Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

Е. ЫСМАЙЫЛОВ – ФОЛЬКЛОРТАНУШЫ ҒАЛЫМ

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2007

Автор: Едильбаева Г.Б.

Қазақ халқының сан ғасыр жасап келе жатқан дәстүрлі ауыз әдебиеті және оның заңды жалғасы – ұлттық фольклоры бар. Е. Ысмайылов өзінің зерттеулерінде осының екеуіне де көңіл бөлді. Алдымен, дәстүрлі халық творчествасын ауызға алсақ, ғалымның бұл саладағы ізденістері 1935 жылдан басталғанын көреміз. Сол жылы жас автордың республикалық баспасөзде «Қазақтың ел әдебиеті, оған Фирдоусидің әсері» және «Шора батыр туралы» деген екі мақаласы жарияланды. Алғашқысында парсының XI ғасырда ғұмыр кешкен ұлы шайыры Әбілқасым Фирдоусидің әйгілі «Шахнамасынан» алынған «Рүстем дастан» жырының қазақ халқы арасында да көп тарағанын айта отырып, жалпы шығыс сюжетіне құрылған хисса-дастандар жайында сөз қозғайды. Олардың батырлар жырына, халық дастандарына әсерін әңгімелейді. Екінші мақалада «Шора батыр» дастанын сюжеттік, композициялық жағынан талдайды. Бұлар шағын газеттік мақала, әрі алғашқы тәжірибе болғандықтан, ғылыми тұрғыдан құнды еңбектер санатына қосылмаса да, кезінде жұртшылыққа танытқыштық қызмет атқарды.

Е.С. Ысмайыловтың отызыншы жылдардың орта шенінен бастап қолға алған жұмыстарының бірі – қазақ ертегілерін жинау, жариялау және зерттеу болды. Бұл мәселеге алғашқы назар аударғандар, әрине, Шоқан, Радлов, Потанин, Березин, Диваев тәрізді белгілі ориенталистер еді. Қазақ ертегілерінің кейбір үлгілері солардың жарияланған жинақтарында, мерзімді баспасөз беттерінде басылған. Кейінгі кезде Сейфуллин мен Әуезовтың ыждаһаттануымен жарияланғандары да болды. Ысмайылов осы дәстүрді кең көлемде ілгері дамытуды мақсат етті. Ол қазақ ертегілерін тақырып бойынша жүйелеп, бірнеше том етіп бастыруды көздеді.

Ғалым 1938 жылы «Қазақ ертегілерінің» алғашқы томын баспаға әзірледі». Бұған 95 ертегі іріктеліп алынды да, ол 7 бөлімге жіктелді. Автор осы жинаққа жазған алғы сөзінде былай деп көрсеткен: «Бұл бірінші томдағы ертегілердің жіктелуі (ілгері-соңды берілуі, бөлімдерге бөлінуі) алдымен тақырыптық жағына негізделді.

«Қазақ ертегілері туралы» деп аталған көлемі екі баспа табаққа жуық алғы сөз осы тақырыпта бұрын жазылған еңбектердің бәрінен де қомақты, байсалды зерттеу болып шыққан. Зерттеуші мұнда алдымен ертегілердің шығу тегіне, даму барысына тоқталады. Ертегілер қоғам дамуының айнасы, өмір-тіршілік сәулесі, арман-қиял желісі екендігін дәлелдейді. «Қазақ ертегілері басқа Күнбатыс, Күншығыс елдерінің ертегілерінен ерекше бөлек деп қараймыз. Әр елдегі ертегілердің сарыны бір. Мазмұн, құрылысы жақтарынан, қызықтығы жақтарының бір-біріне ұқсас келіп отырады» - деген тұжырым жасайды. Бұл ұқсастық, тамырластықтардың негізінен екі түрлі жағдайға байланысты болатындығын айтады. Біріншіден, көрші халықтардан немесе діни, мәдени қатынасы бар елдерден ауысқан ортақ сюжеттер. Мәселен, «Мың бір түн», «Қорқыт» аңыздарының тараған сюжеттерді былай қойғанда, қазақ халқының төл туындысы болып, сіңіп кеткен Қожанәсір, Алдаркөсе, Тазша, Шығайбай атына байланысты ертегілер басқа халықтарда да кездеседі. Бірақ, бұлардың көпшілігін белгілі бір халықтың атына телудің қажеті жоқ. Өйткені мұндай ертегілер әр халықта сол елдің ұғым-түсінігіне сәйкес әр түрлі өзгерістермен айтылады. Сондықтан, оларды сол халықтың төл ертегісі деп қарау керек. Екіншіден, халықтардың өзінің даму тарихында бір-біріне ұқсас қоғамдық формацияның не толық, не жартылай дәуірін бастан кешеді. Өмір-тіршілік, болмыс ұқсастығы ой-сана, түсінік-түйсік орайластығына әкеп соғады. Осыдан барып халық қиялынан туатын ұқсас сюжетті ертегілер келіп шығады. Мұндай жағдай ауыз әдебиетінің ұсақ жанрларында, мысалы, мақал-мәтелдерде, тұрмыс-салт жырларында да бар. Міне, осы себептер дүние жүзі халықтарының ертегілерін бір-бірімен жақындастыра түседі. Алайда, әр халықтың басқа ешбір жерде қайталанбайтын, өзіне тән сюжетті, көркемдік дербестігі бар ертегілері де мол. Е.С. Ысмайылов бұл жерде жалпы ертегілердің ғылыми сипатын анықтауда пәлендей жаңалық ашпаса да, осы белгілі тұжырымдарды қазақ ертегілерінің табиғатына байланысты дәлелденген. Ол ертегі атаулының бәрі де алғашқыда бір елден шығып, кейін өзге халықтарға тараған дейтін сыңаржақ пікірдің ешбір қисынға келмейтінін қатты сынайды.

