Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Вопросы / Ответы

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2007

Автор: Нурланова А.Н.

Қазақ халқының философиялық – қоғамдық ой пікірлерін зерттеу ХХ ғасырдың басынан қолға алынды. Бірақ бұл зерттеулерде сыңаржақ көзқарас басым. Ол кезде қоғамдық ойдың қалыптасуын таптық тұрғыдан қарастырды. Бұл бағыт, әрине, ғылымның объективті дамуына кері әсерін тигізді. Барлық даналықты батыс ойшылдарынан, басқадан іздеген кезде ұлттық философиялық ой - пікірлердің тарихына көз жіберуге үстемдік еткен тоталитарлық жүйе мүмкіндік бермеді.

Ежелгі заманнан өмір сүріп келе жатқан түркі тайпалары негізінде қалыптасқан іргелі халықтардың бірі қазақ халқында өзіне лайықты бай рухани мұрасы бар. Соның негізін философиялық ой тұжырымдар құрады.

Дүниеге шынайы көзқарас, дінді тану және басқа да еркін ойлау процестерін, моральдық мәселелер мен адам туралы ілімдерді өздері өмір сүрген қоғамдық ортаға лайықты қалыптастырды.

Ақындар мен жыраулар, саясаткерлер мен батырлар, хандар мен қолбасшылар, билер мен серілер өздері өмір сүрген заманның объективті құбылыстарын әр түрлі деңгейде тұжырымдап көрсете білді. Осының барлығы қазақ халқының философиялық ойлау жүйесінің негізін қалайды.

Қазақ философиялық ойының ең басты ерекшелігі – оның шынайы патриотизмі, халқына деген сүйіспеншілігі, оның болашағы, бақыты үшін күресуге дайын және оған жету жолдарын өз мүмкіндігінше көрсете білуі. Қазақ философиялық ойының тарихы – халық тарихының ең маңызды құрамдас бөліктерінің бірі. Онда халықтық таным процесімен ұлттық ойлау жүйесі көрініс тапқан. Халықтық сана – қоғамның өсуі, тоталитарлық жүйенің күйреуі, тәуелсіз мемлекеттердің құрылуы, философиялық ойлаудың жаңа түрлері адамзаттың тұтастығы мен ерекшеліктерін бүгінгі заман талабына сай қарастыра отырып, дамытуға мүмкіндік туғызады.

Қазақтың рухани мәдениеті мен зор үлес қосқан ойшылдардың бірі - Шәкәрім Құдайбердіұлы. Шәкәрімнің философиялық көзқарасы - ұлттық философияның қалыптасуына зор ықпалын тигізген құбылыс. «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі», «Мұсылмандық шарты», «Үш анық» аталатын еңбектерін, поэзиясын гуманистік және адамгершілік мұраттарды, демократиялық ағартушылық идеяларды уағыздаған мұра деп бағалау керек. Шәкәрімнің философиялық ойларында өзі өмір сүрген дәуірдің қоғамдық көріністері, ақыл – ой ізденістері, талғамды тұжырымдары із қалдырды. Ол қазақ қоғамының рухани өсуіне көмектесуді, жастарды ғылым – білім, өнерге баулуды мұрат тұтты.

Ұлы ойшыл, гуманистік қайшылыққа толы қоғамда өмір сүрді. Шәкәрімнің дүниеге, өмірге, табиғатқа, сан – сала құбылыс көріністерге, дінге көзқарастарында кейбір қайшылықтар кездескенімен, ол ешқашан дінге берілген фанатик, барлығын жоққа шығартып пессимист болған емес. Шәкәрім көбінесе рационализмге, деизмге бейім болды. Бұл философиялық бағыт бойынша дүниені жаратушы бір күш бар дегенді мойындау, оның дәлелі табиғаттың жарасымдылығы, қозғалысы, өмірде ақиқат, шындық, білім – ғылым, ақыл мен сезім дамуы арқылы іске асатынын, адамның болмысты танып білуі адам өзін - өзі жетілдіру арқылы жүзеге асатынын түсінуге болды.

