Главная  | О журнале  | Авторы  | Новости  | Конкурсы  | Научные мероприятия  | Вопросы / Ответы

К списку победителей

Ж. ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ТУҒАН ЖЕР ТАҚЫРЫБЫ

Айша Ташкенова

Біреу туған жерінің тасымен мақтанады, енді біреу байлығымен, біреу табиғатымен мақтанады. Ал мен туған жерімнің адамдарымен мақтанар едім.

Мен қолым бос уақытта кітап оқығанды ұнатамын. Әсіресе, біздің жерлестеріміз, жергілікті ақын-жазушылардың шығармалары қызықтырады. Солардың бірі – Жанат Әскербекқызы. Ол - Шығыс Қазақстаннан қанаттанып ұшқан ақындардың бірі. Ол туған жері жайлы өзінің «Тарбағатайым» атты өлеңінде:

Сағым жөңкілген белім аман ба,

Жалпақжұрт – жайлау – төрім аман ба?

Аңыз боп жеткен ата қонысым -

Қос Арғанаты, желің аман ба?

Қабағын бағып кердең зәбірдің,

Жайсаңдар жайлар төрден қағылдым.

Тарбағатайым – тәу етер жерім,

Топырағыңнан өнген дәніңмін, - деп жырлайды.

Оның жастайынан сөз өнеріне, поэзияға құштар болып өсуіне әжесінің ықпалы болыпты. Алғашқы өлеңдері мектеп қабырғасында жүрген кезінде «Ленин туы» (кейіннен «Тарбағатай нұры») атты аудандық газетте және бұрын таралып, көп оқылатын «Қазақстан пионері» газеті мен «Пионер» журналдарында жарияланды. Ең алғашқы өлеңі, әрине анасына, одан кейін көктемге, сосын қазақтың қаһарман қызы Әлияға арналды.

Жанат ақын шынымен биіктен көрінеді. Мұндай шығарманы көркем мінездің адамы ғана жазса керек-ті. Жүрегін кір шалған ақыннан мынандай өлең туа ма?

- Естідің бе ақпан әнін,

Қабағында - қап-қара мұң.

Мұңаяды мұңлық - жалған,

Ақ-қарасы Хаққа мәлім.

Төгілтеді ақпан әнін,

Білер бір күн жоқ боларын,

Қарашықтан сырғыған жас

Қарға айналып тоқталарын.

Ақын халықтың сүйікті де ардақты азаматтарының қатарында тұрады. Халық қалаулысы болу ақынның тілге шешен болуы ғана емес, сонымен бірге халық тұрмысының шындығын суреттеу, оның қуанышына бірге қуанып, қайғысына бірге қайғыруы, ақын сөзімен айтсақ:

«Ақын болу - тағдыр, өлең жазу - тағдырдың тауқыметі». Мені ол кісінің осы жолдары қатты ойландырды...

Алтай өңiрiнiң аймаңдайлы ақын қызы Жанат ойында тұнып тұрған тылсым қуатымен оқырманын тұтқындап, сиқырлы өлең жолдарына табындырып қояды. Кейде бiздiң поэзиямыздағы жаңа леп болып желпіп өтсе, кейде баба жыраудың жауқазын жұрнағындай тепсiне тiл қатады.

Ж. Әскербекқызының өлеңдері оқырман жүрегінен орын алып, өзiнiң қазақылығымен, ұлттық болмыс - бiтiмiмен ерекшеленеді.

Қазiргi сөз өнерiнiң жоғары мәдениетіне сай, өзiндiк әшекей, ажарымен танылған оның жырлары - ұлттық поэзиямызға қосылған қымбат қазына.

Жанат Әскербекқызының көптеген өлеңдерінен күндізгі күйбің тіршіліктен, пенде ғұмырдан ақын тыныш тауып, өзімен өзі қалып, табиғатпен емін еркін сырласып, ғарышқа құлаш сермеуі күннің түнге ұласқан шағы, әсіресе, қызыл іңір екенін байқау қиын емес. Демек, ақындық шабыт айтып келмесе де, күндіз көкейде тоғытылған ой түн баласында маза таптырмай, ақын қиялына қиял қосып, оны табиғаттың бүтін бір бөлшегіне айналдырады. Мысалы, Ақынның «Ай екеуіміз...» атты диалогқа құрылған өлеңі мынадай жолдармен басталған: «... Тамыз айында тым қашықтағы ауылыма сапар шектім. Пойыздан түскен соң да жеңіл машинамен талай жол жүру керек. Кештете шыққанбыз... «Халің қалай?» деп жұлдыз біткен жамыраса бастап еді, Айдың сабырлы да, салқын әрі өктем үні оларды сап тыйды. Оң қапталымда, биікте, бір қырынан жайғасып алған Ай қалмай ілесіп келеді, тоқталмай әңгіме айтып келеді... Бір сәтте мен өзімді ауылыма қарай Ай жетелеп әкеле жатқандай сезіндім... Қараңғылық қоюланған сайын Ай айқындала түсті. Менімен бірге жүріп келеді... Жүзіп келеді. Айтқан әңгімесі де тым қызықты, тым мұңды, тым әсерлі...»

Ақын өлеңінің соңында: «Ауылға кіре берісте Ай тура алдымда тұрды. «Көрдің бе, сені мен аман – есен үйіңе жеткіздім. Әзірге!» деп күбірлегендей болды да... үнсіз қалды...» деп аяқтауынан әлемдегі құбылысты өзіндік түйсікпен қабылдап, өзі құлақ түрген дыбыстарға елеңдеп, ақындық әлемнің кеңістігін барынша шарлап, тылсым сырды көрікті оймен көмкеріп, көркем сөзбен оқырманына жеткізгенін аңғарамыз. Менің ойымша, Жанат апамыз қай өңірде, қандай қызметте жүрмесін өзінің шағын Отанын, Шығыс Қазақстанын, Алтайын сағынатын сияқты. Мен өлеңдерінен осыны аңғарамын. Ендеше, Жанат ақыннан үлгі алайық. Ол кісімен мақтанайық. Туған жеріміздің мақтанышы етейік ол кісіні!


 © 2024 - Вестник КАСУ