Осы мақаласында автор қазақ ертегілерін тақырып өрісі жағынан да, түр жағынан да жіктеп, мынадай тақырыптарды атайды: 1. Аңдар мен құстар; 2. Табиғаттың дүлей күшімен алысатын алыптар; 3. Қойшы мен тазша; 4. Хан мен уәзір және оның нөкерлері; 5. Саудагерлік; 6. Кедейдің ұлы мен қызы; 7. Жомарттық пен сараңдық; 8. Алдар көсе мен Жиренше; 9. Жақсылық пен жамандық; 10. Төрт түлік мал; 11. Еңбек, егіншілік кәсібі; 12. Ғылымға талпыну (сиқырлық). Ал, қазақ ертегілерін түрі (формасы) жағынан төртке бөледі: 1. Қиял-фантазиясы басым, миф сарынды ертегі; 2. Нақты болмысты, шындық тұрмысты сол қалпында көрсетуге бейім ертектер; 3. Күлдіргі ертектер; 4. Өтірік ертектер. Бұл, шынында, әбден пісіп жетілген ғылыми тұжырым емес. Мұны автордың өзі де мойындайды.

Қазақ ертегілерін топтастыру жайындағы пікірлерін ғалым өзінің кейінгі бір мақаласында да дамыта түсті. Мұнда ол ертегілердің шығу, даму барысын, типологиялық ұқсастықтарын, халықтық идеясын, образдар жүйесін, сюжеттік, композициялық жақындығын, көркемдік ерекшеліктерін жан-жақты қамтып, нақты мысалдармен көрсетіп берген. Біз жоғарыда атаған «Қазақ ертегілерінің» бірінші томы да, оған алғы сөз ретінде жазылған Е.С. Ысмайыловтың көлемді зерттеу мақаласы да, сірә сол кездегі баспа мүмкіндігінің кем-тарлығынан болса керек, жарық көрместен, қолжазба күйінде қалған. Алайда, ғалымның бұл жөніндегі ниеті көп жыл өткеннен кейін ғана жүзеге асты.

«Қазақ ертегілерінің» үш томдығы жалпы көлемді жүз елу баспа табақ мөлшерінде болып, 1957-1964 жылдары жарияланды. Оның редакциясын профессор Е.С. Ысмайылов басқарып, ертегілердің жүйелеу, сұрыптау жұмыстарын қайтадан жүргізді, әрбір томға ғылыми түсініктемелер мен көрсеткіштер берілді. Қазақ ертегілерінің осы үш томдық ғылыми басылымына М.О. Әуезов пен Е.С. Ысмайылов көлемді кіріспе сөз жазды. Авторлар мұнда қазақ ертегілерін бұрынғыдай төртке бөлмей, үшке бөліп жіктеуді дұрыс деп санайды. 1. Қиял-ғажайып ертегі; 2. Хайуанат жайындағы ертегі; 3. Шыншыл ертегі. Бұл жіктеудің мән-жайын таратып түсіндіре келіп, былай деп жазады: «Шыншыл ертегілер өзара үш түрге бөлінеді: а) салт ертегілер; б) күлдіргі ертегілер; в) аңыз ертегілер... Қиял-ғажайып ертегілердің екі түрлі айқын саласы бар. Біреуі қазақ ескілігінен келе жатқан өз тумасы. Екінші түрі неше алуан жырлар мен әлденеше өлеңдерді аралап кеткен келгін ертегілер».