Шәкәрімнің лирикалық шығармаларының басты бір ерекшелігі ойшыл, философ болуына байланысты. Оның лирикасында көңіл күйі, ішкі сезім әсерлері, махаббат тақырыбы да елеулі орын алған. Алайда, Шәкәрім лирикасында сыршылдықтан ойшылдық басым, философиялық сарын күшті. Шәкәрімнің ойшылдығының, ақындығына тән фәлсафашылдығының сыры не десек, бұл алдымен, әрине оның ойының керемет логикалық қуаттылығынан туған. Сонымен қатар ол көп ізденіп, өте көп оқыған. Қазақтың белгілі ақын, жыршы – жырауларымен қатар арғы – бергі түрік ақындарының, шайырларының, араб, парсы, орыс және Батыс ақындарының шығармаларын өте жақсы білген. Тарих, философия, дінтану, психология, шығыстану, түріктану, салаларындағы түрік тіліндегі, орыс тіліндегі, араб тіліндегі ғылыми еңбектерді ұзақ жылдар жалықпай оқып, қыруар мағлұмат жиған, жан – жақты энциклопедиялық білімі бар ғұлама оқымысты, дана адам болған.

Шәкәрім қазақ поэзиясында философиялық лириканың бұрын өріс алмаған жаңа түрлерін қалыптастырып, бұл салада үлкен жаңалық тапты. Ойшыл ақын адамның ақыл парасатына айрықша зор мән береді. Ол адамның сезу, сезіну, дүние болмысты, өмір құбылыстарын сезім арқылы қабылдау, әсерленгіштік қабілет пен не нәрсенің болсын ішкі сырын көзге көрінбейтін, қолмен ұстауға келмейтін нәрселердің қасиет – сипаттарын, оймен, ақылмен, логиканың күшімен танып – білу қабілетінің арасын ажыратып, болмыстың, дүниетану мен моральдың негізгі ақылы деп санайды. Ақыл, парасатты ақыл қандай да нәрсені, құбылысты дұрыс түсініп бағалауға, ақ–қараны айыра білуге мүмкіндік береді. Сондықтан, «ақылмен сыналмаған іс болдырмау» деп түйіндейді.

Дүниетанымның, ғылымның да негізгі тірегі - ақыл–ой, ойлау қабілеттілігінің қуаттылығы, ой – тұжырымдарының логикалық қисындылығы деп санайды. Бар ғылымның түп атасы – таза ақыл мен ойлану.

Шәкәрім ойлау, ойлану деген ұғымға үлкен мән береді, оны өмір – болмыстың, дүниенің ғажап сырларына терең бойлау, не нәрсені болсын ақылмен сынап, ұғып – түсіну мағынасында алып қарайды.

Шәкәрімнің дүниенің, жаратылыстың қозғаушы күші, адам өмірінің, тіршіліктің мәні мен сыры, жан мен тән секілді мәселелерді ғылыми ұғым түсініктермен ұштастыра толғайтын философиялық өлеңдері өз алдына бір тақырыптық арна болып қалыптасты.

Ақынның діншілдігі, жаратушы Аллаға сенімі, оның ойшылдығымен жалғасып, дүниеге көзқарасындағы бірлік – біртұтастықты танытады. Шәкәрім дүниедегі «сансыз кереметті кім жаратса – тәуірі сол» дейді. Тәңіріні іздеу, жаратқан Аллаға сену – ақиқатты іздеу, сол арқылы «ең түпкі жаратушы – мінсіз ие» деп түйіндеуінен айқын аңғара аламыз.

«Тау бойындағы ой» деген өлеңінде дөңгеленген жердің күнді айналып жүретінін көзбен көру арқылы емес, ойлау, топшылау арқылы анықталған дегенді айтады.

