Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ГО-ДІ ҒЫЛЫМДА ҚАЛЫПТАСҚАН ДƏСТҮРЛІ ƏДІС-ТƏСІЛДЕР АРҚЫЛЫ ТАНЫП-БІЛУ

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2007

Автор: Адишева А.О.

Қазақ тілінде, яғни оның жалпыхалықтық тіл, әдеби тіл және жергілікті тіл аясында қалыптасып, қолданыста жүрген “гомогенді омонимдер” деп аталатын мыңдаған мағыналық бірліктерді танып-білудің жолдары мен тәсілдері көп сөз болған. Алайда, бұл тәсілді де біз ГО-ді терең де үзілді-кесілді танып-білудің универсалды (әмбебап) жолы деп санамаймыз. Өйткені бұл құбылыстың сыры мен сипатын біз санамалап өткен шарттар арқылы ғана түгел ашуға болмайды. Оны ашудың басқа да толып жатқан әдіс-тәсілдерінің, ғылыми танымдық аппаратында толып жатқан ұғым-түсініктер мен терминдердің бар екендігін ескерген жөн.

Бұлардың бәрін жинақтап, біз ГО-ді танып-білудің әдіс- тәсілдері деп атап, танымдық ғылыми аппараты ретінде бір жерде қарастырып отырмыз. Бұл топқа, ГО-ді зерттеушілердің тәжірибесіне қарағанда, көптеген ұғымдар жатады. Гомогенді омонимдер табиғатын ашып білудің ең басты да өзекті мәселес - олардың омонимдік қатыстығын анықтау десек, міне, сол қатыстықты тап басып, дәл айқындауда ең бірінші орынға омонимдік қатарға енетін мағыналық бірліктердің мотивтік (уәждік) негізін айқындау мәселесі шығады.

Егер біз кез келген тұлғасы ұқсас, мағынасы басқа-басқа сөздерді гетерогенді (әр текті) омоним қатарына қоса алсақ та, зерттеп, зерделеп алмай, оларды гомогенді (бір текті) омоним деп бірден айта алмаймыз. Өйткені бұл тәрізді ұқсастықтар ғайыптан (спонтанно) пайда болуы да, о бастағы бір сөз негізінде де пайда болуы да ықтимал. Сондықтан да, қат-қабат қатарласып жүрген ұғым, мағына “иелерінің” (яғни гомоомонимдердің) туыстығын, түбірлестігін толық танып-біліп алғаннан кейін ғана олардың гомогенді екені жөнінде сөз қозғауға болады. Ол ғана емес, ГО саналатын қатардағы мағыналық бірліктердің өзара туыс (тектес) бола отыра, қалайша, қандай себептерге байланысты олар жеке “отау болып” бөлініп, бір-бірінен оқшауланып кеткендігін де айқындау қажет. Мәселен, тіліміздегі сораң сөзінің бір жерде “топырағы сор, сортаң жер” мағынасында, екінші бір жерде “сортаң жерге шығатын алабота, сарсазан тәрізді өсімдік” мағынасында қолдануын, сондай-ақ жалман сөзінің әдеби тілде “сортаң жерлерде кездесетін кішкене тышқан”, балық ұстайтын қармақ ұшындағы өткір ілмек” мағыналарында, ал Орынбор жағында- “жылқы ауруы”, Маңғыстау жағында - “қанжардың басы” мағыналарында кездесуінің омонимдік құбылыс екендігін дәлелдеу тәсілін танымдық аппаратта уәж (мотив) деп атайды.