Шынында да, ертегілердің типологиялық ұқсастығы осы қиял-ғажайып сюжеттерде көбірек ұшырайды. Мысалы, айдаһар, таусоғар, көлжұтар, желаяқ, жалмауыз кемпір образдары көптеген халықтардың, оның ішінде орыстың да ертегілерінде бар. Сондай-ақ ұшатын кілем, көрінбейтін адам, самұрық құс, тапқыш бала жайындағы ұнамды бейнелер де әр халықта ұқсас сюжетпен айтыла береді. Авторлар осы арқылы халықтар арасындағы творчестволық байланыс төркіні ежелден келе жатқан игі дәстүр екенін аңғартады.

Дәстүрлі ауыз әдебиетінен Е.С. Ысмайыловтың көбірек айналысқан жанрларының бірі – қазақ эпосы, яғни батырлар жыры мен тарихи жырлар. Шора батыр жайындағы шағын мақаласының 1935 жылы жарияланғанын ескерсек, ғалымның бұл тақырыпты да ерте қолға алғанын көреміз. Оның 1939 жылы жазған «Батырлар жыры туралы» деген мақаласы көлемі жағынан ықшам болғанымен едәуір келелі ой түйген зерттеу деп қараймыз.

«Қазақтың жалпы батырлар жырын алғанда өзінің шыққан заманына, тарихи дәуіріне қарай бірнеше салаға бөлуге болады, - дейді ол, - 14 ғасырға дейінгі болған қаңлы-қыпшақ заманының батырлар жыры: Ертөстік, Аралхан, Көрұғлы, Бозұғлан, Алпамыс т.б.

XIV-XVI ғасырлардағы ноғайлы заманның батырлар жыры: Едіге, Қобыланды, Орақ-Мамай, Шора, Ер Тарғын, Ер Көкше, Қамбар, Бөген батыр, Ер Сайын, т.б.

XIV-XVIII ғасырдағы қазақ-қалмақ арасының қарым-қатынасына байланысты батырлар жыры: Есімхан, Қабанбай, Олжабай, Бөгенбай, Арқалық, Алатай, Қаратай, т.б.

XIX ғасырдағы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысына байланысты батырлар жыры: Сырым, Исатай, Махамбет, Бекет, Жанқожа, Ағыбай, Сұраншы, Сыпатай, т.б.».

Мақалада бұрын жарияланып жүрген Қобыланды, Алпамыс, Ер Сайын, Қамбар, Шора батыр жырларына әдейі тоқталмай, автор ел аузынан жаңадан жазып алынған «Қарасай-Қази», «Арқалық батыр» және «Қамбар батыр» жырларын арнайы сөз етеді. Мұнда «Қамбар батырдың» бұрын Ә.Диваев жариялаған нұсқасы емес, мүлде жаңа варианты алынған. Аталған үш дастанның да мазмұны мен көркемдік ерекшелігі, тәрбиелік мәні жан-жақты талданған.

Эпикалық дастандарды зерттегенде Е.С. Ысмайылов, әсіресе, тарихи жырларға көп көңіл бөледі. Ол Жамбыл жырлаған «Сұраншы батыр» дастаны туралы мақаласын 1938 жылы жариялады. Мұнда XIX ғасырдың екінші жартысында Қоқан хандығына қарсы орыс әскерімен бірге соғысқан Сұраншы Хакімбетовтің Жамбыл жырына арқау болғаны, ақынның тарихи оқиғаны қандай шеберлікпен бейнелегені айтылған. Сондай-ақ, автор өзінің «Аманкелді халық әдебиетінде» деген мақаласында да 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысын оның замандасы, үзеңгілес жолдасы, сарбазы болған Күдері, Сүлеймен, Омар, Әлжан, Орынбай, Досмұхан тәрізді ақындардың қалай жырлағанын әңгімелейді. Олар Аманкелдіні бұрыңғы батырлардай ержүрек қаһарман етіп қана көрсетпейді, сонымен қатар ақыл иесі, ұйымдастырушы, жетекші ретінде де сипаттайды. Бұл халық поэзиясындағы дәуір тынысын танытқан жаңалық екенін ғалым дұрыс көрсетеді. Аталған мақалалар көлемі жағынан шағын болғанымен тарихи жырларды дербес жанр ретінде зерттеудің алғашқы адымдарының бірі еді. Тарихи жырлар бұдан бұрын С. Сейфуллиннің белгілі кітабында ғана арнайы қарастырылған болатын.