«Ей, жастар, қалай десек, бұл дүние» деген және басқа да өлеңінде Шәкәрім дүниеде таңқаларлық және өте көп, алайда бәрінде де заңдылық, қисын бар деген пікір айта келіп, «себебі тойымдының ісі толық» дейді. Яғни, бұдан дүниенің кереметтігі шексіз болса, жаратушының құдіреті те шексіз деген мағына туады. Шәкәрімнің философиялық өлеңдері ой тереңдігі, пікір сынылығымен, танымдық және моральдық адамгершілік мәселелерін ұштастыра, білуімен оқымысты ақынның өнерпаздық тұлғасына сай интелектуалдық сипат алған.

Шәкәрім философиясының негізгі өзегі - адам. «Адамның мәні – оның дүниені танып білуінде, ол тек адамға ғана тән нәрсе», - дейді.

Шәкәрімнің философиялық ой сараптауын «Үш анық» трактатынан көруге болады, ол зерттеушінің 28 жылдық еңбегінің қорытындысы. «Үш анық» қазақ халқының тарихи тағдырына үлкен өзгеріс әкелген жылдары жазылған. Бірінші орыс революциясы, бірінші дүниежүзілік соғыс, ақпан, қазан революциялары және тағы да басқа оқиғалар қазақ жеріне көп әсерін тигізді. Осы жағдайлар Шәкәрімді немқұрайлы тыныштыққа қалдыра алмайды. Халқы туралы толғаным болашағы ойшылды қиналдырып, осы тоқыраудан шығу жолына итермеледі.

Өмірдің мәні не? – деген сұрақпен ол көне ойшылдарға сонымен қоса жаңа дәуірдің діни және философиялық әдебиеттерінен ізденіп, өзінің философиялық ойының тереңдігін көрсетеді.

Шәкәрім «Үш анықта» Ақиқат деген не? деген сұрақ қояды. Оған өзі «адам ақиқатты ақыл – ес көзімен көріп, қабылдауы керек. Ақиқат - әрбір адамның жанында болады не ол өзіндік өмір сүреді» - деп қорытынды жасайды. Жанның ең негізгі қажет ететіні – ұждан. «Адамның нысап, әділет, мейірім – үшеуін қосып, мұсылманша айтқанда, ұждан, совесть орысша айтқанда совесть бар» дейді.

Шәкәрім ар – ұждағы адамгершілік этикалық жағынан ғана емес, оны философиялық категория, әлем құрылымының негізгі болатын субстанция ретінде жоғары қарастырған.

Ол адамның рухани өсуіне мықты тірек болатын үш анықты атайды: Бірінші – мәңгі өзгерістегі Универсумда барлығына себепші жаратушы ие. Екіншісі – бұл жаратушы барлық тірі мен тірі емеске жан береді, адам өлген соң, одан әрі тазарып, жоғарылайды, өздігінен өмір сүреді.

Үшіншісі – жанның жоғарылап, тазаруы үшін адам ұжданға сай арлы өмір сүруі керек. Шәкәрім адамдарды осыған шақырады.

Шәкәрімнің дүниетанымдық ой жүйесінде философиялық терең бағыт – бағдар байқалады. Оған «Тіршілік, жан туралы» деген философиялық өнеріндегі жаратылыс тарихи тіршіліктің шығуы өз түсінігін баяндайтын мынадай жолдар куә:

Өсімдік күннен алады ас,

Күн суық болса түпке қаш,

Дым тиіп, нұр кеп жылатса,

Өс тағы жайнап көңіл аш,

Дейтұғын жанда мән болар –

Жұмыртқада ұрық жатпай ма?

Олар да тамақ жатпай ма?

Жылынса, яки егілсе

Оның да тағы таңы атпай ма?

Яғни, Шәкәрім органикалық тіршіліктің біртіндеп себеп – салдар принципі бойынша дамитындығын, жәндіктін өсімдіктің, адамның жәндіктен таралу идеясын құптап отыр.

Жоғарыда айқанымыздай қозғалыс – материяның өмір сүру тәсілі. Алайда Шәкәрім бұндай жақсылыққа ғылыми жолмен емес, стихиялы түрде келеді. Құран сөзі бойынша, әлемнің пайда болуы – құдайдың ықылас, еркіне байланысты кенеттен жасалына салған, сондықтан кез келген уақытта өзгеруі немесе жойылуы мүмкін.

