Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

ТЕКСТОЛОГИЯ ҒЫЛЫМЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСЫП, ДАМУ ТАРИХЫ

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2007

Авторы: Жайлибаева М.Н., Убайдуллаева Г.Ж.

Халықтың ғасырлар бойы жасаған әдеби мұраларын насихаттап отырудың маңызы үлкен. Қазіргі оқушы одан өз халқының рухани байлығымен, мәдени тарихымен танысады. Әдеби мұраларды шынайы қалпында, бұрмаламай көрсетудің де қажеттігі белгілі. Өйткені, әр заманның өз шындығы бар.

«Көркем әдебиеттің текстологиясы - филологиялық ғылым. Ол әдебиеттану ғылымымен біте қайнасып, соған қызмет етеді. Тіпті, дәлдей түссек, текстология- әдебиеттану ғылымының негізі. Өйткені, белгілі бір шығарманың дәл тексін айқындап алмай тұрып, оның идеялық мазмұны мен әдеби көркемдігін сөз ету қиын болмақ», - деген болатын Р. Сыздықова.

Ең алдымен, бізде қазіргі таңда текстологиялық жұмыстар мүлде жоқ дей алмаймыз. Ұлы ақын Абай шығармаларының ең соңғы 1957 жылғы басылуы шын мәнінде едәуір толық ғылыми текстологиялық жұмыстың жүргізілгенін және ол жұмыстың дұрыс бағыт алғанын көрсететін үлгі деп айта аламыз.Одан кейінгі біздегі ғылыми тұрғыдағы текстологиялық жұмысты танытатын кітаптарға Қазақ ССР Ғылым академиясының М. Әуезов атындағы әдебиет пен өнер институты дайындап, бастырған қазақ эпостарының («Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Қамбар») соңғы басылулары жатады.Бұларда жеке жырлардың әртүрлі варианттары мен олардың әралуан нұсқаларын тек жариялап қана қоймаған, әрбір вариантқа мейлінше толық текстологиялық түсініктер берілген.

Текстология - әдеби туындының тексін зерттеп, танудың принциптері мен методикасын жинақтайтын арнаулы пән. Текстология көркем шығарманың тұрақты түпнұсқасын белгілейді, оның автор қолымен жазылған ақтық редакциясын анықтайды, әр алуан вариантын өзара салыстырады, әр басылымын автогрофпен салыстырады, текстің автор еркінен тыс жерлерін немесе бөгде қолмен орынсыз өзгертілген тұстары болса,қалпына келтіреді,түпнұсқаны көшіріп басқандар мен әріп терушілер тарапынан кеткен, ең арғысы емле қателері болса, ұқыппен түзеп отырады. Бұл ретте текстологияның ең өзекті мәселесі екеу: бірі - ғылыми мақсатпен, екіншісі - практикалық мақсатпен байланысты.

Текстология ғылымының мақсаты - әдеби шығарманың немесе тарихи құжатты ғылымға белгілі барлық нұсқаларымен салыстыра отырып, баспаға әзірлейтін мәтінді қалыптастыру. Кез-келген мәтіннің баспада жарық көруінің екі жолы бар. Біріншісі - мәтіннің қалың оқырман қауымға арналуы, екіншісі-ғылыми зерттеу жұмысына арналуы. Бұдан бөлек үшінші бір түрі - мәтіннің балалар тіліне лайық жеңілдетіп басылуы. Мәтінді балалар тіліне лайықтап құраған мәтінгер көптеген қысқартулар әсірелеу үшін өзгертулер жасауына болады. Дегенмен текстологияның теориялық әдебиеттерінде мәтін басылымдарының осындай айырмашылықтарының болуын қостамайтын кереғар пікірлер де бар. Мысалы, орыстың көрнекті мәтінгер ғалымы Б.М. Эйхенбаум мәтіндегі көне тіл элементтерін жаңаша беру тарихқа қиянат жасау деп есептейді. Ондай ерекшеліктерді түсініктеме (комментарий) арқылы берілуін қолдап, есесіне мәтіндегі сөздердің көне қалпы оқырман қауымға ана тілінен хабар беретінін айтады. Сондай-ақ, С.А. Рейсер мәтін басылымдарының бұндай айырмашылықтары оқырман ұғымында қайшылық тудыратынын айта келіп бұның өзі сыни мәтіннің тұрақтануына көп кедергі келтіретінін ескертеді: «Біріншісі - авторлық емес, жалпы жұртшылыққа кеңінен тараған, екіншісі- авторлық тек тарихи әдеби зерттеулер арқылы анықталған және көпшілік оқырман қауымға таныс емес. Бұндай да сол бірінші нұсқа тұрақты мәтін деп қалыптасуы мүмкін.» Бұл пікірдің орынды екені рас. Сондықтан мәтін басылымдарының қай түрі болмасын бір-бірінен айырмашылықтары болуы мүмкін. Тек қалың оқырман қауымға арналған мәтіндегі кейбір түсініксіз сөздер ғана сол бетте сілтемемен берілгені дұрыс.

