Қойтас, Ақши, Жаңажол, Төртқалмақ, Шолақорда, Көкжыра.

Осы аймақ топонимдерін морфологиялық құрылымына қарай жіктеу барысында атауыштық қызметі жағынан, әсіресе, есім сөздердің басым екендігі аңғарылады. Ең көп кездесетін атаулар зат есім – 81,6 пайыз, сын есім – 25,6 пайыз, сан есім – 26,6 пайыз сөздерден жасалып отырған. Сондай-ақ, етістік – 4 пайыз, үстеу – 1 пайыз, еліктеу сөз – 0,7 пайыз сияқты сөз таптары да топонимдік атаулар жасауға қатысады. Дегенмен, топонимдердің көпшілігі біріккен тұлғалы – 54,6 пайыз болып келеді [2, 29-30 б.].

Қазақ тілінде сөзжасам грамматика аясында қаралып, оның лексика-семантикалық қызметіне мән берілмей келгенін тілші-ғалым С.Исаев атап көрсеткен еді. Сөзжасамның басты міндеті сөз таптарын жасау емес, аналитикалық және синтетикалық тәсілдер арқылы «жаңа мағыналы» сөз туғызу екенін дәлелдеп берді [60, 250 б.].

Сөзжасамның өнімді қызметі ономастика саласында анық байқалады. Сондықтан жер-су аттарын зерттеушілер өз ғылыми еңбектерінде сөзжасам бойынша топтастыру тәсілін бұрынна қолданып келеді. Мәселен, Г.И. Донидзе өзінің түркі топонимдері туралы мақаласында «бір сөзді топонимдер» және «көп сөзді топонимдер» деген терминдер енгізеді. Бір сөзді топонимдерді қосымшасыз және қосымшалы деп одан әрі таратады [61, 122 б.].

О.Т. Молчанова түркі тілді топонимдердің көбінесе екі құрамды болатынын, атау жасауда топонимикалық аффикстердің шағын тобы қатысатынын, номендердің кең таралуы мен жиі пайдаланылатынын, негіздердің орналасуында белгілі бір тәртіп болатынын байқаған [62, 102-103 б.].

Зерттеу объектісі болып отырған фольклоротопонимдерді құрылымдық сипатына қарай бірнегізді (дара), екінегізді (қос құрамды) деп қарастырамыз. «Негіз» терминін алу себебіміз – оған түбір де, туынды түбір де еніп тұрады және бұл топонимдерді талдауға ыңғайлы келеді.

Бірнегізді топонимдердің түрлері

Бірнегізді атаулар түркі тілінде аз кездесетіні белгілі. Оның көбі дәстүр бойынша бірнегізді болып саналатын антротопонимдер мен этнотопонимдер. Мысалы: Байшуақ, Байпақ, Сүгірбай (Марқакөл ауданы), Балтабай (Күршім ауданы), Дағымбек (Катонқарағай ауданы), Жолдыбай (Көкпекті, Жарма ауданы), Жанай (Үржар ауданы), Шыңғыс (Абай ауданы), Абыралы (Семей облысы), Қарахан (Жетісу, Шығыс Түркістан аймағы), Орынқай (Марқакөл ауданы), Балталы, Бағаналы (Аягөз ауданы).

Бірнегізді топонимдерді таза түбірден және туынды түбірден жасалған деп екіге бөлеміз [13, 106 б.].

Түбір тұлғалы атаулар

Түбір тұлғада кездесетін атаулар, негізінен, топонимизацияланған номендер болып келетінін, алғашқы атаулардың жалпы есім түрінде болғанын ғалымдар мойындайды.

О.Т. Молчанова олардың екі түрлі жасалу жолы бар деп қарайды: бұрыннан түбір тұлғада кездесетіндер және көп негізді атаулардан эллипсиске ұшырағандары [62, 108 б.].