Ғылым академиясы Қазақ филиалының әдебиет және фольклор секторы 1940 жылы 1916 жылғы көтеріліс туралы өлең, поэма, әңгімелер жинағын шығарды. Осы жинаққа Е.С. Ысмайыловтың «1916 жылғы көтеріліс және халық поэзиясы туралы» деген көлемді мақаласы кіріспе сөз ретінде берілді. Автор мұнда көтерілістің тарихи мәнін дұрыс түсініп, оған байланысты туған халық жырларына кең түрде тоқталады. Ақындар қазақ ауылының аянышты халін, ер азаматтың басына түскен тауқыметті, бұқараның қайнаған ыза-кегін халық поэзиясының барлық жанрында дерлік тамаша суреттеп берді. Көптеген дастан, қоштасу өлеңдері осының айғағы. Мақала авторы өз пікірін былай деп түйеді: «1916 жыл көтеріліс туралы поэзия қазақ халқының азаттық жолындағы күресін сипаттаған бұрын-соңды жарыққа шыққан поэзияны идеялық, көркемдік жағынан жаңа сатыға көтерді».

Соғыстан кейінгі жылдары да бұл ғалым тақырыптағы зерттеулерін тереңдетіп, толықтырды. «Қазақ әдебиеті тарихының» 1948 жылы басылған алғашқы нұсқасында және 1960 жылы шыққан бірінші томының бірінші кітабында жарияланған 1916 жылғы көтеріліске байланысты халық поэзиясы туралы тараудың авторы да Е.С. Ысмайылов болды. Ол өзінің соңғы зерттеуінде көтеріліс сипатына қарай туған өлең-жырларды бірнеше кезеңдерге бөліп қарастырады. Бірінші кезең – елдің аянышты хал-жайын суреттеу. Бұлар негізінен толғаулар. Екінші кезең – ұрыс, шайқас процестерін суреттеу. Бұл жорық, соғыс жырлары. Үшінші кезең – көтерілістің сәтсіздікке ұшырап, елдің ойрандалуы. Мұнда қайғы, мұң-шер жырлары басым. Төртінші кезең – майдандағы жігіттердің елге жазған сәлем хат өлеңдері. Бесінші кезең – эпикалық шығармалардың, поэма-дастандардың туа бастауы. Осы жіктеуге сәйкес автор көтеріліс туралы халық поэзиясын мынадай тақырыптар төңірегіне топтап талдайды: 1. Революциялық тарихи жырлардың туып дамуы; 2. Аманкелдінің ерлік тұлғасы; 3. Бекболат және халық трагедиясының бейнесі; 4. Майдан өмірін суреттеу; 5. Көтеріліс туралы лирикалық жырлар.

Ғалым эпикалық жырларды үш топқа бөліп қарастырады. Мұнда алдымен Аманкелдінің ерлік тұлғасы ерекше аталады. Бұл тақырыпқа жыр арнаған ақындар көп. Соның ішінде Күдері Жолдыбаев, Омар Шипин, Сәт Есенбаев, Нұрхан Ахметбеков поэмалары жан-жақты сөз болды. Жетісудағы халық көтерілісінің басшысы Бекболат Әшкеев жайында Саяділ Керімбеков, Әбдіғали Сариев, Иса Дәукебаев поэмалары бар. Зерттеуші осылардың ішінде Исаның «Бекболат» поэмасына айрықша тоқталған. Поэмада Бекболаттың өмірбаяны, майдандағы жеке ерлігі, қолбасшылық шеберлігі суреттеледі, тек қана тұтқынға алынып, дарға асылуы баяндалады. Ақын осы эпизодтың өзімен-ақ батырдың ерлік тұлғасын жасайды. «Бұл 1916 жылғы көтеріліс туралы жырланған поэмалардың аса бір көркемі» деп бағалайды автор.

Сонымен қатар майдандағы жігіттердің өмірін бейнелейтін поэмалар да аз емес. Мұнда Біржан Берденовтың «Прием», Қуанышбай Базаевтың «Қара құйын көтерілісі», Бақтыгерей Науқановтың «Июнь жарлығы», Хайролла Өтегеновтің «1916 жыл» поэмалары, Есқайыр Баттал ақындардың эпикалық шығармалары аталады. Ұлт-азаттық көтерілісі Қазақстанда ғана емес, Орта Азияның басқа жерлерінде де өріс алғаны мәлім. Өзбек шайырлары Фазыл Юлдашевтің «Жызақ көтерілісі», Пулканның «Мардықор», қырғыз Әбілқасым Жөнекеевтің «Босқын» атты толғау-дастандары сол дәуірдің бейнесін береді. Зерттеуші осы шығармаларды да тілге тиек етіп, олардың тақырыптық, идеялық ұқсастықтарын пайымдайды. Көптеген поэмалардың стиль, композиция, көркемдік ерекшеліктерін саралай отырып, мынадай қорытынды жасайды: «Сонымен, 1916 жылғы көтеріліс туралы эпикалық шығармалар, бір жағынан, бұрынғы фольклордың ізгі дәстүрімен тамырлас, өзектес болса, екінші жағынан, революциялық сипат алып дамып, жазба әдебиет дәстүріне ұштасқан жаңа сапалы шығармалар болып табылады».