Текстологияның басты міндеті - белгілі бір әдеби мұраның текстін қалпына келтіру, түгендеу, анықтау. Түгенделген, сұрыпталған, тексті баспаға дайындау және оған ғылыми түсініктер беру де текстологияның төл ісі.

Текстология туралы зерттеулердің авторы С.А. Рейсер: «Қазіргі текстологияның басты жетістіктерін былайша түсіндіруге болады: көркем шығарманың тексті –ұлттық мәдениеттің асыл қазынасы іспетті. Ол - белгілі мөлшерде автордың ғана емес халықтың меншігі... Бұл жағдайда текстің нақтылығына, түпнұсқаға жақындығына, жұртқа түсінікті болуына қомқорлық қоғамдық маңызға ие» (С.А. Рейсер «Палеография и текстология». – М., 1970 «Просвещение», с. 85) – деп байлам жасайды. Бұл-біздің зерттеушілеріміздің жадында сақталуға тиіс тұжырым. Бізге орыс текстологияларының талдаулары мен ізденулері көп септігін тигізуде. Бірақ қазақ халқының тарихы мен рухани мұрасының өзіне тән ерекшелігіне орай біраз қиыншылықтардың барын білеміз. Мәселен, қаламгерлердің көпшілігінің дерлік қолжазбалары сақталмаған, көзінің тірісінде баспа бетін көрмеген. Кейбірінің мұрасы тек ауызша түрде ғана жетті, не басқалардың жазып алуы арқылы жетті. Солардың қайсысын негіз етіп алу керек? Міне, қазақ текстологиясы алдындағы қиындықтың бір түрі осы секілді болса, екіншісі қазақ тіліне жат жазу өлшемі еді.(араб,парсы сөздері) Кезінде ақын жазушылар мұраларының текстологиясы Б. Кенжебаев, Ы. Дүйсенбаев, Т. Абдрахманов, М. Сәрсекеев, М. Мырзахметов, З. Ахметов, Г. Мусабаев, Қ. Өмірәлиев, Ш. Сарыбаев, Ә. Құрышжанов, Р. Сыздықова, Б. Сағындықұлы т.б. мақалаларында сөз болған еді. Бірақ бұл кезек күттірмейтін проблема күні бүгінге дейін жүйелі түрдегі ғылыми зерттеуге ұласпай отыр.

Шығарманың түріне, зертеудің қай тұрғыда жүргізілгеніне байланысты тектологиялық талдаудың да өзіндік ерекшелігі болмай тұрмайды. Сондықтан текстология ғылымы өзіндік зерттеу нысанына қарай а) ауыз әдебиеті текстологиясы, ә) ежелгі дәуір әдебиеті текстологиясы, б) қазіргі әдебиет текстологиясы деп бөлінеді. Талдау ерекшелігіне, яғни шығармаға қай тұрғыдан зерттеу жүргізуіне байланысты текстология мен лингвотекстология салалары да айқындалды.