Фольклоротопонимдердің ішінен мынадай атауларды көне түбір тұлғалы топонимдерге кіргіземіз: Арасан (Катонқарағай ауданы), Бетпақ (Оңтүстік Қазақстан облысы), Бөкен (Күршім ауданы), Быжы (Алматы облысы, Көксу ауданы), Еміл (Тарбағатай ауданы), Жәмбіл (Оңтүстік Қазақстан облысы), Жем (Ақтөбе, Атырау облысы), Жырғалаң (Марқакөл ауданы), Зайсан (Зайсан ауданы), Кеген (Алматы облысы, Райымбек ауданы), Қалжыр (Күршім ауданы), Қапсалаң (Қара Ертістің басы), Қатын (Катонқарағай ауданы), Қотан (Қарағанды облысы), Құмра (Қостанай облысы), Құрдым (Алматы облысы), Лаба (Жарма ауданы), Манақа (Жезқазған облысы), Нарын (Катонқарағай ауданы), Нұра (Қостанай, Ақмола облыстары), Сауыр (Зайсан ауданы), Тақыр (Күршім ауданы), Толағай (Тарбағатай ауданы), Түрген (Катонқарағай ауданы), Ұлан (Шудың төменгі ағысы), Шаған (Абай, Бесқарағай аудандары), Шар (Ертістің сол жақ саласы), Шегелек (Жарма ауданы), Шолақ (Марқакөл ауданы), Шу (Оңтүстік Қазақстан облысы).

Туынды түбір тұлғалы атаулар

Топоним жасауда қосымшалардың алатын орны ерекше. Әр тілдің өзіне тән қосымшалары болуының және ол қосымшалардың жиі қолданылатыны, сирек қолданылатыны болатыны атауларды диахрониялық тұрғыдан зерттеуде көп көмектеседі. Олардың құрамында кездесетін көнежұрнақтар арқылы сол атаудың қай елдікі екенін, жуық шамамен қай кезге жататынын да анықтауға болады. Жұрнақтардың мұндай қасиетін В.А. Никонов «таңбаланған атомға» теңейді [63, 73 б.].

Қазақ тілінде туынды топоним қалыптастыратын қосымшалар саны көп емес. Оларға негізінен, тәуелдік жалғауы, қатыстық сын есім жұрнағы -лы, -лі, етістік негізді қосымшалар жатқызылады.

Тәуелдік жалғауы арқылы жасалған топонимдер

Тәуелдік жалғауы арқылы қалыптасқан атаулардың барлығы дерлік изафеттің бірінші, екінші, үшінші түрлері арқылы байланысқан. Мысалы, қазақтың қара өлеңінде: «Аяғы Мұзағаштың Қылы дейді» деген жол бар. Мұндағы Мұзағаштың Қылы атауы изафеттің бірінші түрі болады.

Қатыстық сын есім жұрнағы арқылы жасалған топонимдер

Түркі тілді топонимдер жасауда белсенді бұл жұрнақ тәуелдік жалғаулы атаулардан кейін екінші орын алады. Ғалымдар -лы, -лі жұрнағы бар топоним бір нәрсенің бар және мол екенін білдіретінін мақұлдайды.

Мәселен, фольклоротопонимдердің арасынан қатыстық сын есім тұлғасында тұрғандары: алма – Алмалы (Зайсан ауданы), бақ – Бақты (Үржар ауданы), хүр+т – Күрті (Катонқарағай ауданы), галуу+т – Қалғұты (Күршім ауданы), қараған – Қарағанты (Қара Ертістің басы) қазіргі Қарағанды нұсқасымен қатар жүретін реликті формант, өкпек - Өкпекті (Зайсан, Тарбағатай аудандары), сарымсақ – Сарымсақты (Катонқарағай ауданы), тал- Талды (Зайсан ауданы), тас – Тасты (Ақмола облысы, Қорғалжын ауданы), терек – Теректі (Күршім ауданы), түлкі – Түлкілі (Аягөз ауданы), шаш – Шашты (Катонқарағай ауданы), шеңгел – Шеңгелді (Күршім, Тарбағатай аудандары), шідер – Шідерлі (Солтүстік Қазақстан облысы).

Монғол қабатында жиі ұшырасатын басы даулы -тай, -туй, -тэй сыңары тау терминінің нұсқасы емес, туынды сын есім жұрнағы екені біржолата нақты айқындалды. Мысалы, Алтай – Алтынды, Тарбағатай – Суырлы.

