Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

Оқу мотивтерінің психологиялық негізі

К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №1 - 2005

Автор: Акижанова М.М.

Мотивация психология ғылымында жеке бастың мінез-құлқы, іс-әрекеті мен белсенділігін реттейтін фактор ретінде қарастырылады. Ал жеке тұлғаның іс-әрекеттің қандайына болсын мотивациялық ерекшеліктерін ескермей әлеуметтік психологиялық тиімді өзара әрекет, қатынас жасау мүмкін еместігі белгілі. Әрбір жеке тұлғаның мотивациясы өзіндік сипатқа ие болатындықтан, нақтылы фактілер мен заңдылықтарды талқылауға өтпей тұрып, негізгі ұғымдарды анықтап алу керек. Қазіргі кездегі психология ғылымы мотив, мотивация ұғымдарына әр түрлі анықтамалар береді. Сондықтан бұл ұғымдарды бірегей анықтау белгілі ғылыми мәселе болып табылады. Кейбір авторлар (В.В. Юрчук, М. Кордуэлл) мотив ұғымы арқылы психикалық құбылысты [1-2] сипаттаса, ал басқалары (А.К. Маркова, В.И. Ковалев) [3-4] жеке тұлғаның қылықтары мен іс-әрекетті таңдау себептерін түсіндіреді.

Біз мотивті іс-әрекетті оятушы күш және ол белгілі қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағытталады; мотив ретінде жеке тұлғаның қызығушылықтары, әлеуметтік құрылымдар, құндылықтар, идеалдар әсері алынады деген пікірді ұстанамыз. Мотивтің мотивациядан айырмашылығы, мотив – субъектінің тұрақты, жеке басына тән қасиеті және белгілі бір іс-әрекет жасаудағы ішкі оятқыш күші болып табылады [2].

Мотивтер, қажеттіліктер және мақсаттар – адамның мотивациялық сферасын құрайтын негізгі элементтер. Олардың арасындағы қатынасты және адамның мотивациялық сферасының құрылымын төмендегі Р.С. Немов жасаған схемадан көруге болады.

Кезінде мотивация теориялары ежелгі философтардың еңбектерінен-ақ көріне бастаған. Адам мотивацияның тоғысу шегі және табиғатын зерттеу мәселесі бірнеше рет өзгеріске ұшырады, бірақ философиялық екі ағым: рационализм мен иррационализм арасында өзгеріссіз қалды. Рационалистік позиция тұрғысынан қарағанда адам мінезінің мотивациялық бастауы оның ақыл-ойында, санасында, ерік-жігерінде жатыр. Ал иррационалдық пікір бойынша жануар адамға қарағанда санасыз, органикалық қажеттіліктерді ғана қалайтын қараңғы, биологиялық күштермен ғана басқарылады. ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бастап тек адамға ғана қатысты мотивация концепциялары бөлініп шыға бастады. Алғашқы осындай концепциялардың бірін К. Левин ұсынды. Ізінше гуманистік психология өкілдері А. Маслоу, Г. Олпорт, К. Роджерс мотивация ұғымын анықтайтын өз еңбектерін жарыққа шығарды. А. Маслоу адам қажеттіліктерін иерархиялық тұрғыдан қарастыра отырып, қажеттіліктердің индивидуальді даму үрдісінде пайда болатынын атап көрсетті [4].

Бұл концепцияға сәйкес адам дүниеге келгеннен есейгенге дейін төменде көрсетілген қажеттіліктер класы пайда болып және дамып отырады: 1) физиологиялық (органкалық) қажеттіліктер; 2) қауіпсіздік қажеттіліктері; 3) махаббат қажеттіліктері; 4) сыйластық қажеттіліктері; 5) танымдық қажеттіліктер; 6) эстетикалық қажеттіліктер; 7) мақсатқа жетудегі қажеттіліктер.

Мотивация категориясына қазіргі кездегі психологиялық көзқарас тұрғысынан қарасақ, ол жеке тұлғаның тұрақты мотивтерінің жиынтығы және сол жеке тұлғаның бағыттылығын көрсететін белгілі иерархиясы бар мотивациялық аймақ болып табылады.

Мотивацияның оқу іс-әрекетіне және оның нәтижесі болуына тигізетін әсері өте зор. Оқу іс-әрекетінің табыстылығы психологиялық әлеуметтік және педагогикалық факторларға байланысты екендігі мәлім. Оқу іс-әрекетінің табыстылығына оқу мотивациясы мен оның құрылымының тигізер әсері ерекше. Осыған орай кезінде Черкс Дедсон өзінің классикалық заңы арқылы іс-әрекет тиімділігі мотивация күшіне тәуелді деп ашып көрсетеді. Сонда мотивация күші жоғарылаған сайын іс-әрекет нәтижесі өседі.