Демек, ГО табиғатын уәжді (мотивтік, логикалық, этимологиялық, этнолингвистикалық т.б. тәсілдер) негізін де айқындауды тіл білімінде ең сенімді танымдылық жолдардың бірі санайды екен. Сонда, жоғарыда келтірілген “сортаң” өсімдігінің (“сортаң” деп аталатын) топырағы сор жерге шығуына байланысты қалыптасқанын тілдік дәстүрде бар үрдіске сай екенін дәлелдеу де мотивтік (уәждік) дәлел. Немесе, жоғарыда аталған жалман сөзінің тышқан атауынан жылқы ауруы- жалманға “өтуі” (жұғуы) қазақ даласында індет ауруларының көбісі тышқаннан (жалман, құлғана, ұзынқұйрық т.б.) жұғатындығына, ал сол тышқанның “қанжардың басы” мен “қармақтың басы” атауларына үйлесуі оның жалмаңдаған өткір тісіне, де жылдам әрекеріне де (тез тарауына) байланысты болса керек.

Қысқасы, ГО-дің табиғатын анықтау ғылыми аппараттың арсеналында бар мотивтік (уәждік) анықтау тәсілімен шешуді жетекші ролге ие деп айта аламыз. Ал, сөз мағыналарының гомогенді қатарларға, мағыналық бірліктерге (“смысловые единицы”) бөлінуін, сөз төркінін айқындауға, олардың қолданыс аясын, т.б. ерекшеліктерін тәптіштеп көрсетіп, нақтылы дәлелдеу де қажетті мотивтік тұжырымға (уәждік талдауға) қосымша тағы да неше алуан тәсілдер бар. Олар: этимологиялық талдау, сөздердің төркінін анықтау, фономорфо-семантикалық зерттеулер. Олардың сыртында әрбір сөздің тіл өмірінде, елдің салт-дәстүр, әдет-ғұрып, наным-сенімінде, тіршілік-болмысында қалыптасып, мағынасы дамып, іштей жіктеліп-жіліктенуіне негіз болған объективті де субъективті себептер тағы бар және оларды айқындайтын этнолингвистикалық, тарихи-әлеуметтік, мәдени т.б. факторлардың да бар екенін атағанымыз жөн. Көптеген ғылыми танымдық тәсілдердің (морфемалық, семантикалық, морфологиялық т.б.) ішінде, басқа жағдайда сиректеу қолданылатын, бірақ ГО қатарын құрайтын мағыналық бірліктердің материалдық негізін анықтауда өз тіліміздің де, басқа туыс тілдердің де деректерін салыстыра-салғастыра қарау тәсілі бар. Міне, осы тәсілдің ең бір көрнекі де тиімді түріне, мәселен, заттар мен құбылыстардың мағынасындағы түбірлестікті, бір тектілікті, олардың сыртқы көрініс-тұлғасына, бітім-болмысына, түр-түсіне қарап көз арқылы көріп, көңілге түйіп, туыс-жақындығын тани білу әдісі де жатады. Бұл тәсілді ғылымда “визуалды таным” дейді. Визуальді (көрнекілік) таным. Міне, осы тәсіл бойынша кейде көп сөзбен айтып жеткізе алмайтын, туыс-жақындығын дәлелдеу қиынға түсетін көптеген зат пен құбылыстың ортақ қасиетін, мәселен, олардың суретіне қарап-ақ бірден анықтауға болады екен.

Қазақ тіліндегі саға деген сөздің және одан туындаған әр түрлі тақырыптық топқа жататын атау-тұлғаларды білдіретін заттарды қарағанымызда олардың өзара ұқсастығын және ол ұқсастықтың мотивтік негізі ретінде әр алуан заттың бір-бірімен қиылысқан, бір шеті мен бір шетінің өзара ұласқан тұсы, шеті жиектеліп, көзге көрінетін жағасы, жапсары, жиегі, ұшы т.б. арқылы айқын көруге болады екен. Оны салыстырып көрейік:

Екі нәрсенің қосылатын, жанасатын, бірігетін тұсы, яғни екі бөлек нәрсенің, не бір-бірімен ұласып кеткен заттардың қосылатын екі ұшы, қабысатын екі жағы бар заттар туралы болып отырғаны біздің көрер көзімізге де, көңлімен түйер өзімізге де айқындала түсетіні сөзсіз. Саға және одан тараған туынды сөздердің түбірлестігін біз визуальді (көрнекі) тәсілмен ғана емес, этимологиялық тәсілмен де анықтай алады екенбіз. Қазақ тілінің өз деректері мен туыстас түркі тілдерінің фактілерін салыстырма-тарихи әдіспен қарастырғанымызда жоғарыда көрсетілген бір топ түбірлес сөздің ортақ түбірі - саға деп қарасақ, сол сағаның өзі түркі тілдерінің бәрінде де бар. Көне түркі тілдері мен бүгінгі түркі тілдеріндегі (ДТС) йақ=жақ=сақ=чақ т.б. мың құбылып (йак>йақа, жақ> жаға, сақ> саға т.б.) айтылып жүрген көп варианттың көне варианты - *саға (<сақ+а<саға) екеніне көзіміз жететін сияқты. Көне төл сөзіміздің осылайша мағына жағынан кеңейіп, әр тақырыпқа қатысты жіктеліп, дамып отыруының бір мысалы осы болса керек.

Этимологиялық таным

Әрине, гомогенді омонимдерді зерттеудің жалпы этимология проблемасына тікелей қатысы жоқ сияқты. Алайда, тарихи даму барысында өсіп-өніп, өріс алып, өзгеріп кеткен түбірлер мен туынды түбірлердің түпкі тегін дәл басып, нақ тани білу этимологияның төл нысаны. Гомогенді омонимдердің даму сырын ашуда өте қажет тәсіл - этимологияға жататын морфемалық талдау, салыстырма-тарихи тәсіл, сөз дамуының тарихи-мәдени фонын анықтау, ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлеріміздің сөз мағынасын өзгертіп, шеңберін кеңейтіп отыруына тигізер әсерін т.б. факторларды ГО тарихымен шұғылданушы ғалым білуге тиісті. Бұдан шығатын тұжырым: гомогенді омонимдердің табиғатын танып білу-тілімізде қат-қабат қатарласып жүрген жүздеген, тіпті мыңдаған түбірлес мағыналық бірліктердің түп-төркінін ашу деген сөз. Сондықтан да, біз зерттеп отырған бұл мәселені аттаған сайын сүріне беретін, сүрінген сайын сөз төркініне жүгіндіре беретін бұл этимологиялық проблемалардың семасиология саласына тікелей қатысы бар тақырып деп айтуға толық қақымыз бар.

Бір мысал. Қазақ тіліндегі жас деген сөзден дамыған бірнеше мағыналық қатарын алып қарайық: 1) жас - “адамның, жан-жануардың т.б. өмір сүру мезгілін белгілейтін жыл саны, жас шамасы”; 2) жас - ”жаңа өсіп келе жатқан жас өспірім”; 3) жас - “әлі кеппеген, қатпаған, сүр болмаған” (ет, тағам т.б.); 4) жас - “жылағанда, қатты қуанғанда шығатын көз жасы”; 5) жас - (Гурьев өңірінде) “су, ылғал, жаңа қазылған құдықтың алғашқы суы, біліне бастаған дымқылы”.

Міне осы сөздердің бәрі аталған сөздіктерде омоним қатары ретінде берілсе де, олардың гомогенді омонимдер екендігі жұрттың бәріне белгілі деп айта алмаймыз. О бастағы *жас//*йаш деген бір түбірден тараған қазақ тіліндегі: жаса - (“өмір сүр”), жасақ - (“дымқылдау, жастау, көк сағал”), жасамал- (“ересек, жасамыс, егде кісі”), жасамыс - (“ересек, орта жастан асқан”), жасаң - (“жастау, жасырақ”), жасаура - (“көзі жастану, көзге жас үйірілу”); жастық - (“жас шақ, балғын кез”); жасыл- (“өсімдіктің қурамаған көк түсті жас кезі”); жасы - (“көңілі босау, мұңаю, қамығу”); жасық - (“семіз емес, өте арық ет”) т.б. осы сияқты көптеген туынды түбірлердің о бастағы мағынасы біреу-ақ болған. Ол - ”суы шығып тұрған”, “дымқыл”. Енді осы “су, дымқыл” (“влага”) ұғымынан мағыналық жіктелу арқылы “піспеген, қурамаған жас”, “қартаймаған адамның жас кезі”, “көзден шыққан дымқыл жас”, “арық, көкет”, “құдықтың алғашқы суы, дымқылы” т.б. мағыналар туындағандығын тек этимологиялық зерттеу арқылы ғана дәлелдеуге болады.