Әдебиет тарихында ауыз әдебиеті, ежелгі дәуір әдебиеті және қазіргі заман әдебитінің айырмашылықтары болатыны секілді текстология ғылымының зерттеу міндеттері де өзіндік айырмашылықтары мен ерекшеленеді:

1) Егер қазіргі әдебиет шығармаларының авторлық қолжазбалары сақталған болса, ежелгі дәуір әдебиеті шығармаларының көбінесе көшірмесі ғана сақталған. Ал, ауыз әдебиеті шығармалары баяндаушыдан жазылып алынған күйі ғана жеткен. Осыларға байланысты мәтінгер маман түпнұсқаға ең жақын вариантты қайта қалпына келтіруге міндетті.

2) Ежелгі дәуір әдебиет шығармаларына тән екінші бір ерекшелік- автордың лақап атпен берілуі. Бұл бүгінгі әдебиетімізде де қайта жаңғырып келеді. Дегенмен автор жайлы деректі әр уақытта табуға болады. Кейде ежелгі дәуір әдебиеті шығармаларының авторы белгісіз болып келеді. Онда мәтінгер шығарма стилі мен палеографиялық зерттеулер арқылы авторды анықтауға немесе телуге міндетті.

3) Осылар секілді зерттеліп отырған материалдың жазылған уақытымен орны белгісіз болуы мүмкін. Бұларды анықтауда ежелгі дәуір әдебиеті текстологиясының міндеті.

4) Ежелгі дәуір әдебиетінің шығармасының көшірмелері өте аз немесе қалып кеткен жерлері көп болса, түпнұсқаны қайта қалпына келтіру де мүмкін болмай қалады. Ал қазіргі әдебиет текстологиясының басты міндеті тұрақты мәтінді қалыптастыру болып табылады.

Сонымен, текстология - әдеби туындының тексін зерттеп, танудың принциптері мен методикасын жинақтайтын арнаулы пән. Текстология көркем шығарманың тұрақты түпнұсқасын белгілейді, оның автор қолымен жазылған ақтық редакциясын анықтайды, әр алуан вариантын өзара салыстырады, әр басылымын автогрофпен салыстырады, текстің автор еркінен тыс жерлерін немесе бөгде қолмен орынсыз өзгертілген тұстары болса,қалпына келтіреді,түпнұсқаны көшіріп басқандар мен әріп терушілер тарапынан кеткен, ең арғысы емле қателері болса, ұқыппен түзеп отырады. Бұл ретте текстологияның ең өзекті мәселесі екеу: бірі - ғылыми мақсатпен, екіншісі - практикалық мақсатпен байланысты. Текстологиялық зерттеу өте күрделі және ұзақ уақытты қажет ететін процесс.

Текстологияның термин ретінде қалыптасуы орыс филологиясының өзінде де XX ғасырдың басынан есептеледі. А.С. Пушкин шығармаларының мәтінін зерттеу барысында оны алғаш қолданған ғалымдардың бірі - Б.В. Томашевский. Текстологияның практикалық жағы діни әдебиеттерді қолмен көшіре бастаған кезең XVII-XIX ғасырлардан басталса да, оның теориялық негізі XX ғасырдың II жартысында қалыптасты. Оның аса көрнекті өкілдері ретінде Б.В. Томашевский, Б.М. Эйхенбаум, Д.С. Лихачев т.б. танылды.

Текстология ғылымы түркі халықтарында атап айтсақ, өзбек, әзербайжан, түркімен филологиясында да жақсы дамып келеді. Әсіресе ежелгі дәуір әдебиеті мәтіндерін салыстыру ісіне ертерек көңіл бөлініп, олар арнайы зерттеу нысанына айналып отыр. Бұған, Шамсиев П. «Научной-критический текст Хамзановой» Ташкент, 1970 ж. «Научно- критический текст поэмы Низами «Хосров и Шырын». Баку 1960; «Текстологические исследование Китабы-деда Коркут» Баку 1985 жыл және тағы басқа еңбектер теориялық текстологияға байланысты көптеген тұжырмдар жасалғаны дәлел.