Шәкәрімше, жер мен аспан, табиғат құбылыстарын бәрін бірдей көзбен көріп, қолмен ұстау мүмкін емес:

Радийді бұрын біліп пе ең?

Электр ұстап көріп пе ең?

Бәрін де жатқан таза ақыл

Аспанда ұшып жүріппе ең?

Көрінбес зат бірталай.

Оларды танып білетін бір – ақ нәрсе таза ақыл. Таза ақылдың арқасында адам абстрактіні меңгерді, жақсыны жаманнан, сұлулықты ұқыпсыздықтан, пайдаланып зияннан ажыратады. Өйткені Шәкәрімнің түсінігіне адамның дануардан айырмашылығы таза ақылы мен жанында. Адамның жаны ол туылғанда егілген дән жүрегінде болады да қолайлы жағдай жасалғанда ғана шайқалып өсіп, көркейе түседі.

Ақыл деген – денеге егулі дән

Суарса кіреді оған да жан.

Адамның сыртқы дене жаралысы,

Нәпсісі айуанмен анық теңдес.

Бөлектігі – жалғыз – ақ таза ақылда,

Әлің келсе, жол тапта соны емдес!

Ақынның айтпағы не?

Біздіңше, Шәкәрім ұғымында адамның танымдық психологиялық қабілеті оның жан шарапаты арқасында қалыптасады. Барлық жан – жануалардан адам айрықша қасиеттерімен ерекшеленеді. Өйткені адамға күш беретін дене мүшелерінің арқасында өмір сүретін жан бар.

Шәкәрім – эпик – ақын. Бұл саладағы Шәкәрім көзқарастары ұлы ағартушы Абай идеалымен үндес, өзектес, олай болса орыстың ұлы жазушы – демократтары Белинский мен Чернышевскийдің пікірлеріне сәйкес. Шәкәрімнің көптеген шығармалары әдептілік, мораль мәселесін сөз етіп жастарға ақыл – кеңес, өсиет түрінде айтылады да, патриархалдық, рушылдық салт пен нанымдар сыналады.

Оқу, ағарту, білімділік, мәдениеттілік, ақыл, қабілеттің жетілуі – адамзат тәртібінің сипаты мен қимыл әрекеттерге ақын аяусыз соққы беріп, халықтың мәденипрогреске, ғылым мен өнердің дамуына сәйкес әрекеттерді үлгі тұрарлық ең асыл моральдік қазына деп қарастырады. Яғни, бұрынғы бар ой, идеяларды толықтыра, өзіндік мәнермен жырлай отырып, ақын сана пікірлер айтады. Филоссофиялық ой- қиялға берілуі, өмірдің жеке фактілерін ала отырып, түйіндер жасау – оның философиялық лирикасының деніне тән.

Шәкәрім бойынша, Кеңістік пен Жан ұғымдары макро және микро ғарыштардың пайда болуының негізі болып табылады. Сондықтан да философ боламыз бұл екі ұғымдарды бірінші сатыға қояды.

Уақыт пен сезім нәтижесінде Ақыл ой мен Күн жүйесінің қалыптасып, дүниеге келуіне жағдай туады. Бірақ та Ақыл ой мен Күн жүйесі екі ғарыштық жүйеде де маңызды роль атқарады. Сондай – ақ Шәкәрім соңғы екі ұғымдарды ерекше бағалайды. Себебі екі ғарыштық жүйелер соңғы ұғымдарға тікелей тәуелді екендігі баршамызға аян.

