Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Вопросы / Ответы
К списку победителей

ЕЛ АУЗЫНДА АҢЫЗ БОЛҒАН БАТЫР БАБАМ

Шұғыла Шамелқан

Қашанда да ел қорғаған батырлар ел аузында қалып отырғаны сөзсіз еді. Ерлігімен, өр мінезімен, әкелген жеңісімен, халық арасындағы беделімен ел жадында қалып отырған. Қазақ халқы осы аталған қасиеттерімен белгілі болған қаншама батырды білетін еді және біледі де. Киелі Жарма жерінде, Ортабұлақ атты елді мекенінде бой көтерген тау ескерткіш те сол күндердің естелігі.

Бұл ескерткіш жайлы айтпастан бұрын,тарихқа көз жүгіртсем,дұрысы сол болар деймін. Қазақ халқының маңдайына оу - бастан ақ көп қиындық жазылған іспеттес. Теперішті көп көрген қайран көнбіс халқым – ау. Не көрмедің, не өтпеді басыңнан. Байтақ далаңа көз тіккен жауың қаншама еді? Ұлыңды құл,қызыңды күң етпекші болған қара ниет жауың қаншама еді? Бірақ, сол көз алартқан жаурыныңның күлін көкке ұшырған батырларды дүниеге әкелген қасиетіңнен айналдым. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен елін қорғаған батырларыңды қарт тарих мәңгілікке ұйықтатқан еді. Сонымен Жарма жерінде тау тұлғалы ескерткіш кімдікі? Сол жайлы сары шертуге кезек келген сияқты.

Ол ескерткіш - Жәнібек Бердәулетұлының ескерткіші. Жәнібек Бердәулетұлы - батыр, шешен болған адам. Жоңғар шапқыншылығына қарсы соғыстарға белсене қатысқан, абақ керейлерді Алтай тауының қазіргі Шыңжаң өлкесіне қарасты байырғы мекеніне апарып орналастырған. Есімі абақ керейдің ұранына айналған. Жоңғар шапқыншыларына қарсы соғысқа аттанарда нағашы атасы Қаз дауысты Қазыбек биден бата алады. Бір шайқаста мінген тұлпары болдырып қалған Абылай ханға астындағы көк дөненін түсіп беріп, Абылайды құтқарып қалады, өзі жекпе-жекке шыққан екі қалмақ батырын жеңіп, жаудың бетін қайтарады. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгембай батырлармен тізе қоса отырып, жоңғар шапқыншылығына қарсы соғыстың аяғына дейін қатынасады. 1731 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайыр Ресей империясының бодандығын қабылдаған кезде Ер Жәнібек керей тайпасын бастап, Сыр бойынан үдере көшіп, Қалба тауына келіп қоныстанады. Осы арадан Алтайдың Ақтау төңірегіндегі бір асуынан жол салып асып барып, өр Алтайды шолып қайтады. Бұл асу кейін «Жәнібек асуы» деп аталып кеткен. 1760 жылы Жәнібек батыр абақ керей руын Алтай тауының қазіргі Шыңжаң өлкесіне қарасты байырғы мекеніне апарып орналастырады. Сөз бастаған шешендігімен, ел бастаған көсемдігімен, жауға шапқан батырлығымен бүкіл абақ керейдің ұранына айналған «Ер Жәнібек» сексеннің үстіне шығып қайтыс болады. Қайтыс болған жері Жарма өңірінің Ортабұлақ ауылының үсті еді. Содан бері екі ғасырдың жүзі болды. Уақыт зырлап өте шықты. Уақыт өтсе де, ел жадында ұлықтаған баба моласы жақында қайта жаңғырып, алып кесене болып бой көтерді. Тау тұлғалы батыр монументі, екі жағынан күзетіп тұрған алып төбеттері де қараған жанға ерекше әсер ететіні сөзсіз. Өйткені, мұндай бейнелерге қарап, таңырқамау мүмкін емес. Себебі, бұл ескерткіш мызғымас қайсарлық пен ерен ерліктің белгісі екені сөзсіз.

Қорыта келе, мен өзімнің эссемді мына сөздермен аяқтағым келеді. Уақыт пен тарих сан ғасырлар бойы өзінің мәңгі шежіресін жазып келе жатқан қарт сияқты. Таусылмайтын сия толы құтысы мен тозбас парақтарын салалап, бар миығынан күлімсіреп отырған шежіреші қарттың әлі де жазары көп. Тек оны оқып, біліп, есімізде сақтап, келесі ұрпақтарымызға жеткізу - біздің басты міндетіміз екендігін ұмытпауымыз керек. Өйткені, «өткенін білмеген ұрпақтың болашағы - бұлыңғыр» екендігі дәлелдерді қажет етпейтін ақиқат.


 © 2018 - Вестник КАСУ