Логикалық таным

Біз зерттеп отырған объектімізді (нысанымызды) этимо-логияның семасиология саласына жатады дедік. Оның тағы бір дәлелі - ой, пікір, тұжырым, еңбектерде берілуі керек, ұғым, түсінік сияқты құбылыстар адамның жан дүниесіне тән зиялы (интеллекті) қасиеттері болып саналады да, олардың мәні тіл әлемінде семасиология құзырына жатады. Ой мен сана-логикаға құрылады десек, гомогенді омонимдердің мағына қатарлары арасындағы байланысты, астарлы да айқын ұқсастықты таразы басына салып анықтау, сайып келгенде, сол логикалық танымға, бұлтартпайтын объективті заңдылыққа барып жүгінеді. Жасалған сөздіктерде сөзсіз көрсетілуге тиісті гомогенді омонимдер қатарына және олардың лексикографиялық еңбектерде берілу, анықтау, жүйелену тәртібіне назар салып, пайымдап қараған адам қалыптасқан лексикографиялық дәстүр тұрғысынан көптеген кемшіліктерді байқауы мүмкін. Сөздіктерде ең алдымен көзге түсетін екі нәрсе туралы айтуға болады: 1) тұлғалық (сырт пішін-бітіміне тән) ұқсастығына, сәйкестігіне қарай бір сөз деп танылған сөздердің этимологиялық тұрғыдан бір сөз бе (гомогенді омоним бе), жоқ, әлде екі сөз бе (гетерогенді омоним бе) екенін мағынасына қарап толық айырудың қиын екендігі. Мұндай ұқсас сөздерді сөздіктерде “омоним” атағымен тізіп бере беруге болады; 2) о бастағы бір сөзден (түбір, туынды түбірден) мағыналық даму барысында іштей жіктеліп, бөліне бастаған өз алдына жаңа, ауыс, қосымша мағыналарды көп мағына қатарына жатқызып, қарастыру керек пе, жоқ, әлде гомоомоним деңгейіндегі, жеке дара мағына ретінде қарастырып, оларды сөздіктерде реестр сөз етіп беру керек пе?- деген мәселеге келгенде, қарап шыққан және негізгі бұлақ ретінде пайдаланып отырған сөздіктерде бірізділіктің байқалмайтынын жасырмай айта кетуді біз әдестікке санамадық.

Сонда логикалық таным қайда? Ол керемет қасиет осы тұста тек тіл табиғатын ғана емес, сонымен бірге сол тіл өмір сүретін қоғамның өзіндік болмысын, адамдар табиғатын, психикасын, ондағы сан алуан қарым-қатынас, құбылыстардың пайда болуын, қалыптасу заңдылықтарын терең білуі қажет. Бір мысал. Қазақ тілінде ауыздық сөзінің екі омонимдік мағынасы бар: 1) “жүгеннің темір бөлшегі”; 2) “суықтан болатын екі езуге жара шығатын жел-құз ауруы”. Міне, осы екеуін мамандар бір сөзден дамыған екі мағына деп қарайды. Сондағы сүйенетіндері - екі езудегі қызарып тұратын жараны қазақтардың жүгеннің сұп-суық ауыздығымен қарып емдеуіне байланысты. Осында ұлттық логика бар сияқты, ол - “ауыздықты ауыздықпен емдеу”. Гомогенді омонимдердің пайда болатын заңдылығына бұл сәйкес құбылыс. Ал, оны білу тек логикалық түйсікке ғана емес, сонымен қатар халықтың өмір салтын білу тәжірибеге де байланысты.