1916 жылғы оқиғаны өзек еткен поэзиялық шығармалардың мол бөлігі лирикалық жырлар. Ысмайылов зерттеуінде бұған да кең орын берген. Халықтың көңіл-күйін, аянышты халін, жігер-рухын, арман-тілегін, ашу-ызасын білдіретін бұл жырлардың уыты күшті, идеясы айқын, көркемдігі жоғары. Ғалым осылардың қайсысы қандай жағдайда туған, өмір шындығын, болмысты қаншалықты жарқын бейнеленген, соны айқындайды. Халық лирикасының аттандыру, қоштасу, естірту, жоқтау тәрізді дәстүрлі жырларының өріс алу себептерін ашады. Осы кезде етек алған хат өлең түрлерінің көркемдік ерекшеліктерін талдайды. Рас, 1916 жыл поэзиясына арналған үлкенді-кішілі өзге зерттеулер де (Б. Кенжебаев, Х. Ищанов, М. Жармұхамбедов, т.б. еңбектері) бар. Алайда, солардың ішінде шоқтығы биігі Ысмайылов еңбегі десек, артық айтқандық бола қоймас.

Қазақ халқының өткендегі елеулі оқиғаларына, тарихи адамдарына байланысты туған поэзиялық шығармаларды ұзақ жылдар зерттеудің нәтижесінде жазылған күрделі еңбектің бірі «Тарихи жырлар» еді. Ғалым мұнда тарихи жырлардың жанрлық ерекшелігін анықтайды. Оның өзге жыр-дастандардан айырмашылығы тарихи оқиғаны немесе кейіпкерді нақты фактілер негізінде суреттегендігі деп көрсетеді. Алайда, мұндай жырлардың азаматтық тарих деректерінен алшақ кететін немесе қайшы келетін кездері де бар. Бұл белгілі оқиғаны таптық көзқарас тұрғысынан бағалаудың нәтижесінен болады. Зерттеуші бұл пікірін мысалдармен дәлелдейді.

Е. Ысмайылов тарихи жырларды төрт дәуірге бөліп тексеруді қажет деп табады. Бірінші – Орта ғасыр, екінші – XVIII ғасыр, үшінші – XIX ғасыр, төртінші – XX ғасыр көлемінде туған шығармалар. Ол өзінің 1939 жылы жазған «Батырлар жыры туралы» деген мақаласында эпикалық дастандарды дәуірлеу мәселесіне тоқталып, осыған ұқсас пікір ұсынғанын жоғарыда айтқанбыз. Автор соңғы зерттеуінде тарихи жырларды осындай төрт кезеңге бөлудің ғылыми жағынан дұрыстығын айта келіп, әр дәуірдің белгілі жырларына талдау жасайды. XVIII ғасырдан бергі жылдардың кейбіреулерінің авторлары да ұмытылмай ел аузында сақталған. Олардың толық нұсқалары да көп ұшырайды. Ал, XIX ғасырдың 30-70 жылдары арасындағы тарихи оқиғаларға байланысты туған жырлар сол кездегі отаршылдыққа қарсы көтерілістің сырын шертеді. Қазақ қоғамының жай-күйі, ел өміріндегі өзгерістер, елдегі қайшылық, жаңа прогресшіл беталыс нышандары көптеген жырлардың идеялық сарынынан байқалып отырады. Кейбір жырларда қазақ әйелдерінің де әлеуметтік, ерлік оқиғаларға араласа бастағаны көрінеді.