Студенттердің оқу мотиві олардың оқу әрекетінің әр түрлі жақтарына деген бағыттылығы деп анықтаймыз. Мысалы, егер студенттердің белсенділігі оқылатын объектіге (лингвистикалық, биологиялық т.б.) бағытталса, онда бұл жағдайда танымдық мотив түрлері туралы сөз қозғалады. Ал студенттің белсенділігі оқу барысында басқа адаммен қарым-қатынас жасауға бағытталса, онда мәселе әлеуметтік мотивтерді қамтиды.

Осыған сәйкес студенттердің оқу үрдісіне қатысты орын алатын мотивтерді үлкен екі топқа бөлуге болады: 1) танымдық мотивтер; 2) әлеуметтік мотивтер.

Танымдық мотивтер өз ішінен бірнеше шағын топтарға бөлінеді: 1) кең ауқымды танымдық мотивтер; 2) оқу-танымдық мотивтер; 3) өзін-өзі дамыту мотивтері.

Ал әлеуметтік мотивтердің түрлері мынадай болады: 1) кең ауқымды әлеуметтік мотивтер; 2) тар ауқымды әлеуметтік мотивтер немесе позиционды мотивтер; 3) әлеуметтік тұрғыдан бірлесіп еңбек ету мотиві.

Аталған мотив түрлерінің қалыптасуы келесі кезеңдерді қамтиды: дағдылы мотивтердің актуализациялануы, осы мотивтер негізінде жаңа мақсаттардың пайда болуы, мақсатқа жету барысында мотивтің бекуі және соның негізінде жаңа мотивтердің шығуы, әр түрлі мотивтер иерархияның құрылуы, бірқатар мотивтерде жаңа қаситтердің пайда болуы т.б.

Мотивтердің сапасы оқу іс-әрекетінің спипатына байланысты мазмұнды және тұлғаның психофизиологиялық ерекшеліктеріне байланысты динамикалық болады [2].

Студенттердің мотивтері оқу үрдісінде әр түрлі жағдайларда көрініс табады. Мысалы, кең ауқымды танымдық мотивтер тапсырманы орындау барысындағы шешім қабылдаудан, қосымша мәліметтерді білу негізінде оқытушыға қойған сұрақтарынан білінеді; оқу-танымдылық мотивтер – тапсырманы өз бетімен орындауда әр түрлі амал, тәсілдерді іздестіруі, жұмысты орындау тәсілдерін салыстыру туралы оқытушыға қойылатын сұрақтар; өзін-өзі дамыту мотивтері – оқу еңбегін рациональді ұйымдастыруға байланысты ұстазға қойған сұрақтарынан көрінеді. Әлеуметтік мотивтер студенттің жауапкершілігі мен парызын түсіну әрекеттерінен көрінеді; позиционды мотивтер – құрдастарымен қарым-қатынас жасауға ұмтылысы, жолдастарына көрсеткен көмегі мен пікірі; әлеуеметтік бірлескен еңбек мотивтері – ұжымдық жұмысқа ұмтылысы негізінде пайда болады.

Студенттердің оқу мотивтері олардың бағыттылығына және дәрежесіне байланысты; мотивациялық аймақтың иерархиясына байланысты; жеке мотивтердің өзара келісімділігі мен үйлесімділігі бойынша; мотивтердің тұрақтылығына байланысты; мотивтердің әрекеттері мен олардың мінез-құлыққа тигізетін әсері бойынша сипатталады.

Мотив формаларының ерешкеліктері мотивтердің динамикалық сипатын құрайды. Оларды жекелеп, айқындалық.

1. Алғашқы немесе маңызды ерекшеліктердің бірі – мотив тұрақтылығы. Мен студенттер үшін құнды мотивтердің тұрақты болып қалыптасуы аса маңызды деп санаймын.

2. Мотивтердің көріну формасының екінші ерекшелігі – оның эмоциональдік бейнесі, модальдігі. Психологтар оқу мотивациясының жағымды және жағымсыз жақтары туралы сөз қозғайды. Жағымсыз мотивация студенттердің оқу үрдісінде жауапсыздық танытуға кезінде саналы түрде пайда болатын жағдай (ескерту, төменгі бағалар, берілетін сөгіс, уайымдау, т.б.) арқылы көрінеді. Жағымды мотивация – студенттің оқу еңбегінде жеткен жетістіктері мен, жаңа білімді меңгерімен, қоршаған адамдармен жақсы қарым-қатынаста болуымен байланысты.

Мотивтердің басқа формалары – мотив күшінен, көрінісінен, пайда болу жылдамдылығынан көрінеді. Олар мысалы: студенттердің тапсырманы орындау уақытының ұзақтылығынан, студенттің тапсырманы орындай алатын шамасынан көрінеді.

