Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

К списку победителей

Бөрітостаған

Камила Аманкелды

Жазғытұры. Таң. Мамыр айының мамыражай күндерінің бірі еді. Кеше күні бойы Шығыстан соққан алай-дүлей желден кейін бүгін күн тұп-тұнық. Тарбағатайдың оңтүстік аумағында «Қарасай» аталып кеткен бұл желдің соңынан әдетте күн жылынатыны бар-ды. Бүгін де аспан шайдай ашылып, кешегі ұйытқыған желден есін жиған ауыл адамдары құлап қалған заттарын орындарына келтіріп, күнделікті тірліктеріне көшкен. Алыста өріске бет алған малдардың шуылдаған дауыстары біртін-біртін естілмей барады. Малшының қарасы ғана көрінеді. Күнделікті әдетінше Алып ана да ұршығы мен жіптерін көтеріп, қой, ешкілерін айдап, әндете ауыл сыртына шығып бара жатты. Бұл кісі өте ірі денелі, сондықтан осы маңның тұрғындары «Алып ана» атап кеткен.

«Талдан таяқ жас бала таянбайды

Бала бүркіт түлкіден аянбайды

Угәй-ай

Ән салшы-ай

Бір бала-ай

Қос етек бұраң бел

Қуалай соғар қоңыр жел»,  –

деп, әнге салып бара жатты.

Алып ана жусан иісі аңқыған далаға келіп тоқтады, қой ешкілерін жамырата қоя берді. – «Жарықтық-ай, Қарасай енді бір күн соқса, шөпті қуратып жіберер еді, сосын, сендермен қайда барар едім?», - деп, қой-ешкілеріне күбірлеп сөйлеп қояды анда-санда. Барқыт қамзолын жерге жайып, жамбастап отыра кетіп, даланың жұпар ауасымен құшырлана тыныстады. Балалық шағы есіне түсіп кетті ме, әйтеуір қалың ойға батып кетті. Бір уақытта «менікі не отырыс, балаларыма шұлыққа жіп иірмеймін бе?» – дегендей, селт етіп дорбасынан  ұршығы мен жартылай иірілген жіпті алып шықты. Алып ана ірі-ірі саусақтарына жүнді іліп алып ептілікпен тас ұршығын дөңгелете жөнелді.

Ай-хай, елім-ай

Туып өскен жерім-ай, – деп ыңылдап, бейқам отырған ана қойларының әлденеден үркіп, дүрліге жүгіргенін көрді. Мүйізі ұзын ақ ешкі бүкіл қой, ешкіні бастай бақыра жүгірді. – «Бұл не болды екен? Ит құс болмасын, кешегі қатты желден ашыққан бөрілер тимесе игі еді», - деп, орнынана ұшып тұрды. Шынымен де, қойға қасқыр шапқан екен. Алып ана  бар дауысымен «Кет! Кет!» деп айқайлап, тұра ұмтылды. Алып денелі анадан жасқанды ма, екі қасқыр кері қарай қыңсылай, құйрықтарын екі бұтына қыстырып, қаша жөнелді. Тек екі көзінен от шашқан, азу тістері ақсиған екі аш бөрі қайтар емес, алдыға қарай тап-тап береді. Ызаға булыққан ана ұршығын бар пәрменімен иіріп-иіріп, бөрілерге қарай құлаштай лақтырды. Ұршықтың тасы болса, аспанға көтеріліп барып, анадай жерге тарс құлады. Бұрқ еткен шаңнан ештеме көрінбеді. Әлгінде ғана көздері қанталаған екі бөрі ұршықтың таудай тасынан қорқып, қыңсылай қашты. Алып ана қой, ешкілерін аман алып қалды.

Аш бөрілердің зәресін алған Алып ананың ұршық тасын халық «Бөрітостаған», кейбірі «Бөрітастаған» деп атап кетіпті мыс. Құлаған ұршықтың тасы Тарбағатайдың жазиралы даласында Алып ананың ерлігінен сыр шертіп тұрғандай.


 © 2024 - Вестник КАСУ