Автор XIX ғасырдың ақыры мен XX ғасырдың басындағы тарихи жырларға ерекше мән береді. Бұл қазақ даласында отаршылдық, қанаушылдық қысымның күшейе түскен, аштық, жұт апаттары арқаға аяздай батқан, оның үстіне 1905 жылғы революцияның, орыс-жапон соғысының, бірінші империалистік соғыстың дүмпуі ел құлағын елеңдеткен қатқабат қауырт кезең еді. Осының бәрі де халық жырларынан лайықты көрініс тапты. Бұған 1916 жыл оқиғасына байланысты көтеріліс жырлары келіп жалғасты. Уақыт өткен сайын өмір құбылысы да күрделі тартыс-шиеленіске молыға берсе, оның көркемдік бейнесі болып табылатын халық жырлары да шыңдала-ширыға, сомдала-толыса түсті. Соңғы кезеңдердің поэзиясы өзінің құрылымы, тарихи дәлдігі, көркемдік қасиеті жағынан бұрынғылардан гөрі кемелденген сапа танытты. Зерттеуші осы орайда келелі пікір толғап, тұжырымды ой түйеді..

Ұлы Отан соғысы жылдарында Жамбыл бастаған халық ақындары патриоттық жыр үлгісін бұрынғыдан да дамытып, халық поэзиясын жаңа биік сатыға көтергені мәлім. Ғалым бұл кезде де ел ақындарының шығармаларын жинап бастыру, зерттеу жұмыстарын қызу қолға алып, оған басшылық етті. 1942 жылы «Соғыс кезіндегі қазақ поэзиясының жайы мен міндеттері туралы» деген көлемді мақала жазып, онда Жамбылдың, Нұрпейістің творчествасына айрықша назар аударды. Автор осы еңбегінде көрнекті халық ақындарының Отан Қорғау, патриотизм, ерлік тақырыбын меңгеру шеберлігіне тоқтайды. Олардың соғыс кезіндегі қаһармандық шығармаларын дәстүрлі дастандардың, толғау-жырлардың заңды жалғасы деп қарайды және фашизмге қарсы күресіп жатқан совет жауынгерлерінің образын жасаудағы қол жеткен табыстары мен кем соққан кемшіліктерін сөз етеді. 1943 жылы Нұрпейіс Байғаниннің «Жиырма бес» атты поэмасы жарияланды. Бұл халық поэзиясының Отан соғысы тақырыбына арналған тұңғыш эпикалық туындысы еді. Ысмайылов «Батыр туралы жыр» деген мақаласында поэмаға жоғары баға берді. Ақын мұнда Төлеген Тоқтаровтың 25 жасында ел үшін ерлікпен қаза тапқанын жырлайды. Кейбір ақындардай бас қаһарманның өмірбаянын тізіп жатпай, батырдың басынан кешкен күрделі, түйінді оқиғаларды тілге тиек етеді. Ғалым поэманың басқа да композициялық, тіл ерекшеліктерін атап көрсетеді.

Қазақ халқының ауыз әдебиеті тарихына жеке тарау болып енген «Қазақ совет фольклоры» аталатын зерттеу ауыз толтырып айтуға тұрарлық аса маңызды еңбек деуге болады. Бұған дейін қазақ халқының советтік дәуірдегі ауыз әдебиетін түгел қамтып, жүйелі түрде сөз еткен мұндай тұтас зерттеу жоқ еді. Жаңа өріс тапқан жаңа заманда қазақтың халық творчествосы қалай дамыды, қандай тақырыптарды игерді, идеялық мазмұн, жанр жағынан тапқан жаңалығы қайсы деген мәселе төңірегінде иың пікір, тұжырымды ойлар айту осы еңбектің үлесіне тиді.

Е.С. Ысмайылов сол дәуірде халық творчествосының мазмұны, тақырыбы жаңарып, тереңдей түскенін айта келіп, былай дейді: «Бұрын қазақтың көшпелі өміріне ғана салты, тап-тартысы, азаттық жолындағы күресі суреттелетін болса, енді халық әдебиеті бүкіл дүние жүзіне ортақ аңызды әңгімеге айналған бүкіл дүние жүзіне ортақ аңызды әңгімеге айналған ұлы тарихи оқиғаларды кеңінен қамтып бейнелейді. Атап айтқанда, ұлттық әдебиеттің жеңісі мен жемісі халық әдебиетіне негізгі тақырып болып келеді. Өнер мен ғылымның табыстары, тамаша жаңалықтары, қазақ елінің тіршілігіндегі зор өзгерістер, алып өндірістердің салынуы, колхозданған ауыл шаруашылығының техникалы, өнімді бейнелері, оның үстіне халықтың өзі қатысып, өз басынан кешірген тап тартысы, жаңа адамның ісі мен еңбегі, жаңа салты, салтанаты – бәрі халық әдебиетіне жаңа тақырып, жаңа мазмұн беріп отыр». Сонымен бірге жаңа дәуірдің салтына қонымсыз жар-жар, наурыз, жарапазан, бақсы сарыны тәрізді жыр үлгілерінің ескіріп, өмірге жанасымсыз болып қалғаны да түсінікті. Ал, жаңа өлең-жырлар түр, жанр жағынан мүлде басқа. Оның үстіне халық творчествосында авторы белгісіз өлең-жыр, терме-тақпақ, мақал-мәтелдер де, авторы сақталған шығармалар да бар. Бұл жерде зерттеуші халық ақындарының творчествасын қазақ фольклорына қосады. Бірақ, олардың көпшілігінде жазба әсері де мол ұшырасатындығын айтады. «Бұл жүйедегі ақындар хат біледі, өз шығармаларын өздері қағазға түсіріп жаза біледі, шығармаларында жазба ақындардың көркемдік әдістері көрініп отырады. Сонымен қатар, бұлар өлең-жырды суырып салып та айтады, шығармаларында, негізінен, халықтық стильді көбірек сақтайды, халықтық әңгіменің сарынымен жырлайды».

Ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттің өзара байланысы, ықпал-әсері күшейе түсті және бұл творчестволық процесс жемісті нәтижесін берді. Автор бұған Иса, Саяділ, Нұрлыбек тәрізді ақындардың шығармаларын мысал етеді. Ол қазақ фольклорын тарихи дәуірі мен түр, мазмұн ерекшеліктеріне қарай жүйелеп тексеруді ұысанады. Өзінің зерттеуін мынадай тақырыпшалар негізінде құрды.

1. Революциялық күрес кезіндегі өлең-жырлар; 2. Ауылды көріктендіру кезіндегі өлең-жырлар; 3. Өнеркәсіп өміріне байланысты халық әдебиеті; 4. Термелер мен мақалдар; 5. Қазақтың халық әдебиеті; 6. Ерлік туралы жырлар; 7. Халық әдебиетіндегі Аманкелді образы; 8. Отан соғысы кезінің жырлары. Осындай тақырыпшаларға бөлу арқылы зерттеуші қазақ фольклорының отыз жылға жуық дәуірін қамтып, оның даму барысын жан-жақты әңгімелейді.

Азамат соғысы кезіндегі халық жанрынан қағазға түсіп, ел аузында сақталып бізге жеткендері тым аз. Олардың ішінде Аманкелді Иманов пен Әліби Жанкелдинге арналған толғау-жырларды атауға болады. Бұл дәуірдің бейнесі халық ақындарының кейінгі творчествосынан едәуір орын алады. Ал, ауылды көріктендіру жылдарында туған жырлар халық арасында көбірек тараған және олардың кейбіреулерін кезінде хатқа түсіріп алуға, жариялауға мүмкіндік болған. Сондықтан, мұндай шығармаларды молырақ қамтып, тереңірек зерттеуге көңіл бөлінген. Ғалым бұл кезеңнің ерекшелігін: «Ұрандау, жырлау, таныстыру, үндеу түрінде, немесе, ел ішіндегі кемшіліктерді сынау түрінде, толық жатқан өлең-жырлар жарыққа шығып отырады» деп көрсетеді.

Жаңа ән текстері, үгіт өлеңдер, тақпақ, марш түріндегі шапшаң ырғақты жырлар осы кезде туды. Халық поэзиясы тақырып жағынан да байып, молыға түсті. Ескінің қалдықтарын сынау, жаңаны насихаттау, әйел теңдігін, сауат ашу мәселесін жырлау өзекті тақырып болды. Қалың бұқараның ішінен «күміс көмей, жез таңдай» саңлақтар дараланып шыға бастады. Халық творчествосының осындай қарышты адымы жиырмасыншы жылдардың аяғы мен отызыншы жылдардағы ірі байларды конфискелеу, шаруаларды коллективтендіру, колхоз құрылысы мен өнеркәсіпті өркендету дәуіріндегі жаңа рухани өрлеуге келіп жалғасты. Автор осы тұстағы ауыл мен қала өміріндегі қыруар жаңалықтардың халық жырларынан жарқын көрініс тапқанын көптеген мысалдармен дәлелдейді.

Дәстүрлі ауыз әдебиетінің терме, тақпақ, мақал, мәтел тәрізді ықшам жанрлары жаңа заманға үйлесіп, жаңа мазмұнда дамыды. Олардың ішінде авторы белгісіз, жалпы халықтық болып кеткендері де аз емес. Терме, тақпақ Жамбыл, Нұрпейіс, Жақсыбай, Қалқа тәрізді төкпе ақындардың творчествосында көп кезедеседі. Зерттеуші халық поэзиясының осы жауынгер де өткір жанрының табиғатын, пәрменді үгіттік күшін ашып көрсетеді.