Оқу мотивтерінің формалары әрқашанда оқытушы назарында болуы тиіс; олар бойынша оқытушы студенттің мотивациясының сипаты туралы алғашқы мәлімет алады. Бірақ студенттің оқу мотивтерінің ішкі, мазмұнды ерекшеліктеріне талдау жасалуы қажет. Студенттің оқу іс-әрекеті және оның табыстылығы туралы айтпас бұрын, жеке адамның интеллектуальдік дәрежесіне көңіл аудару қажет. Экспериментальді зерттеулерден (Т.Д. Дубовицкая, В.И. Ковалев) мотивациялық және интеллектуальдік факторлардың сәйкестігі мәселесіне көңіл аудару қажеттігі шығады.

А.А. Реанның зерттеуінде мынадай қызықты жайт кездескен: бір топтың студенттерін жалпы шкала бойынша тестілеп, сосын алынған мәліметтерді оқу табыстылығының дәрежесімен салыстырған. Қорытындыда студенттердің интеллектілері мен арнайы пәндердің табыстылығы арасында ешқандай байланыс болмаған. Олай болса бұл зерттеуден шығатын заңдылық студенттер үшін құнды. Білімдері жоғары және білімдері төмен студенттер бір-бірінен интеллект дәрежесі жағынан емес, оқу іс-әрекетінің мотивациясы жағынан ерекшеленеді деп пайымдаймыз. Білімдері жоғары студенттергі ішкі мотивация тән, оларда пәнді жоғарғы дәрежеде меңгеруге деген қажеттіліктер туындайды және олар тәжірибелік дағдылар мен кәсіби білім алуға бейімделеді. Ал білімдері төмен студенттердің оқу мотивтеріне сыртқы ситуативті сипат тән, яғни олар төменгі білім деңгейі болса, өздеріне сөз келетіндіктен, талқылаулар мен жазалаудан қорғануға мәжбүр болады.

Оқушылардың эстетикалық шығармашылығын зерттеу барысында осы іс-әрекетке деген жоғарғы мотивациясының арнайы қабілеттіліктің жеткіліксіз дәрежесін компенсациялағаны байқалады. Техникалық шығармашылыққа оқушылар оригинальді модельдер жасап шығарған (В.И. Ковалев, А.К. Маркова). Ал олардың белгілі бір іс-әрекетке деген мотивациясы төмен, бірақ арнайы қабілеттерінің дәрежесі жоғары жолдастары жұмысты шығармашылық қабілетпен орындай алмады.

Оқушының оқу мотивациясын қалыптастырмас бұрын сол оқушыны тереңірек танып білу қажет.

Қазіргі үнемі құбылып тұратын дүниеде бірінші орынға студенттің пәндік білімдері, дағдылары, шеберліктері ғана емес, сонымен қатар қоғамдық прогрессті қамтамасыз етеін белсенді іскер адамның жеке басы қойылады.

Тек қана адамның жеке басы мен индивидуальділігі білім беру үрдісінің нәтижесі болып табылады. Жеке бастың тәрбиесі оның қажеттіліктері мен мотивтер жүйесінің дамуына байланысты және оқу мотивациясының сипаты мен жеке бастың ерекшеліктері білімнің сапа көрсеткіштері болып саналады. Біздің зерттеулерді де студенттердің табысты оқу мотивациясының факторы интеллект факторына қарағанда күштірек болатыны тағайындалған-ды.

Студенттердің оқу мотивациясының қалыптасуына мынадай ерекшеліктер қатары әсер ететіні белгілі болды:

- өмірдегі өз орнын табу және болашаққа жоспар құру қажеттілігі;

- азаматтық борышқа байланысты әлеуметтік мотивтердің қалыптасуы;

- өзін-өзі дамытудың барлық формаларына деген қызығушылық;

- қоршаған адамдардың пікіріне тәуелсіз қызығушылықтарының тұрақтылығы;

- мамандыққа байланысты нақты мотивтер мен мақсаттарды таңдауы;

- тек өзіне ғана емес, басқаларға да қатысты шешім қабылдауы;

- мамандықты таңдаудағы өз мүмкіншіліктерін бағалауы, өмірлік позициясын түсінуі;

- әлеуметтік және танымдық мотивтердің қоспасы ретінде студенттің өз дүниетанымын түсіну тенденциясы;

- студенттің өзін-өзі тану үрдісінің адекватты болуы.

Студенттердің әлеуметтік және танымдық мотивтерінің дамуын зерттеп қарасақ, онда таным қызығушылықтарының дамуы олардың кәсіби қабілеттерінің ары қарайғы дамуының негізі екенін көреміз.

