Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

К списку победителей

АТАМЕКЕН – ТУҒАН ЖЕРІМ ҰЛАНЫМ

Алан Социал

Ұлтарақтай болса да ата қоныс - жер қымбат,

Ат төбеліндей болса да туып-өскен ел қымбат.

Отаныңды сүю отбасыңнан басталады. Егер де әрбір жанұяда «Отан», «туған жер», «атамекен» деген ұлы ұғымдарды үнемі айтылып, олардың маңыздылығын балаларға түсіндіріп отырылатын болса, сол ел «Мәңгілік Ел», болашағы жарқын болады.

АТАМЕКЕН – яғни, менің аталарымның кіндік қандары тамған жері, қоныс тепкен мекені. Жүрегі «қазақ» деп соққан әрбір азамат үшін бұл – қасиетті ұғым.

Осы жайында атам мен апам күнделікті маған айтып, құлағыма құйып отырады. Содан болар, мен Өскемен қаласында дүниеге келіп, осы жерде тұрып жатсам да, Ұлан жерін өзімнің туған жерім деп білемін. Атамның туып-өскен құт мекенін жақсы білемін және сол жерді өзімнің атамекенім, жерұйығым деп қабылдаймын. Қазақта, «ананың сүтімен» деген түсінік бар, яғни менің шыққан тегім Ұлан жерінде, соның ішінде бұрынғы атауы Скалистое, қазірде Ұлы Отан соғысының батыры, жерлесіміз Ізғұтты Айттықов атындағы ауылда мекен еткен.

Мен есімді білгеннен бастап, әрбір жаз сайын атам мені алып, өзінің туған жеріне барып тұрады. Ауылға келгенде барлық адамдар бізді қонаққа шақырады, ас ішіп болған соң атам «ақ батасын» береді және дастарханның басында жайғасып отырып, өткен-кеткендерін еске алып, қызу әңгіме жүргізеді. Өздерінің жастық шақтарын еске алып, шерлерін тарқатады.

Ұлан жерінің табиғаты өте әдемі, сылдырлап аққан бұлақтар, қыраттар мен шалғын жасыл шөптер, осының барлығын атам сағынып, іздеп аулына барып аунап-қунап қайтады. Таудың етегіндегі тастарға отыра қалып, балалық шағын есіне алып, «ауылымның әрбір тасы маған ыстық» деп отырады. Сол тастарда жастық шағында жүгіріп ойнап, қанша рет шалынып жығылып тізесін қанатқанын айтып, бір күліп, бір жылап алады.

Атамның айтқандарынан ойыма түйгенім, адам анасымен және туған кіндік қаны тамған жерімен өмірінің соңына дейін байланыста болады екен. Менің атамның Өскемен қаласына көшіп келгеніне.

12 жыл болады. Осы жылдар бойы ол тұрақты түрде, әрбір жаз сайын аулына барып, мауқын басып келеді, сол ауылының топырағын барып бір иіскеп келмесе өзін жайсыз сезінеді.

Осындай сәттерде мен адамның туған жеріне деген қаншалықты жақын, махаббатының шынайы болатындығын түсінемін. Сондықтан мен де өз ұлтымды, елімді және туған өлкемді шексіз сүйемін. Ертең ер жетіп үлкен азамат болғанда, халқыма адал қызмет етіп, елім мен жерімнің көркейе түсуіне қолымнан келгенше еңбек еткім келеді. Бұл менің қазіргі балалық армандарымның бірі.

Атам әр уақытта өзінің туып өскен мекенін мақтан тұтып, айтып отырады. Ұлан жерінде дүниеге келген атақты тұлғалар, сол жердің табиғи байлықтары, тарихи жерлер, қорғандар сияқты жәдігерлері бар бай өлкені мақтан етпесек болмас.

Ұлы Отан соғысының жау жүрек батырлары Қасым Қайсенов, Төлеген Тоқтаров, Ізғұтты Айттықовтар сияқты ұлы тұлғалардың жерінде менің атам дүниеге келгенін әр уақытта мақтанышпен еске алып отырады. Осы адамдардың бір сәтте ойланбастан халқының қамы үшін жандарын бергендігін мектеп оқушылары, жас ұрпақ біліп, түсініп ер жетсек, соны бізге насихаттап отыратын орта болса, қазіргідей жалған патриотизм емес, ұлтжандылық нақты өз сипатында болар еді.

Соның бір мысалы, «Өлкетану» пәнінің енгізілуі, ол пәннің бізге берері аса маңызды деп ойлаймын. Себебі осы пән арқылы, әрқайсымыз өз жерімізді жақсы танып, оның ерекшеліктері мен жеткен жетістіктері, тарихтағы ақтаңдақтары жайында толық мәлімет алып, басқаша сипатта қарайтын боламыз.

Кешегі батырлардың бізге мирас еткен тәуелсіздігін сақтап қалу, одан сайын ұлт және мемлекет ретінде күш алып, дамуымыз жас ұрпақтың, яғни біздің қолымызда.

Менің ойымша, әрбір қазақстандық өзінің жерін осылай риясыз сүйсе, сонда ғана еліміз гүлденіп, одан әрі дами түсер еді.

Қазақ әрқашанда жетімі мен жесірін жылатпаған, әділеттілікті жаны сүйген шыншыл халық болған. «Қазақ» қандай болған десе, барлығымыз «батыр» болған деп бірауыздан жауап береміз. Енді айтыңыздаршы, ашкөздік, сатқындық, сараңдық, өтірікші болу, өсек айту, парақорлық сияқты жиіркенішті теңеулер батырға тән ба?

Ия білемін, менің тақырыбым атамекенге арналған, бірақ мен жас болсам да мені толғандыратын осындай күрделі мәселелер бар, сондықтан да барлық қолында билігі бар ағаларымыз, атқамінерлеріміз ойланар, адамгершілік қасиеттерін оятар деген үлкен үмітпен осы жұмысымды аяқтаймын.


 © 2024 - Вестник КАСУ