Шәкәрім жаратылыстың негізін жан, сезім және ақыл құрайды деп пайымдайды. «Жан» мен «тән» проблема ретінде әлемдік философияда сонау ерте замандардан әңгіме болып келеді. Бұл проблема төңірегіндегі ой – пікір, талас ешқашанда нақты шешімін таппай келген сұрақтар болып табылады. Әлемнің басты жұмбағы адам болса, оның немесе оған қатысты жан проблемасы, жанға қатысы тән проблемасы әлі қашан келер ұрпақтың ой таразысына түсе бермек. Демек, заман түсінігіне орай айтылатын бұндай ұғымдар әлі талай өзгеріп – құбылатынын философ ғылымдар да нақты айта алады.

Жан мен тән дегенде, алғашқысына қарағанда соңғысы түсінікті. Жан деген жоқ дейді материалист ғалымдар. Олар үшін жан метафора. Кей физиолог ғалымдар жанды қан айналымы деп түсіндіреді. Онда бізге жанды ойды мойындамайды, жанды қазір психология ғылымы өз предметіне айналдырған. Біздің айтпағымыз, жанның барлығы, оны Платон субстанция дейді. Яғни жан бар шындық, бірақ көзге көрінер материалдық шындық емес. Мәселенің күрделігі және қиындығы сонда.

Абай хайуанда бар жан мен тән дейді. Ибн Сина өсімдік жаны, хайуан. Демек, Шәкәрім Құдайбердіұлының дүние танымындағы жан және тән проблемалары дегенде сөзді бұл мәселелер туралы тыңнан бастап отырғанымыз жоқ, әңгімені жалғастыру. Шәкәрім де жан мен тән туралы айтылған мол ойларды жинақтап ақиқатын саралауға тырысқан.

Абай түсінігінде мен – жан, менікі – тән. Өлетін, жойылатын «менікі» тән өлмейтін мәңгілік шындық, «мен» - жан. Абай осылай дейді:

Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,

Ол бірақ қайтіп келіп, ойнап күлмес.

«Мені» мен «Менікі»-нің айырылғанын

Өлді деп ат қойыпты өңкей білмес.

Абай «мен» дегенді «Көп тұман алдындағы келер заман» - деп басталатын өлеңінде анықтап берген.

Ақыл мен жан мен өзім, тән менікі,

«Мен» мен «менікінің» мағынасы екі.

«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,

«Менікі» өлсе - өлсе, оған бекі.

Абайдың «Менінде» ақыл мен жан бірге. Демек, өлмейтұғын тек жан емес, ақыл да өлмейді. Ол тірі адамды «мен» және «менікі» деп бөлген. Мені ақыл мен жан, менікі – тән. Абайды ақылды жеке айтпай, оның жанмен бірге қосылып өлмейтінін айтқан. Осы ой Абайда тек әншейін айтылмаған, ол 27 қарасөзінде «Өлшеусіз ұлы ақыл» барын айтқан. «Лай суға май бітпес қой өткенде» - деген өлеңінде ақыл мен жанның мәңгілік тұрағы ол лә мәкән туралы айтқан.

Адамның басты мекені Абайша ол лә мәкән. Бірақ ол жердің қазіргі тілмен айтсақ, біз үшін адресі белгісіз. Ол тек «түп иемізге» ғана мәлім. Біз ол лә мәкәнның қай жерде екенін біліп алсақ, адам болудан қаламыз. Адам бұл дүниеде табиғаттан, болмысынан шықпақ емес. Себебі, оның мәні бар. Адам жанымен ақылы тәннен босағанда барар жері ол лә кәман. Жалған ғұмыр, жарық дүние дегеніміз тәнге байланысты. Бұл жалғанда дүниені біз тән көзімен көреміз, жан көзімен бәріміз көре алмаймыз. Болмысты жан көзімен көру деген Рухқа байланысты болмақ. Рух яғни, жанның көзін байлап тұрған тән, оның нәпсісі. Жан нәпсі тұтқынынан босаған кезде рухтана бастамақ. Мұны әулиелік, тақуалық, сопылық табиғатымен түсіндіруге болады. Нәпсіні тиып, ораза ұстау, тақуа болып, дүние қызығына бөленбей, оны тәркі етіп адамдардан қашып, тау – таста жүру, Иассауи сияқты жер астына түсу, Шәкәрім сияқты елден сырт шығу, Л. Толстой сияқты жотаны кезіп кету және т.с.с.