Ежелгі дәуір әдебиеті шығармаларының бірнеше нұсқалары салыстырылып, кандидаттық докторлық диссертациялар қорғалған жұмыстар бар. Бір байқағанымыз, кей ұлт ғалымдары сол көшірмелер ішінен өз тіліне жақын нұсқасын негізгі мәтін деп, оны әлем әдебиетінің деңгейінде тұрақты мәтін деп танытуға тырысады. Мысалы: Г. Назаров «Жусуп- Злиха» дастанының Н. Андалиб нұсқасын негізгі нұсқа деп алады да, Дүрбек, Рабғузи қолжазбаларына қарағанда көркемдік жағынан ең биік тұратын түркімен әдебиетінің мұрасы, әлем әдебиеті тарихынан орын алу керектігін айтады.

Қазақ филологиясында алғашқы текстологиялық жұмыстар Абай шығармаларынан бастап, жасалды деуге болады. Бұдан соң, «Біржан Сара» айтысына, халық ауыз әдебиеті үлгілеріне Ыбырай Алтынсарин, Ш. Уәлиханов, М. Сералин, С. Торайғыров шығармаларына тағы басқа толып жатқан жазба деректерімізге текстологиялық жұмыстар жүргізіліп, шығарманың жазылған уақытымен орынын анықтау, авторын табу немесе телу, қате оқылған сөздерді қайта түзету сияқты қыруар жұмыстар атқарылды. Осы кезеңде, 1950-1960 жылдар аралығында, қазақ мерзімді басылымдарында Абай шығармаларына, ауыз әдебиеті үлгілеріне, ақын жыраулардың халық арасынан жазылып алынған, кейде сол уақытқа дейін жарияланып үлгерген түрлеріне, ертегілер мен эпостық жырлардың бірнеше нұсқаларына тағы басқа жасалған текстологиялық жұмыстарға қатысты қызу айтыс-талас жүріп жатты. 1963 жылы ҚСССР Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты жанынан «Текстология мен қолжазба» бөлімі ашылды.

Қазақ текстологиясы ғылымында З. Ахметов, Ы. Дүйсенбаев, Б. Кенжебаев, Ғ. Мұсабаев, Т. Абдрахманов, Қ. Өмірәлиев, Ш. Сарыбаев, Ә. Құрысжанов, Р. Сыздықова, Б. Сағындықұлы, Е. Жұбанов, М. Малбақов және тағы басқа ғалымдар классик ақын жазушыларымыздың, ежелгі дәуірлерден келіп жеткен жазба мұраларымыздың мәтінін ғылыми басылымға әзірлеуде аса құнды еңбектерімен танылды. Аталған ғалымдар еңбектерінің газет журнал беттерінде, ғылыми жинақтарда жарияланса, бірқатары жеке кітап болып жарық көрді.

Қазақ филологиясында тексто-логияның теориялық негізі жазылмады десек те, практикалық текстология кеңінен қолданыс тапты. Осы уақытқа дейін жарық көрген XV-XIX ғасырлар ақындарымен айтыс ақындары жыраулар шығарма-ларынан көреміз. Орта ғасыр ежелгі дәуір әдебиеттерін зерттеген ғылыми еңбектердің басым көпшілігін аса жауапкершілікпен жазылған текстоло-гиялық салыстырулардың жемісі десе де болады. Оларға