Қазақтың байырғы халық поэзиясында ерлікті, қаһармандықты жырлайтын шығармалардың молдығы белгілі. Бұл үрдіс дәуірге жалғасып, өркен жайды. Аманкелді тәрізді халық батырлары жайындағы дастандардан басталатын қазақтың тұсындағы эпикалық жырлары отызыншы жылдарда Хұсан мен Халкин-гол маңындағы және фин шекарасындағы қақтығыстар кезінде туған «Комиссар Пожарский» (Нұрпейіс), «Жеңіс жыры» (Жамбыл) сияқты көлемді туындыларға ұласты. Ғалым осыларды айта келіп, батылдық, тапқырлық, қырағылық туралы жырлар мен даңқты қолбасшылардың ерлігін мадақтаған шығармаларға талдау жасайды. Бұлардың дәстүрлі эпостық жырлардан өзгешелігін сөз етеді. Алайда, кейбір ақындардың жаңа жағдайда ескі теңеулерді қолдануын, мысалы, самолетті қыранға, бүркітке, кейде аққуға теңеу фактілерін мін санайды.

Халық поэзиясында көркемдік жағынан жетілген патриоттық жырлар Ұлы Отан соғысы кезінде туды. Зерттеуші халық ақындарының соғыс басталған күннен Ұлы Жеңіс сағатына дейін майдан мен тылдың жауынгерлік тынысын баққан отты жырларын аса зор творчестволық өрлеу жемісі деп қарайды. Бұл кезде дәстүрлі поэзияның сан алуан жанрлары жанданып, тіпті бұрын сиреп бара жатқан қоштасу, жоқтау тәрізді түрлері де қайта жаңғырды. «Хат-өлең» жанры кемелденіп дамыды. Айтыс өнері жаңа қарқынмен етек алды. Ысмайылов осы құбылыстардың заңдылығын дәлелдеумен бірге советтік халық поэзиясының жаңа саласы – майдан жырларының қалыптасқандығын айтады. «Отан соғысы майданындағы қазақ жауынгерлері, - дейді ғалым, - 1916 жылғыдай қарусыз құр қол, қайла, күректен басқаны білмейміз, мүгедекпіз деп кейімейді, зеңбірек, пулемет, танкі, миномет сияқты құралдарымыз бар, қан майданда қасарысқан жаумен соғысып, айбынды ерлік көрсетіп жатырмыз деп жырлайды». Майдан қаһармандарының ерлігін паш еткен дастандардың ішінде Нұрпейістің «Жиырма бес», «Ер туралы жыр», Нұрлыбектің «Ер Тарғын», Омардың «Ер Сұлтан» поэмаларына ерекше назар аударады. Тақырып пен оқиға ұқсастығы бұл поэмаларды бір-біріне тым жақындатып жібермейді. Әр ақын өзінше көркемдік шешім табады. Бірақ, кейбір поэмаларда Отан соғысының жауынгерлерін дәстүрлі батырлар жырындағы кейіпкерлерге ұқсатып суреттеу сарыны да кездеседі. Бұл творчестволық әдісті ғалым құптамайды. Осы ретте Жақсыбай ақынның «Мәлік батыр» дастанын сынға алады. Қорытындыда Отан соғысы жылдарындағы халық творчествосын идеялық, көркемдік дәрежесін жаңа биік сатыға көтеріліп, тыл еңбеккерлері мен майдан жауынгерлерін жеңіске жұмылдыруда үлкен рухани күшке айналғанын әңгімелейді.

Аталған зерттеулерінде автор қазақ фольклорының өзекті тақырыптарын сөз ете отырып, оның жылдан-жылға дамып келе жатқан өміршеңдігін, жарқын келешегін, әлі де өскелең өмірдің бейнесін айқын елестетіп, жанр, түр, көркемдік жағынан өсіп, жетіле беретіндігін ғылыми дәйектілікпен баяндап берген.

Туған елінің ауыз әдебиетін қастерлеген ғалым халықтың қымбат қазынасын жинау, жариялау, насихаттау, Одақ көлемінде таныстыру саласында зор еңбек сіңірді.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Ысмайылов Е. Сын мен шығарма. - Алматы, 1960.

2. Кәкішев Т. Қазақ әдебиеті сынының тарихы. - Алматы: «Санат», 1994.

3. Ысқақұлы Д. Сын шын болсын. – Алматы: «Қазақ университеті», 1993.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2007


 © 2024 - Вестник КАСУ