Абай болса бұл халді былайша бейнелеген:

Мекен берген халық қылған ол лә мәкән,

Түп иесін көксемей бола ма екен?

Және оған қайтпақсың оны ойламай,

Өзге мақсат ақылға тола ма екен?

Ғылым тек материализмге бастайды. Керісінше материализм ғылымды бір жақты түсіну. Ғылымның дәрмені келмейтін істер бар. Яғни ғылым сырын аша алмайтын құпиялар бар, соның бірі – жан.

Жанға қарағанда тән – жанымға ыңғайлы. Тәнді биология, физиология, медицина зерттейді. Тәннің құрылымдық мүмкіндігін – эргономика, оның қуаты жазық синергетика, тәннің информациялық кеңістігін, нақтылы айтқанда, мидың қызметіне қатысты қазіргі қауырт жетіліп келе жатқан білім саласы – информация және информациялық жүйе технологиясы.

Шәкәрім Абайдың жан мен тән туралы ой – тұжырымдарын әбден меңгерген ойшыл. Сонымен бірге ол жан мен тән туралы өз жаңалығын ұсыну.

Шәкәрім айтуында жан басынан бар, ол мәңгілік шындық, ол барша барлықтың айғағы. Екіншіден жан қозғалыс қуаты, тіпті оның себебі. Үшіншіден, жан таратушылық қызметке ие – субстанция. Ақын:

Жаралыс басы қозғалыс,

Қозғауға керек қолғабыс.

Жан де мейлің, бір мән де

Сол қуатпен бол таныс.

Әлемді сол мән жаратқан.

Төртіншіден, тәннің жаралу себебі жанда дейді:

Қозғаған қуат – жан дейміз,

Жан өсті жаннан сан дейміз.

Сол жандар әсер берген соң,

Жаралды сансыз тән дейміз.

Жанына қарай тән салар.

Бесіншіден, Шәкәрімнің ерекше айтар жаңалығы, ол жаннан жан өсіп шығады деген қорытындыға келген. Біз жан – дара деуші едік. Ол қайталанбайды деуші едік. Бірақ, Шәкәрім өсімдік жаны, хайуан жанынан адам жанының бөлек екенін айтады. Ол «бастапқы есті жанды ақыл, адамнан келіп шықпай ма?» - дейді. Демек, жан тәнге жолдан қосылмаған, ол тәннің себебі, олай болса оның өзі. Сондықтан Шәкәрім «мақсатсыз біткен жан бар ма?» - деп терең сұрақ қойған. Анығында дүниеге мақсатсыз тән келе ме? Шәкәрім осы сұрақты тереңдете: Ойлы адамсыз ғой, сен де, бар ма мақсатсыз ешнәрсе жоқ. Бәріміз өз орны, тәртібі, қажеттілігі, керегі бар. Сондықтан Шәкәрім «ақылды жанның мүлкі - әлем» дейді.

Алтыншыдан, Шәкәрім айтуынша жан өз тұрағы тән бұзылмасын деп зұлымдық пен айлалыққа барады. Жанның мұндай қызметін ашуда Шәкәрім жаңалығы, Абайда жоқ. Жанның жамандыққа баратыны тән қамы, нақтығырақ айтсақ нәпсі қамы. Бұл ойды Шәкәрім былайша білдірген:

Ақыл деген өлшеусіз бір жарық нұр,

Сол нұрды тән қамы үшін жан жұмсап жүр.

Тағдырдың қиын, сырлы сиқырымен,

Жан тәнге, ақыл жанға матаулы тұр.

Жан тыныштық жатпайды тән қамын жеп,

Тән бұзылса, тұрағым бұзылады деп.

Ыстық, суық аштықтан сақтау үшін

Зұлымдық пен айланы қылады есеп.

Жетіншіден, Шәкәрім жан мен Рухты ажыратып айтсақ ниетін білдірген.