Ә. Құрышжанов пен Б. Сағындықов баспаға әзірлеген «Ахмет Игүнеки Ақиқат сыйы» Алматы: 1985, Е. Жұбанов пен М. Малбақовтың «Қозы Көрпеш Баян Сұлу эпосының текстологиясы» Алматы: 1994, Ғ. Айдаровтың «Орхон ескерткіштерінің тексті» Алматы: 1990, Ә. Ибатовтың «Абай тілінің сөздігін жасау үстіндегі кейбір текстологиялық ескертпелер» (Қазақстан мектебі: 1965, № 8 ), Қ. Мұхаметхановтың «Бұқар жырау» (Қазақ әдебиеті 1982, 30 июнь), Қ. Өмірәлиевтің «Иә, терең зерттеу қажет» (Қазақ әдебиеті 1971, 24 декабрь) деген мақалалары текстологиялық мақсатқа тікелей бағытталмағаны мен шығарма дәлдігін айқындауға қатысы бар аса маңызды мәселелерді қозғайды. Абай шығармаларының текстологиясына ғана отыздан астам мақала жарық көрген. Бұл мәселені бүгінге дейін күн тәртібіне түспегенін ойласақ, 1979 жылы 21 декабрьде Қазақ әдебиеті газетінде жарық көрген мақаласын Т. Абдрахманов «Мәңгі жас мұра» деп асқан көрегендікпен атағандай. Текстология мәселелерінде соны пікірімен ерте танылған Т. Жұртбай Абай шығармаларының текстологиясына қаты-сты мақаласын «Егемен Қазақстан» газетінің 2005 жылғы 13 қыркүйектегі «Абайдан асырып кім айтқан?» және аталған газеттің 2006 жылғы 22 ақпанда «Абайды оқып жүрміз бе?» деген мақалаларында сөз етті. Әсіресе, Бұқар жырау, Шортанбаймен Дулат поэзиясына қатысты пікірі байқалатын өлең жолдары дұрыс шешім тапты деуге болады. Ал Ш. Сарыбаев пен Ә. Құрышжановтың «Халық жырларының текстологиясы» (ҚазССР Хабаршысы 1959, №9).

Аталған мақалалар мен зерттеулер әртүрлі шығарманы текстологияны әр қырынан сөз еткен. Олай болса, қазақ филологиясында да текстологияның теориялық негізін жүйелеп, бір ізге түсіретін уақыт жетті демекпіз. Ол үшін десертация көлемінде ғылыми жұмыстар, монографиялар жазылуы керек сияқты. Бұл орайда М. Имашевтың «Біржан Сара айтысындағы өмір шындығымен оның көркемдік текстологиялық ерекшеліктері» (Алматы, 1992) деген кондидаттық дессертациясын атай аламыз. Бірақ, бұл жұмыстың негізгі мақсаты текстология мәселесі болмағандықтан, теориялық текстоло-гияның қыр-сыры толық ашылмағандығы байқалады.

Бұнда тек «Біржан-Сара» айтысының қолжазбаларындағы айы-рмашылықтар ғана баяндалған.

Бір қуанарлығы, соңғы жылдары текстология мәселесіне көбірек көңіл бөлініп келеді. Тек мақалалар, жинақтар ғана жарық көріп жатқан жоқ, сонымен қатар ғылыми диссертациялар да қорғалуда. Атап айтсақ, Г. Убайдуллаева «Мухаббат-наме (ХІҮ ғ.) ескерткішінің текстологиясы» 2001, А. Болсынбаева «М. Әуезов. Қараш-қараш оқиғасының повесі» 2004, Г. Рахымбаева «Шығыс Қазақстан өңіріндегі тарихи жырлар» 2005 және т.б.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Лихачев Д.С. Текстология. Москва: Наука, 1964.-102 с.

2. Сыздықова Р. Текстология мәселелері // Қазақ әдебиеті, 1964, 27 март

3. Ескі түркі жазба ескерткіштері. Алматы: Ғылым, 1983.- 176б.

4. Әдеби мұраны бұрмалаушылыққа қарсы // Қазақ әдебиеті, 1956, 13 апрель

5. Мұқамедханов Қ. «Түзетілгені» қане? «Түсініктері» қайсы? // Қазақ әдебиеті, 1986, 10 қазан

6. Садырбаев С. Жамбыл мен Құлманбет айтысының текстологиясы // Қазақ әдебиеті, 1982, 23 июль

7. Қазақ фольклоры мен әдебиет шығармаларының текстологиялық зерттелуі, Алматы: Ғылым, 1983.

8. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері, Алматы: Ғылым, 1973.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2007


 © 2024 - Вестник КАСУ