Кең ауқымды танымдық мотивтер арқылы студенттер жаңа білімге деген қызығушылық, оны меңгеру барысындағы қиыншылықтарды бастан өткеру сияқты әрекеттерді жүзеге асырады. Оларда білімге деген қызығушылық тереңдей түсіп, тек оқу пәнінің ғана заңдылықтарын емес, сонымен қатар ғылымның, кәсіби компетенттіліктің негізіне бет бұрады.

Оқу-танымдық мотив – теориялық және шығармашылық ойлаудың әдістеріне деген қызығушылық ретінде іске асады. Студенттерді әдетте ғылыми жұмыстарға араласу, зерттеу әдістерінің әр түрлерін қолдану қызықтырады.

Студенттерді танымдық іс-әрекеттің нәтижелігін жоғарылату жолдары еліктетіндіктен, олардың ой еңбегін рациональді ұйымдастыру және оның мәдениеті туралы әдебиеттер қызықтыра түседі. Бұл жас шамасында процесуальді және нәтижелі оқу мотивациясының бірлігінің пайда болуы туралы сөз қозғауға болады.

Бұл кезеңде әлеуметтік мотивтер де бірнеше бағыттар бойынша дамиды.

Айналадағы қоршаған адамдармен қарым-қатынас негізінде пайда болатын әлеуметтік позиционды мотивтер де өзгеріске ұшырайды. Студент үшін өз қатарластарымен, оқытушылармен жасаған қарым-қатынас өте маңызды рөл атқарады. Бұл студенттердің оқытушымен іскерлік әрекеттерін тығыздандыра түседі.

Басқа жас ерекшеліктері сияқты студенттік кезде де мотивацияны тәрбиелеудің өз резервтері бар. Келесі кезектегі мотивтерді тәрбиелеу қазіргі кездегі педагогикалық психологияның көкейтесті мәселелері болып табылады:

- формасына қарамастан білімділікті жетілдіру (өзіндік дербес жұмыстар, кәсіби іс-әрекет барысында өзін-өзі тәрбиелеу, білім алу т.б.);

- компетенттілікке жету – жеке тұлғаның жалпы кәсіби қасиеттері мен кәсіби іс-әрекет талаптарының сәйукес келуі;

- халық шаруашылығының еңбек ету және әлеуметтік тәжірибеге белсенді түрде қатысу, өзін-өзі бесленді өмір позициясына тәрбиелеу. Осындай мотивтер студенттердің жан-жақты, толық дамуының перспективасын қамтамасыз етеді және болашақ кәсіби іс-әрекетке, әлеуметтік өмірге деген дайындығын күшейтеді.

Мотивацияның бұл кезеңдегі негізгі мазмұны оқу және өзін-өзі дамыту әдістерін меңгеру, болашақ мамандығына дайындық ретінде басқа адаммен қарым-қатынасқа түсу формаларын игеру болып табылады.

Мотивациялық аймақтың дамуы ешқашан тоқтамайды. Жүргізілген зерттеулер оқу мотивтерінің студенттік шақта толассыз өзгеріске ұшырайтынын көрсетеді. Өзін-өзі дамыту мотивтері өмір бойы адамның кәсіби іс-әрекеті барысында дамып, жетіліп отырады. Ересек адамның мотивациялық аймағының қалыптасуы - өзін-өзі тәрбиелеудің міндеті ретінде көрініс табады [5].

Мотивтер мәселесі күрделі және жан-жақты. Мотив ұғымы, мотивтердің түрлері, студенттердің оқу мотивтері қарастырылды. Көптеген сұрақтар мен аспектілер әлі тереңдете зерттеуді қажет етеді.

Студенттердің оқу мотивтерінің олардың тұлғалық бағыттылығымен, қарым-қатынасымен, құрылымымен, іс-әрекетінің мақсатымен байланысы шешілмеген мәселе болып отыр.

Мотивация – психологияның негізгі категорияларының бірі болғандықтан фундаментальді және қолданбалы зерттеулер жүргізе отырып, бұл ұғымды кең көлемде зерттеу қажеттілігі туындайды.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Юрчук В.В. Современный словарь по психологии. – М.: «Современное слово», 1998 г.

2. Кордуэлл М. Психология. А-Я.: Словарь – справочник. – М.: Фаир-Пресс, 1999 г.

3. Маркова А.К. Мотивация учения и ее воспитание у школьников. – М.: Педагогика, 1983 г.

4. Ковалев В.И. Мотивы поведения и деятельности. – М.: Наука, 1998.

5. Дубовицкая Т.Д. Методика диагностики направленности учебной мотиваций. Психологическая наука и образование, 2002. - № 2.

6. Маркова А.К. Формирование мотиваций учения в школьном возрасте. – М.: Просвещение, 1983 г.

7. Немов Р.С. Психология. – М.: ВЛАДОС, 1995 г.



К содержанию номера журнала: Вестник КАСУ №1 - 2005


 © 2024 - Вестник КАСУ