Сондай-ақ, кейбір қосымшалар антонимдік мағына туғызса: Ертіс – ерт+сіз (өткелсіз), кейбіреуі кішірейткіш мән береді: Торғай – тор+ғай (қай) аффиксінің қосындысынан қалыптасқан атау.

Етістік қосымшалары арқылы жасалған топонимдер

Етістіктердің ішінде ең өнімдісі – есімше жұрнақтары. Мәселен, Күйген (Катонқарағай ауданы), сонымен қатар Қалба, Мыржық тәрізді оронимдік атаулардың қалыптасуына негіз болған қалбиған, мыржиған сөздері де -ған, -ген қосымшаларынан жасалып, сол жердің өзіне тән белгісін көрсетеді, алайда олар түсіріліп айтылады.

Етіс жұрнақтары да жер-су атауларының құрамында азды-көпті келіп отырады: Орал – ора+л (ырықсыз етіс жұрнағы) (Үлкен Нарын ауданы).

Топоним жасаудағы өнімсіз қосымшалар

Фольклоротопонимдердің қосым-шалы түрлерінде әр алуан мән, реңк үстейтін өнімсіз жұрнақтар да кездеседі. Атап айтқанда:

1) -ық, -ік: Жайық.

2) -шық, -шік: Шыршық.

3) -ақ, -ек: Шелек.

4) -дақ, -дек: Күркілдек.

5) -ғыр, -гір: Айырылғыр.

Күршім атауының екінші сыңары шім қазақ тіліндегі етістік пен еліктеу сөздерден сын есім тудыратын -ық, -іқ, -к жұрнағының көне, өлі түрі. Сонда Күр+шім – күр+ік болады.

Осылайша, синтетикалық тәсіл арқылы сөз таптарының көпшілігінен топонимиялық лексика жасалатынын байқаймыз [13, 116-120 б.].

Екінегізді топонимдердің түрлері

Түркі топонимдерінің дені екі құрамды болып келеді. Жер бедерін белгілеуде мұндай құрылым ең ыңғайлы деп есептеледі. Сол себепті, сөзжасамның аналитикалық тәсілі топонимдер тудыруда аса өнімді.

Топонимиялық тұлғалардың дамуымен бірге алғашқы бір түбірлі тұлғалар екі-үш компонентті сөз тіркестері мен сөйлемшелерге айналды. Нәтижесінде географиялық атаулар объекті туралы мәлімет берерліктей немесе оны сипаттай алатындай дәрежеге жетті. Ең жиі кездесетіні біріккен аналитикалық модельдер еді. Оларды былайша жіктеуге болады:

а) зат есім+зат есім (Аралтөбе, Атасу, Бабата, Бектауата, Майтерек, Майтөбе, Марқакөл, Өгізтау, Түйемойнақ);

ә) сын есім+зат есім (Ақдала, Ақсай, Ақсу, Ақтас, Ақтеңіз, Ақтүбек, Ақшәулі, Алакөл, Алатау, Балықтысу, Бурылтоғай, Жылытау, Көздікөл, Көкбұқа, Көксала, Көксу, Көктай, Көктерек, Кішкенетау, Қарабура, Қарабұлақ, Қарабүйрек, Қарадала, Қарадөң, Қаражүрек, Қараспан, Қарасу, Қаратал, Қаратас, Қаратау, Қаратеңіз, Қызылсу, Салқыншоқы, Сарыарқа, Сарыбел, Сарыеміл, Сарышоқы, Сорқұдық, Тазтау, Терісайрық, Ұзынкөл, Үржар, Шағансай, Шолақтерек, Шоқтерек, Шұбарағаш, Шұбарайғыр);

б) сан есім+зат есім. (Бесқарағай, Жетісу, Қоскөл, Қособа, Үштас);

в) зат есім+сын есім. (Найзақара);

г) зат есім+етістік. (Қоймаңрақ, Тасқайнат) [2, 31 б.].