Дін айтты: «Маған жан» - дейді,

Адасқан дінді пән дейді.

Мағынасын біле алмай,

«Рух» деген сөзді жан дейді

Осыдан жаман әуре жоқ.

Сөздің шындығы сол, рух жан емес, бірақ «рух деген дінсіз таза ақыл» дегеніне де қосылу ақиқат негізі емес. Өйткені рух ұғымы көп жағдайларда жанның тәннен яғни тәннің тұтқынынан босаған көзіндегі күйіп білдірердей.

Жалпы, Шәкәрім жан мен тәнді мәселелерін әншейін теория үшін айтпаған, ол өмірдің мәнін, адам сырын, оның іс – кәрекетін, мақсат – мүддесін ашу үшін айтқан. Ол дүние болмысы туралы:

Құбылмалы сарай бұл,

Құм үстіне салынған.

Сансыз байдан қалған тұл,

Жарай ма оған жалынған.

Өмір үйі желде тұр,

Үміт үйі сағымда.

Көз жетпейтін көлде тұр,

Іздеген ерік тағында.

Жасыл күмбез ішінде,

Жан – тәнімен кім азат?

Бұл тіршілік тұсында

Бола алмайсын шын азат.

Шәкәрім адам өмірінің мағынасы мен мазмұнына терең назар аударған ойшылдардың бірі. Адам дүниеге келеді де кетеді. Өлім ол уақыттаң адамды жеңер. Ақылға салсақ, адам өмірі қарама – қайшылыққа толы.

Мұқтаждық өмір заңы бұл деп,

Мұңайтып ақыл жылатқан.

Жас өмір қызық оны біл деп,

Алдамшы өмір уатқан.

Ендеше, Ақиқат қайда, Ақиқатты қайдан іздеу керек. Ақиқатты адам таза ақыл арқылы танып білмек. Шәкәрімнің өзіндік санасы, оның сыншылдық көзқарастарын да ерекше көрініс тапқан. Ол Шопенгауэр, О. Конт тағы басқа философ ойшылдардың көзқарасын сынай келе, өзінің ой тұжырымдарын ұсынады. Сыншылдық Шәкәрімнің ойшыл ретіндегі өзіндік санасының ерекше көріністерінің бірі болып жойылады. Сыншылдық бұл Ақиқатқа жету жолындағы бұрмалаушылық пен көзбояушылықтан арылудың сара жолы. Ол абстрактілі емес нақты ойлаудың белгісі.

Адам ақиқатты бас көзімен көре алмайды. Ақиқат ол адамның өзіндік санасының ең жоғарғы формасы.

Ақиқатты көрем десең

Бас көзімен қарама

Жүрегіңнің аш көзін

Жанның сырын арала.

Ақиқат бар, бірақ мәселе оны тануда.

Бұл дүние жылуы жоқ нұрсыз болса,

Әлемнен кім жүрер пайдаланып?

Дүние атаулы теп – тегіс мөлдір болса,

Көлеңке орнығады қайда барып.

Шәкәрім адам танымының мүмкіндігінің шексіздігіне ерекше назар аудара келе:

Ақыл құсы адаспай аспандаса,

Әлемде нәрсе болмас көзден таса.

Жеті көк жерден оңай басқыш болып

Ғарышқа қол жетеді қараласа.

Жанның бәрі мендегі жар табар еді.

Терең ой, сау ақылмен шамаласа, - деп жырлайды. Шәкәрімнің тапқан ақиқатын оның өзіндік санасының ең биік көрінісі деп санауға болады. Ол ойшылдық ғұмыр бойғы тылсым дүниенің сырын ұғынуға тырысқан ішкі рухани өмірінің, көкірек сарайының қайталанбас, ұғынуға өте терең құбылысы. Оған тек Шәкәрімнің өзі арқылы ғана бойлай аламыз. Таза ақыл мен терең ойшылдыққа ерекше назар аударған Шәкәрім, ойлаудың адамға еркіндік әкелетінін терең түсіне білген. Бұндай идеяны оның шығармаларынан жиі кездестіруге болады.