Логикалық таным ГО айқындаудың негізгі тәсілі мотивтік танымның бір көрінісі болып саналатыыны содан.

Бұл проблеманың ғылым үшін бір қызығы, өзектілігі, біздің ойымызша, жалпы тіл табиғаты бола тұрса да, бір халықтың іштей бөлінбейтін, елеулі диалектілік ерекшеліктерге оның жіктелмей, тұтастығын сақтап келе жатқан монолитті тілі болса да, қазақ тілінің өз ішінде, қазақтың ұланғайыр, кең байтақ жерінде жасайтын ұлт тілінің өзінде гомогенді омоним тәрізді құбылыстың екі деңгейде - әрі әдеби тілдің кең қолданыс ауқымында, әрі жергілікті тілдердің оңашалық (локальды) жағдайында - пайда болып, қалыптасуында болып отыр.

Бұл мәселені зерттеуге қажетті тілдік мағлұматтарды біз басқа жақтан емес, осы қазақ тілінің өз ішінен, мамандардың ұзақ жылдар бойы тірнектеп жинап, зерделеп зерттеуі нәтижесінде лексикографиялық еңбектерде қатталып, құжатталып, ғылыми айланымға енген бұлақтардан алып отырмыз.

Сөздіктер біз үшін негізгі бұлақ қана емес, сонымен қатар, пікір айтуға, келісуге, таласуға өзек боларлық бай материал. Гомогенді омонимдердің біз қарастырып отырған негізгі корпусы осы еңбектерде қаланған. Оның сөзсіз дұрыс жақтарымен қатар “осы қалай болады?” деген тұстары да жоқ емес. Әдеби тіл мен диалект (жергілікті тіл) арасында ары-бері араласып жүрген, бірде арнайы белгісі (диал., жерг.т.б.) бар, бірде ондай белгісі жоқ сөздер де баршылық. Сөзіміз дәйекті болу үшін бір-екі мысал келтіре кетейік. Мәселен, 10 томдық сөздіктің 1 томында ақпа деген омоним реестр сөз ретінде беріліп, олар былайша орналастырылып, анықталыпты:

ақпа 1 - зат. жерг. 1.ұшы сүйір таяқ; 2) алғашқы көбік қарда таяқ жүгіртіп ойнайтын ойын...

ақпа ll - зат. кәсіб. үлкен өзендерде пайдаланылытын аудың бір түрі...

ақпа lll - cын. 1.ағатын, құйылатын (су), көшпелі (құм); 2. ұзақ шабысқа жарамайтын ұшқыр, тыз етпе (жылқы)... 3. ауыс. сөзге жүйрік, шешен, төкпе ақын

Енді сол сөздіктің қысқарған, ықшамдалған, бір шама ширақталған бір томында ақпа сөзі былайша түсіндіріліпті:

ақпа 1 -жерг. балық аулайтын аудың бір түрі;

ақпа ll - көбік қарда жүгіртіп ойнайтын таяқ және сол ойынның аты;

ақпа lll - 1. ағып, жылжып тұратын, сусымалы; 2. тыз етпе, ұшқыр, алдізік; 3. ауыс. сөзге шешен, бір бастаса тоқтамай айта беретін, ділмар.

Ақпа сөзін диалектологиялық екі сөздіктен іздестіріп қарағанымызда, оларда да бұл сөздің берілгенін байқадық:

*ақпа 1 - (Сем. Абай.) 1.ұшы сүйір таяқ; 2. алғашқы көбік қарда лақтырып ойнайтын ойын;

ақпа ll - (Шығ.Қаз.Зай.) ақпа ау (аудың бір түрі);

Диалектологиялық сөздіктің толықтырылып, қайта басылған 3 томдығының бірінші томында ақпа сөзі былайша беріліпті:

ақпа 1 - (Сем. Абай.) 1.ұшы сүйір таяқ; 2. алғашқы көбік қарда лақтырып ойнайтын ойын түрі;