Тізімнен көріп тұрғандай біріккен тұлғалы топонимдердің бірінші сыңары, көбінесе, сын есімнен және адъективтенген басқа сөз таптарынан тұрады. Мұндай атрибутивті қатынаста тұрған атаулар белгі мен белгілеп тұрған зат есім арасында байланыс арқылы біртұтас ұғым береді. Мәселен, қара термині алғашқы сыңарда сын есім ретінде 73 рет қайталанып келсе, екінші компонентте тау, тас, шоқы мағынасында субстантивтеніп аз кездеседі.

Кейбір бағыныңқы сыңарлар бірнегізді атау ретінде дербес тұра алатын болса, мына жағдайда тұтас қалпымен кіріп, атрибутивті қатынасқа түскен: Балықты/су, Көзді/көл т.б.

Аталмыш фольклоротопонимдердің екінші тұлғалары қай сөз табынан болса да, зат есім категориясына ауысатыны сөзсіз. Бұл құбылыс – жер-су атауларына тән ортақ қасиет.

Әрбір орфографиялық терминге бірнеше анықтауыш мәнді сөз келіп тіркеседі. Бұл көптеген адырды, кезеңді, жотаны бір-бірінен ажыратып көрсетудің біден-бір жолы. В.А. Жучкевич географиялық атаулардың жалқы есім жасаудағы міндеті туралы айта келіп, былайша мысал келтіреді: «Көл көп кездесетін Карелияда көл сөзі ешқашан географиялық термин бола алмайды. Бір көлді көрші көлден ажырату үшін оларға жалқы есімдер қосу керек: Конг-озеро, Сег-озеро, Выг-озеро т.б.» [64, 37 б.].

Демек, жазық далада бір ғана тау тұрса «тау» деуге болады, ал екі тау тұрса, міндетті түрде екеуінің екі түрлі белгісін білдіретін сөз кіргізу қажет: Ақтау, Қаратау немесе гидронимге байланысты Ақсу, Қарасу, Көксу, Ақтеңіз, Қаратеңіз т.с.с.

Екінегізді топонимдердің жасалуын мынадай схемамен көрсетуге болады:

Осындай бір терминнің өзіне бірнеше ат беру қазақ халқының байқампаздығын ғана емес, ойлау жүйесі мен сөз байлығының дәрежесін де көрсетеді [13, 113 б.]. Кейбір фольклорлық жер-су атаулары көне мағыналы сөздер болғандықтан, олардың құрамын анықтау да қиындық туғызады. Топонимдердің кірігіп кеткені соншалық, әрқайсысы жеке талдауды қажет етеді. Мысалы:

1) Қазықұрт – кер/кар/каз + құрт

(айдаһар) (тайпа, қасқыр)

2) Қарқара – қар + қара

(тау) (ұлы)

3) Қаскелең – қасқа + өлең

(тұнық) (сыз, дымқыл)

4) Лепсі – лаба + сі

(сай) (су)

5) Талғар – тал + гар

(тау) (тау)

1) Текес – тек + ес

тау) (су)

2) Сырдария – сыр + дария

(інжу) (өзен, су)

3) Аягөз – ая/айа + үгүз/өгүз

(шағын) (өзен)

Сондай-ақ, тіркестіру тәсілі арқылы пайда болған Жиделі Байсын («Алпамыс батыр»), Үш Тарғын («Ер Тарғын») сияқты атаулар да кездеседі.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Ахметжанова Ф.Р. Қазақ шығысының жер-су атаулары/ Ф.Р. Ахметжанова, А.Ә. Әлімхан. - Өскемен: С. Аманжолов атындағы ШҚМУ Баспасы, 2000. - 103 бет.

2. Шығыс Қазақстанның мәдени мұралары: (тарих, мәдениет, білім).- Өскемен: С. Аманжолов атындағы ШҚМУ Баспасы, 2006.- 432 бет.

3. Бияров Б.Н. Өр-Алтайдың жер-су аттары/ Б.Н. Бияров. – Алматы: А. Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты, 2002. - 180 бет.

4. Молчанова О.Т. Структурные типы тюркских топонимов Горного Алтая/ О.Т. Молчанова. – Саратов: изд-во Саратовского университета, 1982.- 256 с.

5. Никонов В.А. Введение в топонимику/ В.А. Никонов. - М.: «Наука», 1965.-175 с.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2007


 © 2024 - Вестник КАСУ