Тән – терезе, ой қожасы,

Ой мен анық байқасаң.

Бар ғылымның түп атасы –

Таза ақыл мен ойлану.

Адам өзіндік санасы толық қалыптасқанда ғана тұлға бола алады. Тылсым дүниенің сырына терең көзқараспен қарайтын ойшылдардың көбісі дүние жалғап, «ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» (Абай), «сұм өмір», «абақты ғой саналыға» (Мағжан) деп жырлағаны анық. Ой дегеніміз адамның ішкі өмірі. Абайдың тілімен айтқанда, «Қартайдық қайғы ойладық, ұйқы сергек. Ашудың ашыған ой ойын кермек». Ой ащы, кермек татиды. Ол кейбір жағдайда адамға ауру да әкеледі. Ол ауру жәй ғана науқастың ауруы емес, керісінше, ол ауру – дүниенің тылсым құпия сырымен, әлемнің шешілмейтін қарама – қайшылықтарымен қайран дүниенің қайғы мұңымен ауру. Ендеше, бұл әркімнің басына жазылмаған. Ол бір жағынан бақыт та, бір жағынан қайғы. Өзіндік санасы жоғары дәрежедегі адам ғана бар әлемнің тылсым құпия сырымен, дүниенің жынысы мен бірге тыныстап, сол әлемнен өзінің орынын іздемек. Міне, бұндай мәселе ұлы ойшыл Шәкәрім шығармашылығында қайталанбас деңгейде орын табады.

Аурусыз жанға айла жоқ,

Аурулы жанға дәрі бар.

Аурусыз адам қайда жоқ,

Аурудан онда бәрі бар.

Аурусыз жандар – мисыздар

Мисызда ауру бола ма?

Тәні сау, миы науқастар,

Ондайға дәрі қона ма?

Милы да ойсыз күн болмас,

Ауырай миы тұра ма?

Миынан басқа еш қонбас

Ешдейін бе деп сұрама!

Бұл ауру әрбір адамның өзіне ғана тән. Ол өзіндік сана жоғары формаға ие болғанда ғана пайда болады. Адам дүниеге келгенде өмір мен бірге өлім де қоса туады. Кез келген өзіндік санасы жетілген адам өмірінің мағынасы туралы толғанып, дүниедегі өз орнын іздеуге тиіс. Адам өзінің қысқа ғұмырын немен ақтай алады. Бұл тіршіліктің ақтауы бар ма? Әрине ол шығармашылықта. Шығармашылық ол адамның өзіндік санасының ең жоғарғы формаларының бірі болып табылады.

Адам - өз ғұмырын тек адамгершілік, ар – ұждан арқылы ақтамақ. Бұл оның екі дүниедегі серігі болмақ. Шәкәрімнің ар ілімі арқылы рух өзінің ерекше формасына ие болады. Өз бетіне өмір сүру мүмкіндігі тек өзіндік санасы оянған дербес адамдарға ғана берілмек. Сондықтан ар – ұждан өмір сүру мүмкіндігі өз қолындағы адамның ең маңызды жауапкершілігі болып табылмақ.

Сонымен, Шәкәрімнің мейірім мен зорлық, әділет пен зұлымдық, ғылым мен мораль, адам мен заман туралы толғаныстары қазақ философиялық ойларының дамуына қосылған зор үлес болды.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Әбдіғазиев Б. Шәкәрім шығармаларының дәстүрлік және көркемдік негіздері. – Алматы: «Санат», 2001. – 338 б.

2. Құдайбердиев Ш. Өлеңдер мен поэмалары. – Алматы: «Жалын», 1988. – 207 б.

3. Тілеуханова А. Шәкәрім шығармаларындағы шеберлік пен таным бірлігі. – Алматы: «Сана», 1995. – 175 б.

4. Ізтілеуова С. Шәкәрім поэзиясындағы тұлға мәселесі. – Алматы: «Сана», 2000. – 131 б.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2007


 © 2018 - Вестник КАСУ