ақпа ll - (Шығ.Қаз.Зай.) көбіне үлкен өзендерде қолданылатын аудың бір түрі;

ақпа lll - (Жамб.Жам.) азбан (піштірілген мал);

Осы томдарда берілген бір ғана ақпа сөзінің тіліміздегі лексикографиялық бейнесін, суреттемесін талдап-таратып көрсек те, біз карастырып отырған мәселенің әрі күрделі, әрі теориялық, практикалық шешілмеген мәселелерінің бар екенін аңғарамыз. Яғни, әдеби тіл нормасы мен жергілікті тіл ерекшеліктеріне жататын лексикалық бірліктерін қазақ тілінде өзіндік ара-жігі ашылған ба, жоқ па?

Этнолингвистикалық таным

“Этнолингвистикалық зерттеу” деген сөз оған белгілі бір бағыт беріп, жөн сілтеп, мойнына бір жүк артып тұрғаны белгілі. Тілдің кез келген мәселесін этнолингвистика тұрғысынан қарастыра беруге болмайтыны сияқты, этнолингвистиканың да таңдап алар өз саласы, тіл фактілерінің небір тылсым сырын кей жағдайда болмысы, этнос дүниетанымы, этнос тағылымы тұрғысынан қарастырып, талдап-тарату әлдеқайда тиымды екенін түсінуге болатын сияқты.

Тіл фактілерін біз кейде тіл өмірінен жырақтатып, сол тілді дүниеге келтіріп, сол тілде сөйлеп, жан сырын, тән сезімін, паш етіп келе жатқан, бүкіл рухани-материалдық болмысын сол тілмен баяндап, сол тілмен танытып, сол тіл арқылы келесі ұрпаққа мұра етіп қалдырып келе жатқан этностың, қазақ этносының өз әлемімен байланысын ескере бермейміз. Бұл мәселемен бүгінде ғылымның бір саласы болып қалыптасқан, қазақ тіл білімінде де өзіндік орнын анықтаған этнолингвистика шұғылданады. Бұл ғылым саласының біз қарастырып отырған гомоомоним проблемасына тікелей қатысы бар деп біз жоғарыда ескерттік. Бұл құбылысты біз этносқа қатысты екі тұрғыдан (аспектіден)-біріншісін тіл шындығын (“языковая реальность”) айқындауға байланысты, екіншісін этностың өзімен бірге жасап, біте қайнасып кеткен, етене жақын құбылыс ретінде танудан айқын көреміз. Шынында да, тілімізде қалыптасқан көп құбылыстардың бірі - ГО десек, “ол тіліміздің бойына сіңіп, болмысымен біте қайнасып кеткен етене құбылыс па, жоқ, әлде шеттен келіп, тұрақтап қалған кірме құбылыс па?”- деген заңды сауал туады.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Копыленко М.М. Основы этнолингвистики. Алматы, “Евразия”, 1995.

2. Қайдаров Ә.Т. Этнолингвистика //Білім және еңбек, 1985, № 10.

3. Сарыбаев Ш.Ш. Казахская региональная лексикография. Алма-Ата, 1976.

4. Сыздыкова Р.Г. Роль семантической реконструкции словоформ в обнаружении их этимона//Проблемы этимологии тюркских языков. - Алма-Ата, Ғылым, 1990.

5. Айдаров Т. Проблемы диалектной лексикологий и лин-гвистической географий. - Алма-Ата, Рауан, 1991.

6. Нақысбеков О. Махмұд Кашғарий “Девону луғат ит-турк” атты еңбегіндегі төрт түлік мал атаулары. Местные особенности в казахском языке. - Алма-Ата, 1963.

7. Булатова С.М. Явления народной этимологии в казахском языке. - Алма-Ата, 1990.

8. Кайдаров А.Т. Структура односложных корней и основ в казахском языке. - Алма-Ата, 1986.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №2 - 2007


 © 2024 - Вестник КАСУ